Оймақтай ой! "ҰШЫРДЫҢ БАПТАП ҰЯДАН"

Оймақтай ой! "ҰШЫРДЫҢ БАПТАП ҰЯДАН"

Оймақтай ой! "ҰШЫРДЫҢ БАПТАП ҰЯДАН"
ашық дереккөзі
274

Бүгін 14.30-да “Скаттың” ұшағымен Астанaға ұшып келдім. 
Ескі “Як-42” екен… Совет Үкіметіне қызмет етіп, “ВИП-коммунистерді” тасып үлгерген салдыр-гүлдір бірдеңе сияқты… Ішке енгендер “пысссымылдасын” айтып кіріп жатыр. Ұшақтың жартысы бос. Менің орындығымдағы байлаулы ремень байғұстың да көрмегені жоқ ау деймін? Ауылдағы шопыр кластасымның беті сияқты қатты шаршап қалыпты. Бишара ременьнің қыстырмасы да істемейді екен. Дене бітімі балуанға көбірек ұқсайтын стюардесса қыз екеуміз жабылып жүріп, мені ременьге әрең дегенде байладық… Шиқылдық орныма жайғасып алған соң, жан-жағыма бажайлап қарай бастадым. Төбесіндегі мен түсінбейтін “бірдемелерді” мен атын білмейтін “бірдеңелермен” байлап қойыпты. Алды-артымдағы орындықтың мүжіліп кеткен түріне қарап, мұның бәрі азамат соғысын көрген жоқ па деген сұрақ туындайды. Ана жерін сырып кеткен, мына жерін жырып кеткен… 
Сол жағыма арабша дұға білетін орыс тілді қандасымыз жамбас тигізді. 
Ұшақ орнынан қозғалғаннан бастап, әуе көлігінің қалтырауы басылғанға дейін біраз дұғасын оқып тастады. Оның тілегенінен қасында отырған маған да бірдеме тиіп қалар деп дәмеленіп отырмын…
Обалы не керек, “Скаттықтар” оңтүстік қонақжайлығын тәп-тәуір сақтауға тырысады. Шәйді екі қайтара береді, қажет деп тапсаңыз, кесеңізде қалған шәйдің үстіне тағы да ыстық су құйып береді. Айтпақшы, алдымдағы орындықтың арқасына орналасқан шағын тақтайша да мінезді екен. 
“Дәм тату процессіне” оның қызметі қажет болғандықтан, өзімe қарай тартқанымда, “стол-тақтайшам” “бауыздалғалы жатқан ешкінің даусындай” ащы дыбыспен құлақты жарды. Бұл үшін ұялғансымақ болдым. Бірақ, тосын дыбысқа ешкім назар аудара қоймады. Ұшақ қонар кезде тағы да қалтырай бастады. Мұндай кезде мұсылмандығың еске түсе қалады емес пе? Қазіргісінен бастап, бұрынғы мүфтилердің туған күндеріне дейін есіңе түсіп, жадың айнадай жарқырап шыға келеді. Бірақ, обалы не керек, ұшақ жайлы қонды. Қасымдағы арабша дұға оқитын орыс тілді қандасымыз түсер кезде “Скатқа” енді мінбеспін” деп қазақша күбірлеп жатыр екен. 
Басқа бәсекелестерге қарағанда “Скаттың” “жұмаққа тез жеткізу мүмкіндігі жоғары” болуы иманды бауырымызды аса қызықтыра қоймаса керек. 
Ал біз не дейміз? “Скат” та аман болсын, өзіміз де аман болайық деп тілек айтып қоямыз…

Серіктес жаңалықтары