250
«ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНА СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН...»
«ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНА СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН...»
Беу, дүние-ай, десеңізші…
Әмірхан аға Балқыбек туралы естелік жазамыз деген ой үш ұйықтасақ,
түсімізге кірді ме екен?! Күні кеше ғана өзінің әдемі жымиысымен,
жайдары бейнесімен жарқырап жүретін қайран ағаны бүгін жоқтаймыз деп кім
ойлаған?! Әмірхан ағаны әдебиеттегі барша достары, қаламдастары,
іні-қарындастары ерекше қадір тұтты! Ақын Әмірханды көпшіл еткен оның
қарапайым болмысы болса керек. Ағаның оқығаны, көңілге тоқығаны көп еді.
Оқығанын айтып, көңілге тоқығанын жеткізіп үлгере алмады. Ол да
тағдырдың жазуы. Ол оқыған кітаптардың тең жарымын біз оқыдық па,
оқымадық па, білмеймін, бастысы, Әмірхан аға жеткен биікке ешқайсымыздың
жете алмағанымыз. Әттеген-ай, дейсің осындайда. Осыншама ұшан-теңіз
білім иесінің білімін, білікті ойларын неге пайдалана алмадық?! Тым
құрыса, сол телегей теңізден қанып іше алдық па?! Әй, қайдам… Біз
неге өткеннен кейін өкінеміз? Біздің үнемі «мезгілімізден кеш
сермейтініміз» жаман…
Сөз басы
Қолымда Әмірхан ағаның «Қасқыр құдай болған кезі». Парақтап отырып, ағаны еске алам. Қайран, Әмірхан ағам-ау, біздер – журналистиканың бүгінгі көшінде жүрген іні-қарындастарыңыз сіз үшін не істей алдық деймін іштей өкіне. Тым құрыса, көзіңіздің тірісінде сіздің қадіріңізге жете алмағанымыз жүрегімізді өртейді. Мынау өзіңіз жазған дүниелерден үзінді. Өзіңізден қалған мұраны оқырманға насихаттау ендігі біздің парызымыз болсын…
Қасқыр құдай болған кез
Тілім бертінге дейін, жасым төрт-беске келгенше шықпай жүріпті. Секпіл бет немересіне пейілі ынты-шынтысымен құлаған қасиетіңнен айналайын сары атам сонда ырымдап, итаяқтан су ішкізген көрінеді. Балалық шақтың осы бір әсерлі сәті кейін өлеңге айналған: Жұтаңдаумын, демен бірақ жарлымын, Баба ырымы, әлегі емес жарғының. Қызыл тілді сөзге иілту үшін де, Итаяқтан суды да ішкен бар күнім. Итаяқтан суды да ішкем, сөкпегін, Айыптарға өзге күнәм көп менің. Ырзығымды табам қазір еңбекпен, Тілді бірақ иемдендім теп-тегін. Итаяқтан суды да ішкен бар шағым, Кез емес-ті ол көңіл күпті, арса мұң. Сен шаршадың сәнді қуып, мен байғұс, Баба-ырымға баға таппай шаршадым. Итаяқтан суды да ішкем, бабаның ырымына мінезі жат қаланың көшесінде көп-көрікті қызбен де, Қызып кетсем ырылдасып қаламын. Осы болды-ау замананың өлеңі, Көп болған соң көр сезімі, көбеңі. Исі тілге илікпеген жандарға, Итаяқпен тамақ бергім келеді, Құдай сақтасын. Жырлауға өзге тақырып таппағандай, ақынның балалық