«Қып-қызыл күлкіні» сатамын

«Қып-қызыл күлкіні» сатамын

«Қып-қызыл күлкіні» сатамын
ашық дереккөзі
261

Осы бізде, Алматыда «Барахолка» деген базар бар (басқа қалаларда да быжынап жатқан шығар). Түймеден компьютерге дейінгі түрлі-түрлінің бәрі түп-түгел сатылады. Бір шетіне жетіп, көзіңді ары қарай қыдыртып жіберсең, өйдөйт: құмырсқаның илеуіндей ме, әлде одан да бетер ме, әйтеуір, айтары жоқ бірдеңе! Анау тұста – дабыр-дұбыр, мынау тұста – шытыр-бытыр, сонау тұста – у да шу… 

– Мынау қанша? 

– Қырық бес мың теңге.

– Астапыралла! Әй, сен… бәтіңкең қымбат, сөзің арзан неме екенсің! 

– Жә, қойыңдар! Екеуің сөз саудасын бастадыңдар ғой. Ей, жүр, ары қарай кеттік, болды!

«Сөзі арзан» орнында қалып, «сөзі алтын» одан арыға кетті. Сөз саудасы жалғасады, ендеше. 

Ал егер, құрметті тіл мамандары, біз де сөз саудасымен айналыссақ қайтеді? Базаршылап быршымай, үйімізде жырғап отырып-ақ, сырттай саудалассақ, а? 

Сонымен сөйтіп, бастайық сырттайды, а? Тауар иесі мен болайын, алса да, алмаса да саудаласуды суқаны сүйетіндер сендер болыңдар.

Міне, бірінші тауарым – «ЖАНҰЯ» деген сөз. Жасалған жылы, әдетімізше орысшаны қыстырсақ, «срок изготовления», – еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі он бесінші жыл. Ал қай жылға дейін жарамдылығы, орысша айтқанда, «срок годности», қазір… так, так… Е, мейлі, «срогы» баяғыда өтіп кетсе де, біз уланып қалатындай, бұл шетелдік тамақ емес.

Жарайды, ары қарай тыңдаңдар: «жанұя» не деген сөз? Иә, дұрыс, «жанның ұясы» деген сөз. «Жанды» өздерің білесіңдер, оны зерттеуші ғалымдар да айтқан және әлі айтып жүр, ол – шыбын жан. Кәне, өзімізден, өзіміздің қазақ тілімізден мысал келтірейік. Қазақ айтқан: «шыбын жаным шырқырады» деген, рас қой? Рас. Оның қайда екенін, яғни адам жанының адамның қай жерінде екенін де айтқан. Не деп? Былай деп: «кеудемде шыбын жаным шырқырап», «кеудемде шыбын жаным барда», «кеудемнен шыбын жаным шыққанша» деп. Иә, дұрыс, адамның жаны адамның кеудесінде екен! Ал осыны біз неттік? Айырбастадық. Иә, иә, «ОТБАСЫ» деген көне сөзімізді тәуелсіз заманымызға лайық етіп «реформалап», яғни оны «жанұя» дейтін болдық. Жанымыздың ұясы бала-шағамызбен, ит-мысығымызбен бірге ұйықтап-оянып жүрген пәтеріміз, үйіміз болып шықты. Бірақ оның дәп қай бөлмесінде, қай жерінде екені және қайсысы қайсымыздікі екені әзірше белгісіз. Енді бір «шырқырағанында» біліп, тауып, танып алармыз. Оған дейін, кәне, бүгінгі базар нарқы бойынша, «жанұя» қаншаға бағалануға тиіс?.. А?.. Әрине, доллармен!.. Айтпақшы, біздің бұрынғы тіл мамандарымыздың арасында жаңадан сөзжасағыштар болған, сендерде де бар ғой, ендеше, айта салыңдаршы: «отбасын» бүркеп тастап, орыстың «семья» сөзіне ұйқастыра «жанұя» дегенді ойлап тапқан мамандарың біздің, ай-хой, ақындарымыздың бірі емес пе?

Екінші, соңғы жылдардағы ең өтімді сөз – «ЖАҢАҒЫ». Әсіресе, қақалып-шашалып сөйлейтін қазақтарымыз – анау аудан әкімдері бастап, сонау парламент депутаттары қостап – бәрі дерлік өзінің әрбір үш сөзіне төртінші етіп «жаңағы» деген сөзді тіркеп сөйлемесе, аузының дәмі кірмейтіндей, «жаңағыны» құрттың малтасына ұқсатып, екі ұртына кезек-кезек қуалай езгілеп: «жаңағы… жаңағы…» деп жалмаңдап отырғандары! 

Үшінші. «ҚҰРАЙДЫ» деген не сөз? Дұрыс-ақ! «Құрау» деген сөзден шыққан сөз: мен құраймын; сен құрайсың; ол құрайды. Ескі сөз. Алайда «жаңашыл тіл мамандарының» біреуі оны басқа бір сөздерге қосақтай қойып еді, «құлпырып» кетті. Мәселен, «Менің бір айдағы пәтерақым – айлық зейнетақымның үштен бір бөлігі» дегенді енді: «Менің бір айдағы пәтерақым айлық зейнетақымның үштен бір бөлігін құрайды» дейтін болдық. «Пәлен бөлігі, түген пайызы…» дегеннің бәрі осылайша «құрайдылап» жатыр. Олай болса: – «құрайды» сөзінің бұрынғы бағасы қазіргі бағасының жартысын құрайды», тездетіп талап алыңдар!

Төртінші. «БРЕНД» деген не деген сөз? Түбі қазақтың сөзі емес, қай жақтан қаңғып келгені белгісіз, бірақ қазақ газеттерінің бетінен түспейтін болды, сондықтан оны біреуіңе сата қояйын деген арам оймен «барахолкаға» әдейі шығарып отырмын. Құны қымбат емес, оңай келісерміз. Ал «қазақ газеттерінің бетінен» дегенге оралу керек болса, айтайын. Алақандайларда емес, шапандай газеттерде: «Қазақтың киіз үйін әлемдік бренд етейік!», «Қазақтың қазы-қартасын әлемдік брендке айналдырайық!», «Қазақтың домбырасы әлемдік бренд болсын!», «Қазақтың кілемі әлемдік брендке сұранып тұр!», «Қазақтың мақал-мәтелі әлемдік бренд болуға лайық!», «Қазақтың сақал-мұрты әлемдік брендтің бірегейі бола алады!» дегендейлердегі «брендтің» не пәле екенін түсіне алмай жүрмін. Бұл сөздің біреуін сатып алғандарыңа бесеуін тегін беремін!

Бесінші. Осындай оқыралаған сөздің тағы бірі – «МЕНТАЛИТЕТ». Білімі көбіректер көп айта бастаған бұл сөз не деген сөз? Қайдан келіп жетті? Саудалау үшін қыр-сырын білуім керек қой деп топшылап, өздеріңдей тіл мамандарының біразына сауын айтып, сұрау салып едім, академиктеріңнің бірі: «Тоқ етерін айтқанда, ол – «мінез-құлық» дегенді білдіреді, әрқайсысымыздың мінез-құлқымыз халқымыздың мінез-құлқын құрайды, түсіндің бе?» – деді. «Түсіндім». «Құрайдыны» түсінбегенде ше? Ал ғылым кандидаттарыңның бірі: «Менталитет» деген – менталитет, ол қазақ тіліне аударылмайды»! – деп телефонын жаба салды. Онымен саудам бітті!

