ТҰТЫНУШЫНЫҢ ДА ЕРКІ БАР

ТҰТЫНУШЫНЫҢ ДА ЕРКІ БАР

ТҰТЫНУШЫНЫҢ  ДА ЕРКІ БАР
ашық дереккөзі
728
Былтыр қараша айында Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғайтын арнайы агенттік құрылды. Ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, үш айдан бері білек сыбанып іске кіріскен агенттік сырттан келетін кейбір тағам түрлеріне шектеу қойып, олардың заң нормаларына сай келмейтінін жариялап үлгерді. Шындығында, тұтынушы ретінде біздің құқығымыз қаншалықты қорғалып жүр? Осы саланың жаңа басшысы тұтынушылар құқығын қорғаудың тың тұжырымдамасын дайындап жатқанын айтады.

«АТЫ БАР ДА, ЗАТЫ ЖОҚ ҰЙЫМДАР»

 

– Жаңадан құрылған мекеменің алдында тұрған міндеттер көп. Соның бірі, тұтынушылар құқығын қорғаудың жаңа тұжырымдамасын дайындау. Бұған дейін, 2010 жылы «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» ҚР заңы қабылданған еді. Жаңа заң жобасын жасаудың не қажеттілігі болды? Қазіргі қолданыстағы заңның не кемшілігі бар? – Өздеріңізге де белгілі, Елбасы өз жарлығында Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлы-эпидемиологиялық комитеті негізінде осы агенттікті құру жөнінде пәрмен берген болатын. Біздің агенттіктің жұмысы үш бағытта құрылған: біріншісі, республикадағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қадағалау жұмысы, екіншісі, техникалық регламенттерді қадағалау жұмысы, үшіншісі, тұтынушылардың құқығын қадағалау міндеті. Сіздің сұрағыңызға орай айтарым, бізде тұтынушылардың құқығын қорғау туралы қолданыстағы заң бар, онда тұтынушылардың барлық құқықтары, халықаралық нормалар түгел енгізілген, бірақ сол құқықтарды жүзеге асырудың механизмдері қарастырылмаған. Сондықтан ол заңның орындалуы ақсап тұр. Біз бұл заңды егжей-тегжейлі зерттедік, халықаралық нормаларды да қайта қарап шықтық, ақыры жаңа заң жобасының тұжырымдамасын жазу туралы шешімге бекініп отырмыз. Мысалы, онда қоғамдық ұйымдардың функция­лары анық жазылуы керек, қазіргі сәтте тұтынушылардың құқығын қорғау саласында тіркелген ұйымдардың үштен бірі жұмыс істемейді. Аты бар да, заты жоқ. Оларды қаржыландыру мәселесі анықталмаған. Жаңа тұжырымдамада мемлекеттік қолдаудың жолдарын көрсету керек. Әрине, тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі тек бізге қатысты емес, басқа да құзырлы мемлекеттік органдарға жүктелген. Олардың бәрін реттеп отыратын бірыңғай жүйе қалыптастырсақ па деген ойымыз бар. Мысалы, егер тұрғын үй саласындағы мәселелерді талқылайтын болсақ, бір жағынан мемлекеттік құзырлы органдар, екінші жағынан тұтынушылар құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар, үшінші жағынан, депутаттық корпус, басқа да қауымдастық өкілдерін шақырып, барлық мәселелерді ортаға салып, оларды шешу жолдарын талқылап, Үкіметке нақты ұсыныс беріп отыратындай Кеңес құрсақ дейміз. Өкінішке қарай, көп жағдайда шетін мәселелер айтылып, айтылған жерінде ескерусіз қалып жатады. Пәтер иелерінің кооперативтерін құру керек дедік, ал оны іс жүзінде құру үшін кондоминиумды тіркеу керек, оны тіркеу үшін ақша төлеу керек, жерді, үйді рәсімдеу үшін кем дегенде екі-үш миллион теңге керек. Ол ақшаны кім жинайды? Мысалы, ауылдық аймақтарда екі-үш миллион теңге деген көп ақша. Басқаша айтқанда, әу баста жақсы ниетпен ойластырылса да, нақты іс жүзіне келгенде оны орындау мүмкін болмай