КҮНГЕЙДЕ – ҚАРА ДАУЫЛ!

КҮНГЕЙДЕ – ҚАРА ДАУЫЛ!

КҮНГЕЙДЕ – ҚАРА ДАУЫЛ!
ашық дереккөзі
189

Шымкентте жел ұйытқып, да­уыл соқты. Секундына 25 метрге дейін соққан күшті жел ағаштарды тамырымен жұлып, шатырларды ұшырып әкеткен. Тіпті, жынды желдің салдарынан адам шығыны да болыпты. Соққан дауылдан қираған тал зообақтың қызметкерін басып қалыпты. Көшелердегі бағдаршамдар істен шықса, жол қозғалысының да қиындағаны айқын. 

Құлаған тал, ұшқан шатыр, қираған үйлерді көресің көшеден. Тіпті, кейбір көліктерді талдар басып қалған. Ұйытқыған желдің салдары мектептер мен бала-бақшалардың жұмысының тоқтауына әкеп соқтырды. Шымкеттегі төтенше жағдай жергілікті тұрғындардың есін шығарған. 

Зообақ қызметкері Гүлназым Төле­но­ваның ажалына ағаш себепші болыпты. 52 жастағы әйел күнделікті жұмысына келе жатқанында, тамырымен опырылған ағаш құлап, бейшара әйелдің омыртқасын сындырып жіберіпті. 

Сондай-ақ, Шымқалада «Мерседес» автокөлігінің үстіне ағаш құлап, соның салдарынан көлік ішінде отырған Н.Өтебаев пен Э.Жұмағұлова да жарақат алып, қалалық ауруханаға жеткізілген екен.

Деректерге сүйенсек, ұйытқи соқ­қан күшті жел зообақ аумағындағы ағаш­тарды ғана емес, қала ішіндегі тал­дарды да қопарып әкеткен. Көше бой­ындағы көптеген көліктерге де талдар құлап, тұрғындарды қыруар шығынға ұшыратуда. Дауыл салдарынан Шымкенттегі бірнеше үй мен әкімшілік ғимараттарда да залал шегіп отыр. Олардың арасында «Нұр Отан» партиясы бөлімшесінің кеңсесі де бар. Шатырларды түгендеймін деп жүрген төтенше жағдайлар жөніндегі мекеме де шатырсыз қалыпты. Жаяу жүргіншілердің де жүруіне қиындық тудырған жел жүздеген бағдаршамды істен шығарған. Бағдаршам істен шыққан соң, жол қозғалысының қиындайтыны белгілі. Қозғалыстың қиындығы көлік апаттарын да жиілетіп отыр. 

Күшті желдің салқыны оңтүстік аудандарға да өз залалын тигізуде. Бірнеше аудандарда үйлердің, әкімшілік ғимараттардың шатыры ұшып кеткен. Секундына 25 метрге дейін ұйытқыған жел одан әрі 28 метрге дейін жетеді деген болжам бар. Әзірге, төтенше жағдайлар жарияланып, мектептер мен бала-бақшалар екі күнге өз жұмысын тоқтатқан. 

Ал Түркістан қаласында «Жолаушы» ЖШС гаражы мен Майдантал ауылындағы орта мектептің ғимараты зардап шексе, Төле би ауданындағы Көксәйек ауылында колледж спортзалы, Отырар ауданындағы Арыс ауылының балабақшасы, Сайрам ауданындағы Ақсуабат ауылының орта мектебі де ауа райының тосын мінезінен жапа шеккен.

Әрине, «апат айтып келмейді». Таби­ғат­тың тосын мінез танытуы оңтүстік өңірдегілерді әбігерге салып тұр. Тіпті, біраз үйлерде екі тәуліктен бері жарық жоқ. Тиісті мекемелердің екі күннен бері алақандай аумақтың жарығын жағып бере алмауларына қарағанда, желдің үлкен түйткіл тудырып отырғаны байқалады. 

Синоптиктер жынды желдің әлі екі күнге созы­латынын айтып бағуда. Қалай десек те, табиғаттың тосын мінез танытуы шырайлы Шымкенттің шырайын кетіріп тұр. Тосыннан соғылған күшті желдің салдарынан қанша шығын шықты, онымен арнайы комиссия айналысуда. 

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары