АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА – ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАР
АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА – ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАР
Ақмола облысында шетелдік компаниялардың серіктестігімен жаңа кәсіпорындар ашу мәселесі талқыланды. Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметовтің аймақты аралау сапарында осы мәселе сөз болды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Степногор қаласында әкім АҚШ-тың «Timken» компаниясы мен Ресейдің «УК ЕПК» АҚ өкілдерімен кездесті.
Облыс әкімі Қ.Айтмұхаметов пен шетелдік қонақтар Степногор подшипник зауыты негізінде біріккен ірі габаритті подшипник өндіретін кәсіпорын ашу мүмкіндігін талқылады. Шетелдік инвесторлар экономикалық әріптестікте жобаның тиімділігін айтып, аталған кәсіпорынның өндірістік қуатын жоғары бағалаған. Ал облыс әкімі жаңа жобаның жүзеге асырылуына әкімдік тарапынан барынша көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Бұдан кейін облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов жұмыс сапары барысында осы қаладағы кәсіпорындарды аралады. Әкім «Astana-Nan Chemikals» филиалы «Астана-НАН» ЖШС кәсіпорынының жұмысымен танысты. Степногор қаласында өсімдіктерді қорғайтын химиялық құралдар шығаратын зауыт 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда гербицид, фунгицид, инсектицид сияқты химиялық заттар шығарылады. Кәсіпорын жылына жаңа технологияларды қолдану арқылы 6,5 мың тоннадан астам өсімдіктерді қорғайтын химиялық құралдар өндіреді.
Алдағы шілде айында Степногорда Күкірт қышқылы зауытының ашылуы жоспарланып отыр. Индустрияландыру картасына енген қайта қалпына келтіру жобасының жалпы құны 12 млрд. теңгеден асады, оның 8,8 млрд. теңгесін Еуразиялық даму банкі бөліп отыр. Кәсіпорын жылына 180 мың тоннаға дейін өнім шығаратын болады. Зауыт директоры Ерлан Мәмидің айтуынша, орындалған жұмыс көлемі бүгінде 90 пайызды құрайды. Қазір зауыт әкімшілігі қажетті мамандарды іріктеу жұмысын жүргізуде. Тұтастай алғанда кәсіпорында 140-тан астам адам еңбекпен қамтылады. Жаңа кәсіпорынға қаладағы кәсіптік-техникалық колледждердің түлектері де шақырылады.
Көлбай ЖЕҢІС
Астана