Қазақта батыр көп. Талғат жалғыз

Қазақта батыр көп. Талғат жалғыз

Қазақта батыр көп.  Талғат жалғыз
ашық дереккөзі
257

 Біздің айтып отырған Талға­тымыз – Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болған қазақтың қаһарман ұлы Талғат Бигелдинов. Отан қорғаушылар күні қарсаңында қаһарман ұлға арналып, «Подняться в воздух!» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Тұсаукесерге «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы қатысты. Тұсаукесер рәсімінде Бауыржан Байбек мырза: «Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алатын бұл мерекелер – шынайы қаһармандықтың, отансүйгіштіктің мейрамы. Осы күндерді мерекелеу арқылы, біз, аспанымыздың ашық, заманымыздың тыныш болуы үшін жан аямай күрескен сіздерге, біздің ардагерлерге зор алғысымызды білдіреміз», – дедi.  

Деректі фильмнің сценарийін Мәдениет қайраткері Лаврентий Сон жазған. Қоюшы режиссері – Ерген Тоқмырзин. Бас кейіпкердің жастық шағын жас актер Әзімхан Ахмет ойнады. Деректі фильмге Талғат Бигелдиновтің өзі түсіпті. Әрі фильм­де бұрын көрсетілмеген сирек кадрлар қолданылған. Аталмыш туындының көрерменге жол тартуына «Нұр Отан» партиясы мен «Алтын қыран» қайырымдылық қоры және «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйытқы болып отыр.  

Фильмде батыр Талғаттың екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жау бекінісін барлау мен шабуылдау үшін әскери тапсырмамен 305 рет әуеге көтерілген шынайы өмірін көрсетуге тырысқан. Түсіруші топ әуедегі ұрыс қимылдарының кейбірін компьютерлік анимация мен қойылымдық түсірілім арқылы жасап шығарды.

Бұған дейін генералдар С.Нұрмағамбетов пен Ә.Болсамбеков туралы деректі фильмдер көрермендерімен қауышқан еді. 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай, Кеңес Одағы Батыры атағын алған әрбір қазақстандықтар туралы шағын деректі фильмдер түсіру қолға алынбақ.  

«Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Қайдаров: «Талғат Бигелдинов туралы фильм бір жыл бойы әзірленді. Деректі фильмде соғыс жылдарында ел қорғауға шақырылған 19 жастағы жігіттің тағдыры жан-жақты суреттелді. 1942-1945 жылдардағы зұлматты жылдарды бастан кешкен кейіпкердің тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды. Қыр баласы фашистер «Ұшқыш танк» деп атап кеткен өзінің «ИЛ-2» ұшағымен алғашқылардың бірі болып Берлинді, Кавказ бен Украинаны азат еткен болатын», – деді.

Қазақтың батыр ұлына арналып түсірілген деректі фильм алдағы күндері телеэкранға жол тартпақ. 9 мамыр күні «Астана» мен «Хабар» арнасы көрерменге ұсынатын болады. 

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары