АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ
ашық дереккөзі
1704
Асанқайғы – біздің тарихтағы аса күрделі тұлға. Оның өмірде болғаны ай мен күндей ақиқат. Теңдессіз кемел ой кемеңгері туған халқының болашағына қам жеп, жерұйық іздеп жарғақ құлағы жастыққа тимей өтті. Ондай абыз ақсақалдардың артынан әртүрлі әфсана мен сөз еріп жүретіні бесенеден белгілі жай. Данагөйдің қазақ жерінің әр пұшпағына берген бағасы, айтқан сын-сыпаттары мен ой орамдары амалсыз ден қойғызады. Халық оны байытып, тереңдетіп өз жанынан қанша қиыстырып қосты. Тек бұданданалық дәнін екшеп, қауыздан аршып алу ғана керек. Асанқайғының Еуропа қиялшылдары Томас Мор («Утопия», 1516 ж.), Томмазо Кампанелладан («Город Солнца», 1602 ж.) әлдеқайда бұрын заман мен адам, өмір мен өлім, жер мен ел туралы толғаған ойлары жасампаздықты көрсетеді. Осы тұста тарихта үш Жәнібек болғанын, оларды бір-бірімен шатастырмау керек екенін ескеру керек. Олардың біріншісі, Алтын­орда ханы Жәнібек (…- 1357 ж. өлді), екінші ақылсыз Жәнібек (Әбілғазы «Шежіресі» бойынша, бұл Жәнібек Әбілқайырдың баласы Қожамұхамедтің кіндігінен тарайды. Ол Астраханьда билік құрып, кейін Қырымға кетіп, ақырында Каунасқа жер аударылып, Ковнода топырақ бұйырады. Үшінші Жәнібек (Әбусағит) – Әбілқайырмен мүлде ат құйрығын кесіскеннен кейін Кереймен бірге көш бастап, Моғолстан ханы Есенбұғадан енші алып (1462 жылы дүниеден қайтты), тұңғыш мәрте көшпелілердің жаңа хандығын құрысып, шаңырағын көтерісіп, уығын шаншысқан – Жәнібек. Көп зерттеушілерді шатастырып жүрген осы жағдаяттар. Міне, осылардың бойындағы қадір-қасиеттерді бір-біріне теліп, ой елегінен өткізбеу салдарынан тиянақты тұжырым жасауға мүмкіндік болмай тұр. Бұндай кінараттан Сәкен Сейфуллин де құралақан емес. Ол Алматыда 1931 жылғы наурызда шыққан «Қазақ әдебиеті» монографиясында аталмыш мәселеге былай тоқталады: «Жәнібек хан содан Астрахань қаласында хан болып тұрған. Онан Жәнібек хан туралы айтылатын әңгіме түрліше шығады. 1477 жылы Жәнібек Қырымның ханы болып тұрып, 1480 жылы шамасында ІІІ Иван деген орыс кінәзіне (1440-1505 ж.ж. – А.Н.) келіп, Ковно қаласында өлген. Кейбір тарихшылар (Гаммер) осыны қазақтың Жәнібек ханы дейді». Сонда абызтекті Асанқайғы қай Жәнібекпен келісе алмай жағаласып жүр? 1393 жылы Алтынорда ханы Тоқтамыс күйеубаласы Иегайлыға (Ягайло) елшілікпен қосып Жарлық жібереді: «Ұлы орынға отырған жайды білдіріп, Құтлұбұға, Асан бастаған елшілер жіберген едік… Тәңірі бізді жарылқап, дұшпандық қылған Бекболат, Қожамедін, Бекіш, Тұрдышақ-берді, Дәуіт бастаған ұландар мен бектерді мұқалтты. Енді оның жөнін білдіріп, Асан, Тұрлы-қожа бастаған елшілерді жіберуге Жарлық ұсындық (яғни таңбасы алтын). Тауық жылы, тарихтың жеті жүз тоқсан бесінде, ережеп айының сегіз жаңасында, орта Донда (А.Н.) тұрғанда жазылған».

