ҰЛТТЫҚ БАНКТЕ – 100 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР
ҰЛТТЫҚ БАНКТЕ – 100 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР
Жуырда Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг өткізді. Брифингте қаржы секторын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы сөз болды.
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов біраз уақыт бұрынғы валюта бағамына енгізілген түзетулердің ел экономикасына оң серпін бергенін атап өтті. Қайрат мырзаның сөзіне сүйенсек, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ағымдағы есепшоттың оңтайлы сальдосына қол жетіп отыр. Оның жалпы көлемі 5,5 млрд. долларды құрады. Өткен жылы ағымдағы шоттың төлем балансының теріс сальдосы қалыптасып, оның деңгейі минус 118 млн. доллар көлемінде болды. Яғни, осы орайда жүргізілген валюталық түзетулерде экономиканың оңтайлы қарқынын байқауымызға болады.
Ұлттық банк төрағасының мәлімдеуінше, «Макроэкономикалық көрсеткіштерге сәйкес, сәуірде инфляция өсімі 0,6 пайызды құрады. Бірінші тоқсанда оның деңгейі 3,3 пайыз еді. Ал 4 айдың қорытындысында 3,9 пайызға жетті. Өткен жылы осы кезеңде бұл көрсеткіш 4,8 пайыз болды. Ақпан айындағы инфляция серпілісін есепке алмағанда, біз құнсызданудың қалыпты қарқынына қайтып келіп отырмыз», – деді.
Бас банкир инфляцияның қалыпты деңгейде екенін айтады. Атап айтар болсақ, сәуір айында инфляция 0,6 пайызды құрады. Бірінші тоқсанда оның деңгейі 3,3 пайыз болып, төрт айдың қорытындысы бойынша 3,9 пайызды қамтып отыр. Биылғы жылы инфляция 6-8 пайыз дәлізінде болады деп жоспарланғанын да жеткізді бас банкир.
Сондай-ақ жиында қозғалған мәселенің бірі – қаржыны заңдастыруға мүмкіндік беретін заң жобасының әзірленуі. «Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе отырып, заң жобасын даярлады. Ондағы негізгі жаңалықтардың бірі азаматтар өзінің қаржысын екінші деңгейлі банктердің арнайы есепшотына орналастыру арқылы заңдастыру құқығына байланысты», – деді Қайрат Келімбетов. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қаржыны орналастыру талаптарының аясында ортамерзімді кезеңде, яғни 5 жыл уақытта қаржы депозитте болуы тиіс. Осы жағдайда ғана банк жүйесінің ұзақ мерзімді қор жинау мүмкіндігі артатынын айтады.
Сонымен бірге, бас банкирдің айтуына қарағанда, Ұлттық қор активі мен Ұлттық банк резервінің жиынтық көлемі 100 млрд. доллардан асыпты. Мұндай жағдай бұрын-соңды тарихымызда болған емес.
Қайрат Келімбетов: «Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қорының жиынтық көлемі жақын арада жүз миллиард доллардан асуын мақсат етіп қойған болатын. Бүгінде оның деңгейі 101,9 млрд долларды құрады. Бұл – Қазақстанның макроэкономикалық жағдайы тұрақты деген сөз», – деді.
Брифингте талқыланған тағы бір жайт, еліміздің қаржы нарығында жұмыс істеу құқығына әлемдік ірі қаржылық ұйымдардың филиалдарының ие болуы. Сонымен бірге, ұлттық банк төрағасы Еуразиялық экономикалық одақтың қаржылық қадағалау органы Алматыда орналасатынын атап өтті.
Өз сөзінде Қайрат Келімбетов: «Біздің еуразиялық интеграция аясындағы келісімдердің бірі 2025 жылға қарай қаржылық қадағалау органын құруға байланысты болды. Ол Алматыда орналасуы мүмкін және осы уақытқа дейін бұл саладағы заңнаманы үйлестіру бойынша нақты жұмыстар атқарылуы тиіс», – дейді. Әрі қарай банк төрағасы соңғы қаржы дағдарысынан кейін әлемдік монетарлық билік банктік жүйесі тәуекелдері мен тұрақтылығына қатысты қадамдарды қайта қарастырғанын, оның ішінде банктік қадағалау бойынша Базель комитеті орталық ұйымы «Базель-3» атауымен кешенді шаралардың топтамасын ұсынғанын айтты. «Мұнда капиталға, өтімділікке, контрциклділік жағдайында банктер жұмысы мәселесі тұрғысында белгілі бір өзгертулер мен талаптар қарастырылады»,– деді. Осы орайда, елімізде 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап «Базель-3» талаптарына көшу басталмақ. Алғашқы жылдары банктер үшін талаптар өзгермейді, алайда 2018-2019 жылдардан бастап, банктерге жоғары талаптар қойылатын болады. Жоспарға қарағанда, 2019 жылғы 1 қаңтарға қарай банктер осы үдеріске дайын болады. Сонымен қатар, мұндай талаптардың сақтандыру ұйымдарына да қатысы бар.
Ұлттық банк басшысы: «Екінші деңгейлі банктерге салымдарды орналастырған кезде барлығы ашық байқау бойынша жүргізіледі. Мөлшерлемелер бойынша бәсеке болады. Тиісті ережелерді банктермен пысықтап жатырмыз. Банктердің шоттарына зейнетақы активтерін орналастырумен қатар, инвестициялау тұжырымдамасында мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу мен шетелдік қаржы құралдарымен жұмыс жүргізу қарастырылған. Біз халықтың салымдарының сақталуын қамтамасыз етіп, кірісті айтарлықтай арттырамыз деп есептейміз», – деді.
Брифинг соңында Ұлттық банк төрағасы журналистердің бірқатар сауалдарына жауап берді. Сөз барысында Қайрат Келімбетов Батыс елдерінің Ресейге қатысты экономикалық санкцияларды қабылдау ықтималдығы Қазақстан билігін алаңдататынын да тілге тиек етті. Бас банкирдің айтуынша, негізгі қауіп біздің ірі сауда серіктесіміз – Ресей Федерациясына қатысты санкциялардың күшею мүмкіндігіне байланысты көрінеді. Яғни, Қазақстандағы импорттың 36 пайызы – Ресей өнімі, қазақстандық экспорттың 7 пайызы Ресей нарығына шығарылатыны белгілі. «Биылғы жылы Ресейде экономикалық өсім мүлдем болмауы мүмкін. Бұл біз үшін жақсы жаңалық емес», – деді бас банкир.
Дегенмен, мемлекеттің экономикасының тұрақтылығын сақтау негізгі міндеттердің бірі болып қала береді. Ол үшін инфляция қарқынының теңгерімін сақтау маңызды болары сөзсіз.
Гүлзина БЕКТАС