«ӨЗІҢ КІП-КІШКЕНТАЙ БОЛҒАНЫҢМЕН...»
«ӨЗІҢ КІП-КІШКЕНТАЙ БОЛҒАНЫҢМЕН...»
Белгілі ақынның үйінде туған күн кешінде отырмыз. Әңгіме ұлт мүддесі тұрғысында өрбіп, аздан соң желісі желтоқсан көтерілісі тақырыбына ауды. Ұлт үшін қасіретті болған сол бір ауыр күндер жайында қалам тартып жүрген журналистер мен желтоқсаншылар көтерілістің мәні мен мазмұны туралы өз ойларын ортаға салуда. Арамыздағы екі бизнесмен жігіттің қалта телефондары ауық-ауық қоңыраулатып, орындарынан тұрып, бөлме бұрышына барып, арғы жақтағылармен сөйлесуден қолдары босамай-ақ қойды. Толық денелі жігіт ағасы: «Қытайдан қанша тоннасы келді?..», «Астанадағы қойма мәселесі шешілді ме?..», – десе, сұңғақ бойлы екіншісі: «Пәленше екі миллион теңгені аударуды неге кешіктіріп жатыр?». «Ертең отбасыммен Дубайға ұшқалы отырмын, тездет», – деп әлдекімге нұсқау беріп жатты. Байқаймын біздің сөзіміз оларға қызықсыз секілді. Толық денелі телефонын қалтасына салып, ортаға киіп кетті. Қарсы алдында отырған Серікке: «Осы сендерді біз түсінбейміз. Орталарыңа қосыла кетсек, еститініміз – желтоқсан. Сол желтоқсаныңа жиырма бес жыл болды ғой. Айта бергеннен май шыға ма? Жазып та жатырсыңдар. Соларыңды оқып, құлақ асып жатқан жан бар ма? Уақытты бекер өткізгенше, бизнеспен айналысып, тұрмыстарыңды жақсартпайсыңдар ма?», – демесі бар ма?! Сұңғақ бойлы серігі оны қоштағандай басын изеп қойды. Көпшілікке танымал қалталы азаматтардан мұндай оғаштықты күткен жоқ едік. Мырзағұл орнынан атып тұрып: «Мына сендер үшін желтоқсан өткен іс, ал сол көтеріліске қатысқан біздер үшін таусылмайтын жыр. Біз айтсақ, көтерілістің саяси бағасы берілсе екен дейміз. Тарихи көтеріліс ретінде мектеп оқулықтарына арнайы сабақ ретінде енгізіліп, кейінгі ұрпаққа тағылым болса екен дейміз», – деді ашу-ызаға булығып. Екеуінің ары қарай тыңдауға шыдамы жетпей орындарынан тұрып, бөлмеден шығып кетті. Мырзағұл: «Біз ұлт мүддесін айтамыз. Ал бұлар қалтасынан басқаны ойламайды», – деді күйініп.
Иә, желтоқсан көтерілісі туралы аз жазылып жүрген жоқ. Авторлардың көбісі журналистер. Тарихшылардан кезінде Манаш Қозыбаев марқұм ғылыми тұрғыдан өз бағасын беріп кетсе, бүгінде Мәмбет Қойгелдиев пен Бейбіт Қойшыбаев қана баспасөз беттерінде өз көзқарастарын ұдайы ашып айтып келеді. Заң қызметкерлерінен Сабыр Қасымовтың да еңбектерін ерекше атауға болады. Басқа тарихшы ғалымдардың біреу көріп, біреу көрмейтін тиіп-қашқан жазбасы болмаса, қомақты сараптама жазылмаған екен. Көбісі бұл тақырыпқа қалам тартудан тежеліп, қолайлы уақытты күтетін секілді. Әбдірашит Бәкіровтен басқа философтар да солай. Тіптен сол жылдары желтоқсанның көтерілісші жастарына кінә артып, сынап-мінеп жазған мүйізі қарағайдай ғалымдар да болды. Егер бригадир немесе колхоздың төрағасы оларды мінеп жатса, кешіріммен қарауға болар. «Заман ағымы солай болды. Жоғарының пәрменін орындадық», – дейді. Ал ұлттың қабырғасы қайысып, қан жұтып жатқанда оқыған, озық ойлы, терең білімді өзіміздің ғалымдар биліктің ықпалымен жазықсыз жастарды қаралап, жығылғанға жұдырық керімен табалап жазғандарын қалай түсінуге болады? Шындықты қорғай алмаған, шындықты айта алмаған, керісінше биліктің ықпалынан шыға алмай, болған жайды бұра тартқан жанның ата ғалым демесең, заты жағымпаз. Өкінішке қарай, мұндай ғалымдар Колбиннің жағында болып, шаршы топтың алдында бой көрсетіп, ақпарат құралдарында жағымсыз материалдарын жариялап жатты. Нағыз ғалым әділдікке жүгініп, азаматтық ары мен асыл қасиетін қай кезде де, қандай жағдайда да жоғалтпасы анық. Заң ғылымдарының докторы Салық Зиманов сондай жандардың бірі еді. Өмірден ары мен намысының құлы болып бақилыққа аттанды. Ол 1986 жылы 27 ақпанда Колбиннің қатысуымен өткен алқалы жиында «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқтың» тұрғысынан сөйлеп, жастарды қорғап, қордаланған ұлт мүддесін айтып, нағыз ғалымның үлгісін көрсеткені зиялы қауымның есінде.
