ҚАҢҒЫҒАН ҚАЗАҚ... ҚАҢЫРАҒАН БАСПАНА

ҚАҢҒЫҒАН ҚАЗАҚ... ҚАҢЫРАҒАН БАСПАНА

ҚАҢҒЫҒАН ҚАЗАҚ... ҚАҢЫРАҒАН БАСПАНА
ашық дереккөзі
203

Дегенмен, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының әділ жүретіні­не сенбейтіндер аз емес. Ол сенімсіздіктің негізі бар. Бағдарламаның өзі жақ­сы әрі тиімді көрінгенімен, төлем қабі­летінің төмендігіне байланыс­ты оған көпте­ген отбасылардың қатысуына мүмкіндік бар ма? 

Жасырып-жауып қайтеміз, бәрі көзге баданадай болып тұрған жоқ па? Еліміздің қай өңіріне барсаңыз да, көшіп-қонып жүрген қазақты көресіз. Баяғы берекелі ауылдан күй кеткелі халық та қала, аудан, облыс орталықтарына қарай ығысуға мәжбүр. Еліміз егемендік алған жылдардан бері нәпақа табу үшін әрі-бері босып кеткен ауыл жұрты не істемек? Әрине, жұмыс көзі бар жерге шоғырланып, тұрақтап қалуға ұмтылады еріксіз. Ал оларды кең құшағына сыйдырып жатқан қала қайсы?

Әңгімеміздің бісмілләсін «Баспана кімнің бас ауруына айналды?» деген сұрақпен тегін бастаған жоқпыз. Шынында да, қазақтан күй кеткелі қаш-шан?! Әуелі олар қаланың әдемі, кең көшелерін алшаңдап басуға именеді. Неге? Білуімізше, 1979 жылдары қазіргі алып мегаполис Алматы қаласына қазақтарды тіркеуге тұрғызуға тыйым салынған деседі. Тіпті, сол кезде баспанаға қазақтан бұрын көбіне басқа ұлт өкілдері ие болған екен. Бұл кеңестік кезеңнің қаланы қазақыландырмау саясатынан туған шешімі делік. Алайда, қазір тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жүргенімізге 23 жылға аяқ басқан жоқ па? Әлі күнге қазақты қалаға жолатпаудың астарында не бар?

Елімізде халықтың саны 17 млн.-нан енді ғана асты. Соның ішінде қазақтың үлес салмағы әлі де көңілдегідей емес. Ал демографияға серпіліс жасайтын – жас отбасылардың көбі бөгденің босағасын сығалап, күн кешуде. Өмірге нәресте әкелетін дер шағында баспананың тауқыметін тартып, бір-екі баламен шектеледі амалсыз. Егер де жас отбасылардың әлеуметтік тұрмысын жақсартып, баспанамен қамтамасыз етудің оңтайлы жолдарын қарастырсақ, қазақтың саны көбейер еді. Бәлкім, бұған мемлекеттік саясаттың негізгі тетігі ретінде мән берсек, қазақтың саны әлдеқашан 20 миллионға жете-ғабыл болар ма еді, кім білсін? Бір белгілісі, үйсіз-күйсіз отбасы өмірге бала әкелуді емес, алдымен бір күндік күнкөрістің қамын күйттейтіні анық. Ал оларға жан-жақты қамқорлық көрсетіп, отбасында бала санын арттыруға деген сенімділікті ұлғайту үшін ең бірінші – баспана, екінші – әлеуметтік жәрдемақыны көбейту қажет. Сонда ғана елімізде демографиялық дүмпу болатыны сөзсіз. 

