ЗАХИР ӘД-ДИН МҰХАММЕД БАБЫР

ЗАХИР ӘД-ДИН МҰХАММЕД БАБЫР

ЗАХИР ӘД-ДИН  МҰХАММЕД БАБЫР
ашық дереккөзі
1480
Көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты қолбасшы, ақын, ғұлама ғалым Захир әд-дин Мұхаммед Бабыр өз заманының аса білікті тарихшысы да еді. Ол 1483 жылы 14 ақпанда Әндіжан қаласында туған. Әкесі Омар Шайхы атақты Әмір Темірге туажат. Анасы шағатай әулетінен шыққан Жүніс ханның бәйбішесінен туған Құтлық Нигар ханым. Жүніс ханның тұңғыш қызы Михр Нигар ханым, кенже қызы Хуб Нигар ханым қазақтың белгілі тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің анасы. Бабыр мен Мұхаммед-Хайдар туыстық жағынан бөле. Бабырдың араб және парсыша мағынасы «арыстан, қолбасшы, барыс» дегенге саяды. Ол атына заты сай болып өскен. Бала кезінен өнерге, білімге құштарлығымен әке-шешесін, ұстаздарын тәнті етсе керек. Түркі тілімен қатар араб, парсы тілдерін де жетік меңгеріп, шығыстың классикалық поэзиясынан нәр алған, философия, табиғаттану ғылымдарын бас алмай оқып, сәулетшілік пен соғыс өнерін де игеріген. Бозбала шағында қайсарлығымен, өжеттігімен де таныла бастайды.  1494 жылы Бабыр екі жасқа қараған шағында әкесі Омар Шайхы дүниеден өтеді. Олардың інісі Сұлтан Ахмет сол кезде Самарханның әмірі еді. Ол Ферғана әмірлігіне қызығып, ағасының тағын иеленбек болған. Алайда Омар Шайхының бектері оның келуін қаламайды да, Бабырды шұғыл түрде таққа отырғызады. Бұл кезде Самарқан, Бұқар, Тәшкент, Әндіжан, Хисар, Кабулды басқарып отырған Ақсақ Темір тұқымдарының бір-бірімен қарым-қатынасы шиеленісіп, өзара жауласып жатқан. Бұрын аса қуатты болған империяның әбден әлсіреген шағы еді. Бектердің ақыл-кеңесімен Бабыр Мауренақырда бір орталыққа бағынған мемлекет құрып, Темір ұрпақтарының әр жерде шашырап жүрген әскерін топтастыруды қолға алады. Бірақ бұл мақсатына жету оңайға соқпады. Бірнеше майданда күрес жүргізуіне тура келді. Әуелі өзінің туған қаласы Әндіжанды немере ағасы Ахметтің шабуылынан, екінші жағынан, өзі отырған тағын туысы Жиһангерден қорғап қалуға тура келді. Дегенмен Сұлтан Ахмет кенеттен қайтыс болып, артында орнын басар ұрпағы болмағандықтан Самарқанда Темір әулетінің арасында таққа талас басталып кетеді. Бұл жағдайды солтүстіктегі көшпелі өзбектер ханы Шайбани хан пайдаланып қалғысы келіп, қол астындағы адамдарын жинап, Самарқанға қарай шеру тартады. Бірақ самарқандықтар оларға қарсы тұрып, өз қалаларын қорғап қалды. Шайбани бірден Қаршы мен Шахрисәбіз қалаларын жаулап, содан кейін Бұқараға бет бұрған. Қаланы үш күн бойына қоршап, жан адамды сыртқа шығармай қойған соң қала бектері Шайбаниге берілуге мәжбүр болады. Шайбани Бұқараны басып алған соң әскері күшейе түседі. Содан қатты қаймыққан Бұқара бектері Бабырға және Тәшкенттегі Әмір Уәйіске жасырын келіп, көмек сұрайды. Олар қол жиып, Самарқанға жол тартқан. Өкінішке қарай, мұндағы билікті Сұлтан Әли мырза өз қолына алып қойған екен. Сұлтанның маңайындағы бектері опасыздық жасайтын