Кеудесінен сары алтындай сапырған кен...

Кеудесінен сары алтындай сапырған кен...

Кеудесінен сары алтындай  сапырған кен...
ашық дереккөзі
586

Зордан Салықбайұлын сонау ХХ ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап білемін. Бірге жүрдік, бірге ойнадық, балалықтың бал дәуренін бірге өткізіп, жігіттікке де бірге қадам басқан досым еді. Білімді, мәдениетті, оның үстіне сыршыл ақын болатын. Ол 44 жасында өмірден озды. Бірақ жас кетсе де, артында ұлағатты сөзі, ақындық жыры қалды. Ол поэзиямен қатар прозаға, тіпті аудармаға да қалам сілтеді. Әттеген-айы бүгін біз Зордан туралы естелік жазуға мәжбүрміз. 

Зордан Салықбаев 1944 жылы «Жаңаталап» ауылында дүниеге келген. 1950 жылы сол жердегі жетіжылдық мектептің бірінші сыныбына барды. Жастайынан аурушаң болып өскен Зордан 1-2 сыныптарды жарым-жартылай үйде жүріп өткізген-ді. Соған қарамастан зерделі бала қай пәнді болмасын өз қатарынан жетік білетін. Ол туралы өзімен бір сыныпта оқыған досы былай деп еске алады: 

«Оның денсаулығы бала кезінен-ақ нашар болды. Көп ауы­ратын. Бірінші сыныпта қыс бойы тіпті сабаққа келе алмады. Бірақ күн жылысымен қатарымызға қайта қосылған-ды. Бір таң қалатын жайт, сөйтіп жүрсе де мұғалімнің сұрағына бізден бұрын жауап беретін және небір қиын есептерді тез шығаратын».

 1960 жылы Қармақшыдағы №26 мектепте оныншы сыныпты бітірген Зордан туған ауы­лында колхоздың радисі болып жұмыс істеді. Осы жұмыста жүріп, колхоз радио торабында шаруашылық танысын көрсететін жақсы хабарлар ұйымдастырып, ара-арасында өзінің алғашқы шығарған өлеңдерін де оқып қоятын. 

Зорданның ата-анасы өте қарапайым шаруа отбасынан еді. Біздің тез достасып кетуімізге де сол себеп болып, тіпті кейде бір-біріміздің үйімізге қонып қалып жүре беретін едік. Жазда да, қыста да іргеміз бірге болды. Зорданның әкесі Салықбай ақырын сөйлейтін сабырлы жан. 

Елдің жаз жайлауы «Қарата­бан», «Бодаш арығының» өңірі еді. Төменнен Мәдениет жарма­сының аяғы – үлкен канал өтетін. Біз ыстық күнде сол каналдың жағасында аунап-қунап, суына түсіп, асыр салып ойнаймыз. Кейде ересек балалардың шамалы әлімжеттік жасайтыны бар. Сондайда Зорданның үйіндегі анамыз: «Айналайындарым, біздің Зорданды суға тұншықтыра бермеңдер. Ол зарығып көрген жалғызымыз ғой», – деп балаларға қайта-қайта тапсыратын. 

Зордан алғашқы өлеңдерін 1960 жылдары жаза бастаған. Ал жыр жолына біржола ден қойғаны 1963 жыл шығар. Бұл кез Зорданның Қызылорда пединститутының студенті кезі. Міне, осы кезеңнен бастап өрілген сезім серпілістері жыр болып құйыла берді бойына. Онымен бірге той-жиындарда дастарқан басында отыру бір ғанибет. Оның қай жағынан болмасын бәрімізден басымдығы айқын сезіліп тұра­тын. Өзінің күн­делігінің бір жерінде былай деп жазыпты: «Менің шығармашылығыма бас­па­сөз беттерінде ең алғаш пікір білдіруші ағамыз Қанапия Дәрібаев. Ол «Өлең өмірлі болсын» деп жазған шолу мақаласында былай депті: «Қармақшы өндіріс бас­қармасындағы «Жаңа­та­лап» колхозының радисі Зор­дан Салықбаевтың қысқа өлең­­дерін­де өмір шындығын, заманы­мыз­дың ұлылығын жыр­лау­ға тал­пынғандық бар». Осы бір сөз біздің Зорданның бойына үлкен ша­быт қуатын берген сияқты. Қанапия ағасының бұл бағасынан қатты әсерленген бас-аяғы жұп-жұмыр әсем жырларын төгіп-ақ тастады. 

«Жігітті орта өсіреді» демек­ші, Зорданды ақын еткен де өз ортасы болатын. Бойындағы ақындық ұшқын жел беріп, талантын кеузеген, біріншіден, қасиетті Сыр өңірі болса, екіншіден, Қызыл­ордадан қаулап шыққан таланттар екені анық. Олар Серік Сейітмағамбетов, Базарбай Исаев, Тыныштықбай Мұрынбаев, Балтабай Тәжімбетов, Махмұдбай Әміреев, Балашбек Шағыров, Темірше Сарыбаев, Әскербек Рахымбеков, тағы басқалар болатын. Сол 1960-1963 жылдарда көрінген жас ақындар бүгінде республикаға танылған көрнекті ақындар. Солардың басында Зордан тұрған-ды. Оны Зорданның өз сөзімен берер болсақ: «Баяғыда бір қазақ: «Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында, қыздардың болдым таныс бәріменен» – деген екен. Сол айтпақшы, бес-алты ауыз өлеңнің арқасында мен де әдебиеттегі адамдармен таныс болдым-ау. Олар: филология ғылымдарының кандидаттары – Ә.Қоңыратбаев, А.Тұрбеков, Г.Смағұлова, Р.Сәрсенбаев, О.Байжолов және ақын-жазушылар З.Шүкіров, Д.Тасекеев, Н.Сералиев т.б. Адамды осы орта өсіреді ғой. Егер мен оқымай ауылда қалып қойғанда жазбас па едім, кім біледі? Ондайлар аз ба?», – депті 1965 жылдың қазан айында. Ақынның өзі жазып қалдырғанындай институт қабырғасында жүргенінде жазған жырлары өте сәтті шығып отырды. Студент шағында топқа түсіп, талай бәйгенің алдын бермеді. Содан да болар, облыстағы, тіпті, республика орталығында тұратын белгілі қаламгерлер Зордан шығар­машы­лығына ден қойып, өз пікірлерін айта бастағаны. 