Алайда, елімізде өмірге егіздетіп, үшемдетіп нәресте әкеліп жатқан аналарды қолдауға келгенде аяқтан шалу байқалады. 7 баладан соң үш сәбиге өмір сыйлаған ана үй сұраймын деп алаяқ атана жаздағаны есіңізде ме? Тұрғын үй басқармасына кезекке тұруға барған ерлі-зайыпты Мұхамеджановтарды басқарма басшысы Қайрат Нұрқаділов мырза алаяққа теңеп, «Алматыға сендерді біз шақырған жоқпыз, құрсағында үшем барын білген кезде ауылға тайып тұрмадың ба?», – деп батыр ананың алқымынан алғанда тұла-бойымыз түршіккен. Айтуынша, Мұхамеджановтар ауылдағы үйлерін әдейі сатып, оңтүстік астанаға көшіп келген көрінеді. Енді оларға үй берсек, үшемге жүкті келіншектер Қазақстанның түкпір-түкпірінен Алматыға ағылады деп қорқады екен басқарма бастығы. Сондықтан Қайрат Нұрқаділов қала басшысының атына 10 баласы бар отбасыға үй бермеу туралы қызметтік хат жолдаған. Бұл туралы еліміздің телеарналары да көрсеткен болатын. 


Үлескер боламын деп… 


Қазір кейбір жәйттарға еріксіз таңқаласың. Неге дейсіз ғой? Бізде кез келген салаға жаңа басшы келсе «Мемлекеттің, халықтың алдындағы міндетімді адал атқарамын…» деп ант-су ішіп жатады. Бірақ көп ұзамай әлгі басшының жемқорлықпен қолын былғағанын естіп қаламыз. Бұл не? Сонда жемқорлық дерті де жұқпалы індет пе? Тіпті, бір-бірінен ащы сабақ алмайтыны несі? 

Мәселен, тұрғын-үй саласына тәуір қызметті атқаруға келген басшы әуелі өз жағдайын жасап алатыны айтпаса да түсінікті. Жарайды, өзіңді-өзің жарылқаған да жақсы ғой. Алайда, халықтың да қамын ойлау керек емес пе? Жоқ, біздегі ашкөздер жеке бастарының мүддесінен бөлек, бүкіл туған-туысының жыртығына дейін жамап беретін сияқты. Ал қарапайым жұрттың қырық құрақ үмітін кім ақтайды сонда?

Бүгінде Астана мен Алматы қаласында баспана құны шарықтап тұр. Жалға тұрамын десең де ақысы жал сипатар емес. Бірнеше үйді жалға беріп қойса, ай сайын саусағын қимылдат­пай-ақ табыс тауып, теңгенің өз аяғымен келіп, қалтаға түсіп жататынын білген «пысықайлар» пәтерді жалға беруді кәсіпке айналдырған. Алматы қаласын­дағы бір бөлмелі пәтерлерді жалдау құны айына 60000-80000 теңге айналасында болса, екі бөлмелі пәтер­лер – 80 000-120 000 теңге аралығында. Статистикаға көз жүгіртсек, Алматы қаласында 7 мың көпқабатты тұрғын үй мен 115 мыңнан астам жеке сектор тіркелген екен. Бірақ құзырлы орындар соның жартысынан астамында жалға пәтер алушылар қоныс тепкенін анықтаған. Осылардың тек 9200 пәтер иесі ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлейтін тұлға атанған. Қал­ғандары – пәтерлерін астыртын өт­кізу­шілер. Соның салдарынан жас отбасы бар тапқан-таянғанын пәтерге төлеп, амалдап жүр. Ал тұрғын үйге үлескер ретінде ақша құяйын десе, қазір құрылыс компанияларына деген сенім жоғалған. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, қаншама үлескер тірнектеп жиған ақшасынан бір сәтте айрылғанын ұмытқан жоқ. Сол компания басшыларының кейбірі халықтың қалтасын қағып, шетел асып та кеткен. 