әрекеттерін байқап, ол өзіне сенімді аз ғана адамдарымен жасырын түрде қаладан шығып кетеді. Ал әлгі бектер қала халқының мүддесін сатып, Шайбаниды үлкен құрметпен қарсы алады. Бұл 1500 жыл болатын. Солай Ақсақ Темір әулетінің көне астанасы Самарқанға Шайбани ешқандай қарсылықсыз кіреді. Самарқанда аса ірі ғұлама Абул Мекарим тұратын. Ол Шайбанидің билікке келгенін оң көрмей, Бабырға арнайы хат жазып, жансызын аттандырады. Ол хатында бабасы Темірден қалған астананы күшпен басып алып, мұра ретінде таққа Бабырдың отырғанын қалайтынын айтқан. Соған көнсе, қала қақпасын өзі ретін тауып ашып беруге уәдесін береді. Бабыр оның бұл ұсынысын қабыл көріп, біраз әскерімен Самарқанға тосын келеді де, түнде қалаға кіріп, шырт ұйқыда жатқан Шайбанидің әскерін қырып салады. Ертеңіне өзі таққа отырып, Самарқанның билеушісі екенін жұртқа жариялаған. Бірақ бұл қала халқының жиі-жиі болған ұрыстардан қалжырап, аштыққа ұрына бастаған кезі еді. Бабыр өз әскерлерінің ауырлық қылатынын біліп, оларды Ферғанаға қайтарады. Соны білген Шайбани тез қол жинап, Самарқанға шабуыл жасайды. Бабыр шағатайлықтар мен моғұлдарға ат шаптырып, көмек сұрайды. Олар келгенше қала халқынан әскер жасақтап, Шайбанидің бірнеше шабуылын тойтарған. Екі жақтың үлкен соғысы Зарафшан өзені бойында болып, Бабырдың қолы жеңіліске ұшырайды. Бабыр қалған жасағымен қалаға кіріп, қақпаны жауып алады. Шайбанилықтар қаланы төрт ай бойына қоршап, сырттан азық-түлік кіргізбейді. Қаланы аштық жайлайды. Қаланың біраз бектері аштық азабына шыдамай Шайбани жаққа өтіп кеткен соң Бабыр тас қараңғы бір түнде Самарқанды тастап, Тәшкендегі моғұл ханы Махмұдқа барады. Шайбани Самарқанды басып алуымен тоқтамай Бабыр билеген Әндіжанды да өзіне қаратып алды. Бабыр Махмұдтан әскери көмек сұрап, Әндіжанды қалайда өзіне қаратуға кіріскен. Махмұд оған қол жасақтап береді. 1501 жылы Сырдария өзенінің бойында екі жақтың әскері қақтығысып, Бабыр тағы да жеңілістің ашы дәмін татып, шегінуге мәжбүр болады. Моғолстанның солтүстік шығыс жағында қанша бой тасаласа да шайбаниліктер қудалауын қоймаған соң, 1504 жылы ауған жеріне асып, Кабул бектерінің көмегімен сондағы билікті өз қолына алған. Ол осында жақсы жарақтанған әскер құрап, Шайбанимен соғысқа дайындалады. XVI ғасырда Кабул ірі сауда орталығы болған. Кабул мен Кандагар Үндістанға баратын сауда жолының торабында екенін айта келіп, Бабыр былай дейді: «Кабулға Ферғанадан, Түркістаннан, Самарқаннан, Бұхара мен Балқыдан, Хисар мен Бадақшаннан керуен келіп жатады. Жыл сайын Кабулға 7-8 немесе 10 мың бас жылқы айдап әкелінеді. Төменгі Үндістаннан он-он бес немесе жиырма мың саудагерлер өздерінің керуенімен келіп, Үндістаннан құл, ақ мата, дәмді тағам, тазаланған-тазаланбаған қант, дәрі-дәрмектік шөп пен жеміс жеткізеді. Кабулда кездестірмейтін затыңыз болмайды, мұнан Хорасаннан, Ираннан, Румнен, Чиннан келген заттарды да ұшыратасыз. Бұл жер Үндістанның сауда торабы тәрізді». («Бабырнама». 