Беверли-Хиллзде талтаңдаған
Беверли-Хиллзде талтаңдаған
Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов батыс баспасөзін жылжымайтын мүлігімен таңғалдыруда. Әуелде еуропалық басылымдардан тоқымдай ғана Швейцариядан қомақты жер сатып алды дегенді естідік. Тағы да сол дереккөздерден атышулы отбасының оффшорлық шоттары мен банктегі қаражаты белгілі болды.
Бүгінге дейін Қазақстанда Виктор Храпунов пен Ләйлә Храпуноваға қатысты 24 қылмыстық іс қозғалған екен. Қызмет бабын асыра пайдалану, алаяқтық жолмен бюджет қаржысын жымқырды және заңсыз жекешелендіру жүргізу, заңсыз кірісті заңдастырғаны, пара алғаны үшін және ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны сияқты айыптар тағылған. Сот талабын елеусіз қалдырып, тіпті елге келуді қиынсынған Храпунов мырзаны Алматы қаласы әкімдігі бұл жолы Лос-Анжелес аймақтық сотына тартып отыр.
Храпунов пен оның отбасына қатысты Алматы қаласы әкімдігі батыс Америка аймағы сотына шағым түсіріп, Алматыға тиесілі жылжымайтын мүлікті сату арқылы 300 миллион долларды жымқырды деген айып тағуда. Неліктен қазақтар жиі жүгінетін Лондон Жоғары сотына емес, одан әрідегі Лос-Анжелес сотына жүгінді деген сұрақ туындайды. Себебі, Калифорния және Нью-Йорк штаттарынан, Еуропа мен Таяу Шығыс елдерінен Храпуновтар отбасы кәсіпорындар, виллалар, автокөліктер мен басқа активтер сатып алған. Мысалы, Лос-Анжелестегі әйгілі Беверли-Хиллз ауданынан құны 6,2 миллион доллар тұратын вилла мен Студио-Ситиден 5,7 миллион долларлық ғимарат сатып алған.
Шағымданушы тарап айыпталушының есепшоттарын жауып, заңсыз қаражатты Алматының қазынасына қайтару керек екендігін мәлімдеді. Әсілі, барлық соттың талап ететіні осы. Алайда атышулы отбасы соттың шешіміне құлақ асып, әділдікке мойынсұнса осы күнге дейін Алматыға тиісті қомақты қаражатты қайтарып алған болар едік. Bloomberg дереккөзінің мәліметінше, Алматы қаласы әкімдігінің заңгері Дэвид Шиндлер Храпуновқа ғана емес, АҚШ-қа да айбат шегіп отырғандай. «Кезінде Храпунов өзінің қызмет бабын асыра пайдаланып, Қазақстан халқының миллиондаған қаржысын қолды етіп, заңсыз жиған қаржыны шетел асырып жіберіп отырған. Сол себепті біз АҚШ-ты заңсыз ақшаны жасыратын ел ретінде танылуды қалайды деп ойлаймыз», – деді ол. Заңгердің айтып отырғаны ащы да болса шындық. Кез келген елден жымқырылған қаражат АҚШ-та заңды мүлік сатып алуға жарап-ақ тұр. Олай болса, Алматы қаласына тиесілі миллиондаған қаржыны кері қайтарудың сәті туған сияқты.
Жалпы, шағымданушының талабы бойынша, Лос-Анжелестегі сот алдында Виктор Храпунов және оның әйелі Ләйлә, экс-әкімнің асырап алған қызы Эльвираның күйеуі Дмитрий Кудряшов пен асыранды ұлы Ильястың жұбайы – Мәдина Әблязова да жауап беретін болады. 2008 жылғы сәуірде бұл отбасы Швейцарияға қоныс аударған болатын. Ал 2012 жылы қазанда Виктор Храпуновтың әйелі Ләйләға ірі көлемді алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеу жарияланған. Қазақстаннан қашқандар бір бұлар емес. Барлығы да құралақан кеткен жоқ. Қазына қаржысын, ең бастысы қара халыққа тиесілі ырысты ала кетті. Оларды құшақ жая қарсы алған батыс елдері, түк болмағандай бейқам.
Ақниет ОСПАНБАЙ