Естеріңізде болса, 2009 жылы үлескерлер ақшасын жымқырды деген «Алматыинвестстрой» құрылыс компаниясының бас директоры Сергей Дмитриенко 15 жылға бас бостандығынан айрылып, оның мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарылған болатын. Мұнымен қоса “Алматыинвестстрой” ЖШС директорының орынбасары Ербол Ермекбаев, оның бас есепшілері Зура Нұрбаева және Ольга Пермякова әрқайсысы 10 жылдан жазасын алды. Айналып келгенде, құрылыс компаниясына қаржы салып, баспанасыз қалған 180 үлескер жылаған күйі қалды. Ол ол ма, еліміздің бұрынғы премьер-министрі Сергей Терещенко мырза да қылмыстық іске тартылуы тиіс деген күдіктілердің қатарына ілігіп, біраз дауға себепші болған еді. Яғни, «Казкоммерцинжиниринг» компаниясы басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша мынадай уәж айтылған. Үлескерлерден жинап алынған 16,5 млрд. теңге қаржының 7,5 млрд. теңгесіне «Казкоммерцинжиниринг» С.Терещенкодан жер телімін сатып алса, 3 млрд. теңге құрылтайшысы Н.Шаукеров және В.Беридзе болып табылатын «TAMIZ INVEST GROUP» мердігер компаниясының есеп-шотында. Ал 1,5 млрд. теңге «Казкоммерцбанктің» есепшотында құлыптаулы делінген. Алайда, баспасөзге берген жауабында С.Терещенко бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтындығы туралы жазса да, оның аты жер теліміне келгенде қайта жаңғырып шыға келетін секілді. Алматы қаласының іргесіндегі «Шұғыла» елді мекеніндегі жер телімдерінің артында тағы да Терещенко тұрғанын халық айтып жүр. Бір-бірінің қолына өтіп, түптің-түбінде заңсыз сатылған делінген жер телімдерінің салдарынан қарапайым жұрт әлі тиісті құжатына қол жеткізе алмауда. 

Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Үлескер ретінде баспанаға ие болуды армандаған талайдың іші қан жыласа, 4-5 сотық жер телімін пәленбай ақшаға сатып алып, бүгінде опық жеген кейбіреулер әлі күнге жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырып әуре. Алайда, біздің кейбір «әділетті сот» істі арандап, аузы күйіп қалғандардың емес, халықты тонап, шалқып өмір сүріп жүргендердің пайдасына шешіп беруге машықтанған. 

Кезінде елді оңдырмай алдап соққан 7 құрылыс компаниясының үлескерлері көз жасын бекер төккен жоқ. Олар: «біздің мәселеміздің түп-төркіні қаржы дағдарысы емес, құрылыс олигархтарының тойымсыздығы мен жемқорлық жайлап алған шенеуніктердің конституциялық құқықты белден басуы», – деп баға берген еді. Атап айтқанда, «Қуат», «Ақ ауыл», «Алматыинвестстрой», «Верный.kz», «Спецстальснаб» сияқты құрылыс компаниясы басшыларының мойнында мыңдаған қарапайым адамдардың көз жасы кетті. 


«Қолжетімді баспанаға» қол жете ме? 


Әлбетте, бүгінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен жастарға баспана беруде арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Елбасы 2012 жылғы халыққа арнаған Жолдауын­да жыл сайын елімізде кем дегенде 6 млн. шаршы метр жаңа үй пайдалануға берілуі керектігін тапсырғаны белгілі. Осыған орай Үкімет 2012 жылы «Қолжетімді бас­пана – 2020» бағдарламасын бекітті. Бағдарлама аясында 2012- 2020 жылдары 69 млн. шаршы метр тұрғын үйді қол­данысқа беру көзделген. 2013 жылы дәл осы бағдарлама шеңберінде 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Биылғы жылы осы көрсеткішті 6,9 млн. шаршы метрге жеткізу жоспарда тұр. Ал оның ішіндегі халықты арзан баспанамен қам­титын арендалық үй­лер биылдан бастап нақты иелеріне ұсы­нылады. Алайда, бұл бағдарлама нағыз баспанаға мұқтаж жандарға арналып отыр ма? Бүгінде қоныс тойын тойлап жатқандар кімдер? 

