АРДАГЕРЛЕР ҮЙІНІҢ ТҰҢҒЫШ ҚАЖЫЛАРЫ
АРДАГЕРЛЕР ҮЙІНІҢ ТҰҢҒЫШ ҚАЖЫЛАРЫ
Өткен жылы қасиетті Рамазан айында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматыдағы ардагерлер үйінде ауызашар берді. Дастарқан басындағы емен-жарқын әңгіме кезінде қарттар бес уақыт намазға жығылғанын мүфтиге қуанышпен жеткізіп еді. Сол сәтте Ержан қажы Малғажыұлының: «Менің тарапымнан сіздерге баға жетпес сыйлық болсын. Сіздерге қажылыққа тегін жолдама бергізейік. Еліміз бен жеріміз үшін дұға-тілек жасап қайтыңыздар», – дегені есімізде.
Жуырда кіші қажылығын өтеп келген Қанен Нұрпейісов ақсақал Бас мүфтидің қабылдауында болып, алғысын айтты.
«Мүфти-хазрет, Алматыдағы Қарттар үйінің құрылғанына 12 жылдан асыпты. Алланың қалауымен тұңғыш рет қажылыққа бардық. Ауызашарда айтқан уәдеңіз бойынша аман-есен Мекке мен Мәдинаға барып, құлшылығымызды өтеп келдік. Қарттар үйіндегі ата-әжелер шашу шашып күтіп алды. Алла разы болсын сізге. Жұмысыңыз алға басып, Алланың, халықтың ризалығына бөлене беріңіз», – деді 74 жасты алқымдаған Қанен қарт.
Биыл Бас мүфтидің бастамасымен Алматыдағы Қарттар үйінен Қанен Нұрпейісовпен бірге Жайсаңбай Қаңтарбаев та кіші қажылығын өтеді.
Индира Байсалбекова