ЖЫЛЖЫҒАН ЖЫЛДАР, ӨЗГЕРГЕН КЕЗЕҢ
ЖЫЛЖЫҒАН ЖЫЛДАР, ӨЗГЕРГЕН КЕЗЕҢ
Алматы облысында Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысы жеңісі мен ардагерлерін ардақтау мерекесіне орай бірнеше акциялар өтті. Облыс әкімі Аңсар Мұсахановтың қатысуымен Талдықорған қаласындағы Даңқ обелискісіне гүл шоқтары қойылып, соғыс құрбандарына тағзым етті.
«Мамырдың шуақты күндерімен бірге қос мереке күні қатар қарсы алып отырмыз. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген батыр Бауыржан Момышұлының ғибратты сөзі осы мерекелердің мәнін ашып, маңызын айқындап тұрғандай. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, ең жойқын қантөгіс – Ұлы Отан соғысында айбынды рух, ыстық жүрек, қажымас қайрат пен мұқалмас жігерлерінің арқасында біздің аталарымыз зұлым фашистерді тізе бүктіріп, Жеңіс туын желбіретті. Биыл Ұлы Жеңіске 69 жыл толып отыр. Жылжыған жылдар, өркендеген қоғам, өзгерген кезең – ешқайсысы да Жеңістің ұлылығын көмескілендірген жоқ, қайта оның құндылығы мен мән-маңызын күн өткен сайын арттыра түсуде», – деді облыс әкімі Аңсар Мұсаханов құттықтау сөзінде.
Отан үшін от кешкен миллиондаған асыл азаматтардың рухына тағзым етіп, тылда тынбай еңбек еткен ардагерлердің алдында бас иді. Еліміз азаттыққа қол жеткізіп, өз Қарулы Күштеріміз құрылды, қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрін жаңғыртқан ұл-қыздарымыз бүгінде кірпік ілмей ел тыныштығы күзетінде тұр. Аталардың аманатын арқалаған, бейбітшілікті бағалай білетін, елі мен жеріне қорған болатын жаңа буын, жас ұрпақ үшін екі мерекенің де маңызы зор. Бабаларымыздың ерлігі мен өрлігі – ұрпаққа қашанда өнеге.
Облыс орталығына жақын маңдағы әскери гарнизон жауынгерлерінің салтанатты жағдайда сап құрып жүру шарасы тамашаланды.
Орталық алаңдағы театрландырылған көрініс жиналған қауымды осыдан 70 жыл бұрынғы майдан даласына алып келгендей. Ұрыс сәтінен соң бейбітшіліктің белгісіндей болған көгершіндер қоршауында егемен елдің қалыптасу кезеңі көптеген символдық сатылармен сипатталып өтті.
Жеңіс күні мерекесіне орай орталық алаңға шақырылған ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін облыс әкімі құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. Алаңға жиналған ардагерлер қауымына мектеп оқушылары гүл шоқтарын сыйлап, құрмет көрсетсе, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблі әсем әуенмен шашу шашып, күмбірлеген күймен концерттік бағдарлама ұсынды. Бұдан кейін Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне «Ардагерлерге мың тағзым!» – атты түскі ас берілді. Майдан даласындағыдай шатырлы дастарқаннан дәм татқан қариялар мен кейуаналар осындай тағлымды кездесуді ұйымдастырғандарға ризашылықтарын білдіріп жатты. Орталық алаңдағы концерттік бағдарлама «Біз Жеңісті жырлаймыз!» атты еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін мерекелік шараға ұласты.
Ақниет ОСПАНБАЙ