Мемлекет тұрғын үй салады, ал жас отбасы осы үй салынып бітісімен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» белгілі бір соманы төлеп тұратын болады. Осылайша жас отбасы 8 жыл ішінде үйдің құнының 50 пайы­зын жинайды және осы үйді сатып алуға мүмкіндігі болады. Ал ондай мүмкіндік болмаса, жастар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» 15 жылға 4-5 пайыз несие ала алады. Осындай жағдайда жас отбасыларға тұрғын үйдің қолжетімділігінің мүмкіндігі мол болғандықтан, сұраныс өте жоғары болмақ. Осы бағытта жылына 200 мың шаршы метр немесе 3 мың пәтер салу жоспарлануда. Ал бағдарламаның жүзеге асыру тетігі қалай болады, жас отбасына өтініш беру үшін не істеу керек? Жас отбасы жергілікті атқарушы органдарға құжаттарын өткізеді, яғни әкімдікке. Бағдарламаға қатысу үшін жас отбасыларын іріктеуді және тұрғын үйлерді бөлуді әкімдіктер жүргізеді. Бірақ қаржылық механизмді және төлем қабілеттілігін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» анықтайды. Төлем қабілеттілігі тексерісінен өткеннен кейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» клиенті болады және банк қызметкерлерінің көмегімен құжаттарын рәсімдейді. Қазіргі болжам бойынша, бұған 500 мың жас отбасы үміткер болуы мүмкін. 

Дегенмен, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының әділ жүретіні­не сенбейтіндер аз емес. Оның негізі бар. Бағдарламаның өзі жақ­сы әрі тиімді көрінгенімен, төлем қабі­летінің төмендігіне байланысты оған көпте­ген отбасылардың қатысуына мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне, «Тұр­ғын­үйқұрылыс­жинақбанкінің» басшылары мен олардың туыстарының аталмыш бағдарлама аясында жеңілдік қарастырылған бағамен пәтер алу фактілері де осы бағдарла­маның атына күмән келтіріп, адамдардың се­німсіздігін туғызған. Айтпақшы, аталмыш бағдарламаның ережелеріне өзгерістер енгізілуіне байланысты, бұдан былай баспана­сын кеңейтуге ниеттілердің «Қолжетімді баспа­на – 2020» бағдарламасына қатысуына шектеу жасалуы мүмкін. Сонымен бірге, бағдарламаға қатысушы өзі өтініш берген өңірде міндетті түрде тіркелуі керек, бұл дегеніңіз соңғы кездері әжептәуір мәселе болып көтерілген, алыпсатарлықтың жолын кесу мақсатында жасалып отырған шара. 

Рас, осы жылдар ішінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің түрлі жолдары қарастырылып, Үкімет тара­пы­нан арнайы мемлекеттік бағдар­ламалар да қабылданды. «2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік тұр­ғын үй бағдарламасы», одан кейінгі жылдары да жалғасын тауып «2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы» болып ұза­ра түсті. «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы да халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалардың бірі. Әйтсе де, бұл бағдарламалар да оңтүстік астана аталған қаладағы үй­сіздер санын азайта алар емес. Өйткені, сол бағдарламалар іске асырылып жатқан кездің өзінде пәтерлердің жең ұшынан үлестіріліп, нағыз мұқтаж жандарға жетпей қа­лып жатқаны жайлы да аз айтылмады. Олар­дың кейбіреуі әшкереленіп, қылмыстық іс те қозғал­ды. Әйтсе де, «ебін тауып екі асап», бас­панасыздарға арналған мемлекеттік бағ­дарлама үйлерін де иемденіп алған үйлілер бар. 

«Самұрық-Қазына» ҰӘ» АҚ «Жылжымайтын мүлік қоры» осы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 94 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үйді пайдалануға бермекші. Бірақ, әрине, баға бұрынғыдан өзгерек болады. Үкімет отырысында бағдарлама аясында салынатын баспананың құны әр шаршы метрге 5 және 10 мың теңгеге өсетіндігі айтылды. Бұған басты себеп, бағдарлама бойынша тұрғын үйдің шаршы метрінің бүгінгі белгіленіп отырған құны баспана құрылысына шын мәнінде жұмсалатын шығындармен мүлдем сәйкеспейді, былайша айтқанда, өзін-өзі ақтамайды, бұл айналып келгенде, құрылыстың сапасына айтарлықтай зиянын тигізуде. Байқасаңыз, бүгінгі таңда әр облыстарда салынып жатқан үйлердің жалпы көпшілігінің сапасы сын көтермейді, алды пайдалануға берілер-берілместен қақырап жатыр. 