шағында итаяқтан су ішкендігін өлең қылып жатуы бүгінгі күн ойсарасымен қарағанда күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ жан-дүниесі, жүріс-тұрысы ырым мен нанымнан тұратын бағзы көшпелі үшін бұл ешқандай да бүйректен сирақ шығарар оғаш қылық емес-ті. Маған, бүгінгі қалалыққа, тіл қадірі, сөз киесіне жарық дүниеде дәл көшпелі түркілердей жауапкершілікпен қараған халық арғы-бергі тарихта болмағандай сезіледі. Жауымен бетпе-бет шайқастарға, қаһарлы ырылға тілі келген жан, санасы ояу болса, оңаша отырып сөз қадірін де, таным бастауында жатқан таңба төркінін де зерделеп түсіне алмақ. ХХ ғасырдың екінші жартысында сүйікті немересіне ырымдап итаяқтан су ішкізген сары шал осыдан үш жарым мың жылдай уақыт бұрын пайда болған көшпелілер дүниетанымының жазылмаған, қағаз бетіне түспеген қағидасы бойынша әрекет жасап жатқандығын түйсінді ме екен? Қайдам. Бірақ шал әрекетінің астарында кім-көрінгенге сырын алдыра бермейтін құпия далалық даналықтың ұшқыны жатқандығына ешкім де күмәндана алмайды. Біздің міндет, міне, осы, ұрпақтар санасында сәулесінің өзі емес, көлеңкесі ғана анда-санда елес беріп өтетіндей дәрежеге дейін құлдыраған сол бағзы да жаңа текті далалық даналықтың қайсыбір тұстарын қайта қалпына келтіруге әрекет жасауға талпынып көру болмақ.
Құдай мен қасқыр ұштасқан сәт
…Түйсік алдамапты. Христиандар «Тәурат» арқылы жебірейлерден алған иудаизм құдайының да бастапқы аты «Яу» немесе «Ау» болып шықты. Атақты «Кітапхананың» авторы, тарихшы Диодор Мұса ғалайссаламның Синай тауында негізгі он қағиданы Яо немесе Яу (Яхья немесе Яхве сөздерінің түбірі) есімді құдайдан алғандығын жазады (Иммануил Великовский, «Столкновение миров», Ростов-на Дону, «Феникс» баспасы, 113-бет). Байқайсыз ба, түркілік қасқыр тотемі иудей бауырларда жалғыз Құдай дәрежесіне көтеріліп кеткен. Осы жерде Тәңірісін танымай қалып, түркілер қателесті ме, әлде қасқырды Құдай қылып жіберіп жебірей ағайындар алжасты ма деген сауал өзінен-өзі туындайды. Әрине, бұл, бар болғаны, ой ойыны ғана, мұндай қатерлі сұрақтың туындауы да, болуы да мүмкін емес. Бәріне тосқауыл білмес адам қиялы ғана кінәлі еді. Түркілер Тәңірісін танымай қалған жоқ, оның мейірім-шапағатының көрінісі ретінде небары қасқыр туралы мифті ойлап шығарумен ғана шектелді. Ал жебірей халқы болса өзінің жалғыз Құдайға деген ынтызарлығын байқатып алған болатын. Нәтижесінде бастапқы дыбысталуындағы Ау, кейінгі нұсқаларындағы Яхве құдай дүниеге келді. Ал аты он түрлі, мейлі, жүз түрлі болсын, жалғыз Құдайдың аты Ау-Яу немесе Яхведен бұрын Тәңірі болғандығын зердемізден шығарып алмасақ болғаны.
Атлантида түркілер мекені болған ба?