Сонда бұл қай Асан?

 

Бұлтартпайтын құжаттарда хатталғандай, Тоқтамыстың?? ұлы Мұхаммед Алтынорда тағынан қуылып, оны Темір Құтлық немересіне қалдырып, 1438 жылы Еділді жоғары өрлеп барып, Қазан хандығын құрып, билік тізгінін ұстағанда жанында ақылшы болып Асанқайғы жүреді. Обалына не керек, бұны Мұхтар Мағауин де «Бес ғасыр жырлайды» (1984 ж.) мен «Әй, заман-ай» (1991 ж.) мен «Әй, заман-ай, заман-айда» (1991 ж.) жеткілікті жазған. «1456 жылы Шу алқабында Қазақ ордасы құрылған кезде Асан жаңа мемлекеттің ұраншысына айналды. Сірә, Асан қазақтардың бұрынғы Көкорда жеріндегі үкімі артып, қазіргі Қазақстанның орталық және солтүстік-батыс алқабын қайтадан иеленген уақыты – 1465 жылы әлі тірі болса керек. Аңыздың айтуынша, ақын Сарыарқада – Ұлытауда дүние салыпты» (24 және 22-беттер). Бұл көзқарасқа қарсылар да жетіп артылады. 1910 жылы Қазандағы «Өрнек» баспасында жарыққа шыққан «Тауарих-и-хамса-и шархи» атты еңбегінде Құрбанғали Халиди Асанқайғыны Шыңғысхан қаһанның замандасы Майқының алтыншы ұрпағы десе, көрнекті ғалым Ханғали Сүйіншәлиев «Қазақ әдебиеті тарихында» Асанқайғыны үзілді-кесілді 1330 жылы өмірге келтіріп, 1450 жылы дүние салғызады. («Қазақ әдебиетінің тарихы», Алматы, 2006 жыл, 226 бет). Тарих ғылымының кандидаты З.Жандарбек және басқалар да оның қартайғанда итарқасы қияндағы Қазақ хандығына келе қоюы екіталай екенін айтып, күмән келтіреді. Зерттеушілердің көзіне түсті ме, жоқ па «Қазақ батырлары» газетінде (1999 жыл, №7 (12) Асанқайғы туралы қысқа қызық мақала жарияланды. Онда таңба салынғандай етіп, оны 1320 жылы дүние есігін ашқызып, 1440 жылы бақилыққа аттандырады. (Нобайы келетіндей!). Өйткені Асанқайғының тұңғышы Абат пен Жәнібектің баласы Бердібек құрдас еді деседі. Соларға қарамастан Мұхтар Мағауин алғаш рет 1984 жылғы шыққан «Бес ғасыр жырлайды» кітабында Асанқайғы (ХV ғасыр) туралы: «Асанқайғы атанып кеткен Хасан Сәбитұлы 1361-1370 жылдар аралығында Еділ бойында туса керек. (Дүдәмал!А.Н.). Тарихи аңыздар Асанның әкесі саятшы екен дейді. Революциядан бұрын жасаған қазақ тарихшыларының еңбектеріне қарағанда, Асан Алтын Орда ханы Ұлұғ-Мұхамедтің ықпалды билерінің бірі болады. ХV ғасырдың 20-жылдарында Ұлұғ-Мұхамед ордадан қуылғанда Асан өз әміршісімен бірге кетеді. Көп ұзамай Қазанда билік құрған Ұлұғ-Мұхамедтің ақылгөйлері қатарында болған ақын хан өлген соң Дешті-Қыпшаққа қайтып оралады. 1450 жылдарда Әбілхайыр ұлысындағы тартыс кезінде Керей, Жәнібек сұлтандарды жақтайды. 