қалды. Қазіргі сәтте рес­публика бойынша ресми тіркелген, барлық құжаты рәсімделген КСК-лардың саны он пайыздан аспайды. Сондықтан қазіргі сәтте құрылыс компаниялары үйді салып болған соң, КСК-ның міндетін атқаратын жеке компания ашып қояды. Ол ЖШС болсын, басқа болсын, құрылтайшылары жеке болғандықтан, сол үйдің тұрғындары оның жұмысына араласа алмайды, үй маңындағы жерді жалға бергені үшін түскен қаражатты қайда жұмсап жатқанын қадағалай алмайды. Осындай түйткілді мәселелер көлік саласында да, туризм саласында да көп. Соның бәрін шешу үшін тұтынушыларды барлық салада қорғайтын, қолдайтын, іс жүзінде жұмыс істейтін жаңа заң жобасын жасасақ деп ойлап отырмыз. Елбасы жарлығына сәйкес, биыл сәуір айының басынан жыл соңына дейін шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланғанын білесіз. Санитарлық-эпидемиологиялық тексерудің екі бағыты бар. Бірі – санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды беру, екіншісі – жоспарлы тексеру. Мысалы, үй салған кезде біздің тарапымыздан төрт рет санитарлы-эпидемиологиялық қорытынды беріледі екен. Біз осы қорытындылар санын азайтып, оны бір-ақ рет беру жөнінде ұсыныс білдіріп отырмыз. Кәсіпкерлікке қатысты әкімшілік тексерістерді азайтудың бір жолы осы. Екіншіден, жоспарлы түрде тексеріс жасау да біздің міндетімізге кіреді. Қай кәсіпорында қай күні тексеріс жасалатыны жыл басында белгіленіп, алдын ала хабарланады. Айы, күніне дейін анық болған соң, ол тексерістің мәнісі жойылады. Біздіңше, жос­парлы тексерістен бас тарту керек. Тексеруге жататын коммерциялық не мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болсын, қай күні тексеріс болатыны анық болғаннан кейін, кейде дәл сол күні мекемесін жауып кетіп қалатындар да кездеседі. Жалпы алғанда, мұндай тексерістің орнына әр мекеменің ішкі бақылау функциясын күшейту керек. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды, техникалық қауіпсіздік мәселесін қадағалайтын арнайы маманды тағайындау керек. Сонда мемлекеттік органдар тарапынан тексеріс саны азаяды, оның үстіне арнайы маман сол мекемедегі қауіпсіздік мәселесіне жауап береді. Егер Астанадағы №3 мектептегідей оқиға қайталанатын болса немесе Қостанайдағы суши-бардағыдай тұтынушылардың улану жағдайы болса, сол оқиғадан кейін жасалған зерттеудің нәтижесінде санитарлы-эпидемиологиялық талаптардың сақталмағаны анықталса, арнайы маман оған заң жүзінде жауап береді. Ал мекеме айыппұл мен өтемақы төлейді. Бұл механизм жоспарлы түрде тексерістен әлдеқайда тиімді болар еді. Оған қоса, біз сақтандыру жүйесін енгізуді көздеп отырмыз. Шағын және орта кәсіп иесі өз кәсіпорнындағы санитарлы-эпидемиологиялық шарттарды орындаған жағдайда, ол сақтандыру компаниясымен келісім-шарт жасай алады. Егер тұтынушы әлдеқандай жағдайлармен шағымданып, оның құқығы аяқ асты болса, сақтандыру компания­сы соған сәйкес барлық шығындарды өтейді. Бұл ұсыныстарды, Үкімет тарапынан қолдау тауып жатса, жаңа заңға енгізуді жоспарлап отырмыз. – Заң жобасын дайындау жұмысы қашан басталады? – Біз Үкіметке жаңа заң жобасының тұжырымдамасын дайындау туралы ұсыныс береміз, егер ұсынысымыз қабылданса, бірден жұмысқа кірісеміз. Алдағы қыркүйек айына дейін тұжырымдаманы аяқтасақ, биылғы жылдың соңына дейін жаңа заң жобасын Үкіметке енгізуді жоспарлап отырмыз.

