ҚАШАҒАНДА ҚҰМҒА СІҢГЕН ҚАРЖЫ

ҚАШАҒАНДА ҚҰМҒА СІҢГЕН ҚАРЖЫ

ҚАШАҒАНДА ҚҰМҒА  СІҢГЕН ҚАРЖЫ
ашық дереккөзі
371

Қазақстан Қашаған кен орнындағы апатты жағдайдан күн сайын 3 млн. АҚШ долларын жоғалтады екен. Бұл еліміз үшін орны толмас шығын. Ол ол ма, шығын бір жылда 1 млрд. долларға жетуі мүмкін. Бұл – еліміздің ЖІӨ-нің 0,5 пайызына жетеғабыл көрсеткіш. Ал еліміздің инвестициялық климатын мақтап, табыс көзіне белшесінен батуды көздеген шетелдік инвесторлар бұған не дейді? 

Егер топыраққа сіңген қаржы жергілікті бюджетке немесе Ұлттық қорға құйылса, бұған Атырау облысынан қаншама нысан салуға болар еді? Бұлай дейтініміз, бүгінде мұнайлы өңірде тұрғын үй, орта мектеп және балабақша жетіспейді. Ал әлгі күн сайын із-түзсіз жоғалатын 3 млн. АҚШ долларына әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына арнап екі және үш бөлмелі 30 пәтер салуға болады екен. Сонда жылына 11 мың пәтер пайдалануға берілсе, 40-45 мың адам баспана тауқыметінен құтылып, қоныс тойын тойлар ма еді, кім білсін?! Тіпті, 3 млн. АҚШ долларына ауылға кем дегенде үлкен бір мектеп салып беруге болса, жылына олардың 365-ін тұрғызады екенбіз. Әр балабақша құрылысына 1,5 млн. доллар кетеді деп есептегенде 700-дей балабақша салуға болады. Ал Қазақстан бұл қаражатты мақсатсыз жоғалтып отыр. 

Алайда, бұған шетелдік инвес­торлар міз бағар емес. Қазақстан шетелдіктерді өнімді бөлісу туралы келісімдерімен (ӨБК) баурап, сол арқылы уысымызда ұстап отырмыз деп түсінеді. Бұл тұрғыда компания барлау және өнім өндіру кезіндегі шығынды өз мойнына алса да, олар оны мұнай сатудан түскен пайдамен жабуы мүмкін. Кейде тек содан кейін ғана тапқан кіріс көзін билікпен бөлісіп жатады. 

1997 жылдың күзінде қол қойылған өнімді бөлу туралы келісім талаптарына сәйкес, Қашағандағы алғашқы мұнай мына кесте бойынша алынуы керек: екі жылға созылу мүмкіндігіндегі 4 жылдық барлау баспалдағы, бағалау кезеңі – 4 жыл. Яғни, өнім өндіру 2008 жылға жоспарланған. Бірақ 2001 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі қаржы тапшылығына орай, бұл межені алға жылжытты.

Сол кезде ENI консорциум операторы мәртебесін алған болатын. Тек осы компания ғана Қашағанда өнімді 2005 жылдан бастап өндіру жөніндегі Елбасының арнайы бес шартымен келіскен. Атап айтқанда, мұнайды тасымалдауды қамтамасыз ету және газды сату; қазақстандық кәсіпорындарды мердігер ретінде тарту; «ҚазМұнайГаз» компаниясына қосалқы оператор мәртебесін беру және Каспий экологиясына жанашырлықпен қарау. 

2003 жылы қазан айында консорциум Қашағанда өнім өндіру бағдарламасын жүзеге асыру жұмысының басталғанын хабарлады. Бұл үш кезеңді қамтыды. Біріншісі – кен орнының тәжірибелік-өндірістік тұрғыдан әзірлеу, екінші және үшіншісінде – оның толық көлемін жасақтау болып табылады. Мұның нәтижесінде Қашаған жобасы төрт жылда бір тәулігіне 450 мың баррель мұнай өндіру тиіс болатын. Ал жобаның екінші баспалдағында 3 жылда өнім екі есеге артуы қажет делінсе, бес жылға созылатын үшінші кезең барысында тәулігіне 1,2 млн. баррель мұнай өндіру жоспарланған. Жалпы, кен орнын пайдалануға беру мерзімі – 40 жыл. 

Алайда, қазір Қашаған жағалау маңы беймаза күй кешкен. Пайда табуды ойлаған ойыншылар жарнаның бірнеше есеге өсіп кеткенін білсе де, көптен күткен ұтысына қол жеткізгісі келеді. Жоба басталған кезде мұнай 10-12 АҚШ доллары болған еді, ал бір баррелі 140 АҚШ долларға көтерілгенде алақанын ысқылаған менеджерлер жобаның мерзімін қысқартып, тез арада өнім өндіруге асыққан-ды. Сөйтіп, олар шығынға бақылау жүргізуді де ұмыт қалдырған. Оған бірнеше себеп те бар. Біріншісі, ӨБК келісіміне сәйкес, шығын үшін менеджерлерге карт-бланш берілді. Бұл арқылы нарықтағыдан да жоғары баға бойынша сатып алу туындады. Екіншіден, Қазақстанның тәуекел имиджі шығынның бәрін сыбайлас жемқорлық және бюрократиямен байланыстырды. Ал қазір Қашағандағы инвестиция 50 млрд. АҚШ долларына жеткен кезде жағдай бұрынғыдан да ушыға түскен. Егер компания қандай да бір кемшілікке бой алдырса, сол мезетте акционерлердің шағымына көміліп қалады. Үшіншіден, ӨБК-де инфляцияны ескере отырып, инвесторлардың барлық шығынын 100 пайыз өтеуді қарастырады. Мәселен, 2005 жылы консорциум шығындаған 1 млрд. долларға сол кездегі инфляция қоса өтеледі. Бұл тұрғыда қайта қараудың 99 па­йызы айыппұл төлеуге соқтырады екен. Ал мұны 50 млрд. доллармен есептеп көріңізші. Сол себептен де компанияның шығынын бақылау мүлдем жолға қойылмағаны анық. Бұл шетелдік инвесторлардың да басын ауыртпайды. Неге десеңіз, келісімге орай, Қазақстан қомақты өтемақы төлеуді өз мойнына алған.

Сондай-ақ, Украина мен Ресей арасындағы саяси шиеленіс консорциум алдына тасымалдау бойынша түйткілдер туындататын түрі бар. Бүгінде АҚШ «Роснефть» басшысына санкция енгізген. Тіпті, алыс­ты болжайтын сарапшылардың өзі Қашаған мұнайын Новороссискіге жеткізуде кедергілер болмайтынын және Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырына қауіп төнбейтіндігіне кепіл бола алмауда. Ол ол ма, оптимистер де Қытайдың мұнайды нарықтағы бағамен сатып алатынын не алмайтынын да нақты білмей отыр. Бір белгілісі, Ресейге жасалып жатқан санкцияның салдары солтүстік көрші арқылы мұнай тасымалдайтын отандық компанияларға ауыр тиетін сияқты. Егер жағдай ушыға түссе, Қазақстаннан Ресей арқылы өтетін экспорттық мұнай қымбатқа саудалануы мүмкін. Демек, шетелдік инвесторлар да, отандық мұнай компаниялары да мұнайдан пайда көргісі келсе, шығын құрылымын қайта қарауға міндетті. Ең бастысы, Кас­пий қайраңының экологиялық ахуалын қаперге алуды ұмытпағаны абзал. 

Динара Мыңжасарқызы 

Серіктес жаңалықтары