Еуропа жабайылық түнегінде жүргенде…

Еуропа жабайылық түнегінде жүргенде…

Еуропа жабайылық  түнегінде жүргенде…
ашық дереккөзі
263
ХI ғасырдағы Ұлы Селжұқ сұлтандары Тоғрұл-бек, Алып-Арслан, Мәлiк-шаһтар өз билiктерiнiң шеңберiне Қытайдан Жерорта теңiзiне, Кавказдан Йеменге дейiн жердегi халықтар мен елдердi сыйғыза бiлдi. Бұндай кең-байтақ мемлекеттiк құрылым Таяу Шығыс пен Орта Шығыста iрi әлеуметтiк өзгерiстердiң болуына әсер еттi. Немiс ойшылы Ф.Энгельс түркi басқыншылығының тарихи маңызына жоғары баға берiп: “Жериемденушiлiк феодализмдi Шығыста түркiлер өздерi жаулап алған елдерге енгiздi”, – деген еді. Бұл пiкiрге оның серiктесi К.Маркс та қосылды. Көлемi шағын болғанымен, “Саясатнама” – осындай теңдесi жоқ ғаламдық оқиғалардың әсерiнен туындаған, маңызы зор шығарма. Сондықтан бұл кiтап орта ғасыр билеушiлерiнiң басты оқу құралына айналды. Осы туынды әлi де мағынасын жоймаған Шығыс даналығының ескерткiшi. Мәлiк-шаһ сұлтанның тап­сы­рысымен конкурстық негiзде пат­ша­ларға арналған өсиет кiтабы “Саясатнаманы” Селжұқ мемлекетiнiң ХI ғасырдағы аса көрнектi мемлекет қайраткерi Низам ал-Мүлк жазды. Бұл билiкке арналған пайдалы кеңестер жинағы едi. Кiтаптың авторы iрi мемлекетте мығым орталықтандырылған үкiметтiң болуы қажет деген көзқараста болды. Оның еңбегi Мәлiк-шаһтың көңiлiнен шықты. Селжұқтар мемлекетi оны Мәлiк-шаһ билеген уақытта ең iрi жетiстiкке жеткен болатын. Бұған Низам ал-Мүлктiң еңбегi ерекше сiңдi. Мемлекеттiң дәуiрлеуiне мүмкiндiк берген билiк тиiмдiлiгiнiң қыр-сырлары 51 тараудан тұратын туындыда сөз етiледi. Түпнұсқада кездесетiн түркiлiк билеушiлер хақында (газнилiктер, селжұқтар, тағы басқаларды) кемсiту үшiн айтылған жағымсыз сөздер парсы прозасы Кеңес одағында орыс тiлiне аударылған кезде белгiсiз себептермен сол қалпында алынған. Мүмкiн, бұл “бөлiп ал да, билей бер” әдісін тиiмдi пайдаланған империялардың ежелгi әдетi де болар. Сондықтан, бүгiнгi күнi түркi және парсы тiлдi елдер осы мәселеге назар аударғаны жөн болар едi. Әйтпесе, “Газнилiктер, Селжұқтар және тағы басқа түркi билеушiлерi оқи да, жаза да алмайтын сауатсыз болған, ал сарайда бiлiмдi парсылар оларға ақыл-кеңес берiп, көздерiн ашқан” дегенге саятын, әрі шындыққа жанаспайтын жалған пiкiрлер тек орта ғасыр түгiлi қазiргi Иран әдебиетiнде де кездеседi. Олардың ойынша, басқыншы грек (Александр Македонский) – жағымды отарлаушы, ал түркiлер – жағымсыз отарлаушы болып келедi. Әрине, бұл көрініс ертеден келе жатқан парсылардың бiзге деген өкпесi. Алдағы уақытта осы жiңiшке мәселеге жiтiрек мән берiп, өзара сыйластығымызды нығайтқанымыз жөн. Хазар (Каспий) теңiзiн айнала қоныстанған қазақ, әзiрбайжан, түрiкмен, иран халықтарының достығына орта ғасырлық намыс пен кек сақтау салқынын тигізбеуі керек, бүгiнгi тiкелей дипломатиялық қарым-қатынасқа iрiткi салмауы тиiс. Онсыз да Иранның Таяу Шығыс пен Батыста қарсыластары жеткiлiктi. Мәселен, Омар Хайямға Мәлiк-шаһ пен Низам ал-Мүлк қолдау жасап отырған. Билiк түгiлi дiнбасыларына да ақынның сын айта алуына себеп болған нәрсе – патша мен уәзiрдiң оны еркiндiкте ұстағаны. Низам ал-Мүлк Омар Хайямнан 31 жас үлкен. Жасы әкесiндей адам қай заманда баласындай азаматтан ақыл сұрады? Керiсiнше, ғылым, өнер, әдебиеттiң дамуына селжұқтар үлкен қолдау көрсеткен. Омар Хайям соншама бай әдеби, ғылыми мұрасын Мәлiк-шаһ пен Низам ал-Мүлк көмектеспесе, қалдыра алмас едi. Бағдаттағы Низамия медресесiнде Шейх Саади Ширази да бiлiм алған. Осы медресе Низам ал-Мүлк ашқан медреселердiң бiрi еді. Алғаш рет Кеңес Одағында 1949 жылы шығыстанушы Борис Заходердiң аудармасымен жарық көрген бұл жауһар туындыны қайта басып шығарудағы басты мақсатымыз – Шығыстың атақты жұлдызы Низам ал-Мүлктiң “Саясатнамасын” Қазақстан мен ТМД елдерiнде дәрiптеу. Жас Кеңес Үкiметi ХХ ғасырдың басындағы социализмге лайық тиiмдi басқару жүйесiн жасауға талпынған кезде өз билiк жүйесiне пайдалы басқа елдер мен халықтардың тәжiрибесiн ескеруге тырысты. Арнайы тапсырыс бойынша бұл жұмыстармен Кеңес үкіметінің ғалымдары айналысты. Шығыстанушылар “Саясатнаманы” ұсынды. Әдетте, аудармаға ұзақ уақыт кететiнi белгiлi. Отан соғысы да (1941-1945 жж.) оған кедергi жасады. Нәтижесiнде, “Саясатнама” КСРО Ғылым академиясының президентi, академик С.И.Вавиловтың тiкелей жауапкершiлiгiмен Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң профессоры Борис Заходердiң француз тiлiнен аударуымен тек 1949 жылы ғана жарық көрдi. Бұл кiтап И.В. Сталин оқыған кiтаптардың бiрi болып саналады. Кiтап сол жолғы тиражының өте аздығына және 61 жылдан берi қайта басылмағандығына қарағанда, оларға ұнамағанға ұқсайды. Мүлдем түсiнiксiздеу жағдай… Низам ал-Мүлктiң бұл шығармасы парсы тiлiнде жазылғанымен, “Саясатнама” Кiшi Азияны бiрнеше ғасыр бойы билеп-төстеген Селжұқ сұлтаны Мәлiк шаһқа арналған. Селжұқтардың тегi түркi екенi бәрiмiзге белгiлi. Осы тұрғыдан алғанда шығарманы сөзсiз бiздiң төл туындымыз деп қарастыра аламыз. Орта ғасырдағы көркем шығармалар сол дәуiрдегi ресми әдебиет тiлi – парсыша жазылған. Сол себептi, “Саясатнама” да парсы тiлiнде дүниеге келген. Түркi-оғыз мемлекетiнiң сұлтаны Мәлiк-шаһтың тапсырмасы бойынша бұл билiк кiтабын төрт оқымысты дайындаған. Бұл конкурста (сайыста) патшаға Низам ал-Мүлктiң еңбегi ерекше ұнап, жоғары бағаға ие болды. Сондықтан тарихта осы кiтап қана қалды. “Саясатнама” Ислам елдерiнiң мемлекеттiк басқаруы мен құқықтық жүйесiнен кеңiнен мәлiмет бередi. Әсiресе, мемлекеттiк қызметтiң философиялық астарына көбiрек