Бүгінде республикаға танымал ақын-жазушы Қомшабай Сүйеніш 1965 жылы Зордан өлеңіне жазған пікірінде: «Зордан Салықбайұлының өлеңдерінде сезімге тиетін жылылық бар. Ол өмір құбылыстарын өзінше түйіп, өзіндік тың ой айтуға талпынады», – деген еді. 

1974 жылдан бастап 14 жылдай аудандық газеттің редакторы бола жүріп, бір жағынан өлең жазып, кейін келе-келе прозаға да қаламын молынан сілтеді. Жалт етіп, қамшы сабындай ғана ғұмыр кешкен Зорданның өлеңдері оқырманды өзіне еріксіз тартады. Зорданның ешкімге ұқсамайтын өзіндік жолы бар. З.Салықбаевтың 1988 жылы «Үміт толқыны», 1996 жылы «Жазылып қалған жан сырым» т.б. жинақтары жарық көрді. «Кеудемнен сапырдым кен» атты өлеңінде:

Мен баймын, батырмын мен, 

 ақынмын мен

Кеудемнен сары алтындай 

сапырдым кен.

Атамнан қалған мүйіз алақанмен 

Қиялдан шындық жасап 

жатырмын мен.

Сөзімнің сазын аңдар, назын аңдар 

Еліме еркелеймін, базынам бар.

Көлденең көк тиынның керегі жоқ,

Мың жылға таусылмайтын қазынам бар.

Алдымда қанша күн бар қанша

түн бар:

Адал еңбек, тек сендер шаршатыңдар,

Ақсақ арман, тек сендер аңсатыңдар!

Өзіме-өзім берген мансабым бар.

Арғымақ қарқынындай қарқыным бар,

Найзағай жарқылындай жарқылым бар.

Ешкімнен байлық, дәулет сұрамаймын, 

Мың жылға жететұғын 

алтыным бар.

Мен баймын, батырмын мен, 

ақынмын мен

Кеудемнен сары алтындай 

сапырдым кен.

Атамнан қалған мүйіз алақанмен 

Қиялдан шындық жасап 

жатырмын мен, – деп жырлаған. 

Зордан өлең жазумен қатар домбыра тартып, ән шырқайтын. Күлкісінің өзі ерекшеленіп тұратын. Бірде би үйренейін деп, жоңышқалықта бір-бірімізді құшаққа алып билегеніміз бар-ды. Сонымен онжылдықты екеуміз екі жақта бітірдік. Ол ауылда радис, кейіннен мен киномеханик болып жұмыс істедік. Қаратабаннан колхоз орталығына атпен қатынайтынбыз. 1962 жылдың 30 қарашасында Қызылорда қаласынан поезға мініп, Ресейдің Мелекес қаласынан бір-ақ шығып, солдаттық өмірді өткіздік. 1964 жылдың қараша айында 10 күнге демалысқа келіп, бір-екі күн ауылда жүріп, Қызылордадағы пединститутта оқып жүрген Зордан досымды іздеп тауып алып, студенттер кешіне барған едім.

Сол кеште Базарбай Исаев, Қар­ғабаев т.б. Зорданның достарымен танысқаным күні бүгінге дейін есімде. Жастар кешінде ән-жыр айтылып, өлең оқылып, би биленіп жатты. Сонда досымның мен көрмеген 2 жыл ішінде рухани өскенін көріп, риза болып аттанған едім.

Институтты айрықша дипломммен бітірсе де, ата-анасының өтінішімен Қызылқұм жиегіндегі Аққыр совхозындағы орта мектепке мұғалім, кейіннен директордың орынбасары болып, ұстаздық жолын бастаған-ды. Сол жылдарда өзінен сабақ алған Дина атты шәкіртін ұнатып, кейін үйленіп, ұл-қызды болды. 1974 жылы Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетінде бөлім меңгеруші, аудандық партия комитетінде саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, 10 жылдан астам Жалағаш аудандық газетінің редакторы қызметін атқарды. Кейін ҚазМУ-дің журналистика факультетінде сырттан оқып жүргенінде Алматыда қайтыс болды. Зордан досымды соңғы сапарға шығарып салу, келген қонақтарды жайлау, тағы басқа шараларды атқаруға араластым, үйінде, мейрамханада өткізілген шараларды басқардым десе болғандай. 

Зордан Салықбаевтың 50 жылдығын өткізуге араласып, облыс орталығындағы ақын ағалары мен баспасөз өкілдерінің басып қосып, кеш өткізіп, кеш жалғасын үйінде жалғастырған едік. 

Өмірдің бұралаңы көп. Зорданның жары Дина еріне қолынан келгеннің бәрін жасады. Тіпті, кітаптарын несие ақша алып та шығарды. Елі барда, ақынды сүйер оқырманы барда Зордан Салықбаев сияқты қаламгер есімі ұмытылар емес. Дарынды ақынның 70 жылдық мерейтойын Сыр елінің азаматтары бас болып өткізер деген үміт көп. Бірақ, кім білсін?..

Тынышбек Дайрабай,

зерттеуші, жазушы

Серіктес жаңалықтары