«АЛТЫН КӨПІР» ОСАЛДЫҚ ТАНЫТЫП ТҰР»

 

– Осы саланың басшысы ретінде республикадағы тұтынушылар құқығын қорғау ісінің деңгейі туралы не айта аласыз? Өзіңіз айтып өттіңіз ғой, тұтынушылардың құқығын қорғауға арналған 172 қоғамдық бірлестік құрылса, оның 51-і ғана жұмыс істеп жатыр екен. Осы деректің өзі бұл салада жағдайдың онша емес екенінен хабар беріп тұрғандай. Дегенмен, жаңа агенттік құрылғаннан кейін жағдай қалай өзгереді? – Мемлекеттік орган ретінде әрбір тұтынушының құқығын қорғауға тікелей араласу біздің құзырымызға кірмейді. Бұл мүмкін де емес. Сондықтан мемлекет өз тарапынан осы салаға мемлекеттік тапсырыс беру арқылы, басқа да заңды қаржы көздері арқылы қоғамдық ұйымдарды белсенді түрде жұмыс істеуге ынталандыруы керек. Шындығын айтқанда, мемлекет пен халықтың арасында тұтынушылардың құқығын жүзеге асыратын «алтын көпір» – осы қоғамдық ұйымдар. Біз қоғамдық ұйымдарды неғұрлым көбірек қолдасақ, олардың белсенділігін неғұрлым арттыратын болсақ, қоғамда тұтынушылардың құқығы соғұрлым жақсы қорғалып, заң аясында жүзеге асады. Қазіргі сәтте осы көпірдің жоқтығынан, бар болса да оның осалдығынан екі ортадағы байланыс дұрыс орнамай келеді. – Сонда бізде тіркелген қоғамдық ұйымдардың жартысынан көбі жұмыс істемей жатса, бұл еліміздегі тұтынушылардың құқығы дұрыс қорғалмай жатыр деген сөз бе? – Бұл салада бірқатар зерттеулер жүргізіп, сараптама жасадық. Осы зерттеулерге сәйкес, біздің тұтынушылардың құқығы аяқасты болған жағдайлардың 90 пайызында егер ол сатып алған затын қайтадан барып сауда орнына апаратын болса, оны басқасына ауыс­тырып береді. Себебі, сауданың өз ережесі бар. Шындығында, тұтынушылардың құқығы қорғалмай жатқан сала – сауда-саттық орындары емес, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы. Тұтынушылар қызмет ақысын «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, бұл жерде бір-екі адамның наразылығы ештеңе шешпеуі мүмкін, бірақ қоғамдық ұйымдар осы мәселеге араласуы керек. Сондықтан оны шешу үшін қоғамдық ұйымдарды белсенді жұмыс істеуге ынталандырып, оларды қаржыландыру тетіктерін іске қосу керек. Әрине, ауызды қу шөппен сүртіп, қоғамдық ұйымдар тарапынан тұтынушылар құқығы қорғалмай жатыр дей алмаймыз, өйткені тұтынушылардың өздері алған заттарынан ақау шығып жатса, оны ауыстыруға не қайтарып беруге мүдделі. Екінші мәселе, азық-түлік саласында тағамның адам денсаулығына қауіпсіздігін және оның сапасын қамтамасыз ету мәселесі. Егер тұтынушы алған тағамының сапасына күмәнданатын болса, оны тексеріп, оның құрамын анықтау құқығы, басқаша айтқанда ақпарат алу құқығы бар. мемлекет осыған жағдай жасау керек. Ал саудаға шығарылған тауардың сыртындағы қағазда немесе оны жарнамалайтын қағаздарда оны тек мақтайды, кемшілігі айтылмайды. Тұтынушыларға нақты да шынайы ақпарат беру үшін біз арнайы интернет-портал ашуды ойластырып отырмыз. Мысалы, кез келген жаңа өнімді сатып алған тұтынушы алған тауарын, аты-жөнін сайтта жазып, оны қай жерде, қандай компания өндіргені, Қазақстанға қандай компанияның тасымалдағанын, бұл жерде оның сапасы үшін кімнің жауапты екені, арыз-шағымдарды кімге хабарлауға болатынын, оның байланыс деректерін біле алады, одан соң ол тауардың сыртқы көрінісі, түрлі-түсті суреті, оның құрамы, яғни тауар мемлекеттік тіркеуден өткен кездегі барлық дерек осы порталдан табылуы тиіс. Біздің мақсатымыз – келешекте тұтынушы «Қашан мемлекет менің құқығымды қорғайды екен?» деп қол қусырып отырмай, өзінің білім-тәжірибесін арттырып, талап ете білуі керек. Яғни, біз миллиондаған тұтынушыларға өз құқықтарын қорғау амалдарын үйретсек, өнім