маңыз аударады. Мәлiметтер сараптама түрiнде жазылған. Осылай Низам ал-Мүлк өз көзқарасын тарихи деректерге сүйене отырып суреттеген. Бұл жалаң сөз, қиял, сөзбұйда емес. Ғылыми негiзi бар еңбек. Соның салдарынан ол он ғасырдан берi өзінің құндылығын жойған жоқ. Ойы терең, астары мазмұнды, тiлi әсем, орта ғасырлық парсы әдебиетiне тән пәрмендi шығарма. Патшадан бастап басқа да басшыларға автор қойған талап: Зорастризм мен Ислам дiндерiнiң қағидаларынан басталып, ол одан әрi көне мәдениет мұраларымен ұштасып жатыр. “Қандай дәреже мен байлықты иемденсең де, о бастан әдiл, жауапкершiлiктi, саналы, арың таза, жұртыңа пайдалы азамат бол!” – деп түйiндейдi. Нақыл ұғымдар – кiтаптың өзегi. Автор өз патшасына: “О дүниенiң отына күйгеннен, осы дүниенiң отына күйген көп жеңiл!” – деп ескерту жасайды. Немесе “Халқым сенсiн, сыйласын десең, онда алтынмен соғыс!” – деп те жазады (“Алтынмен соғыс!” дегенi – “ақшаға қызықпа!” дегенi). “Аспа, таспа, елiңнiң жағдайымен санас, оған пана бол, мұң-мұқтажын ойла, қарапайым шаруалар көшiп-көнiп, азып-тозбасын!” – дейдi. Еуропада мұндай еңбектердiң денi XVI-XVII ғасырларда жазыла бастады. Бұл – Шығыстың Батыстан көш iлгерi тұрғанын көрсетедi. Парсы поэзиясының негiзiн салған Рудаки шығармашылығы хақында ағылшын шығыстанушысы Чарльз Пикеринг 1890 жылы: “Х ғасырда бүкiл Еуропа жабайылық түнегiнде қамалып отырғанда, Мауреннаһр гүлденiп, парсы әдебиетiнiң көкжиегiнде Рудакидың жұлдызы жарқырады!” – деп шындықты мойындаған болатын. Мың жыл бұрын Шығыстың мәдениетi мен саяси-экономикалық қабiлетi Батыстан көш iлгерi болғанын осы парсы әдебиетiнен де бiлуге болады. Италияның ойшылы Никколо Макиавеллидiң “Мемлекеткер” (“Государь”) атты кiтабы 1532 жылы жарық көрсе, “Саясатнама” ХI ғасырда жазылды. Төрт ғасыр бұрын! Оның үстiне “макиавеллизм” жалпылама алғанда саясатта ар-ұят сияқты моральдық нормамен санаспауды дәрiптесе, Низам ал-Мүлк билiктiң тек адамгершiлiк және имандылықпен санасқанда ғана абыройлы болатынын дәлелдеген. Соған апаратын жолды көрсете бiлген. “Саясатнама” патшаларға арналып жазылғанымен, оның маңызы мен қағидаларын әр деңгейдегi басқару жүйесi түгiлi отбасында да пайдалануға болады. Кей тұстары Құнанбай қажының жас Абайға берген батасымен үндес: “Аллаға жағайын десең – азанды, халқыңа жағайын десең – қазанды бол!”. Бұл шығарманы түркi, парсы, араб елдерi халықтары даналықтарының ой-маржаны десек, артық айтылмаған пiкiр. Қысқаша айтқанда, Шығыстың асыл мұрасы. Әрине, әлемдiк деңгейдегi, халықаралық құндылықтағы. Зерде мен парасат өркешi. Түркiлердiң адамзат баласына сыйлаған ел басқару ережесi. Селжұқ империясының сұлтандары Алып-Арслан мен Мәлiк-шаһтың бас уәзiрi болған Низам ал-Мүлк, әрине, билiктiң орталыққа