Бізге бұл бағдарламаның қажеттігі айтпаса да түсінікті, жалпы, жұртшылық «Қолжетімді тұрғын үй – 2020»-дан басқа оңтайлы жолды көре алмай отыр. Бірақ құрылысқа деп бөлінген қаражат толық иге­рілмей жатқан өңірлер де, жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлердің құрылысын сағызша созып, тұрғындардың төзімін сарқып жатқан аймақтар да бар. Үкімет отырысында бұрынғы Премьер-министр Серік Ахметов бағдарламаның ойдағыдай іске аспай жатқанын айтып, жауаптылардың жұмысын сынаған еді. Алайда, Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев: «Жалға берілетін баспананың құрылысы бойынша жылдық жоспарды бар­лық әкімдіктер түгел дерлік орындады» деп есеп берді. Яғни, 2013 жылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысына облыстар мен Астана және Алматы әкімдіктеріне 27,5 млрд. теңге мақсатты трансферттер бөлінген болса, оның 27,3 млрд. теңгесі немесе 99,4 пайызы игеріліп, 402,6 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Ал «Тұрғынүйқұрылысжинақ» жүйесі арқылы іске асырылатын баспана құрылысына 2013 жылы республикалық бюджеттен жергілікті атқару органдарына 29,4 млрд. теңге несие­лік қаржы бөлінді. Оның 27,9 млрд. теңгесі немесе 95 пайызы игерілген. «Маңғыстау облысынан басқа несиелік баспананы тапсыру бойынша жылдық жоспарды барлық әкімдіктер орындады. 320 мың шаршы метр несиелік тұрғын үй салынды немесе жылдық жоспарға 122,8 пайызды қамтыды. Алайда, өткен жылдардағы бекітілген кестеден қалыс қалған құрылыс қарқынын толығымен қамту мүмкін болмады. Осыны ескере отырып, жос­парды орындау 74 пайызды құрады», – деді. Ендігі жерде жаңа тәртіптер енгізілгенін де айта кету керек. Бұдан былай жалға берілетін баспана мен инженерлік желілер құрылысына бөлінген қаржы толық игерілмеген жағдайда, «Қаржыны игермеген жағдайда біржақты тәртіпте тәркілеу» туралы тармағы енгізілмек. Бұл әзірге жоспар ғана. Егер бұл жоспарға енгізілсе, игерілмеген қаржыны министрлік қайтарып алатын болады. Сол себепті, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында биылғы жоспарланған тұрғын үй көлемін міндетті түрде пайдалануға беруі тиіс. «Әкімдерге бағдарлама аясында жоспарланған көлемдерді сөзсіз енгізуді, бюджет қаражатын игеру бойынша шараларды қабылдауды тапсырамын. Өңірлік даму министрі бағдарламаның жүзеге асырылуына барынша қатаң бақылау мен мониторинг жүргізетін болады, өңір әкімдерімен бірлесіп, 2014 жылға арналған тұрғын үй көлемін пайдалануға беру бойынша меморандумдар жасауы қажет», – деген болатын С.Ахметов.

 «2015-2016 жылдары аралығында елімізде 10 млн. шаршы метр тұрғын үй бой көтеретін болады. Әрине, біз бұдан да көп соғуымыз керек. Алайда, ол үшін қолайлы жағдай жасалуы керек. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы мемлекеттің ұйымдастыруымен ғана емес, инвесторларды тарту арқылы да жүзеге асырылуы тиіс. Оның үстіне, бізге «Жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасын дамыту қажет. Себебі, бүкіл әлем осы бағдарламаны негізге ала отырып жұмыс істеуде», – деген-ді экс-премьер Серік Ахметов. Егер соңғы жылдары орташа алғанда 6-6,5 миллион шаршы метр құрылыс салынса, бұл бағдарлама бойынша 2012-2020 жылдары 69 миллион шаршы метр тұрғын үй салу қарастырылған. Осылайша еліміздің 1 миллионнан астам тұрғыны жаңа баспанаға қол жеткізеді деген үміт бар. 

