АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУҒА  БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
ашық дереккөзі
477

Облыстардың бірқалыпты және өзара үндесіп дамуын қалай қамтамасыз етсе болады? Экономикасы, өндіріс кешені кенже дамыған өңірді дағдарыстан шығарудың жолы бар ма? Аталған мәселені шешу мемлекеттің алдындағы маңызды стратегиялық міндеттің бірі.

Қазақстан – жер аумағы алып ел. Сондықтан, кейбір аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, былайша айтқанда, тұрмыс-тіршілігі біркелкі емес. Айталық, еліміздің «мұнайлы астаналары» саналатын – Атырау мен Ақтаудың халқы Шымкент пен Қызылжар тұрғындарына қарағанда, әлдеқайда бақуатты тұрады. Мұндағы ең бас­ты айырмашылық айлық табыста және өңір тұрғындарының жұмыспен қамтылу деңгейінде жатыр. 

Иә, кейбір өңірлердің индустриалды-өндірістік әлеуеті әжептәуір. Инвесторлар негізінен осындай облыстарға көз тігеді. Мұндай жерде тіршіліктің тамыры бүлкілдеп жатады. Ал кейбір «өлі» аймаққа инвесторды жалынып-жалбарынсаң да шақыра алмайсың. Аттап бас­пайды. Себебі экономикасы тұралаған, өндірістік қуаты әлсіз, содан да инвестицияның құмға сіңу қаупі зор. Соның кесірінен өндіріс орындарын құрып, жаңа жұмыс орнын ашуда түрлі кедергі туындайды. Жұрт екі қолға бір күрек таппай қиналады, тиісінше, тұрақты табыстың жоқтығынан күнкөріс қиындайды.

Сананы тұрмыс билеген қазіргі заманда мұндай теңсіздік әлеуметтік әрі саяси тұрғыдан аса қауіпті. Бірақ «неге бұлай болды?» дегенде, мұның нақты әрі дәлелді себебі бар. Еліміздегі өндірістік өңірлер, болашағы бар моноқалалар, аудан-ауыл бір-бірінен тым алшақ орналасқан. Адамдардың бір қаладан екінші бір қалаға қатынауы, қоныс аударуы қиын, ауыр. Себебі жол алыс. Бұл өз кезегінде аймақаралық байланысты қиындатып, өңір мен өңірдің өзара үнқатысуына, әріптесуіне кедергі келтіріп отыр. Жол алыс, қатынас қиын болғандықтан табыс тапқысы келген тұрғындар, оның ішінде жастар жағы бір қаладан екінші бір қалаға қатынап жұмыс істей алмайды. Ал мұның арты жастардың ұрлық-қарлықпен айналысуына, қылмыстық жолға түсуіне алып келетіні өтірік емес.

 Мемлекетке бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайды. Осынау түйткілдің түйінін тарқатпаса, ертеңгі күні мұның арты үлкен дауға – әлеуметтік наразылыққа ұласуы әбден мүмкін. Аймақаралық әлеуметтік-экономикалық теп-теңдікке қол жеткізу қазіргі үкіметке жүктеліп отырған ең негізгі – стратегиялық міндеттің бірі. Бірақ мұның әлеуметтік-экономикалық сипатынан тыс, саяси қыры да бар. Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіргізу туралы тапсырма бергені белгілі. Президент географиялық фактордың Қазақстанды бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосуға кедергі болмауы керектігін айтқан еді. 

Ендеше, экономикасы «әлсіз» аймақтарды тартымды қылудың және оларды бәсекеге бейімдеудің қандай жолы бар? Жеке сектор мұндай өңірді дамытуға аса құлықты емес екенін ескерсек, бұл міндет тікелей мемлекеттің мойнына жүктеледі. Қазір Қазақстанда аймақ пен моноқалаларды дамытуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Мемлекеттің «Самұрық-Қазына» қоры арқылы жүзеге асырып отырған инвестициялық саясатының нәтижесінде біраз өңірдің тамырына қан жүгірді. Құрылыс саласы жанданып, жаңа өндіріс іске қосылып жатыр, соның нәтижесіне жүздеген жұмыс орны ашылуда. «Самұрық-Қазына» холдингіне қарайтын ірі мемлекеттік компаниялар әлеуметтік-экономикалық модернизация бағдарламасының шеңберінде бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Холдинг бірінші кезекте, өңірлерді дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл ретте, «Самұрық-Қазына» аймақаралық тепе-теңдікке қол жеткізу мақсатында, ірі жобалар мен инновациялық кәсіпорындарды дәл осы экономикасы кенже дамыған өңірлерге орналастыруда. Холдинг осы арқылы болашағы бұлыңғыр облыстардың экономикасын тірілтуге, тұрғындарының тұрмысын түзеуге күш салып жатыр . 