шоғырланғанын жақтады. Оның дұрыстығын тарихтың өзi дәлелдеп бердi. Шығыстанушылар: “Саясатна­мада” мемлекеттiк орталық би­лiк­тiң күштi болуына баса мән бе­рiлген” дегенiмен, Низам ал-Мүлк мем­лекеттiк қызметтiң сан түрiн сөз еткен. Әсiресе, икта басқару жүйесi туралы әңгiме қозғайды. Бұл жүйе кезiнде Қараханидтер мемлекетiнде де қолданылды. Икта реформасында децентрализацияның да белгiлерi бар екен. Автордың икта басқару жүйесiн ескерген себебi, саясаттың барынша экономикалық, әлеуметтiк тұрғыдан тиiмдi болуының iзденiстерi деп ойлаймын. Аса iрi мемлекетте жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiнiң дамуы қажеттiлiгiнен. Селжұқ мемлекетiнiң тарихын зерттей келе немiс ойшылдары Ф.Энгельс пен К.Маркс “иктаның” пайдасымен қатар осал жерлерiне (сепаратизмге әкелетiн) де көңiл бөлген болатын. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару АҚШ штаттарында, Германияда, Ресей губернияларында кең тараған. Тiптi бүгiнгi Мәскеу қаласының да өз үкiметi бар. Бұл орталық билiк пен жергiлiктi билiктiң үлес салмағының тепе-теңдiгiнiң көрсеткiшi. Ол мемлекеттiң жер көлемiне, халық санына, экономикалық потенциалы, саяси сауаттылығы мен мәдениетiне тiкелей тәуелдi. Аймақ басшысы сайлана ма, әлде тағайындала ма? Аймақта “қаймақ” болмаса, онда сайланған әкiм өңiрдi жарылқай ала ма? Тағы басқа және тағы сол сияқты билiк мәселелерiне автор қатты назар аударған. Адасқан дiни ағымдармен қалай күресу керектiгiн де Низам ал-Мүлк осы шығармада сөз етедi. Айталық, Исмайлиттер, Карматтар, Маздакизм ағымдары туралы кеңiнен мәлiмет бередi. Осы тұрғыдан алғанда «Саясатнама» көтерген мәселелер біздің бүгiнгi күнiмiзге тікелей қатысты. ХI ғасырдағы Селжұқстандағы дiни ағымдар туралы мәселелер бүгiнгi ХХI ғасырдағы Қазақстан үшiн де өте маңызды. Айналасы 10-15 жыл iшiнде бiзде жүздеген дiни секталар қаптап кеттi. Дәстүрлi iрi дiндерге iс жүзiнде ерекше көңiл бөлiп, секталарды заңды түрде мемлекет шектеуге тиiс. Бұндай “демократия” халыққа жақсылық әкелмейдi, қоғамға iрiткi салғаннан басқа. Осы мәселе “Саясатнамада” өте орынды және нақты айтылады. Осыдан-ақ, бұл кiтаптың қаншалықты өмiршең екендiгiн бiлуге болады. Шығармада мемлекеттiк басқару iсiндегi ғалымдардың рөлiне көбiрек тоқталған. Жалпы, ғылым иелерiн құрметтеу керектiгi көп айтылады. “Нағыз ғалым патшаға шақырумен барады, жалған ғалым өзi сұранып барады”, – деп жазады “Саясатнама”. “Әрбiр маңызды мемлекеттiк шараны ғалымдармен және даналармен ақылдаса отырып шеш!” – деп Низам ал-Мүлк патшаға нұсқау бередi. Бұндай демократия сол замандағы Еуропада болмағаны бәрiмiзге де белгiлi.

Ахмет ДҮЙСЕНБАЕВ, 

«Ғылым ордасы» РМК-ның 

Қазақстан ғылымының тарихы

 музейінің ғылыми қызметкер-қор сақтаушысы

Серіктес жаңалықтары