өндіруші компаниялар да тұтынушылардың талап-тілектеріне сай сапалы тауар шығаруға әдеттенеді. Нарық жағдайындағы бәсекелестік тұтынушының талабымен санасуға мәжбүрлейді. – Жергілікті халықтың менталитетіне де көп нәрсе байланысты ғой. Мысалы, Еуропа елдеріндегі тұтынушылардың құқығының қорғалу деңгейі де басқаша. – Ол рас. Тұтынушы құқығының қорғалуы көбіне оның біліміне байланысты. Сатып алатын тауарының қасиетін білмесе, сапасын ажырата алмаса, ондай тұтынушы алданып та қалуы мүмкін. Сондықтан тұтынушының құқықтық білімін көтеруіміз керек. – Қалай? – Осы тұрғыда бірнеше ұсынысымыз бар. Біріншіден, орта білім беру жүйесінде факультативті сабақтар жүргізу. Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі тұтынушы. Ендеше, оларға ерте бастан өз құқықтарын үйретуіміз керек. Халықаралық ұйымдар тарапынан бекітілген сегіз құқық пен жеті қағида бар, жас ұрпақ осыларды біліп өсуі тиіс. Бұдан басқа сауда жасаудың ережелері, келісім-шарттың өзегі не, тауар таңдауда не нәрсеге сүйену керек деген мәселелерді де айтуға тиіспіз. Мұны мектепте айтпасақ, оны үйретіп жатқан ата-ана да жоқ, басқа да қоғамдық ұйымдар жоқ, әркім өз біліміне сәйкес тірлік етіп жатыр. Ал біз осы салада белгілі бір жүйе құру арқылы жастайынан өз құқығын жақсы білетін, өз мүддесін қорғай алатын азаматтар тәрбиелесек пе дейміз. Мектептен басталған тәрбие жоғарғы оқу орнында жалғасуы тиіс. Үшінші жол – ғаламтор арқылы қажетті ақпарат беру. Қазіргі кезде әлеуметтік желілер дамыған заман, ендеше тұтынушылардың білімін арттыруға әлеуметтік желілерді неге пайдаланбасқа? Мамандар мен ғалымдар осы желілер арқылы халықпен ақпарат алмасып отырады. Бұл бір күнде атқарылатын шаруа емес. Оның нәтижесі бірер жылдан кейін ғана көрінуі мүмкін. Тұтынушыға ұсынылатын тауарға деген талапты күшейтсек, нарықтағы сатылатын тауарлардың да, атқарылып жатқан қызметтердің сапасы да бірден артады. – Тұтынушылардың сұранысы мен білімі өсті, олардың талабы артты делік. Енді олардың арыз-шағымы жинақталатын жүйе не әлдебір орта болуы керек қой? Осы жерде есіме түсіп отыр, бұрын әр мекемеде «Арыз-шағым кітабы» болушы еді… – Нарық заманында арыз-шағым айтатын орта – ғаламтор, әлеуметтік желілер болуы тиіс деп ойлаймын. Егер жекелеген компаниялардың сайттарын алатын болсақ, олар өз тауарлары мен қызметтерін мақтайтын материалдарды ғана жариялауға тырысады. Сондықтан барлық тұтынушылардың арыз-шағымын ашық жариялайтын, оларды жинақтап, сұрыптап, талдау жасайтын арнайы портал болуы керек. Біздің тұжырымдамамызда бұл мәселе қарастырылған. Жаңа айтқан интернет-порталда тұтынушы сатып алған тауарының маркасын, сапасын тексеріп, оған байланысты өз пікірін қалдыра алады, басқа да мәселелер бойынша өз сұрағына жауап алады. Ал сайт қолданушылардың пікірлерін жинақтай отырып, біз қоғамда қандай проблемалардың ушығып тұрғанын анықтаймыз. Сол мәселелерді арнайы Кеңестің талқылауына салып, оны шешудің жолдарын қарастырамыз. Бұл жерде өз бәсекелестерін аяқтан шалу үшін әдейі арандатушылық мақсатта теріс пікір жазушылар болуы да мүмкін. Осыны да есте ұстау керек. Оның үстіне, мемлекет тарапынан қоғамдық ұйымдарға көңіл бөлініп, қолдау блідіріп жатқан тұста олардың да адал жұмыс істеуін қадағалау қажеттігі туады. Өйткені олар кейбір алпауыт компаниялардың қолжаулығына айналмай, кәсіпкерлерге де, тұтынушыларға да бірдей объективті қарап жұмыс істеуі тиіс. – Тұтынушылар құқығын қорғау үшін құрылған қоғамдық ұйымдардың қаржыландыру көздерін қарастыру керек дедіңіз. Қазір олар қалай күн көріп жүр? Мемлекет тарапынан қолдауды ұйымдастыруды тетіктері қандай