Көне Грекияның көрнекті мемлекет қайраткері әрі заң реформаторы, Элладаның әйгілі жеті данышпанның бірі Солон (б.д.д.638-559 ж.ж.) Мысырға жасаған саяхаты кезінде жергілікті абыздардың бірінен бағзы уақытта өз төңірегіне үстемдік етуде Афинымен бәсекелес болған арал-мемлекет Атлантида туралы әңгіме естиді. Абыз күнәға батқан тұрғындары Тәңірінің қаһарына ұшырап, Атлантиданың дүркін-дүркін қайталанған сұрапыл зілзаладан су түбіне шөгіп кеткендігін баяндайды. Еліне оралған Солон осы естігендерін өлең етіп жырламақ болған. Кім біледі, Атлантида жайлы әңгіме сол Солонмен бірге мәңгілікке ұмтылып кетер ме еді, егер оның Платон (б.д.д. 428-348 жж.) деген білімдар ұрпағы болмағанда. Платон өзінің «Тимей» және «Критерий» атты пәлсафалық еңбектерінде Солоннан бабалары естіп, одан өзіне жеткен әңгіме ретінде осы жайттарға кеңінен тоқталады. Бір қарағанда Платон әңгімесінің қиялдан шығарылғандай көрінетіні бар. Бірақ өзі ақындарды қияли деп сынап-мінеуге құмар Платонның аңыздан гөрі нақты деректерге ыждахат қоятын ғалым екендігін ескерсек, әңгіме негізінде ақиқат жатқандығы да байқалады. Бірақ, қандай ақиқат? Амал қанша, адамзат баласы екі жарым мың жылдан бері бұл сауалға нақты жауап таба алмай келеді. Есесіне болжам-жорамалдар шаш етектен. Бірі Атлантиданы Атлант мұхитының табанынан іздеуді ұсынса, келесісі оны алыстағы Американың бағзы өркениеттерінің бірі санайды. Ішінара белгісіз арал-мемлекетті әйгілі Бермуд ұштағанымен байланыстыратындар да ұшырасады. Ең көнекөз кітаптардың бірі саналатын «Тәуратта» осы бір мемлекет-арал туралы ешқандай тұспал-дерек кездеспейтіндігі де кезінде бұл бағыттағы ізденістерді сан рет тығырыққа тіреген. Бірақ жердің терең қатпарларынан ғылымға белгісіз болып келген көне өркениет ошақтарының орны табылған сайын Атлантида жайлы әңгіменің де оқтын-оқтын қайта қаулай жөнелетіні бар. Бүгінгі тарих, археология, геология, мұхиттану секілді ғылымдарда қарқындай дамығандары үшін белгілі бір деңгейде осы аңызбен ұштасқан немесе аңызға бергісіз Атлантидаға қарыздыр. Ал, бұл тақырыптың әдебиет пен кинематографияға тигізген әсерін айтпай-ақ қойсақ та болады. Атлантида жайлы жазылған шығармалар мен түсірілген фильмдердің ержүрек саяхатшылар мен жаратылыс жұмбақтарын шешуге құмар ғалымдардың әлі талай жас буынын тәрбиелейтіндігіне күмән жоқ.
Еділ патша мен римдіктер
Тарихи деректерден біз ғұндардың Рим қаласына Еділ (Атилла) басшылығымен біздің дәуіріміздің 451 жылы жеткендігін, тіпті оны тізе бүктіргенін де жақсы білеміз. Бірақ бұл Батыс пен Шығыстың көнеден байланысып келе жатқан ортақ тарихының көгінде жарқ ете қалған жасындай қас-қағым сәт қана еді. Құмық Мұрат әжінің «Дешті Қыпшақ даласының жусаны» кітабында крест-айқыштың тәңіршілдіктің бас таңбасы екендігі, оны Римге тәңіршіл ғұндар апарғандығы туралы баяндалады. Иә, римдіктердің ымыраласу мен пәтуаласу белгісі ретінде (шын мәнісінде жағымпаздық еді!) Еділ қосынының алдынан айқыш-кресті алып шыққандығы рас. Себебі – олар Еділдің қолында Марс қылышының бар екендігін білетін-ді. Римдік жылнамашы Прииск Еділдің зор абырой-атағын, алысқа кеткен даңқын, патшалар мен бай-манаптар арасындағы беделін оның Марс қылышын тауып алғандығымен түсіндіреді. Аңыз бойынша, әлдебір бақташы өрістен табынын қайтарып келе жатып, бір қашарының сирағынан қан сорғалап жүргендігін байқайды. Тамған қан ізін қуалап барған ол жерден жүзі шығып жатқан қылышты көреді. Қылышты алып келіп, Еділге сыйға тартқан. Осы қылышты алғасын Еділдің айы оңынан туып жүре береді. Себебі – бұл иесіне шексіз күш-қуат пен билік сыйлайтын соғыс тәңірісі Марстың қылышы еді. Аңыз осылай баяндалады. Қалай дегенмен де римдіктердің Еділден қатты қорыққандығы анық. Болмаса, өз қаласының желеп-жебеушісі болып саналатын Марстың қылышын ата жауы Еділге тегіннен тегін бере салар ма еді. Аңыз аңыз ғой, дегенмен өз иесіне шексіз күш-қуат пен билік сыйлайтын Марс қылышының тасасында қандай құпия жатқандығын ешкімнің білгісі келмегендігі қызық.