Қазақстандағы тұрғын үйдің жалпы аумағының бір шаршы метрінің (2013 жыл, маусымдағы) орташа бағасы: 

Жаңа тұрғын үйдегі пәтер – 178 мың теңге

Көп қабатты үйдегі екі пәтер – 138 мың теңге

Көп қабатты емес үйдегі ескі пәтер – 81 мың теңге

Элиталы тұғын үйдегі ескі пәтер – 160 мың теңге.

 

Баспанасыздардың жолын жемқорлар бөгеуде


Еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы сыбайлас жемқорлық деректері 2013 жылы екі есеге өсіп кеткен. Егер 2012 жылы аймақтардағыны айтпағанның өзінде Өңірлік даму министрлігіне қарасты аталған салада 25 қылмыстық іс қозғалса, өткен жылы ол 31-ге жеткен. Сондай-ақ заңбұзушылыққа барған 49 қызметкер де тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 

Астанада «Нұр Отан» пар­тиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі республикалық Қо­ғамдық кеңес кезекті оты­рысын тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылықта белең алған сыбайластыққа арна­ған еді. Арнайы құрылған комис­сияның тексеруі негізінде анық­талған деректерді баяндаған Мәжі­ліс депутаты Омархан Өксік­баев: «Біз талқылаған салаға бай­ланысты тұрғындар тара­пынан арыз-шағымдар өте көп түседі. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының өзінде партияның қоғамдық қабыл­дауына 954 шағым қабыл­даныпты. Әкімдік­терге қарасты ТКШ-лардың жұмысы, бөлінген қаражаты негізінен, ашық емес. Халық­тың реніші де негізінен осы тұстан басталады. Әрине, жа­сы­­рын тұста жемқорлықтың өрістейтіндігі сөзсіз. Мәселен, Шығыс Қазақстан облы­сын­да «Нұрлы көш» бағдарла­ма­сын орындау барысында ТКШ 2026 адамның конституция­лық құқығын бұзған. Бірін­ші­ден, 3 млрд. теңгеге бағалан­ған үйлерді тұрғызуда заң та­лаптары сақталмаған. Екін­шіден, баспаналардың жылу жүйелері жұмыс істемейді. Нә­тижесінде, әрбір үй қыс ауа­сында электр энергиясы үшін 30-50 мың теңгеден тө­леуге мәжбүр болған. Оған на­разылық танытқан 400-дей адам республикалық трасса­ны жауып, билік өкілдерін өз реніштеріне назар аударуын сұраған. Прокуратураның тексеруі барысында құрылыс­ты жүргізген «Бытстрой» ЖШС басшылары Ж.Нұрлан мен Н.Құрманбековтің өрес­кел түрде заңды таптап жұмыс істегені әшкереленіп, қылмыс­тық іс қозғалған», – деп біраз деректі тізіп шықты.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысын­да партия филиалына бір жыл­да халықтан ТКШ-ға қатыс­ты 908 арыз келген. Солтүстік Қазақстан облысында да тұр­ғындардың шағымы шек­тен шыққаннан кейін облыс әкі­мі Самат Ескендіров Петро­павл қаласындағы тұрғын үй инспекциясына арнайы бей­небақылаулар орнатып, қатаң қадағалауға тапсыр­ма беріпті. Өйткені жұрт мемлекеттік мекемеде күн­ұзаққа кезекке тұрып, талапқа сай түрлі құжат өткізсе де, оның бірқатары жоғалып, қайта сандалады екен. Сондықтан да облыс әкімі әдейі қолдан жасалған кертартуды бақылау камерасы арқылы қадағалауды қолға алмақшы. Бірақ әрбір маманға бір-бір камера қойсақ та, бұл іс оңтайлы шешіле ме? 

Жалпы, ТКШ-ға тұрғындар тарапынан айтылатын реніш көп. Пара алу сәтінде құқық қорғау органдарының қолына түсіп жатқандар да жетерлік. Тіптен олардың ортасында облыстағы департамент бас­шы­лары да бар. Осы орайда Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитет басшылығының да жауап­кер­шілігі күшейтілуі керек, – дейді Өксікбаев. 


