Ана тілінің сақшысы

Ана тілінің сақшысы

Ана тілінің  сақшысы
ашық дереккөзі
380

Тумысынан бекзаттық пен дегдарлық дарыған адамдар болады. Бұндай адамдар өздерінің парасатымен, биік болмысымен дараланады. Даралық пен тұлпарлық егіз ұғым емес. Нағыз тұлпар басқа бәйге аттарынан, құрығанда, басы озық жүргенін қалайды. «Нағыз тұлпардың мінезі де ерен, бәйгеге түскенде басқа аттың тұяғының дүбірі құлағына естілсе, намыс­тан өліп кетеді» дейтін баяғының қарттары. Тұлпар мінездер ғылымда болмайды, ғылымда «ақырын жүріп, анық басатын» адамдар ғана тұрақтайды. Бірақ бұлар да тұлпарлар сияқты топтық дүбірдің ішінде жүреді. Бұл дүрлігіс бәйгеден гөрі, көкпардағы додаға келетіндей. Бұл дүрлігіс – қасиетті ана тілі үшін жүріп жатқан майдан. Ана тілінің болашағы үшін жүріп жатқан күрес ешқашан тоқтамайды, сондықтан бұл майданда нарық заманында бәрін тәрк еткен нағыз фанат ғалымдар өз арпалысын тоқтатпауда. Тоқтатуға құқығы жоқ, себебі ананың тілімен, әкенің құтымен бойға сіңген асыл қанның қасиеті басқаға мойын бұрғызбайды. Бұл ғалымдарды ана тілінің сақшысы деуге әбден болады. Бұл адамдардың өмірі де шынайы, қоғамдағы әлеуметтік қызметі де шынайы. Бұндай ғалымдарға шәкірт болуға асығатын жастар жоқ емес, себебі шынайылық пен қарапайымдылық кез келген адамды өзіне тартатын асыл қасиеттер. Астамшылдық пен мақтаншақтық, төс керу, «бірдеңеге жеттім», «болдым-толдым» деу, қарапайымдылық қонған ғалымдарда мүлдем жоқ, болған емес. Керісінше, білу, жету, анықтау, дәлелдеу, көрсету сияқты еңбекқорлықты қажет ететін қасиеттер адамдардың басты көрсеткіштері. Білу, жету, анықтау, дәлелдеу, көрсету сияқты әрекеттер кез келген адамды зерттеушілікке алып келеді. Ал зерттеуші атану ана тілі жанашырларының бәрінің қолынан келетін іс емес. Зерттеуші дегенге бүгіндегі диссертация қорғаған адамның бәрі жатады десек те қате болар. 

Нағыз зерттеушінің тағы бір ерекшелігі – оның зерттеу сұрақ­тарының көп тарамды болып келуінде де ме екен деп қаласың. «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болу керек» демей ме дана хал­қымыз. Сондай-ақ, «өнерді үйрен, үйрен де жирен» дейтін де сол халық емес пе? Қоғам қайраткері, белгілі түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, көптеген жылдар бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ұстаздық қызметті абыроймен атқарып жүрген Берікбай Сағындықұлы – қазақ тілшілерінің майталманы.

Профессор Берікбай Сағындық­ұлының зерттеушілік қызметінің биік жетістігі; ол түркітану саласында дауысты, дауыссыз дыбыстарының түпкітектерін алғаш рет ашқан ғалым. Бұл ғылыми нәтижеге жету үшін қанша жыл кеткенін есепке алу мүмкін емес. Бұндағы ізденіс академик Ә.Т. Қайдаридың ұсынысымен, сонау 1960 жылдардың аяғында Мәскеудегі атақты түрколог Ә.Наджипке шәкірт болғаннан басталғаннан тоқталған емес. Ғалымды нағыз тіл тарихының білгірі деген атаққа жеткізген оның баяғы көне түркі-қыпшақ ескерткіштерін аударып, тілін түзуі. Оның басты өмірдегі кредосы, тіпті, сүйікті ісі халқымыздың асыл жауһарларын халқымызға жеткізу. Ол көптеген жылдар тер төгіп, «Һибат-ул-хақайиқ», «Мухаббат-наме», Рабғузидың «Қисса сул-анбия» т.б. тарихи ескерткіштерді ескі араб қаріптерінен қазақ тіліне аударып, олардың транскрипциясын жасап, түсіндірмелі сөздігін, жиілік сөздігін жарыққа шығарды. Міне, нағыз тіл тарихын зерттеушінің мерейі. Өз ісіне шәкірттерін де тартып, қасиетті тіліміздің қайнарын құрайтын басқа ескерткіштердің ана тілімізге қатысын анықтауға күш салуда. Ғалымның тағы бір бақыты – ұстаздығы. Ұстаздық қызметте жүргенде, тек тіл тарихы ғана емес, қазақ тілі лексикологиясы саласы да кенже қалғанын байқаған ол, бұл саланы да дамытуға тер төкті. Әсіресе, қазақ семантикасы, оны құрайтын көптеген салалары да қазақ тіл білімінде қарастырылмай қалып қойғанын байқап, көптеген зерттеу еңбектерін жазып, студентерге арналған оқулықтарды жарыққа шығарып, көптеген шәкірттерді осы салаға тартты. Ғалымның тағы бір жетістігі – орта ғасыр түркі ескеркіштерінің маманы атанып, «Алтын Орда» дәуірі ескерткіштерінің қазақ түркітануында зерттелуіне атсалысқаны деп білеміз. Халқымыздың мақтаныштары Ә.Т. Қайдаров, М.Томанов, Ә. Құрышжанов, А. Ибатов, Ә. Керімов, Ж.А. Манкеева т.б. зерттеушілермен бірге осы бір күрделі саланың қазақ тіл білімінде терең зерттелуіне өзінің қомақты үлесін қосты. Шәкірттер тәрбиеледі, ұстаз жолын солар іліп әкетті деуге болады.

