ҚЫТАЙмен сауда айналымы – 40 МЛРД. $
ҚЫТАЙмен сауда айналымы – 40 МЛРД. $
Бұл – кіндігі көмірсутегілерге байланып қалған қазақ экономикасын дамытуға сеп. Алайда, сарапшылар қауымы ауылы аралас, қойы қоралас жатқан алпауыт елдің аса белсенділігіне алаңдайды.
Қытайда IV Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) саммиті басталды. Саммитке Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Ауғанстан, Моңғолия, Ирак, Шри-Ланка, тағы басқа президенттермен бірге ҚР Президенті Н.Назарбаев та қатысты. Азиялық аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуді басты міндет санайтын бұл ұйымның басқосуына Жер шарының 40 елінен өкіл келді. Саммитке төрағалық еткен Түркия кеңес тізгінін Қытайға тапсырды.
Іргетасы 1992 жылы қаланған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің құрылуына Қазақ елінің басшысы ұйытқы болғаны белгілі. Осы уақыт аралығында АӨСШК Азиядағы қауіпсіздікке қатысты келіссөздер және шешім қабылдау мәртебесіне, сондай-ақ, БҰҰ Бас Ассамблеясында бақылаушы мәртебесіне ие болды.
АӨСШК саммиті басталардан бір күн бұрын Елбасы Қытай Халық Республикасының билік және бизнес өкілдерімен кездесіп, қытай қалталыларын Қазақстанға инвестиция құюға шақырды. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанға келетін қытай инвестицияларының жалпы көлемі 10 миллиард доллардан асады: «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ҚХР тарапынан қолдау табады. Жаңа жобалардың барлығы Қазақстан экономикасын нығайтуға, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға қызмет ететін болады» (Н.Назарбаев).
Шара барысында қытайлар Қазақ президентіне «Жібек жолы» әлемдік сыйлығын табыс етті. «Бейбітшілікті қамтамасыз ету мен оның гүлденуіне қосқан орасан зор үлесіңіз үшін «Жібек жолы» әлем сыйлығын табыс етеміз. Сіз – бұл сыйлықты алған тұңғыш адамсыз», – деп Назарбаевтың алдында ағынан жарылған қытайлар Елбасымен бірге ауылшаруашылығы, транзиттік-транспорттық, сауда-экономикалық, қаржылық-инвестициялық салаға қатысты екіжақты мәселелерді кеңінен талқыға салды. Әңгіме барысында Н.Назарбаев қазақ-қытай арасындағы екіжақты байланыста экономикалық бағытқа баса назар аудару және 2016 жылға қарай сауда айналымын 40 млрд. долларға жеткізу керектігін ескертті.
Кездесуден кейін Елбасы: «Қытай өз инвестициясы есебінен Таразда глифосат өндіретін жобаны жүзеге асыруымызға көмектеседі. Алматы облысында мұнай-газ құбырларын шығаратын зауыт құрылысы жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қостанай облысындағы Торғай көмір кеніші маңында жылу электр стансасын салу мәселесі мұқият пысықталды. Қарағандыда көмір өңдеу, одан газ, бензин, дизельді отын және карбамид өндіру жөніндегі инновациялық компания жұмыс істейтін болады. Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында жоспарланып отырған азот тыңайтқыштары өндірісі де ғылымды және мол капиталды қажетсінеді. Қытай Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта құруға қатысады. Бұдан бөлек, біз Қазақстаннан жеткізілетін мұнай мен газ көлемін ұлғайту жұмысын жүргіземіз», – деп мәлімдеді. Қазақстан Даму банкі мен Қытайдың Эксимбанкі арасындағы Меморандумға сәйкес, «ПетроҚазақстан ойл продактс» ЖШС Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын модернизациялау мен қайта құрылымдауға миллиард доллар қаржы бөлмек. Сонымен қатар Қазақстан Даму банкі мен қытайдың Мемлекеттік банкі арасындағы келісім бойынша отандық экономиканың шикізаттық емес бөлігіне тарту үшін 500 млн. доллар көлемінде несие алынады. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» АҚ мен қытайлық CNPC корпорациясы Алматы облысында 2014-2016 жылдар аралығында 150 млн. доллар көлеміндегі инвестицияға мұнай-газ құбырларын шығаратын зауыт салынады. Былтыр жыл соңында ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қытайдың Қазақстанның мұнай саласындағы үлесі 24 пайызға тең екенін айта келе, «алайда, қытайдың негізгі мұнай компаниялары Қызылорда, Атырау облыстарындағы кен орындарында жұмыс істеп жатыр және ол кеніштерде жылма-жыл мұнай өндіру төмендеп келеді. Сондықтан да, алдағы уақытта ҚХР үлесі 7-8 пайызға дейін кемуі мүмкін», – деген болатын. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанның мұнай саласына құйған инвестициясы бойынша АҚШ компаниялары алда: 25 пайыз. Алайда, отандық сарапшылардың кейбірі 24 пайыз деген ресми дерекпен келіспейді. Олар мұнай-газ саласына инвестиция құюға құлшынған Қытайдың тым белсенді болуына алаңдайды. Басты себеп, экономикалық экспансия.
Логистика саласына келсек, тараптар Тынық мұхитындағы Ляньюньган портынан Оңтүстік-Шығыс Азия, Австралия мен Канадаға жүк таситын логистикалық терминал ашпақ. Ляньюньган порты әлем бойынша 25 ірі порттардың бірі. Жүк тасымалдайтын аймақ 21,6 гектарға созылған. Аталған порттың бірінші кезеңіне қатысқан Елбасы: «Контейнерлерді Қытай мен Қазақстан арқылы Еуропаға жеткізуге мүмкіндік береді. Терминалдың бастапқы қуаты жылына 3 млн. тонна болып, болашақта екі есе ұлғайтылады. Осылайша, еліміздің транзиттік әлеуеті толық пайдаланылатын болады», – деді.
Қазақстан мен Қытай басшылары кездесуде 5 екіжақты келісімге қол қойды. Сонымен қатар авиация өнеркәсібі мен логистикасы саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Елбасы аталған корпорация Қазақстанда жұмыс істеуге қызығушылық білдіріп отырған ірі авиациялық кәсіпорындардың бірі екенін және оның келуі маңызды инвестициялық жобаға айналуы мүмкіндігін атап өтті: «Біздің ел жолаушыларға және ауыл шаруашылығына арналған шағын авиацияға мүдделі. Сіздердің бұл салада үлкен тәжірибелеріңіз бар, сондықтан біз өздеріңізді ынтымақтастыққа шақырамыз. Мұндай инвестицияларға біз инфрақұрылым жағынан көмек көрсетеміз, бизнесті алғашқы жылы салықтан босату арқылы ерекше преференциялар жасаймыз. Сонымен қатар, сіздер тиісті кәсіби кадрларды даярлайды деп үміт артамыз». Негізі Қытайдың «AVIC» авиациялық өнеркәсіп корпорациясы кең ауқымда авиациялық өнім өндірумен айналысады және әлемнің 30-дан астам еліне экспорттайды. Корпорация сондай-ақ «Boeing», «Airbus», «GE», «Rolls Royce» секілді әлемдік авиақұрастыру өндірісі көшбасшыларын авиациялық қосалқы бөлшектермен, двигательдермен және борт жабдықтарымен қамтамасыз етеді. Әлемдік деңгейдегі ірі корпорация құрылымына 200-ден астам түрлі кәсіпорындар мен ғылыми-техникалық мекемелер кіреді, ал қызметкерлерінің жалпы саны 500 мыңнан астам.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