АСТАНАЛЫҚТАР ПЕТЕРБОРДЫ ТӘНТІ ЕТТІ
АСТАНАЛЫҚТАР ПЕТЕРБОРДЫ ТӘНТІ ЕТТІ
Алдағы үш-төрт жылда Санкт-Петербург қаласында «Астана» атты сауда-іскерлік кешені ашылатын болды. Мамыр айының 17-18 күндері осы қалада өткен Астананың мәдени күндерінің сүйінші жаңалықтарының бірі осы.
Мәдени күндер Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Санкт-Петербург қаласының губернаторы Георгий Полтавченкомен кездесуінен басталды. Екі қаланың басшылығы осыдан екі жыл бұрын іскерлік байланыс жөнінде әріптестік туралы келісімге қол қойған болатын.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің айтуынша, бұл оқиға Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланысты одан әрі тереңдете түсті. «Санкт-Петербугтің Астанадағы күндері мен Астананың Санкт-Петербургтағы күндері іспетті шаралардың орны ерекше. Бұл бізге халқымыздың бай рухани әлемін одан әрі тани түсуге ықпал етеді», – деді әкім.
Мәдени күндер аясында Санкт-Петербург қаласында Іскерлік әріптестік кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Осы күні «Smart Astana» жобасына инвестиция салудың болашағы» атты тақырыпта дөңгелек үстел де ұйымдастырылды.
Бұл қалада 2003 жылы қазақтың белгілі ақыны Жамбыл Жабаевқа ескерткіш ашылған болатын. Астананың мәдени күндері аясында екі қаланың тұрғындары осы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қазақ өнеріне құрмет көрсетті.
Бұдан соң Михайлов театрында «Астана Балет» балет кеші өткізілді. Концертте «Қарлығаш», «Аққу», «Шаттық», «Қазақ вальсі» атты қазақ билері паш етілді. Ал «Солистер академиясы» камерлік оркестрінің концерті қазақ әншілерінің өнеріне тамсантты.
«Жусан иісі» көрмесінде Сағынәлі Әлімбетовтің, Лейла Махаттың т.б. қазақтың заманауи суретшілерінің шығармалары қойылды.
Петербор қаласының тұрғындарын тамсантқан жобалардың бірі – Петропавл қамалында ашылған «Қазақ ауылы» экспозициясы еді. Мұнда қазақ шеберлерінің қолынан шыққан қолданбалы өнер туындыларының «Этно-ауыл» көрмесі қойылған. Қазақы ғұрыпқа сай құрылған киіз үйлерде жергілікті тұрғындар ұлттық салт-дәстүрмен танысып, қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тиіп, қазақтың бай тарихына қанықты.
Екі қаланың басшылығы мәдени күндер аясында «Астана» кешенінің алғашқы кірпішін қалады. Құрылыс 2017 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Астана