Иә, сол желтоқсанның алғашқы күні жастардың алаңда әскери күштермен қақтығысып, оқиғаның көтеріліске ұласқаны таусылмайтын жыр. Бұл қазақ студент және жұмысшы жастарының әлем алдында тоталитарлық жүйеге қарсы тұрып, ерлігімен, батырлығымен, ұлтын сүйгіштігімен танылған күн. Сол тарихи көтерілісті сараптап жазып, басқа басылымдарда жарияланғандарды құрастырып, тірнектеп жинаған өз қаражатына айғақ-кітап етіп шығару екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Сондай жан бар ма?! Бар болса кім? Ол – публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы.
Оның сырт көзге қарапайым, биязы, жайдары жігіт көрінері анық. Иә, оның сыпайы сөзіне қарап, қарапайымдылығына шәк келтіре алмайсыз. Алайда Талғаттың болмысын тұтас тану үшін ішкі әлеміне, жан дүнесіне үңілу керек. Жан дүниесі шығармаларында жатыр. Публицистикалық еңбектерін оқып жүргендер оның ұлт мүддесінің шын күрескері екенін аңғаратыны анық. Оның ұлтым деген сүйіспеншілігі балдан да тәтті, ал есе қайыруда ашына айтқандары удан да ащы.
Талғат соңғы жиырма бес жыл бойына желтоқсан тақырыбына өзінің сараптама, естелік материалдарымен үзбей қалам тарта отырып, республика басылымдарында жарияланған мақалаларды сыпыра жинап, 7 томнан тұратын айғақ-кітапты құрастырып, жарыққа шығарды. Қалың көпшілікке тағдыр-талайы белгісіз болып келген қаншама желтоқсандық қаһармандарды тауып, жұртқа таныстырып, талай шындықтың бетін ашты десеңізші. Талғат осы жеті томмен тоқталайын деп отырған жоқ. Әлі де ізденіс пен іздестіру үстінде. Айта берсек, бір өзі бір ғылыми институттың жұмысын атқарып отыр. Бұл жалғыз менің ғана емес, көзі қарақты, білікті жандардың пікірі.
Талғат Айтбайұлының кеше ғана өзінің «Тоғанай Т» баспасынан «Айтпай қойды-ау демеңіз» атты кітабы жарыққа шықты. Кітапта оның бұрын ақпарат құралдарында жарық көрген публицистикалық жазбалары мен сұхбаттары жинақталған. Ұшқыр ой, өткір тіл, ұтымды пікір бір-бірімен қабысып жатыр. Кітаптың «Ахасы еді қазақтың» атты тақырыппен берілген еңбегінде 1986 жылға желтоқсан көтерілісін негізге ала отырып, жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбектің адами қасиетінің тағы бір қырын таныта білген.