Халық саны көп, ал жұмыс орны жеткіліксіз облыстарда жаңа, ірі өндіріс орындарын ашу аса маңызды. Аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін көтеру арқылы, саяси-әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға болады. Қазіргі күні Қазақстанда аталға мәселеге барынша көңіл бөлініп отыр. Айталық, 2011 жылы Аймақтық даму министрлігі құрылды. Ведомство өз кезегінде үкіметпен, жергілікті әкімдік және мемлекеттік сектордағы компаниялармен бірлесіп, әрбір аймақ пен қаланы дамытудың жеке-жеке жоспарын түзуде. 

Сайып келгенде, бұл мәселені қазіргі күні тек мемлекеттік инвестицияның арқасында реттеуге және шешуге болады. Себебі жеке инвестордың тарапынан өз қаржысын тұралаған өңірлерге бағыттауға қандай да бір ынта, ықылас жоқ. Иә, оларды түсінуге болады… Сондықтан да аймақтық даму жұмыстарының негізгі ауыртпалығы «Самұрық-Қазына» Қорына жүктеліп отыр. Бұл тарапта холдинг әлеуметтік әрі стратегиялық жобаларды жүзеге асырады. Ал мұндай жобаларды «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» асықпай, аптықпай дайын­дау қажет. Осы арқылы холдинг экономикалық қана емес, сонымен бірге мемлекеттің әлеуметтік-стратегиялық міндеттерін шешуге атсалы­сады. Ал «Самұрық-Қазына» қорының 2022 жылға дейінгі даму Стратегиясында «Қордың табыс-түсімі төмен жобаларына мемлекет тарапынан тиісті қаржылай көмек көрсетіледі» делінген. 

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде, қор бірінші кезекте инфрақұрылымды, оның ішінде жол мен құбыр желісін және энергетикалық коммуникацияны жетілдіреді. Бұл, өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу үшін ауадай қажет. Жалпы инфрақұрылым жетілген болса, бұл өз кезегінде мемлекет пен қоғамның арасындағы байланысты жақсартады, билік пен бұқараны жақындатады. Осының нәтижесінде кәсіби орта қалыптасады, тұрғындардың экономикалық белсенділігі артып, кәсіби тұрғыдан өсуіне қызығушылығы оянады. 

Осы арада «Самұрық-Қазына» елдің экономикалық өміріне тек ірі инвестор ретінде қатыспайтынын ескеру керек. Холдинг сонымен қатар аймақтық экономикадағы тепе-теңдікті сақтайды, өңірді дұрыс даму жолына бағыттайды. Қор және оған қарасты компаниялар мемлекеттің негізгі стратегиялық басымдықтарын дамытуға баса мән береді. 

Қазіргі күні, адам саны көп, алайда жұмыс орны жеткіліксіз өңірлерде, холдинг инвестициясының нәтижесінде – жаңа өндірістік кластерлер құрылып жатыр. Атап айтар болсақ, Оңтүстік Қазақстанда фармацевтика индустриясы мен жеңіл өндіріс ауыл шаруашылығы саласымен әріптесе отырып қарқынды дамып келе жатыр. Ал еліміздің теріскей өңірі мен орталығында ірі машинақұрылысы зауыттары салынып жатыр. 

 Болашақта Оңтүстік Қазақстан облысында Қордың мұрындық болуымен заманауи химиялық өнімдер өндіретін үш жоба іске қосылады. Холдингтің құрамына кіретін «Біріккен химиялық компания» кәсіпорнының басқарушы директоры Дәурен Ибрашевтің айтуын­ша, аталған кәсіпорындар толық іске қосылғаннан кейін 300-ден астам азамат жоғары ақы төленетін жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Бұл холдингтің еліміздің түрлі өңірлері мен қалаларында жүзеге асырғалы отырған ондаған жобаларының бірі ғана. Бәлкім, олар бір күнде нәтиже бере қоймас, бірақ бұл тұтас аймақтың аяғынан тұруына және Қазақстанды бәсекеге қабілетті елге айналдыруға септеседі. 

Нәзік Тұртайқызы 

Серіктес жаңалықтары