болмақ? – Қазір тұтынушылардың құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар әр түрлі жолдармен қаражат табуға бейімделген. Кейбірі әлдебір кәсіпорындардың қолдауы арқасында жұмыс істеп жатыр. Кейбірі түрлі қауымдастықтар тарпынан қаржыландырылады. Бірақ бұл түбірімен теріс нәрсе. Себебі тұтынушылардың құқығын қорғау үшін құрылған қоғамдық ұйым кәсіпкерлерге қарап алақан жаймауы керек. Кімнің қаражатын алса, соның мүддесіне жұмыс істеуге тиіс болады емес пе? Шындығында, мұндай қоғамдық ұйымдар ешқандай саяси партиялық құрылымға атсалыспауы керек, ешқандай бизнес-қауымдастыққа мүше болмауы тиіс, кәсіпкерлерден ақша алмауы керек. Олардың жұмысы – тұтынушылардың құқығын қорғау. Олар ешкімге тәуелді болмауы үшін мемлекеттік қолдау ауадай қажет. Оның бір жолы мемлекеттік тапсырыс беру болса, екінші жолы – бұрынғы заңда қарастырылған жайт – белгілі бір компанияны сотта жеңіп, құқығы қорғалған тұтынушының өтемақысынан белгілі деңгейде пайыздық ақы алу. Бұл норманы жаңа заңға енгіземіз бе, жоқ па деген мәселе әлі даулы. Бұрынғы нормаға сәйкес, айыппұл салынған компания төлеген қаражаттың 30 пайызы қоғамдық ұйым есебіне, ал 70 пайызы мемлекет есебіне жазылатын еді. Бірақ тұтынушының құқығы тапталған жағдайда барлық кезде мәселені сотқа жеткізу мақсат емес қой. Бәлкім, қоғамдық ұйымдарды тұтынушының мүддесін сотқа жеткізбей-ақ қорғап, екі арада бітімгершілік миссиясын атқаруға міндеттеу керек шығар? Біз халықаралық тәжірибені де зерттеп, ескеріп отырмыз. Мысалы, Германияны алатын болсақ, онда мұндай қоғамдық ұйымдарды қорғаудың үш жолы қарастырылған: біріншісі, мемлекеттік тапсырыс. Екіншісі, олар сотта жеңген компаниялардың айыппұлынан белгілі бір пайыз алады. Үшіншісі, қоғамдық ұйымдар тұтынушыларға арналған газет-журналдар шығарады, сайт жұмыстарын жүргізеді, қызмет көрсетеді. Бұл басылымдарда жаңа шыққан әр тауардың сапасы, құрамы, оның адам ағзасына зияны немесе пайдасы егжей-тегжейлі жазылады. Лабораториялық зерттеулердің нәтижесінде жаңа шыққан тағам құрамында қандай компоненттерің бар екені, мысалы бензонат натрий болса, оның адам ағзасына қандай зияны бар екені ашық баяндалады. Тағамдық бояулардың қандай түрлері қосылғаны, олардың қаншалықты зиянды екені сипатталады. Халыққа қажетті ақпаратты дер кезінде ашық, еш бүркемесіз беріп отыру деген осы. Бір ғажабы, мұндай газет-журналдарға сұраныс күшті, апта сайын шығатын әр санын асыға күтіп отырады, таласа-тармаса сатып алып, оқиды. Олар жарнаманың емес, тұтынушылардың ақшасына күн көреді әрі олардың мүддесіне жұмыс істейді. Осындай жобаларды бізде де жүзеге асыруға болады ғой. Біздің мақсатымыз – осындай жұмыс атқаратын тетіктерді заң жүзінде бекіту. Нарықта жүз мыңдаған тауар бар, күн сайын қанша жаңа өнім шығып жатыр, олардың бәрін тексеріп шығуға мемлекеттік органнның қауқары жетпейді. Ендеше, біз осы мәселелерді қадағалайтын мемлекетік жүйе қалыптастыруымыз керек. Ең әуелі, тұтынушылардың білімін өсіру, одан соң олардың талап ету мүмкіндіктерін арттыру, содан кейін оларға қажетті ақпаратты дер кезінде беріп отыру. Мысалы, пастерленген сүт пен стерильді сүттің айырмасын білетін тұтынушылар сирек. Қайсысы қалай дайындалады? Қалай сақталады, пакеттерге қалай құйылады? Адам денсаулығына қайсысы қаншалықта пайдалы, қаншалықты зиянды? Осының бәрін әр тұтынушы білетін болса, ол саналы түрде сау­да жасайды. Бағасы қымбат болса да табиғи өнімді сатып ала ма, әлде бағасы арзандау, бірақ түрлі қоспадан жасалған тағам түрін ала ма – оны тұтынушының өзі шешуі керек. Ашық та анық ақпарат алған тұтынушыда таңдау еркі болады.