***
Рим түбінде Марс қылышы мен айқыш-крест осылай кездесті. Кездесу себепшісі ғұндар патшасы Еділ болатын. Римдіктердің бәрі болмаса да, ішінара көзі ашық сауаттылары ғұн туындағы таңбаның Марс қылышы емес, қасқыр тотеміне тиесілі екендігін сезген шығар, бірақ оны ашық айту 451 жылғы ғана емес, арғы-бергі Римді бүкіл тарихымен ғұндардың аяғына жығып беру болып шығатын. Тарихтың бұлай бағыт алып кетуін римдіктердің қаламағандығы анық. Нәтижесінде олар қасқыр тотемін жазбаша болса да Марс қылышына тели салды. Ал Марс қылышы туралы түсінікпен бұл кездегі ғұндар, олар ғана емес-ау, жалпы түркілер әлдеқашан қош айтысқан-ды. Олар Римнің өткен тарихына таласа алмайтын, өрелері жетпейтін. Ал римдіктер мұндай өресіздікті шебер пайдалана білді.
«Илиада» мен «Энеида»
Гомер «Илиадасы» он жылға созылған Троя қырғынының соңғы екі айында болған оқиғаларды ғана жырлайды. Екі армияның мұншалықты ұзақ уақыт табан тіресе соғысуын одан бұрынғы да, одан кейінгі де тарих білген емес. Трояның тарихта болған қала екендігін немістің әуесқой археологы Генрих Шлиман 1863 жылы қазба жұмыстарының нәтижесінде дәлелдеп берді. Оның орны қазіргі Түркия территориясында, Жерорта теңізінен бес шақырымдай қашықтықтағы төбеде жатыр. Яғни, Троя қырғынының да тарихта болған оқиға екендігіне дау жоқ. Ғалымдар әлі күнге он екі қабат қала-қорымның қай қабаты «Илиададағы» Трояға тиесілі екендігін анықтай алмай дал. Бірақ бүгінгі тарих соғыстың шығуына ақындар шабытынан туындаған алтын алманың ешқандай да кінәлі еместігін нақты айта алады. Ахейліктер мен троялықтар арасында қанды қырғынның тұтануына Иллионның (Трояның тағы бір атауы. «Илиада» атауы осыдан шыққан) үлкен сауда орталығы ретінде тиімді жағрапиялық нүктеге орналасуы себеп болған-ды. Үш құрлық – Азия, Еуропа, Африканың теңіз және далалық керуен жолдары осы жерде түйісетін. Қысқасы, ахейліктер Трояға алтын алманың кесірінен қашып кеткен аруды емес, шын мағынасындағы алтын алманың – байлықтың өзін іздеп аттанған болатын. Қалғаны ақындардың шаруасы еді. Олар Платонның ақындарға қоятын талабын толық ақтап шықты. «Ақын, ол егер шынымен ақын болса, бәдік ақыл айтып уақыт алмай, мифтер тудыруға тиіс». Обалы кәне, көне грек ақындары тілдерін безеп-ақ бақты. Оларды түсінуге де болады. Өйткені грек қала-мемлекеттері өзара біріккенде ғана қуатты саяси және әскери күшке айнала алатындығын байқатқан. Өз халқының патриоттары ретінде грек ақындарының мұндай оқиғадан тыс қалуы, оны жырламауы мүмкін емес-ті. Бірақ ақындар соғыстың шынайы себептерін мифологиялық реңктермен көмкеріп, әлдебір тұспал мағыналармен шебер астастырып жіберді. Егер Троя қырғынының тарихи хронология бойынша біздің дәуірімізге дейінгі 1200-ші жылдары болған оқиға екендігін ескерсек, уақыттың ақындардың пайдасына жұмыс істегендігі анық. Гомердің өзі осы оқиғадан кемі төрт ғасырдай кейін өмір сүрген жан еді. Ұлы жәдігер екендігіне қарамай «Илиаданың» тұтас туындының бір тарауы ғана сияқты болып сезілетіндігі де сондықтан. Троя қырғыны, жалпы алғанда, ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа көшіп, отыз ғасырдай уақыт бойы жырланып келді. Бірақ бізді қызықтыратыны «Илиаданың» көркемдік құндылықтары немесе гекзометрлік өлең өлшемдері емес, ондағы прототүркілер тарихына қатысты-ау деген деректер ғана.