9-бет. «Жалын» баспасы. 1990 жыл. Аударған Байұзақ Қожабеков). Бұл кезде өзбек ханы Мұхаммед Шайбани өз жеңісіне масаттанып, Темірдің ұрпағының бірі Сұлтан Хусайынның әмірлігін басып алуды ұйғарған еді. Оның сол ойын сезіп қалған Хусайын Хатлан, Куляб, Кундуз, Бадахшан әмірліктеріндегі өз бауырларымен одақ құрып, қарсы тұруға әзірленеді. Бұл одаққа Бабыр да қосылады. Бәрі одаққа Хисардың әмірі Хусрау шахты басшы етіп сайлап, шайбаниліктермен соғысқа сақадай сай тұрған. Олар сол жылдың шілде айында Құндызға қарай аттанады. Шайбани әскерлері оларға жолда күтпеген жерден тосыннан шабуыл жасап, қиян-кескі шайқаста жеңіске жетіп, Хусрауды тұтқындайды. Содан кейін одақтастар арасында да бірлік болмай, тарап кетуге мәжбүр болған. Сол жағдайды пайдаланған Шайбани Бұхарадан Хорезмге шабуыл жасап, оны басып алады 1505 жылы Үргенішті жаулап алады. Хусайн 1506 жылы мамырда бақилық сапарға аттанған. Оның орнын балалары Бадиуззаман мен Мұзаффар-Хұсайын басады. Шайбани Темір әулетін толық жеңу үшін оларға қарсы шабуылын тоқтатпайды. Сол жылы Балх қаласын жаулап алған. Күзде Бадиуззаман мен Мұзаффар-Хұсайын әскерімен Балхқа келген. Оларға Бабыр қосылады. Бұл кезде Шайбани әскері де соғыстан әбден қажыған еді. Әскерінің жағдайын білген Шайбани Темір әулеттерімен соғыспай, Мауренахрға қарай шегініс жасайды. Ал бірлескен күш оның ізіне түсіп, талқандаудың орнына келер жылдың көктеміне дейін соғыспауды жөн көрген. 1507 жылы мамырда Шайбани хан Әмудариядан өтіп, Хорасан жеріндегі Сұлтан Хұсайнның астанасы Гератты басып алып, іргедегі Иран жеріне көз тігеді. Алайда 1508 жылы қазақтар мен моғұлдар бірігіп, Шайбани әскерімен Сырдарияның бойында шайқасып, жеңіске жеткен еді. Сол кезден бастап шайбанилықтар әлсіреп, бұрынғы қуатынан айырылады. Осыны аңдып отырған Иран шахы Исмайыл соғысқа қамданып, 1510 жылы Хорасан жеріне баса-көктеп кіреді. Өзінің әскерінің қауқары болмайтынын сезген Шайбани аз ғана қолымен Мерв қаласына барып бой тасалайды. Исмайыл оны өкшелеп қуып келеді. Кезекті бір қақтығыста Шайбани қаза тауып, Исмайыл Гератқа толық иелік етеді. Бабыр өзінің қас жауы Шайбанидың қайтыс болғанын естіп, оның қол астындағы жерін қайта тартып алуға кіріскен. Өзінің осы ойын Иран шахына айтып, көмекке әскер беруін өтінеді. Шах өтінішін қабыл алып, әскер жасақтап берген. Ол Кабулдан басталып, Әмудариядан өтіп, Хисарды жаулап алады. Шайбани әулетімен одан әрі соғыса отырып, Мауренахрдағы Кулыбты, Кундузды, Бадахшанды өзіне қаратып, 1511 жылы әскери соғыс жорық жолын Самарқанға қарай бұрады. Бабырды самарқандықтар үлкен қуанышпен қарсы алғаны Мұхаммед-Хайдар Дулатидің әйгілі «Тарихи-Рашиди» кітабында айтылады: «Бұл ғажайып жеңістен соң өзбектер ойланып, аяғын тарта бастады. Осы оқиғаның ізінше Хамза сұлтанның талқандалғаны, сол шайқаста оның Бабыр патшаның қолынан өлтірілгені жайлы хабар жетті. Ал содан кейін біраз уақыт өткен соң Бабыр патшаның Самарқанға келгендігі, оны Самарқан елінің қалай қарсы алғандығы туралы хабар келді. Бұл оқиға қалған өзбектердің барлығының қашуына себеп болды. Олардың желдей зымырап қашқаны соншалық, ешкім шаңына да ілесе алмады». (Мұхаммед-Хайдар Дулати. «Тарихи-Рашиди». 