«Бесобадан» да сабақ алмадық…


Пайдалануға небәрі 2009 жылы берілген Қарағанды қаласындағы «Бесоба» жаңа ықшам ауданындағы тұрғын үй кешені үш жылдан кейін апатты деп танылып, бұзылған еді. Құлардан сәл бұрын ол үйдегі 138 тұрғын басқа жерге көшірілді. Бірақ үйінді астында тұрғындардың дүние-мүлкі қалды. Ақыры биліктің элиталық жаңа шағын ауданды тұтас бұзуына тура келді. «Бесоба» ісі бойынша 326 адам жәбірленуші ретінде танылып, прокуратура «тұрғындарға жалпы сомасы 3 миллиардтан асатын теңгенің зияны келтірілген» деген айып тақты. Сонымен бірге «Бесоба» тұрғын кешеніндегі үйлерді салған құрылыс компанияларына қатысты қылмыстық кодекстің 245-бабының 2-бөлімі бойынша («Ауыр зардаптарға соқтырған сапасыз құрылыс») қылмыстық іс қозғалған. Құлаған үйдің тұрғындары 545 миллион теңге шамасында шығынға ұшыраған. Құлаған пәтерлердің бағасы – 330 миллион теңгеге жуық.

Ал үйді салып бітіруге тиіс «Сервиспромснаб» ЖШС-нің директоры Андрей Маляновқа Қазақстан республикасы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Қарағанды облыстық департаменті 2011 жылы 15 шілдеде іздеу жариялап, құрылыс компаниясының бас инженері тұтқындалып, инженер Лятуновскийге үй құрылысын сапасыз жүргізді деген айып тағылған. Бұдан бөлек, жоспарлаушылар мен сапасыз құрылыс жүргізгендерге қатысты да тергеу аяқталып, олардың кінәсі толығымен дәлелденді. Дегенмен, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қатысты жарияланған рақымшылыққа ілініп, оларға қатысты қылмыстық іс тоқтатылғаны есте. 

Тұрғындар жұрт «Қарағандының қияны» деп атайтын Майқұдық шағын ауданына уақытша орналастырылды. Бірақ бұзылған үйлердің тұрғындары биліктің жайсыз баспана бергеніне наразы. Қарағанды билігі бұрынғы үйлердің орнына жаңа үй саламыз деп уәде берді. Сөйтіп, «Бесобаның» орнына «Шапағат» атты жаңа тұрғын үй кешені салына бас­тады. «Шапағат» тұрғын үй кешенінің құрылысын бас мердігерлер – «О.Т.А.Н» және «Оливия» фирмалары жүргізіп жатқанын хабарлады. Жобалаушы – «Сантехэнергопроект и К» компаниясы. Мұнда жалпы көлемі 50 мың шаршы метр болатын пәтерлер салынбақ. Бұрынғы бес қабатты үйлердің орнына 10 және 12 қабатты үйлер салу жоспарланған. Құрылысшылар «әзірше белгіленген мерзімнен кешікпей, үлгеріп жатырмыз» дейді. Шағын ауданды қалпына келтіруге мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінген, жеке меншік компаниялар да үлес қосқан. Сәтін салса, бұл үйлерден «Бесоба» тұрғындарынан басқа адамдар да пәтер алады. Себебі, «Бесоба» тұрғын үй кешенінен пәтер алу үшін үлескерлер де ақша құйған.

Баспана – адамның тек қана паналайтын жері емес, ол адамның өмірдегі басты шешілуге тиіс мәселесі. Сонау кеңес заманында да баспанаға, әсіресе, қалалы жерден қуықтай орын таппай тарыққан қазақ едік, бүгінде де қарық болып жатқанымыз шамалы. Қарапайым жұрттың қалың бөлігінің өз Отанында баспана мәселесін оңтайлы шешуіне шамасы жетпейді. Жеке баспанасының жоқ­тығынан қаншама отбасылардың бұзылып, тұрмыстық қылмыстардың саны көбейіп отыр­ғанын да жоққа шығаруға болмайды. Ал осы жайттарға терең үңілетін кім бар? 

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары