Шахтерлердің анасындай болған

Шахтерлердің анасындай болған

Шахтерлердің  анасындай болған
ашық дереккөзі
167

Шығыс шахталық ұңғыма басқармасының Ертіс учаскесі өзінің өнімдік көрсеткіштері мен еңбек ардагерлері жағынан көш бастап келеді. Әрине, кеудесі орденге толы белгілі бригадирлер мен шахтерлердің ішінде бірден көзге түсетіні – қызу жұмыс үстіндегі әйелдер. Олар күн сайынғы аянбас еңбегінің арқасында жан-жағына сәуле шашып, әрқашан да жеңістің басы-қасында жүреді. 

«Жолдарың болсын, жігіттер!», – дер еді шахтерлерді кезекті ауысымға шығарып салып тұрған жерасты реттеушісі Роза Дегембаева. Оның бұл тілегінің астарында бәрі бар. Ол – техника мен қауіпсіздік, берік шатыр, ең бастысы отбасына аман-есен оралуы. 

Жерасты реттеуіші – шахталық мамандықтың бір түрі. Шахталық ұңғыдағы қозғалысты қадағалап отыратын маман. Реттеуші жерастындағы жұмысшылар мен материалдарды көтеріп-шығаруды, сондай-ақ шахтадағы кенді, көмірді жоғары көтеретін құрал-жабдықты басқарады. Бұл кезде машинист көліктегі жүктен шашау шығармауға тырысып, шахта түбіндегі су жиналатын шұңқыр мен қоршаудың жәй-жапсарын назарда ұстайды. Яғни, моральдық тұрғыдан алғанда, реттеуші – ең ауыр мамандықтың бірі екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. 

Тау-кен саласында табан аудармай еңбек етіп жүрген Дегембаевтар отбасының негізгі ұйытқысы – Роза ханым тонналап өндірілетін қазба байлықтың әрбір түйірінің өмірге қалай келетінінің, бағасын өте жақсы біледі. Ал оның жұбайы Алтай Дегембаев Ертіс кен орнының жерасты өндірісінде талай уақыттан бері еңбек етуде. Дегембаевтар әулетінің негізін қалаушы әрі ұстаз ретінде көптеген жас шахтерлерді еңбекке тәрбиелеп, баулыған азаматты жұрт мақтан тұтады. 

Иә, кейбір әулетте отағасының еңбек жолын ұрпағы да жалғастыратыны ақиқат. Ал нәзікжандылардың тәуекелге бел буып, ауыр еңбекке араласуы үлкен күш-қайратты талап етсе керек. Айталық, жас шағында медициналық мамандықты меңгерген Роза Боқайқызына күндердің бір күнінде шахтада жұмыс істеймін деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген шығар. Әлбетте, бұған жұбайының еңбек жолы әсер етпей қоймады. Яғни, өмірлік қосағы Алтай жұмыс істеген шахта орналасқан елді мекенге көшіп келгенде кейіпкеріміз Роза фельдшерлік мәнсабына нүкте қойды. Оның мамандығына сай жұмыс шағын ғана ауылдан қайдан табылсын. Бірақ қол қусырып отыруға әдеттенбеген Роза әуелгіде зат сақтаушы, одан соң жерасты реттеушісі болып орналасты. «Міне, 14 жыл болды. Шахтерлерді ауысымға ерекше көңіл-күймен шығарып салып, күтіп аламын. Жұмысым жауапкершілікті талап еткенімен қоймай, қауіпті де. Әр адамның өміріне, тиелген жүкке жауап бересің. Жерге түсу төмендігі – 800 метр. Мұндайда үнемі бақылау мен қадағалауда болу маңызды», – дейді өз міндетін сипаттап берген кейіпкеріміз.

Тіпті, ол жерастында жүріп қаншама жүкті жалғыз көтеріп келеді. Еңбек үстінде небір жағдайлар орын алады. Мәселен, жұмысшылар түрлі жарақат алып қалса, Розаға фельдшерлік білімі көмекке келеді. Жедел медициналық алғашқы жәрдем көрсетіп, жараны әп-сәтте таңып жатқаны. Бұған үйреніп алған шахтерлер де денсаулығы сыр берсе, дереу Роза Боқайқызынан ем-дом шараларын сұрайды жан-жақтан. Қашан да ашық-жарқын мінезі мен жылы сөзін аямайтын кейіпкеріміз ерінбей-жалықбай әрқайсысына өз баласындай көңіл бөледі. 

Роза Боқайқызының сан қырлы қасиеті бар. Талантты адам қай жағынан да талантты ғой. Ол қолына қазақтың қара домбырасын алып, ән салғанда тебіренбейтін жан жоқ, сірә. Ал тамақ әзірлеп, дастарқан жаюға келгенде Розамен тең келетін әйел таба алмайсыз. Бәрінен де аузыңызда еритін бауырсағын айтсаңызшы!

Роза мен Алтайдың екі қызы және бір ұлы бар. «Қыздарым өз жолын тапты, ал кенже ұлым тіс дәрігері болатын ойы бар. Шахтада біздің жұмыс істеп жүргеніміз жетеді. Оның ақ халат киіп, адамдарға көмектескенін қалаймын. Енді зейнетке шығып, балаларымнан немере сүйсем арманым жоқ. Әйел, ана бақыты деген осы емес пе?!», – дейді ол. 

Шынында да, Роза Дегембаева өмірден өз орнын тапқан бақытты жан. Еңбекте де, отбасында да үлкен сый-құрметке ие. Бір күн жерастынан көрінбей қалса, шахтерлер де әлденеге елегізіп, әріптес апайларын іздей бастайды. Себебі, жүк көтергіш көлігінің тетігін ұстап, ерекше дауыс белгісін беретін Роза апай бүкіл шахтаның жүрегі сияқты көрінеді. «Біз болмасақ, қызу жұмыс тоқтап қалатындай ма, қалай? Шахтерлерді не кем, не артықсыз қажетті материалдар және құрал-жабдықпен қамтамасыз етеміз. Бұл еңбек өнімділігінің артуына септігін тигізеді…», – деп күледі кейіпкеріміз. 

Ана жүрегі мейірімге толы. Роза Боқайқызының «Жолдарың болсын, балалар!» деген жылы сөзінің өзі әр шахтерға күн сайын сәттілік тілеп, отбасына аман-есен оралуына жол сілтейді. 

Динара Мыңжасарқызы 

Серіктес жаңалықтары