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖАЗЫЛУЫ – ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ»

 

– Кеден одағына мүше болғалы сырттан тасымалданатын тауарларды енгізудің техникалық регламенттері реттеліп жатыр ғой. Бірақ олардың сапасын қадағалау мәселесі қалай жүзеге асуда? – Осы агенттік құрылғалы бері біз Ресейден және Белоруссиядан келіп жатқан тауық етінің сатылуына, кейбір сүт өнімдерінің таралуына шектеу қойдық. Оған қоса, кейбір алкогольді өнімдерге де шектеу жарияланды. Бұл шектеулер тағамның сапасына да, кейде тауардың сыртқы орамындағы жазуларға да байланысты. Техникалық регламент деген үш бағыттан тұрады: сапасы, қауіпсіздігі және тұтынушылар құқығының қорғалуы. Мысалы, дүкенде сатылатын тағамның ішкі құрамы сыртындағы жазуға толықтай сәйкес келуі тиіс. Техникалық регламентке сәйкес, егер қорапқа құйылған жеміс шырыны емес, қоспа болса, оның сыртына «шырын» деп жазып қоюға тыйым салынған. Мысалы, алкогольді өнімдердің сыртқы орамындағы жазу шет тілдерінде. Оның нұсқаулығы мемлекеттік тілде және орыс тілінде үлкен әріптермен сауатты жазылуы тиіс. – Басқаша айтқанда, сырттан тасымалданатын тауарлардың нұсқаулығы мемлекеттік тілде дұрыс жазылмаса, жергілікті тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында ол тауардың осы мемлекет аумағында таралуына шектеу қоя аламыз ғой. – Әлбетте. Қазақша жазылған күннің өзінде оны алақандай қағазға майда әріптермен жазып, тауардың бір бұрышына жапсырып қоя салады. Заңды осымен орындадық, осымен бітті дегендей. Ол жазуды арнайы лупа болмаса, тұтынушы оқи алмайды, яғни өзіне керекті ақпаратты ала алмайды деген сөз. Ал шындығында, тұтынушы қалтасынан ақшасын шығарып, тауар сатып алды ма, ол не алып жатқанын білуі керек, ал мемлекет өз тарапынан әр тауарға оның сипаттамасын, нұсқаулығының анық та түсінікті жазылуын қадағалап отыруы тиіс. – Яғни, тауардың нұсқаулық қағазының мемлекеттік тілде жазылмауы да тұтынушылардың құқығының тапталуы болып саналады. Бірақ өкінішке қарай, шетелден экспортталатын тауарларға мұндай талаптарды қоя алмай келе жатқанымыз да шындық. – Біз заңға сәйкес осы норманы талап етіп отырмыз. 1997 жылы қабылданған «Тілдер туралы» заңға сәйкес әр тауардың сипаты мемлекеттік тілде жазылуы керек. Одан кейін 2004 жылы қабылданған заңдарда да осы норма айтылған. Бірақ бұл норма көбіне сақталмай келді. Ендеше, біз өз тұтынушыларымыздың құқығының сақталуын ішкі нарықта өзіміз қадағаламасақ, ешкім да оны сақтамайды. Импортерлерді осыған үйретуіміз керек.