«…Мен партияға кандидаттық карточкамды алған күні Мейірхан КПСС мүшелігінің қызыл билетін аялай ұстап, төс қалтасына салып еді. Енді міне, сол азаматты ит сілікпесін шығарып, көзін көнектей етіп көгерткен, ерні дүрдиген жарақат… Бір жақ қабырғасын қос қолдай ауырсына ұстатып, ашық партия жиналысына әкеліпті. Желтоқсанның 18-і. Сонда әлгі азаматты жазалауға асығып-жанығатындай не күн туды екен десеңізші? «Арамыздағы жасы үлкеніміз де, ел сыйлайтын атақ-даңқы биігі де сізсіз ғой» деп, әйгілі ақын ағамызға сөз бергені-ақ сол, не болды, қалай болды деместен Мейірхан байғұсты сойып салды. «Орыстан қандай қиянат көрдің?» деді. «Не жетпеді саған?» деді. «Данышпан Абайдың өзі «ұлылық – орыста» деген. «Ғұлама жазушы Мұхаң орыстан пана тапқан. Сен соны ұмыттың ба?» деді. Қазбалап айтпаған сөзі қалмады. Мейірхан Ақдәулетов шын мәнінде солай, ағамыздың сілейте сабап, жер-жебіріне жететіндей жауыз адам болса, жарасар еді. …Бірақ биліктің үкімін өткізуге жаныққандардың дегені болмай, текетірестің әбден ширыққан сәтінде Ахаң сөз алды. «…Бұл жау емес қой. Жауыздық жасаса өзі де жазасыз қалмас. Сондықтан аттың жалы, түйенің қомында тағдырын тас-талқан етуге асықпайық, артын бағайық. Алда-жалда іс-әрекеті сондай жазаға татитын болып жатса, партиядан алыстата салу да, қызметінен қуып жіберу де қиын емес. Ондайға қай кезде де үлгереміз. Бұл менің коммунист ретіндегі, қаламдас азамат ретіндегі айтар сөзім». Ашық партия жиналысында Ахаңнан кейін ашылып сөйлеген ешкім болмады. Көпшілік дауыспен М.Ақдәулетовке «сөгіс» берілді».
Шынында Ахаң солай қорғамағанда Мейірханның тағдыры қалай болар еді? Желтоқсандағы ұлт намысы үшін күрескен жастар қасіретін көре тұра оның жер-жебіріне жеткен әйгілі ақын кім болды екен? Қанша әйгілі болса да, енді оны ақын деп айтуға ауыз бармас.
Талғат осы еңбегінің тағы бір жерінде ел ішіндегі жағдайды айта келіп Ахаңа: «Алған орденіңізді қайтарып беріңіз», – дейді. Ахаң: «Әй, Талғат, бұл не дегенің, а? Менің еңбегім сіңді… Ұрлық жасаған жоқпын…». Талғат: «…Енді бүгін не үшін берді дейсіз? Қарапайым халық қорғансыздың күйін кешкенде, осындай мүшкіл күйге әкелген биліктің саясатын құптағаным, атсалысқаным үшін алдым дейсіз бе?», – деп үйден шығып кетеді. Ертеңіне аздап ішкеннің салдарынан қызбалыққа салынып, ағаттық айтып, Ахаңды ренжітіп алдым-ау деп телефон арқылы кешірім сұрайды. Сонда Ахаң: «Әй, Талғат, сен кешірім сұрама. Сен өте дұрыс айттың. Айтуға тиісті ойды айттың. Өзің кіп-кішкентай болғаныңмен, жүрегі үлкен азамат екенсің, айналайын. Мен саған ризамын», – дейді. Ақселеу Талғаттың сол айтқандарын іштей мойындамаса, кешірімін қабыл алар ма еді? Оның үстіне оған ірілікке тән кісілігіне ризалығын білдіруі азаматтық қасиеті екенін қалай жоғары бағаламайсыз.
Талғат шығармаларында өзге ұлт өкілдерінің де пікірлерін тиімді пайдалана білген. «Жүз жылдық жазалау» еңбегінде Герольд Бельгердің мына сөзі ешкімді де бей-жай қалдыра қоймас. «Қазақстан болашақта сөзсіз көркейеді. Ал оның құрбаны баяғы мен сүйетін қазақ бола ма деп қынжыламын. Сондықтан да «Ау, ағайын, ауылға, қазаққа көмектесейік, қазақ санасын көтерейік» деп шырылдасам, оның несі айып?!». Сыншы дейтін сырт көздерден қазақты Герағадай таныған ешкім жоқ шығар, сірә. Ауылға бара қалсам көзі қарақтыларының өзін көрмесе де сұрайтыны осы Гер ағаның амандық-саулығы. Басқа ұлтқа әділ сөзін айтып, ұлттың шырайын шығарып жатса, қалай жаның жақсы көрмейді.
Сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстан Парламентіне екі рет депутат болып сайланған халық жазушысы Иван Павлович Щеголихиннің жанашыр сөзін де мысалға алған. «Қазақ бауырлар-ау, жан-жақтарыңа қарап, көздеріңді ашсаңдаршы: неліктен айналадағының бәрі арсыз түрде тонауға түсіп жатыр! Мұның бәрі ендігі жерде Мәскеудікі де, «империянікі» де емес, өз қазыналарың ғой. Өздеріңдікін қорғаудың орнына, ертең не боларын ойламастан жалмап жұтуға, өңештен өткізуге тырысатындарың не сендердің? Сендерде өз халқыма, мемлекетіме қызмет етсем деген құлық, ізгі арман неге жоқ? Қара бастың қамынан өзгені ойлауды ұмыттыңдар ғой. Орыс жазушысы шындықты айтты деп нали көрмеңіздер».
Ал «Ағзаны ауру меңдесе…» шығармасында өзіміздің Қалтай Мұхамеджанның сөзін де пайдалана білген. «…Мен білетін демократияның ежелден келе жатқан бір досы, екі жауы бар. Досы – демократияның қаз тұрып, қадам басуындағы өзі шығарған заңы. Өз заңы қорғаныш болмаған демократияның тағдыры мүшкіл. Осыны әлсіретіп келе жатқан екі жауы – коррупция мен қылмыс», – деген сөзін тұздық ете отырып, өзі: «Бізде заң бар. Бірақ ол заң момын елге, қалтасының түбі тесік жарлы-жақыбайға ғана арналып шығарылған сияқты. Биліктегілер мен қойын-қонышы ақшаға толы бүгінгінің байшыкештеріне ол заң жүрмейді. Олар өз заңдарымен тірлік кешіп, сайран салады. Әлгі «екі жауды» есіртіп, қазіргі құрып жатқан қоғамымыздың тамырын балталап жүрген, міне солардың өздері. Кешегі кеңестік жүйеде де парақорлық туралы еститін едік. Алайда ол дәл бүгінгідей «шешек атып, гүлденген» емес. Енді қай жаққа қарамаңыз, қай саланы алмаңыз – біреуге бірдеңе бермей, бастықтарының көңілін ауламай ісіңіз ілгері баспайды», – дейді. Қалай айтсақ та, Талғат бүгінгі шындықты дөп басып айтып отыр. Біздің қоғамда «Ұсталмаған ұры емес» деген сөз де осындай жағдайдан туындап жатқан жоқ па екен.
Публицистика өткір тілді қажет етеді. Талғат Айтбайұлы «Қара тізім» немесе ақиқат үшін айыпталу» шығармасында журналистер қашанда әділдік жағында екенін көрсеткен. Жазықсыз жапа шеккендерге болыса отырып, кімнің кім екенін танытып келеді. «…академик ағамыз: «Сендерге халық мұң шағады. Әділдікке қолы жетпей қиналғанда газет-журналға жазады. Журналистер тығырыққа тіреліп, барар жер, басар тауы қалмаған талай жұрттың жанын жадыратып, әділдік шіркінге, күресе білсе, қол жеткізуге болатынын дәлелдеді».
Автор осы шығармасында кезінде Алматы облысын басқарған Асанбай Асқаровтың өнегелі ісін бүгінгі облыс басшыларына үлгі тұтқан. Асекең Алматы көшелерімен көлікпен келе жатып, бір бұрышта қайыр сұрап отырған бір адамды көзі шалып қалады. Кеңсеге келісімен сол аудан хатшысы Роза Сырғабековаға телефон шалып, әлгі қайыр сұрап отырған жанның жағдайын білуді тапсырады. Көп кешікпей Сырғабекова Асекеңе келіп: «Сөйлесіп, хал-жағдайын білдім. Жағдайын жасайтын болдық. Бұдан былай көшеге тіленіп шықпайды», – деп баяндаған. «Ал қазір ше? Бұрын «бомж» дегенді біліп пе едік?, – деп жазады Талғат. – Қазір «бомж» атанған қандастарымыз әр қалада кездеседі. Бір-екеу ғана емес, өздері топ-тобымен өріп жүреді. Бәрі де жұмыссыздықтың, жетімсіздіктің нәтижесі. Әлбетте, араларында қайыршылықты кәсіп қылғандар да бар. Бірақ бәрі емес. Олар мәжбүрліктен жасап жүр. Өйткені бас сұғар баспанасынан айырылған. Нан табар жұмыс орны жабылған. Енді барар жер, басар тауы жоқ. Қамқор қанатының астына алуға тиіс өкіметі өзекке тепкен. Өйтпейін десе, оның да халі аса мәз емес. Қарызы шаш етектен. «Қарыздану – қайыршылықтың басы» дейді бабаларымыз. Өткен жылы мерзімдік басылымдар сыртқа берешегіміз 124 миллиард доллар екенін жазған-ды. Биыл іргеміздегі Аждаһа елінен 2-3 миллиардты тағы да тіленіп алатын сыңайлымыз. Сонда оны не үшін, кім үшін аламыз?».
