О ДҮНИЕДЕН ОРАЛҒАН ЖІГІТ
О ДҮНИЕДЕН ОРАЛҒАН ЖІГІТ
Тимур мен Расул екеуі де Көкшетаудың төл тумалары. Жасы жиырма бесті еңсеріп қалған пысықтау Тимур Көкшетаудағы ірі сауда орталықтарының бірінде менеджер болып жұмыс істейді, ал жиырмаға жаңа жеткен Расул Ақмоланың әрбір тұрғынына аты мәлім ЖШС-да бағдарламашы қызметін атқарады. «Бұл екеуін Алла қосқан». Бұл өздерінің сөздері. Олар тіпті қыздармен танысқанда да Алланың табыстырғанын айтып, тәубалап отырады. Жан доспыз дейді. Екі достың армандары бизнеспен айналысып, байып кету. Бұл арман кімде жоқ дейсіз, ал бұл екі жалқаудың тілектері – түк істемей мол ақшаға кенелу. Шын мәнінде мол ақшаның ауыр еңбекпен келетінінен хабардар жігіттер жоспар құрып жүрміз дегендерімен «ауызбен орақ орудан» басқа ештеңе де бітіріп жүрген жоқ болатын. Соңғы кездері кер жалқаулыққа арақ та қосылған. Жұмыстан қолдары босаса болды, отырыс құрып, арақ ішеді. Сондай отырыстардың бірінде Тимур мен Расул Алматыдан келген Абайды кездестірді. Абай да Көкшетаудың төл тумасы. Бірақ жұмыс орны Алматыда. Қос жігіт Абайға бірден ұнады. Олар тез тамақ даярлайтын ларек ашу ойлары бар екенін, бірақ оған күрмеуге келмей жатқан тірлік мүмкіндік бермейтінін, қаражаттары онша болмай тұрғанын айтып сендірген-ді. Шынын айтқанда, бұл екеуі ларек ашу туралы өтірік айта салған. Кеше дүкен, бүгін ларек, ертең асхана, солай айтыла салынған әңгіменің реті ғана болатын. Ал Абай болса ойланып қалды. Бір айлыққа қарап отырған Абай да сәті түссе бизнеспен айналыссам, жақсы жігіттер кездессе, бірлесіп неге кәсіпорын ашпасқа деп көптен бері толғанып жүрген. Оның нағыз сенімді жігіт екенін бірден ұққан Тимур мен Расул екеулеп Абайды банктен несиеге қаражат әперсең әрі қарай істі дөңгелете береміз, сен тек ай сайын шытырлатып өз үлесіңді алып отырасың деп азғырды. Абай көп ойланған жоқ бұл ұсынысқа келісе кетті.
Екі аптадан соң Абай Алматы қаласындағы «Альянс Банкі» бөлімшелерінің біріне барып, 1 300 000 теңге несиені санап алды. Сөйтіп Көкшетауға қайтадан келіп, осыншама ақшаның «мұртын сындырмай» жаңа таныстарына апарып берді.
Тимур мен Расул оқиғаның бүйтіп сәтті аяқталатынына үміттенген емес еді. Олар ақшаны қылдай бөліп алып, өз қалауларынша жұмсады. Есебі жоқ есіл ақша бір аптаның ішінде құмға сіңген судай ізім-қайым жоқ болды да кетті. Өзінің алданып қалу мүмкіндігі туралы біреу айтса, сенбеуші еді. Ол жігіттерді көп мазаламайын деген оймен, артық-ауыс хабарласып, олардың мазаларын да алмаған. Өздеріне еркіндік бердім деп жүрген болатын. Уағдалы бір ай өткен соң жігіттер хабарласпағанынан секем алған Абай Алматыдан Көкшетауға келіп, әріптестерімен кездеспекші болды. Тимур мен Расул Абайдың барын баяғыда ұмытып кеткен болатын. Абай хабарласқанда абдырап қалған екеуі кешке қарай кездессек қайтеді деген ұсыныс айтты. Ойында ештеңе жоқ Абай бұған қуана келіскен. Екі жігіт табан асты Абайдың көзін жою керек деген шешімге келді. Несі бар, ол өлсе ешқандай мәселе туындамайды, ақшаны қайтарып берудің қажеті жоқ. Ал ну орман ішінде өлтірсек, мәйітін табу оңайға соға қоймас деген ортақ шешімге келеді.