286-бет. Алматы 2003 жыл). Бабырдың Иран шаһы Исмайылмен одақ­тас болғаны самарқандықтардың көңілдеріне қаяу салады. Мешітте Хутба оқылып, қы­зылбастардың он екі иманының аттары аталынып, Исмайыл шаһтың да есімі қосыла оқылады. Содан самархандықтардың Бабырға көңілдері суып қалады. Бабыр оларға сенгендігі соншалық Иран әскерлерін еліне қайтарған. Өзбектер оның осы қателігін тап басып,1512 жылы Мауренахрға шабуыл жасайды. Сол жылы Иранның Нәжімсани бастаған 60 мың қолы Әмудариядан өтіп, Термез маңындағы Бабыр қолымен қосылады да, Хизарды және Қаршыны басып алады. Бұдан кейін олар Гиджубанға қарай аттанады. Шайбани әулеті Гиджубанға бұлардан бұрын келіп, соғысқа әзірленеді. Олар әскерін көше бойына жасырып, қызылбастар мен Бабыр қолын күтеді. Қалың қол қалаға кірген кезде әлгі жасырынып жатқан шайбанилықтар тұс-тұстан атқылап, көп шығынға ұшыратады. Солай олар жеңіліске ұшыраған. Иранның әскер басы Нәжімсани сол соғыста қаза тауап, Бабыр Кабулға шегінеді. Бабыр Кабулда бірнеше жыл бойына әскер жинап, оларды соғысқа дайындайды да, шекаралас жатқан Үндістанға шабуыл жасайды. «Бабырнаманың» үшінші бөлігінде автор Үндістан туралы былай деген: «Бұл – бір ғажайып өлке. Біздің жермен салыстырғанда мүлдем басқа дүние. Оның тауы, өзені, орманы, даласы, қаласы, аймағы, жан-жануарлары, хайуанаты, өсімдігі, адамы мен тілі, жаңбыры мен желі бәрі-бәрі де біздің жерге, біздің елге ұқсамайды. Кабулға шекісіп жатқан ыстық аймақтардың кейбір табиғат көрінісі Үндістанға ұқсас болғанмен, басқа жағдайы жер мен көктей. Синд өзенінен өтсең болды, жері мен суы да, ағашы мен тасы да, адамы мен әдет-ғұрпы да айна-қатесіз Үндістандағыдай». («Бабырнама» 5 бет. «Жалын» баспасы. 1990 жыл) Ол 1526 жылы қарашада 12 мың әскерімен Пенджабқа басып кіреді де, Делиге қарай жорық жолын жалғастырады. Жол үстіндегі Пенипат жанындағы шайқаста Үндістанның тағдыры шешіледі. Бабырдың жақсы дайындалғанәскері соғыс өнеріне жетік еді. Қызылбастардың зеңбірекпен атқылауын, шайбанилықтардың «толғама» атты әскери тактикасын жетік меңгерген. Сол соғыста бабырдың әскері Дели патшасы Ибрагим Лодидың 40 мың қолын талқандап, Ауғанстан мен Үндістан жерінде «Ұлы моғолдар империясын» құрады. Бабыр мұнда тамаша құрылыстар салып, ақындар мен ғалымдарын жинап, кең ауқымда мәдени жұмыстар жүргізеді. Ибрагимнің анасы ұлының өлімін Бабырдан көріп, асына у салып өлтірмекші де болды. Оның үстіне Үндістанның күйіп тұрған ауа райы да денсаулығына жақпады. Содан өмірінің соңғы кездері аурушаңдау күй кешіп, 1530 жылы 26 желтоқсанда Аграда мәңгілікке көз жұмды. ХVII ғасырдың басында оның денесі түркі жұртына әкелініп, қайта жерленді.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ 

Серіктес жаңалықтары