Талғат бүгінгі күннің көңілсіз көріністерін жаны торыққаннан айтып отыр. Қарапайым халық білсін дейді. Өзің де бұл жайларды күнде көріп жүрген соң жоққа шығара алмайсың. Супермаркеттер жанынан қайыр сұрағандарды көресіз бе? Ондағы сауда қызметкерлері бәрін қуып жіберген. Қазір қайыршылардың шоғырланған жері мешіттердің айналасы. Кейде солардың қатарынан қол-аяғы бүтін жандарды көріп, іштей қынжыласың. Жөнін сұрасаң жұмыссыз екенін, ар-намысты жиып қойып, бала-шағасын осылай асырап жүргендерін айтады.
Талғат қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерді де назарынан шығармаған. «Қай жерде байлықты құрметтесе, сол жерде бар шындықты: адамдықты, адамгершілікті, ұятты жек көреді», – дейді екен ежелгі рим тарихшысы Саллюстий. Біз бүгінде байлықты пір тұтқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Елдің психологиясы қатты өзгерген. Ақшаң бар ма, адамсың. Жұрт сенімен санасу үшін қолыңда не билік, не байлық болу керек. Онсыз мына өмірде көрер күнің күн емес, түнекті түн…». Бүгінгі қоғамның көзбояуы жоқ көріністері.
Талғат публицистикасында жазушыларға да салмақ салған. Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев секілді халқы үшін жанын аямаған арыстармен бүгінгі қаламгерлерді салыстырады. Бұлардың бойларынан сол арыстардың рухын көре алмағанына налиды. Ас бөлмеде отырып, бір-бірімен күңкілдескен ақын-жазушылардың дәрменсіздігіне, әкімдердің қабылдауында болып, халықтың емес, қарақан бастарының мұқтажын айтатындарға ренішін білдіреді. «Қаламгер дегеніміз кім? Қаламгер дегеніміз – халқы үшін жанын пида етуге қашанда дайын қайраткер, күрескер – азамат! – дей келіп. – Иә, қай кезде де, қай заманда да халыққа ең қажетті – тыныштық, бейбіт өмір. Сондықтан да мұны айту керек, айта беру керек. Жазу керек және жазған үстіне жаза түсу қажет. Қолына қасиетті қалам ұстаған кім-кімнің де үлкен, абыройлы міндеті осы. Бірақ… Шындықты кім айтуға тиіс? Ұлттың ұпайын кім түгендейді? Күннен күнге құлдырап, кейін қарай кетіп бара жатқан ұлттық мәселелерімізді кім көтереді?», – деген сұрақ тастайды.
«Жыл – он екі ай» журналы кеңес өкіметі кезінде жарық көріп, балаларды қуанышқа бөлеген еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаржы тапшылығына байланысты жабылып қалды. Талғат баспасынан түскен азын-аулақ қаржыны сол журналды қайта жарыққа шығарып келе жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Үкімет жағынан көмек жоқ. Ақпарат құралдары тілшілерінің бірі: «Өзіңізге қаржылай немесе басқалай да пайдасы тиетінін сезсеңіз, жағымпаздық әрекетке бара алар ма едіңіз? – деген сұрағына ол: «Шынымды айтсам, жағымпаздық жасамақ түгілі, ол жөнінде ойлауға да менің уақытым жоқ. Мені кейбіреулер баспасы бар, «Жыл – он екі ай» секілді журнал шығарып жатыр, бай тұратын шығар деп ойлайды екен. Үйіме келіп тұрмысымды көргендерінде таңғалғандарын байқадым. «Әлі күнге дейін баяғы кеңестік жиһаздарыңды ауыстырмапсың ғой», – дегендері де болды. Мен үшін төгіп-шашып, дүниені шайқап өткеннен гөрі, сонау түкпіргі ауыл балаларының бірі «Жыл – он екі айды» алып, мәз болғаны қуаныш», – деп жауап берген.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