Қара бала ұлы қаған болғанда
«Наполеон қылышпен бастаған істі мен қаламмен аяқтаймын» депті ұлы Бальзак. Және бұл сөзді қағазға түсіріп, жұмыс бөлмесінің көзге түсер көрнекті жеріне іліп қойыпты. Бұл сөз өзара итырқылжың қанқасап болып қырқысып жатқан француз халқының басын (Наполеон билік басына келген кез ел ішінде азамат соғысы жүріп жатқан болатын – Ә.Б.) бас-аяғы бес-он жылда жұмылған жұдырықтай тастүйін етіп біріктіре білген, біріктіріп қана қоймай жауынгер халықтардың да қатарына қоса алған қарапайым корсикалық жігіттің ел алдындағы ерен еңбегіне тағзым ретінде айтылған болар. Наполеон әскерін Мысыр даласында тағдыр тәлкегіне тастап кетсе, екіншісімен Ресейдің қарлы өлкесінде масқара болып қош айтысты. Ватерлоо түбінде ақыры тас-талқан болып жеңіліс тапты. Бірақ сарбаздары Наполеон сәтсіздікке ұшырады екен деп одан сырт айналып кеткен жоқ, алыстағы Эльбадан айдаудан қашып келгенде туының астына қайтадан тқра қалды. Императорға адалдығын байқатты. Халқы тарапынан мұндай шексіз сүйіспеншілікке бөлену арғы-бергі Франция тарихында қандай да бір жұмыр басты француздың тағдыр-талайына жазыла қойды ма екен, әй, қайдам…
***
Адамзат тарихында есімін мәңгілік қалдырған жаһангерлер көп емес. Бірі жаңағы сөз болған Наполеон болса, бірегейі өзіміздің қысық көз бабамыз Шыңғысхан екендігі шындық. Арғы-бергі тарихты зерттеушілердің дарындылығы жағынан Шыңғысханды Цезарь, Македонский, Ганнибал секілді әйгілі қолбасшылардың бәрінен жоғары қоятыны бар. Тіпті, Атилла-Еділдің өзі оның көлеңке тасасында қалып қоймақ. Ал енді Азиядан шыққан алып тұлғаны біз қалай дәріптеп, оның тарихи мұрасын қалай зерделеп жатырмыз, бағасына жете алдық па?***
Иә, Шыңғысхан жаугершілігі артына Ресей мен Қытай іспетті екі ұлы мемлекетті мұра етіп қалдырды. Бүгінгі Қазақстан алып жатқан территория да сол Шыңғысханнан қалған мирас. Немересі Құбылай ханның тұсында Солтүстік пен оңтүстік болып қырқысып жатқан қытайдың басын біріктіру мүмкіндігі туды. Кейінгі Ресей болса Теміршін құрған империяның тікелей мұрагері болып қалды. Сондай-ақ бүгінгі орыстың өзінің батыстағы славян бауырларынан гөрі түркілерге жақындау екендігін ғылыми зерттеулер де жоққа шығармайды. Жаулап барған жеріндегі халықтың діни сеніміне қиянат жасамау да ұлы Шыңғысханнан қалған өнеге. Тіпті, оның ұрпақтарының православие шіркеулерін салықтан босатқандығы жайлы да деректер бар. Орыс жылнамашылары Шыңғысхан ұрпақтарының бірі бір княздіктен түскен салықты түгелімен дерлік шіркеу қорына аудартқаны туралы жазады. Түркі тілі орыс князьдерінің сарайында бертінге дейін кең қолданыста болғандығын да ұмытпаған жөн. Ал Пушкиннің өзі кейіпкеріне айналдырған Борис Годуновты таза түркі еді десек кім сенер.
