ҚОҒАМДЫ ЖАЙЛАҒАН КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ

ҚОҒАМДЫ ЖАЙЛАҒАН КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ

ҚОҒАМДЫ ЖАЙЛАҒАН КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ
ашық дереккөзі
216

Қазіргі заманда егеменді елде еркін өмір сүріп жатқанымыз сонау кезеңде «Ұлы Отан соғысы» деген атаумен белгілі болған алапат қырғында жастықтары мен балалық кезеңдерін құрбан еткен азаматтардың арқасы. Сондай жастың бірі – Сатыбалдиев Әбдірашит еді. Ол 1942 жылы мектеп бітірісімен өз еркімен соғысқа сұранып, Орта Азия әскери округтың Каттақорған қаласындағы Гомель жаяу әскери училищесіне қабылданып, аз даярлықтан соң 105-гвардия атқыштар дивизиясы 1026-атқыштар полкы 345-взводының командирі болады. Соғыс ортасында жараланып, емделіп, 3-Украина майданы құрамында Румыния, Венгрия, Австралия, Чехословакия елдерін азат еткендердің қатарында болды. Майданнан «За отвагу», «За боевые заслуги», «За взятие Вены», «За победу над Германией» медальдарымен аға лейтенант шенінде оралды. ҚСРО жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 

1957-59 жылдары Қармақшы ауданы «Қызыл ту» газетінің редакторы, 1959-61 жылдары Жаңақорған ауданының «Екпінді» колхозының басқарма бастығы болып тағайындалды. 1961-63 жылдары тұтынушылар одағында инструктор,1963-66 жылдары Қармақшы ауданының «Комунизм шамшырағы» газетінде бөлім басшысы, 1966-67 жылдары облыстық «Ленин жолы», «Путь Ленина» газеттерінің меншікті тілшісі. 1967-69 жылдары «Гидростроитель» газетінің редакторы. 1969 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Путь Ленина» газетінің меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, арнаулы тілші болып, халқына адал еңбек етті. Орталықтың «Правда» газетіне де жиі мақалалары шығып отырды.

Елуінші жылдардың ортасында Үкімет бүкіл ауылшаруашылық өндірісінің негізі болып табылатын астық және мал шаруашылығын көтеруге ерекше көңіл бөліп, осыған байланысты облыстық партия комитеті журналист Әбдірашит Сатыбалдиевті іскер ретінде танып, оны Жаңақорған ауданындағы «Екпінді» колхозына басқарма төрағасы етіп жіберді. 

Әбдірашит ағамыз бұл шаруашылықты 2-3 жылдай жақсы басқарды. Бірақ, соған қарамай жоғарғы партия орындары колхоздардан мүмкіндіктерден тыс өнім өндіруді талап ете бастады. Мысалы, колхоздар мен жеке қожалықтардағы сауын сиырлардың санына, одан өндірілетін сүттің өніміне қарамай, пәленбай килограмм май тапсырасың деп қатаң тапсырма беретінді шығарды. Бұған шаруашылықтың да, жеке қожалықтардың да шамасы келмеді. 

Мұның жолын табуды сол кездегі аудандық партия комитетінің және ауданды басқарып отырған басшылардың өздері сыбырлап жеткізді, өздері көзбояушылыққа жол берді. Бұл көзбояушылық барлық жерде де орын алды. Сондай көзбояушылықтың бір түрі – магазиндерден сары майды сатып алып, қайтып Үкіметке өткізу еді. Тіпті, біраз колхозшылар Ташкенттен сары май сатып әкеліп, Үкіметке өткізіп, тапсырмаларынан құтылып жүрді. Жоғарғы жақтан тосыннан бір тексеруші келгенде осы көзбояушылық ашылып қалды. Аудан басшылары бұдан бас­тарын ала қашты. Оның орнына шаруашылық басшылары тұтылды. Ол кісі сол кездегі көзбояушылықты тақырып етіп алып, пьеса да жазды. Бірақ ол пьеса сахнаға қойылмады. Өйткені пьесада көзбояушылықты өздері ұйымдастырған аудан басшыларының шынайы бейнесі бейнеленген болатын. 

Жаңақорған ауданындағы Түгіскен массивінің инженерлік күріш алқаптары мен Жаңақорған-Шиелі егістік алқаптарын жаңғырту және Сырдарияның Сол жағалық массивінде орналасқан бірнеше ауданды қатарынан суландыратын инженерлік тегістелген жүйедегі алқаптарды игерудегі, қыруар мелиорациялық жұмыстардың барысын көзбен көріп, оны орыс және қазақ тіліндегі көптиражды «Гидростроитель», «Су құрылысшысы» газеттеріне Әбдірашит ағамыздың бір өзі, екі газеттің бас редакторы болған кезеңдерде, шынайылықпен, дер кезінде жеткізіп отырды. Әбдірашит ағамыз орыс тіліне де өте сауатты кісі болды. Ол көп ұзамай облыстық «Путь Ленина» газетінің меншікті тілшісі болып кетті.1967-68 жылдары мен облыстық «Ленин жолы» газетінде (қазіргі «Сыр бойы») әдеби қызметкер болып жұмыс істеп жүрген кезімде Әбдірашит ағамызбен талай бірге жүрдік, сырлас болдық. Сол күндерді еске ала отырып: 

Адал еді жөні бөлек, жаны биік,

Алдынан өткен жан жоқ жолын қиып.

Ел жұрттың жүрегінде қалды мәңгі,

Ағамыз Әбдірашит Сатыбалдиев,  – деп бағалаймыз біз бүгін. 

Сол кездегі партияның принциптеріне шын көңілімен сеніп, көзбояушылық пен әділетсіздікке жаны қас, таза адами көзқараста халқына адал қызмет етті. Сондай жандардың арқасында өмірде әрқашан әділдік пен жақсылық үстемдік ететінін ой елегінен өткізесің. Шүкіршілік етесің…

Адырбек Сопыбеков,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 

Серіктес жаңалықтары