Филолог болса да, ел мойындаған теолог атанған Берікбай қажы Сағындықұлының азаматтық болмысының кесек қыры – оның имандылық ұстанымы. 1990 жылдары өзінің саяси идеологиясы жоқ, жас тәуелсіз елімізде жастарымызды жат діни ағымдар мен арам пиғылды секталардан қорғау үшін, көзінің майын тауысып, имандылық пен ислам дінінің мәнін ұғындыратын «Ғаламның ғажайып сырлары» зерттеуін қалың көпшілікке ұсынды. 

«Ислам әлемі», «Түркістан», «Атамекен» «Заман-Қазақстан» тағы басқа мерзімді баспасөзге «Мысық неге жерге төрт тағандап түседі», «Діннің көбею себептері», «Шайтан түрлері», «Дін және философия», «Ислам және ұрпақ тәрбиесі» т.т. көптеген мақалаларын жариялап, халқымыздың дұрыс жолға түсуіне жол ашты. 

Тіл тарихының білгірі Берікбай Сағындықұлының басты арманы – көне қазақ тілінің алғашқы бастауларын, көне қазақ тілінің басталу кезеңдерін анықтау, дүйім қазаққа көрсету. Кеңес Одағы кезінде, тіпті, көне қыпшақ тілі деп айта алмаған қазақ түркологтарының заманы енді туды десек қате болмас. Осы арманға жету үшін профессор Берікбай Сағындықұлы көптеген шәкірттерінің басын қосып, ғылыми-шығармашылық топ құрып, жүрегі қазағым деп соққан намысшыл азаматтардың демеушілігімен «Қазақ тілінің тарихы» атты үлкен жобаны қолға алды. Көне қазақ тіліндегі формасы және мағынасы бірдей сөздерді, дыбыстары ауысқан, алайда мағыналары өзгермеген, сондай-ақ, мағыналары не кеңейген, не тарылған сөздерді жіктеп, теріп жазып, жүйелеу арқылы көне қазақ тілінің сонау көне түркі дәуірінде қалыптасқанын дәлелдеуге болатынын ғылыми тұрғыдан әдіснамасын жасап, тұжырымдай білді. Сол мехнатты еңбектің нәтижесінде 2013 жылы «Қазақ тілінің тарихы. Фонетика» зерттеуі қос кітап болып, жарыққа шығып, халыққа жол тартты. Бұл серияның келесі томдарының ғылыми жүйелілігін сарабдал ғалым Б. Сағындықұлы жіті қадағалап қана қоймай, «Этимология» саласын молынан қамтып жазуда. Қазақ тілі майданының қарт сарбазы – Б. Сағындықұлы өзінің ғылыми жолында қырыққа жуық ғылыми атаққа ие шәкірттерді тәрбиелеп, ғылымға алып келген жан. Шәкірттері арқылы бағы жанған – ұстаз екені даусыз. Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің профессоры Берікбай Сағындықұлы мерейлі жас 75-ке жары Бақытгүлмен балалары және немерелерімен бірге, амандықта, «төрт көзі түгел» жетіп, толып отыр. Ұстаздың алдын көрген қаншама мың шәкірттер қазақ тілінің көзі қарақты білгірі әлі де өз тұғырынан түспей, қасиетті ана тіліміздің мерейін асқақтатуға өзінің титімдей болса да үлесін қоса беретініне еш шүбә келтірмейді. 

Ғабит Хасанов, 

филология ғылымдарының докторы, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры 

Орал қаласы

Серіктес жаңалықтары