Олар Абайды әңгімеге алдаусыратып, «қала шетіндегі «Бұқпа» тауының етегіндегі орманды алқапқа барып сөйлесейік, сол жерде үлесіңді аласың»,– деген әңгімені айтты. Ешқандай арам ойға ерік бермеген Абай бұл ұсынысты да құп көріп, қала шетіне шыққан. Орман ішіне кірген соң Тимур мен Расул Абайға жөнсіз тиісе бастайды. Осы кезде ғана ең алғаш рет секем алған Абай неге екені белгісіз, өзінің дәп қазір өлім құшатынын сезді. Енді не істесе екен? Қайран өмірін жақсы арнаға бұрып, мол ақшаға кенеліп, анасын, қарындасын қуантам деп жүргенде өмірі ойда жоқта үзілмек пе? Пышақпен қаруланған екі жаналғыштың алдында Абайдың халі шынында да мүшкіл еді. Тимур өзінің ересектігін байқатып, қолына пышақты бірінші боп өзі алды. Алды да, абдырап тұрған Абайдың мойын тұсына екі рет сұғып үлгерді. Сосын қанжарды Расулға берді. Расул да аянған жоқ, ішіне пышақ сұғылған адамның тірі қалмайтынын естігені бар-ды. Абайдың қарын тұсын долбарлап алды да, екі рет аямастан пышақ сұқты. Абай еш қимылсыз жатыр. Жоспарларының іске асқанына көздері жеткен соң ғана екі қанішер бұл жерден тайып отырды. Қалаға кіре берісте естерін жиып, ешқашан, ешкімге бұл оқиға туралы ләм деп ауыз ашпауға бір-біріне ант берді.
Абай көзін ашқанда күн ұясына батып барады екен. Расул мен Тимур әлдеқашан кетіп қалған болулары керек. Төрт рет пышақ сұғылғаннан кейін өлі адамды елестетуге тырысып, тілін шығарып, дем алмай жатқаны есіне түсті. Күлкісі келген, бірақ күле алмады. Өкінішке қарай, содан кейін көп ұзамай есінен танып қалыпты. Түсінде о дүниеге барып келген сияқты. О дүниелік болған туыстарының барлығын көріп шықты. Марқұм атасының мұны оятып жібергені ғана есінде. Ең сорақысы, оянғысы келмегеніне енді аң-таң. Көп қан жоғалтқан сияқты. Айналасының бәрі көлшік болып жатыр. Егер орнынан көтеріліп, жолайрыққа дейін барып, өткен-кеткеннен көмек сұраса, тірі қалуы ғажап емес, ал жата берсе әрі кетсе бір сағатта жарық дүниемен қош айтысатынын түсінді. Абай бар күшін бойына жинаған. Тірі қалса, ана екеуінің сазайын бермек. Ондай оңбағандарды тірі қалдыруға болмайды. Өйткені олар әлі талай адамды алдап, өлтірулері мүмкін. Жоқ, Абай оларды әлі жазалайды. Абай осы оймен өзі білетін әулие-әмбиелерге сиынып, бар күш-қуатын жиып, етбеттеп алға қарай жылжи берді. Жүз метрдей жылжу Абайдың жағдайында үлкен ерлік болатын, ал екі жүз метрлік жерді еңсеру батырлықпен пара-пар. Сүйретіліп жолға жақындағанда құйындатып келе жатқан көлікті көзі шалды. Күн қараңғыланып келе жатса да, көлік иесі алыстан тасбақаша жылжып келе жатқан жігітті көріп, бір бәлеге душар болғандығын бірден түсінген. Ол тоқтағанда Абайдың есі кіресілі-шығасылы болатын. Жеңіл көлік иесі Абайды тез арада облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізді. Көрер жарығы таусылмаған жігіт ауруханадан екі айдан кейін ғана шықты. Бірнеше ота жасатқанымен, ол бәрібір мүгедек болып қалған еді. Ал Абай ауруханаға түскен күні-ақ қылмыстық іс қозғалып, Тимур мен Расул құрықталған.
Бұл іс Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына келіп түсті. Істі судья Ғалым Қайшыбеков алқа билерінің көмегімен қарады. Алқа билері екі айыптыны да кінәлі деп танып, олардың дүние-мүліктерін тәркілеп, Тимурды 11 жыл мерзімге, ал Расулды 10 жыл алты ай мерзімге жазаларын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге бас бостандықтарын айыру туралы шешім қабылдады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ, апелляциялық шағым түсірілуі мүмкін.
Айсұлу Рүстембек,
Ақмола облыстық сотының
баспасөз хатшысы