«ХАЛАЛ» ЖОЙЫЛУЫ МҮМКІН»

 

– Соңғы жылдары елде «Халал» деген жаңа стандарт пайда болды. «Мата атымен бөз өтеді» демекші, «халал» атымен ет, сүт өнімдері сатылып, түрлі қызмет көрсетіліп, ол сауданың көрігін қыздыратын тетікке айналды. Шын мәнінде, осы стандартты заң жүзінде бекітудің жолы бар ма? – Қазақстан заңдарында «халал» деген стандарт та, ұғым да жоқ. Дін саласындағы қоғамдық ұйым өзі ережесін жасап, өзі бекітіп, соған сәйкес өндіруші компанияларға сертификат беріп отыр. Сөздің анығына келгенде, бұл сертификаттар ақшаға сатылады. Мемлекеттік көзқараспен алғанда, бұл мүлде дұрыс емес. Өйткені заңда «халал» деген ұғым болмағаннан кейін оған сәйкес стандарт та жоқ деген сөз. Сондықтан осы мәселеге орай біз Бас прокуратураға сауал жібердік. Егер «халал» деген стандарт заңға қайшы деп табылса, онда біз оған шектеу қоюға мәжбүр боламыз. – Сонда жақын арада Қазақстанда «Халал» стандарты жойылуы мүмкін деген сөз бе? Көптеген мұсылман елдерінде мұндай стандарт бар. Бұл да жергілікті тұтынушылардың құқығы емес пе? – Сіз «Халал» деген жазуы бар тағамды алған күннің өзінде оның ешқандай қоспасыз табиғи өнім екеніне толық сенімдісіз бе? Егер оған сәйкес келмейтіні анықталса, сіз өз құқығыңызды қорғау үшін қайда барып шағымданасыз? Сотқа бара алмайсыз, өйткені Қазақстан заңдарында «халал» деген норма жоқ. Сондықтан ол өнімді шығарған кәсіпорынға ешқандай шара қолдана алмаймыз. Біз халықаралық тәжірибеге сәйкес талаптарды қарап шықтық, онда тағамның құрамында ешқандай қоспа, бояу т.с.с. заттар болмауы керек делінген. Шындығына келгенде, осы талаптарға сай тағам шығару сапасын тексеруге жаңағы сертификат беруші мекеменің ешқандай құқығы жоқ. Оларда тіпті арнайы зерттеу жасайтын лаборатория да жоқ. Оның құрамын жіктеп, анықтау үшін ДНК құрылымын тексеру керек. Ондай тексеріс жасайтын құрылғыларға миллиондаған қаражат керек, мұндай тексеру жұмысын жүргізетін арнайы білікті маман керек. Мұндай мүмкіндік те, қаражат та мемлекетте ғана бар. Ал егер заңда «Халал» деген ұғым болмаса, ондай стандарт та болмауы тиіс. Заңға енгізілген жағдайда бұл стандартты бекітетін, оның сақталуын қадағалайтын арнайы мекеменің лабораториясы, мамандары болуы керек. Ал қазір сертификат беріп жатқан мекеменің кәсіпорындарды тексеруге құқығы да жоқ, қауқары да жоқ. – Ал болашақта «Халал» стандарты заң жүзінде бекітілуі мүмкін бе? – Қазіргі кезде біз Бас прокуратураның жауабын күтеміз. Соған сай әрекет етеміз. Егер заң жүзінде бекітілетін болса, онда техникалық регламент талаптарына енгізілуі керек. Оның үстіне, мұндай стандарт қабылданған күннің өзінде ол Кеден одағы аясында қабылдана ма, әлде тек өзіміздің ішкі нарығымызда сақталатын норма бола ма – осы арасын анықтап алу керек. Болашақта ДСҰ-на мүше болған кезде бұл стандарт жергілікті тауар өндірушілерге аяққа оралғы болмай ма – осы жағын да ескеру қажет. Егер біз тұтынушылардың құқығының толық сақталуын қамтамасыз ете алсақ, онда тағамның құрамы анық та ашық жариялануын талап ете аламыз. Яғни, оның құрамында не бар, доңыз еті бар ма, оның майы бар ма, басқа да қоспалар бар ма, бояғыштар бар ма – осының бәрі түгел жазылуы керек. Кез келген тағам түрі шекара асып келгенде, оның құрамы тексеріліп, соған сәйкес арнайы сертификат беріледі, біз осы сертификаттың дұрыс, шынайы берілуін қамтамасыз етуіміз керек, ол жерде отырған мамандардың кәсіби де білікті болуын қадағалауымыз керек. – Тағамға байланысты әңгімені одан әрі жалғастырсақ, онда ГМО (гендік тұрғыдан өзгеріске ұшыраған) өнімдерін қадағалауға заңдық тетік бар ма? Бұл қазір дүниежүзі елдерін алаңдатып отырған жағдай, шын мәнінде оның ғылыми сараптамасы анық емес. Ал Қазақстанда ГМО тағамдарын сатуға қатысты қандай заң нормалары бар? – ГМО – гендік модификацияға ұшыраған тағамдық қоспалар. Олардың бәрі заңдық тұрғыда тіркелуі тиіс. ГМО-ға қатысты қабылданған ортақ пікір-тұжырым жоқ. Кей ғалымдар әлемдегі азық-түлік тапшылығының салдарынан гендік зерттеулер жүргізілуін қолдайды. Мысалы, гендік тұрғыда өзгеріске ұшыраған қызанақ суыққа шалдықпайды, түр-түсін ұзақ уақыт сақтайды, тез піседі, көп өнім береді т.б. жетістіктері бар. Екінші жағынан, кей ғалымдар ГМО-ның адам ағзасына қаншалықты зиянды әлде залалсыз екені әлі толық зерттеліп болған жоқ, яғни оны қолдануда сақ болған жөн дейді. Қазақстандық ғалымдар арасында да осы екі пікірді қолдаушылар табылады. Сондықтан бұл жергілікті деңгейде емес, ғаламдық тұрғыда халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда шешілетін мәселе. Еуропада ГМО-ға қатысты кейбір шектеулер бар екенін білеміз. Дегенмен, бізге әлі мұндай өнімдер жаппай сатуға келген жоқ. – Бірақ оларды сатуға еш кедергі жоқ қой? – ГМО-ға байланысты қабылданған арнайы нормалар бар, сол өлшемнен алшақтамаса, еш кедергі жоқ. Егер ГМО қолданылған болса, ол тағамның сыртына анық жазылуы керек.