1456 жылы Шу алқабында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады. Сірә, Асан қазақтардың бұрынғы Көк Орда жеріндегі үкімі артып, қазіргі Қазақстанның орталық және солтүстік-батыс алқабын қайтадан иеленген уақыты – 1465 жылы әлі тірі болса керек. Аңыздың айтуынша, ақын Сарыарқада-Ұлытауда дүние салыпты» десе, арада жеті жыл өткенде жарық көрген «Ай, заман-ай, заман-айда» дәл соны (22- бет) қайталайды. Бұл айтылғандар сәл өңін айналдырғаны болмаса да 2002 жылғы басылым көрген көп томдықта да жүр. «А. Алтын Орданың ыдырау дәуірінде өмір сүрген. Алдымен Сарайда, кейін Қазанда Ұлұғ-Мұхаммед ханның ықпалды билерінің бірі болған. Егде тартқан шағында Дәшті-Қыпшаққа қайтып оралады, өмірінің соңғы кезеңі жаңа құрылған Қазақ мемлекетінде, Жәнібек, Керей хандардың төңірегінде өтеді. А. – көптеген нақыл сөз­дердің, афористік, филосо­фиялық толғаулардың авторы. Бұл шығармалардың жеткен жаңа­ларынан көне заманға тән кейбір суреттерді, қазақ халқының құралу кезеңіндегі белгілі оқиғалардың елесін танимыз. А. Қазақ руларының Әбілхайыр ұлысынан бөлінуіне қарсы болмағанымен, атамекен Дешті-Қыпшақтан кетуге наразылық білдірді, Жәнібек, Керей хандарды оңтүстік жаққа емес, батысқа, Жайық, Жем бойына қоныстануға үгіттейді, алайда Ордадан бөлінген Шу, Сарысу бойына орналасқан соң ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуы жолында күреседі. …Алтын Орда әміршілерінің бірі Ұлұғ-Мұхамед ХV ғасырдың 20-жылдарында (1467 жылдары тақтан тайдырылмай ма? – А.Н.). Сарайдан қуылып, Витовтты паналаған да, кейінірек Қазанда хандық құрған уағы осы Ұлұғ-Мұхамед төңірегінде өтуі, Асанқайғының алдымен Сарайда, кейінірек Қазанда ханның оң тізесін басқан ықпалды бектердің бірі болғандығы байқалады. Бұдан соңғы жерде Асанды қазақ хандығында, Жәнібек ханның маңынан көреміз. Асанның нақты қай жылы, қай жерде өлгені белгісіз. Бір мәліметтерде Асан Ата қазіргі Өзбекстан жерінде Жиделі Байсында дүние салды делінеді. Енді бір аңыздарға қарағанда Асан Ұлытаудың басында қайтыпты. Ал Шоқан Асанның зираты Ыстықкөлдің маңында тұр деп жазады. Ақынның қанша жасағаны да мәлімсіз. Халық аңызында ол – көпті көрген көне. Бір аңызда Асан 95 жасқа келген қарт, енді бір аңызда оның жасы 120-да еді делінеді… Алайда Асанның шынында да ұзақ жасағанын байқаймыз: Жәнібек, Керейлермен бірге Шуға келерден бұрын, Ұлұғ-Мұхамедтің құзырында жүрген кезінің өзінде ол егде тартып қалған адам. Соған қарағанда, Асан Қайғының өмір сүрген дәуірі – ХV ғасырдың іші… Өксіп кеп, Ұлытаудың басына жеткенде дүниеден көшеді. Аңыз – қазақ халқының бақытты тұрмыс, сәулетті болашақ туралы армандарының жемісі». Өмірдің аты өмір. Ешкім де жер жарығын көктемейді. Адам болған соң туады. Өледі. Ол түгілі дарақтар да өніп, көгеріп, бүршік жарып, қанша тамыры терең тартып, қалың жапырақ жайып сембей ме? Жаратылыс жаңғыруы мәңгі құбылыс. Араб жиһанкезі Ибн Баттута 1334 жылы мамыр айының басында (5-8 күндері шығар) Бестауда (Пятигорск) отырған Өзбек хан ордасында болып, оң жағында бәйбішесі Тәттігүл (Тайдула болуы