Түгел сөздің түбі бір, түп атасы тәңірі
Ақын сөз ойнатуды ғана емес, әрбір сөздің ішкі мәні мен тарихи мазмұнын да білуге тиіс. Түйсігіңе тілтану ғылымының тамыры тым әріде жатқан секілді сезіледі. Ескіден қалған Бабыл қышпарағында «тәңірінің құпия төрт есімін ашқан адам пайғамбар дәрежесіне көтеріледі» деген сөздер жазылыпты. Сөз тану – Тәңірі тану. Ежелгі Бабылдың кезінде-ақ сөздің жасалу жолдарына, трансценденталдық түпкі мәніне, ішкі энергиялық қуатына назар аударыла басталғандығы байқалады. Сөз тасасынан Тәңірі сығалайды, соны көре білуің керек. Бабыл қышпарағындағы тәмсіл Иоан «Ізгі хабарындағы» «Басында сөз болды, Сөз Тәңіріде болды, сөз Тәңірі еді» деп келетін анықтамадан анағұрлым көне. Шығыс даналығы «Ақыл – ақылдан қуат алады» дейді, бәлкім Иоан сахабаның құлағына Бабыл абыздарының рухы сыбырлаған болар. Генетика – ойға да тән. Ойлардың генетикалық дамуы осыған меңзейді. Сен «Жоқтан бар жасалмайды, бардан жоқ болмайды» деген пәлсафалық категорияға мысал келтіре кеткің келеді…
Сөз соңы
Ақын, әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбектің о дүниелік болғанына да қырық күнге жуықтапты. Жазғанынан жазары көп ағамыздың қырық бес жасқа толуына небәрі бір ай ғана қалған еді. Қайда асықты екен, қайран ағам! Артыңызға қайрылып қарағаныңызда не көресіз?! Егілген еліңіздің қалғанын ба? Сіз туралы жазылған естеліктерді оқысақ, қабырғасы қайысқан бауырдың, ағайынның жылаған шын көз жасын көресіз! Неге асықтыңыз екен? Бұл пәни жалғанға сыймаған да шығар жүрегіңіз?! Асау жүректі сыйдыра да алмаған шығарсыз бұл ғаламға! Ұлы Бальзактың «Наполеонның қылышпен бастаған ісін қаламмен аяқтайын» деген сөзін мысалға келтірген екенсіз. Қаламмен бастаған ісіңізді аяқтай алмағаныңыз өзегімізді өртейді. «Ол – табытқа сыймайды. Ол – тірі! Өйткені, ол онымен сырлас, мұңдас, тілеулес, әңгімелес, тіпті сырттай жақсы көретін мыңдаған замандастарының жүрегінде, санасында жаңғырып тұра береді. Ол – шамшырақ. Түнекке түскен сәуле еді. Солай болған. Солай бола береді», – дейді ақын достары, қаламдастары. Рас, Әмірхан аға – тірі! Ол кісіні әдебиетті сүйер барша қауымның жүрегінде сақтайтыны хақ! Әмірхан аға, жатқан жеріңіз жайлы болсын, нұрыңыз пейіште шалқысын!
Дайындаған Гүлзина БЕКТАС