Донецкі мен Луганскідегі референдум не береді?
Донецкі мен Луганскідегі референдум не береді?
Бүгін
Украинаның шығысындағы Донецк пен Луганск облыстарында аймақтың мәртебесін
анықтайтын референдум басталды. Оны «Донецк халық республикасы» және «Луганск халық республикасы» деп атаған
аймақтардың сайлау комиссиясы ұйымдастырған. Ал дауыс беру бюллетенінде негізінен «Мемлекеттік егемендік актісін
қолдайсыз ба?» деген сұрақ қойылған деседі.
Ресей президенті Владимир Путин 7 мамыр күні
Швейцария президенті Дидье Буркхалтермен кездескеннен кейін ресейшіл
сепаратистерді референдум мерзімін кейінге шегеруге шақырған болатын. Ал Украина
билігі мен батыс елдері референдумды заңсыз деп есептейді. Украина
президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов референдумды “тұңғиыққа
апаратын жол” деп атады. Ол Киев елдің шығысындағылармен келісім жасасуға
даяр екенін, бірақ “елді жойғысы келетін бір де бір террористпен”
келісімге келмейтінін айтқан.
Сарапшылар аяқасты
ұйымдастырылған референдум наурыз айында Украинадан бөлінуді қолдап, соңы
Ресейге қосылумен аяқталып тынған Қырымдағы референдумға ұқсайды дейді. Донецкідегі
сепаратистер Украина билігінің мамырдың 25-іне белгіленген президент сайлауы
Донбасс қаласында өтпейтінін мәлімдеді.
Қолда бар ақпараттарға сенсек,
Луганскіде өтіп жатқан референдумға халықтың 22 пайызы келген. Тіпті, кейбір
сайлау учаскелері тым-тырыс болса, келесісінде жұмыс қызып жатқан көрінеді. Ал
Донецк халық республикасы Орталық сайлау комиссиясының үйлестірушісі Борис
Литвинов референдум үшін 1527 сайлау учаскесі ашылғанын мәлім етті. Алайда,
әзірге халықтың қалай дауйыс беріп жатқандығы туралы нақты ақпарат жоқ. Себебі,
оларды арнайы бақылап отырған халықаралық, тіпті жергілікті бақылаушылар да
байқалмайды.
Сондай-ақ, бүгін Еуроодақтың Украина мен Қырымға қатысты позициясына
байланысты Ресейге жаңа санкциялар енгізетіні белгілі болды. Еуроодаққа мүше
елдер дайындаған жаңа санкциялар бойынша қазіргі “қара
тізімнің” қатарында Қырымда орналасқан 5 компания мен 15 адам бар
көрінеді. Ресми тұлғалардың есімі мен компания аттары әзірге айтылған
жоқ. Еске салатын болсақ, 21 наурыз күні АҚШ Қырымның Ресейге қосылуы мен
Кремлдің Украинаға қарсы жүргізіп отырған саясатына байланысты антиресейлік
санкция жариялаған болатын. Ол кезде санкцияға Ресейдің 28 азаматы мен
“Ресей” банкі іліккен. Жазалаудың екінші легі 28-ші сәуір күні
басталып, ол кезде “қара тізімге” Владимир Путиннің қасындағы
ықпалды тұлғалар мен Ресейдің 17 ірі компаниясы қосылған. 5 мамырда
Канаданың Сыртқы істер, сауда және даму министрлігі тарапынан да Ресейдің
16 банкі мен компанияларына арналып санкциялар салынған еді.