мүмкін) мен Кебек, сол жағында Баялун мен Арашы, тақ алдында жасөспірім балалары: сүйікті мұрагері Тыныбек, ортада қызы Иткүшік және тағы бір шетте Жәнібекті көргенін тәптіштеп жазады. Өзбектің өзі болса төрт құбыласы түгел, нағыз кемеліне келіп, толысқан шағы. Ол отызында бақталасы Тоқтаны өлтіріп, 1312 жылы Алтынорда тағына отырған болатын, әмірші ретінде мықты мығым жайғасқан еді. Демек, ол кезде Жәнібектің мұрты енді-енді тебіндеп келе жатқан бозбала кезі. Бір өкініштісі, ол жолжазбада Асан туралы бір ауыз сөз жоқ. Әлде оның сол уақытта әлі саясат сахнасына шыға қоймаған кезі ме? Онымен Алтынорда ханы Жәнібектің санасатыны соңынан. Кейін есейгенде әкесін арандатып, орға жыққызып, шешесінің үнсіз келісімімен ол (Жәнібек) ағасы Тыныбек пен інісі Қыдырбекті ажал құштыртып, үлкен мемлекет ыдырай бастағанда билік басына жетіп, 1342-1357 жылдары Хажы-Тарханды салдырып, Сарайшықты астана етіп, өзі сонда жерленеді (1357 ж.). Әдебиетші М.Жармұхамедов та жаңылысып «Көненің көзі» (1996 ж.) кітабында: «Сонымен тарихи деректер негізінде қазақтың бірінші ханы Жәнібектің хандық құрған кезеңін 1456-1466-1480 жылдар аралығында еді десек, Жәнібекпен қатар аталатын Асанқайғының ел аңыздарында Жәнібек таққа отырғанда жасы келген қарт кісі еді» деп баяндалады. Мұның үстіне ол сол Жәнібек ханнан көп кейін қайтыс болған адам деп сипатталады… Егде тартқан шағында Дешті Қыпшаққа қайтып оралады. Өмірінің соңғы кезеңі жаңа құрылған қазақ мемлекетінде Жәнібек, Керей хандардың төңірегінде өтеді» деп індетін, өзінен бұрынғы ізашарларды кесе-көлденең алға тарта береді: «Асанқайғы С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев зерттеулерінде де осы тұрғыда алынып қарастырылды». Асанқайғының айтқандары әрқашан әр ұрпақты толғандырып қана қоймайды, ойға қалдырып, терең мағынасы мен мазмұнын іздетеді, жұмбақ әлемге жетелейді. Ел мен жер тағдырына көп алаңдайтын Абылай ханның Бұқар жыраудан бір толғауының мәнісін сұрауы қалай? Шу мен Арал аралығында қазақ ордасы құрылған кезде Асанқайғы жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады», – деп ашық күні адасады, Ал, «Қазақстан ұлттық энциклопедиясын (1998 ж., авторлары Қ.Толысбайұлы мен М.Жармұхамедұлы). – Қызылорда облысы, Шиелі ауданы «Жеті әулие» қорымындағы Асан Ата кесенесі Асанқайғы мазары делінеді» дейді. Қайсысы сендіреді? Қалайша? Сонда өлгендер тіріліп келіп, қайтадан шежіре туғызған ба? Аңыздар айғақтағандай, Асанқайғы жерленген Ұлытау қайда? Сыр бойы қайда? Бұра тартқанның да жөн-жосығы бар емес пе? Кім кімнен көшірді? Асанқайғы қолжаулық болып, қашанғы ұраншыға айнала береді? Керек десеңіз Ақтөбе уәлаятында «Асан ата» бейіті, Қобда бойында Абат-Байтақ кесенесі тұр. Атыраудың Індер ауданында Асан атымен аталатын тау мен көл бар. Сонымен, барлығын саралап түйіндей келгенде Асанқайғы: Әй, хан, мен айтпасам білмейсің, Айтқаныма көнбейсің. Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің. Кымыз ішіп қызарып, Мастанып, қызып терлейсің, Өзіңнен басқа хан жоқтай Елеуреп неге сөйлейсің?! Қорған салдың бейнет қып, Қызметшің жатыр ішіп-жеп, …Оны неге білмейсің?! Қатын алдың қарадан, Айрылдың хандық жорадан. Ел ұстайтын ұл таппас, Айрылар ата мұрадан! Мұны неге білмейсің? Құладын құстың құлы еді, Тышқан жеп жүні түледі, Аққу құстың төресі Ен жайлап көлді жүр еді. Аңдып жүрген көп дұспан Елге жау боп келеді: Құладын қуды өлтірсе – Өз басыңа келеді! Құлың көп сені өлтірер, Осыны Асан біледі, Мұны неге білмейсің? ..Тіл алсаң іздеп қоныс көр, Желмая іздеп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшір, Мұны неге білмейсің!! …Ай, Жәнібек, ойласаң, Қилы-қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан Қарағай басын шалмай ма?! Мұны неге білмейсің!! Қош, аман бол, Жәнібек, Енді мені көрмейсің! – деген толғауын Алтын Орда соңғы хандарының бірі Жәнібектің шымбайына батырып, соған қарата айтқаны паш етіледі. Өзі шау тартқанда жылы жаққа көш түзеген ағасының баласы Қазтуған батыр мен Абатқа қандай қиындық көрсе де бұл ақжолдан қайтпауын аманаттап тапсырады. Қазтуған мен Абатым, Дұшпанды жер болғанда, Сегіз қырлы болатым. Мен бір жасы жеткен қарт едім, Күні-түні жатырмын, Бес намазды тәрік қылмай, Құдайдың өтеп тағатын… «Аумиын» де Абат-жан, Батамды саған берейін. Балам да болсаң ер едің, Тұла бойы тұңғышым. Мекен туып тұр едің, Жылы жерге алып бар, Қатын, бала тоңбасын. Енді кейін қайтуға Хақ тағала жазбасын. Тісімді алған кәрі едім, Иманым болғай жолдасым, Қайда барсаң аман бол, Маңдайыңнан Алла оңдасын! Оның ой түбіндегі асыл сөзі мен жыр-толғаулары сол кезеңнің ащы шындығының шарайнасы. Ұлы ұстынның «Ел айрылған», «Асанқайғының сарыны», «Желмая» және тағы да өзге де күйлері күрсіндіріп, күңірентіп қана қоймайды, күллі шығармашылығымен астасып, алыс алмағайып уақыттың үнін жеткізеді. Жетесіз тексіздік десе тық етіп өзімізге тиеді. Неге екенін бір құдайым білсін, бірсыпыра еңбекте Жиренше шешенді онымен замандас етіп көрсеткісі келеді. Ол Асан Сәбитұлынан бір ғасырдай кейін өмір сүргені хақында Өтебойдақ Тілеуқабылұлының (1688-1783 жылдар аралығында ғұмыр кешті) «Шипагерлік баянында» тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Бұл бірін айтып, біріне ауа жайылып кеткендік емес. Бізге ұлттық тарихымыздың шынайы әр беті қымбат. Сондықтан оны қастерлеу, көз қарашығындай сақтау перзенттік парыз. Кімге болса да оған неғайбыл немкетті атүсті қарауға болмайды. Өткеннен тиісті сабақ пен тәлім-тәрбие алмай, болашаққа батыл қадам жасалмайды.

Аян НЫСАНАЛИН

Серіктес жаңалықтары