Тағы бір дүнием – «ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ». Басқалар: төрт текше үстелді, сопақ үстелді, биік, аласа үстелді білсе, менің саудаламағым –дөңгелек үстел. Орысшасы – круглый стол. Мұным, рас, мекеме атаулының бәрінде бар, бірақ олар менше сатпайды, әңгіме-дүкен құруға пайдаланады да, ол шаруаларының мән-жайы газеттерде жарияланып жатады. Әуелде, мәселен: «Дөңгелек үстел» болып, тиісті міндеттер қаралды», – деп жазылды. Орыстардың: «За «Круглым столом» состоялась беседа…» дегенін қазақшалап айтқаны. Мен шіркін ол жойдасыздыққа шыдай алмай: «Әу, ағайындар! Орысшадан бас салып көшірмей, қазағымызша «Үстел басы әңгіме болып» демейсіңдер ме? Үстеліңнің дөңгелек, сопақ екенін кім керек етті?» дедім. Жөн сөзге жүгінуді өтінгенім ғой. Сөйтіп, менің ол өтінішімнен соң, қазекемдер: «…дөңгелек үстел болып, тиісті міндеттер қаралды» деп шыға берді. «Үстел басы әңгіме» жайына қалып, оған қоса: «Дөңгелек үстел» тырнақшаларынан да, бас әріппен жазылуынан да айрылды. Енді осы мәселені реттеп алушылар табылса, дөңгелек үстелімді дереу сатамын, оншама пұлдамаймын. 

Сатпақшы сөздерімнің арасындағы арзаны – «МЕЗГІЛСІЗ». Сендер былай тұрып, мектеп есігін ашпаған балақай да білетін көп сөздің бірі. Қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан жуас сөз. Алайда, несін жасырайын, «жуастан жуан шығады» деген рас, бұл «мезгілсіз» кейде, мәселен, менің төбемнен табаныма дейінгі қан қысымымды қаңғытып жібере жаздайды. «Қалайша?!» дедің бе? Былайша: көп жылдарғы жайсаң көршім, жұртшылыққа жақсы мәлім Мәшікбек Тарғынұлы алдыңғы күні кенеттен қайтыс болды. Біздің гәзет Мәкеңнің «семьясына» көңіл айтқан азахабарында: «…Мәшікбай Тарғынұлының мезгілсіз қайтыс болуымен байланысты…» депті. Марқұм көршіме жаным ашып кетті: «Мәке-ай, неге мезгіліңде қайтыс болмай, мезгілсіз қайтыс болдың? «Мезгілсіз қайтыс болды» деп біреу-міреудің жазғырарын шынымен білмедің бе»? – деп іштей мезгілсіз қиналдым. Құрысын, бұл сөзді шынайы керек еткендерің келіңдер де алыңдар, бағасы – тиын-сиын.

Тағы бір сөз қалып барады. «ҚЫП-ҚЫЗЫЛ КҮЛКІ». Бұл – біздің қазақшасымақ телеарналардың қазанында бір қайнатылып, желкөбігі шала алынып, жырық табаққа кеше ғана түсірілген… сөз тіркесі. Қазақы күлкісі там-тұм бағдарламаның бір тарғыл тақырыбының аты. Бұны сіздер бүгіннен қалдырмай сатып алыңыздар. Бұл – қазақ тілінде бұрын кездеспеген, енді де кездеспейтін тіркес, бұрынғы «қып-қызыл өтіріктің» жаңа түрі. Алыңыздар да, қыран-топан күлкіге, е, иә, «қып-қызыл күлкіге» емес, қыран-топан күлкіге батыңыздар! Сол телеарнадағы «Күлкі ойнақ» деген тақырыпты да алып берейін, жарты бағасына, оны қосып алып, азаннан ақшамға дейін күле беріңіздер!

Иә, мырзалар, осылай да осылай… 

«Бәрін айт та бірін айт…» (Бейімбет Майлин), ана тіліміздің «жырын» айт. Үлкен-кіші газет-журналдарымыздағы мақала, сұхбат… атаулының тақы­рыптарында: конгресс, форум, финал, инвестиция, инновация, имидж, коммуникатив, брифинг, электив, анимация, ипотека, тренд, девальвация, доктрина, пафос, феномен, проблема… секілді шұбырып келген, келіп те жатқан шетелдік сөздерге қазақ тілінде балама іздеп, миды мазаламай шыдай тұрыңдар. Маған да «тыныштық» керек: қазақылығы кемшіндермен саудам қыза түседі.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы

Серіктес жаңалықтары