Сырғалымның» жалғасы бар

Сырғалымның» жалғасы бар

Сырғалымның»  жалғасы бар
ашық дереккөзі
225

Жуырда  еліміздегі ең жоға­ры рейтингті «Сырғалым» теле­хикаясының актерлері мен оны түсіруші шығармашылық ұжым баспасөз-мәслихатын өткізді. 

Кездесуде «Қазақ­стан» РТРК» АҚ төрайы­мы Нұржан Мұхамеджа­нова: «Біз­дің телеарна 2009 жылдан бері  ұлттық телеөнімдерге тапсырыс беруді қолға алған. Содан бері бірқатар телехикаялар көрермен назарына ұсынылды. Соның бірі – «Сырғалым». Біздің корпорация көрсетілімдерінде дәл осындай телехикаялар жоқ болатын. Бұл отандық телеөнімнің жаңа бір сатыға көтерілгендігінің көрінісі іспетті. Аталған телехикаяға тапсырыс беруде отбасылық құндылықтарды насихаттау: үлкен мен кіші, әке мен бала арасындағы қатынас қандай болу керектігінің үлгісін көрсетіп, достық, адалдық, сүйіспеншілік секілді адами қасиеттерді интернеттен санасы уланып бара жатқан жастардың бойына сіңіруді мақсат еттік. Телехикая біткенімен көрермендер көңілінен шыға қойған жоқ. Тіпті, кейбір көрермендеріміз «Сырғалым» жалғаса ма?» деген сауалдар тастап жатыр. Осы жайларды ескере келе, көркемдік кеңестің шешімімен телехикая жалғасын түсіруге тапсырыс бердік», – деді.

Телехикаяны түсірген «Көркем фильм» кинокомпаниясы. Режис­сері – Рашид Сүлейменов. «Бұл телехикаяны түсіруге 2013 жыл­дың көктемінде тапсырыс алдық. Түсірілім барысында Латын америкалық, Бразилиялық кинотехнологияларды пайдалануда тәжірибе жинадық. Мәскеулік әріптесіміз Д.Коробкинмен бірге сапалы өнім шығаруға өзара түсіністікте еңбектендік. Бірінші маусымдағы «Сырғалым» 48 бөлімнен тұратынын көрермендер жақсы біледі. Ал келесі маусымда түсірілетін бөлім саны – 32. Мұндағы оқиға да Сырғалым төңірегінде өрбімек. Оқиғалар желісі қалаға бой үйреткен қыздың іскерлік жайын көрсетуге құрылады», – дейді. 

«Сырғалымда» басы рөлді сомдаған Жұлдыз Маханова да тілшілердің сауалдарына жауап берді. «Телехикая түсірілімін жасаған «Көркем фильм» кинокомпаниясына алғысымды білдіргім келеді. Тек Алматы емес, шалғайдағы ағайындар біздің телехикаяға ризашылықтарын білдіруде. Мұндай сәтті туындының шыққанына актерлардан бөлек, режиссер, сценарист, оператордан бастап өзге де телеэкраннан тыс жүрген шығармашылық ұжымның еңбегі зор екенін айтпай кетпеске болмас», – дейді «Сырғалым». 

«Қазақстан» РТРК АҚ төрайымы Нұржан Мұхамеджанова телеарнаның алдағы жаңалықтарымен де бөлісіп өтті. «Алдағы уақытта «Қара шаңырақ» атты телехикая түсіріледі. Оның бір өзгешелігі түсірілім еліміздің 4 аумағында: Астана, Қарағанды, Көкшетау, Алматы қалаларында өтеді.Жеңістің 70 жылдығына орай деректі сериалға тапсырыс бердік. Тек ол ғана емес, көптеген тележобалар көрермендер назарына ұсынылатын болады», – деді Нұржан Жалауқызы.

Жансая Байболова

Серіктес жаңалықтары