«СЕКСЕН ЖЫЛҒЫ ДЕРЕК БАР»

 

– Қазақстан жерінің 40 пайызы оба ауруының ошағы екен. Басқа да инфекциялық аурулардың ошақтары көп деп естиміз. Қазіргі таңда елдегі эпидемиологиялық ахуал қандай? – Біздің елімізде 46 аса қауіпті инфекциялық ауру түрлері бақылауға алынған. Оларға байланысты жағдайдың ушықпауын қадағалау біздің міндетіміз. Қазіргі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Аса қауіпті ауруларға қатысты көрсеткіштердің азая бастағаны байқалады. Қазақстанда 1790 шамасында күйдіргі (Сібір жарасы) ауруының ошағы, көмінділер бар екен. Олардың бәрі паспортталған, арнайы санитарлық аймағы анықталған, ондай жерлерде құрылыс жүргізуге, мал жаюға ты­йым салынған. Мұндай ошақтарды біз ұдайы қадағалап отырамыз. Жүз жылға дейін бұл жерлерді ашуға болмайды. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі – оба. Қазақстанда обаға қарсы тоғыз станция жұмыс істейді, олардың дені оңтүстік облыстарда. Одан соң біздің айрықша бақылауымызда тұрған ауру – кенеден тарайтын конго-қырым инфекциясы. Бұрын бұл аурудың қаупі Қызылорда облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысында ғана болатын, қазір оның таралу аумағы кеңейіп барады. Оның себебі әлемдегі климаттың өзгеруінде, шөлейт жерлер ауқымы кеңейіп, жұқпалы аурулар түрі көбейіп келеді. Осыған орай қолда бар деректерді топтастырып, арнайы карта жасау ойымызда бар. Қолымызда 1935 жылдан бергі сексен жылғы деректер бар. Осы мәліметтердің бәрін сандық форматқа түсіріп, күнделікті өзгерістермен толықтырып, алдағы бес-он жылға болжам жасап отырамыз. Басқаша айтқанда, болашақтағы эпидемиологиялық апаттардың алдын алуға болады.

Сұхбаттасқан Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары