1086
ҒАЛЫМДЫҚ ПЕН ЗАЛЫМДЫҚ
ҒАЛЫМДЫҚ ПЕН ЗАЛЫМДЫҚ
Ақиқатын айтар болсақ, дәл мына заманда адамзатқа ғылымның пайдасынан залалы көп болып тұрғаны да рас. Жер де, су да түгел уланған. Топырақтың, судың құрамындағы неше түрлі зәһарға толы химиялық заттарды былай қойғанда, жұрт бір сөзбен «радиация», «радий белсенділігі» (радиоактивті) деп атайтын тым-тырыс тажал сол топырақ пен суды азсынғандай бүкіл тіршілік иесі тыныс алатын ауаны жайлап алған заман бұл. Ең өкініштісі, осы қасіретке душар болу жөнінен Қазақ Елі жер бетіндегі елдердің қай-қайсысынан да оқ бойы озық тұр. Енді, міне, «мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шығып» осынау ластануға Қазақстанда уран өндірісі қосылғалы да біраз болды. Уран өндірісінің адамзатқа, бүкіл жан-жануарға, жалпы жаратылысқа орасан зор залал келтіретіні, оның залалын ешқандай тәсілмен жою мүмкін еместігі, залалсыздандырып өндіреміз дегендердің айтқаны жалған және адам баласына шексіз зиян келтіретіні туралы талай айттық та, жаздық та. Бірақ қазақтың өз елінің, өз ұлтының тағдырына алаңдап, жылап айтқан әр сөзі желге ұшып жатқан қоғамымызда оған да бірде-бір жауап болған жоқ, уран өндіру бір сәтке тоқтатылған да емес. Яғни, бір өлеңдегі «Білген сөз үрген сөзбен бірдей болды» деген сөз шындық екен. Баяғыда кеңестік Мәскеу басқарған заманда бүкіл КСРО бойынша жылына 13 мың ғана тонна уран өндіріліп тұрса, бүгінгі Қазақстанда одан әлдеқайда көп уран шығарылады. Жалпы, жер шарында бүгінде уранды негізінен Нигерия мен Қазақстан ғана өндіруде. Нигерияны қайдам, Қазақстанның кейбір атомшы ғалымдары мен «Казатомпром» басшылығының айтуынша, қазір уран өндіріліп жатқан аймақтарда оның ешқандай, залалы жоқ-мыс. Міне, кейбіреулердің ғалымдығынан залымдығы басым екені осындайда ап-анық көрініп тұрады. Өйткені уранның өзі түгіл өзге радиоактивті заттардың қалдығының да зардабын тереңдегі мұхит түбіне, не пәленбай метр жер астына көміп те жою мүмкін емес екенін, оны тек өзге ғаламшарға апарып тастап қана қауіпсіздендіруге болатынын әлемнің небір танымал химияшы ғалымдары талай-талай айтты да, жазды да. Өз басым «Невада-Семей» ядролық сынаққа қарсы қозғалысының газетін шығарысып жүргенде талай нәрсеге көзім жетті. Сонда біздің газетке («Избиратель», «Атамекен») Мәскеудің небір атышулы химияшы, атомшы ғалымдары Семей, Капустин Яр сынақ майдандарындағы ядролық жарылыстардың ешқандай залалы жоқ деп талай рет сұхбат бергені бар. Олар тіпті, неше түрлі химиялық формулалардан мысалдар келтіріп мақалалар да жазды. Іштен шыққан жау жаман деген рас екен, сол кездері оларға өзіміздің қазақстандық ядрошы ғалымдар, Курчатов қаласының орыс сардарлары мен орыс дәрігерлері қосылып, сынақтардың, жалпы радий белсенді заттардың зияны жоқ деп қосыла шуылдағаны әлі есімде.
Соның алдында мынадай бір уақиға болды. Сынақ майданында кезекті ядролық сынақ жасалған күні жел батыс жақтан соғып, бүкіл радий белсенді шаң-тозаң орыстар тұратын аймақтарға жетеді. Содан орыстың бала-шағасы, қатын-қалашына шейін шу көтеріп, үлкен дау туды. Сөйтсек, әр ядролық сынақ жел қазақтар тұратын бергі бетке қарай соғатын күні алдын-ала есептеліп, сосын жарылыс жасалады екен. Сөйтіп, ғалымдардың бір мәрте қателесуінен ядролық шаң-тозаң орыстар көп тұратын жаққа жеткені үшін орыстар ұлы айқай көтерді. Сондағы Мәскеудің қазаққа жасап келе жатқан жауыздығының бір мысалы – осы.
Біраздан бері қазақ даласындағы «Калачи» деген атауы орысша ауыл адамдары ұдайы ұйқысырап, ұйықтап кеткендері, ояна алмайтын кеселге ұшырағаны туралы көп айтылуда. Қаңқу сөз емес, айдай ақиқат. Сөйте тұра, осы кеселдің түп себебі неде екенін не медицина ғылымының, не химия, не ядролық физика ғылымының мамандары тап басып айта алмай отыр дейді ақпаратшылар. Бұл – не өзін өте қумын, ақылдымын, ал қаратабан халық надан, ақымақ деп ойлайтын кейбіреулердің өздерінің надандығы дер едік. Бұл жағдаят біздің қазақ ғалымдарының әлі де Әбубәкір Кердері шайыр айтқандай «қалай қарай жел соқса, солай қарай майысқан, біздің қазақ балдырған» екенін еске түсіреді. Өйткені бұл ғалымдар да, дәрігерлер де осы кеселдің ең басты себебі сол маңайдағы ураннан және өзге де радийлі белсенді элементтердің кесірінен екенін айтуға саясат тоқпағының астынан шығамыз ба, үстінен түсеміз бе деп, өз-өздерінен үргедектеніп отырғаны аян. Өзім естіген мына бір жағдаятты тыңдаңыз: Маңғыстау уәлаятында «Ұйқылы ой» деген жер бар. Ойпат, ойыстау жер. Оның олай аталу себебі былай екен. Баяғыда ата-бабамыз жер-аяғы босасымен жайлауға үдере көшеді. Көш жолы кейде айға жуық уақытқа созылады. Бұл да өз алдына бір ғажайып сән-салтанат. Жылқышылар табын-табын жылқыны, түйешілер келе-келе түйені, қойшы-қолаң отар-отар қойды сонадайда бөлек айдап баратады. Сонымен, мал айдаушылар өз алдына, ал бала-шаға, қатын-қалаш, қыз-қырқын, кемпір-сампыр, шал-шауқан, жігіт-желең атаулы тұтас бір ел болып қозғалады. Міне, осындай көш кезінде ел осы «Ұйқылы ойға» – шөбі мол, салқын сабат көлтабанға жеткенде көш басшылары: «Ал, халайық! Бүгін осы ойпатқа түнейік. Демалайық. Астымыздағы көлігіміз де осы көлтабанның шүйгінін жеп тынығып алсын. Бала-шағаның ертеңгі ас-суын қамдап алыңдар. Ертең таңертең алакеуімде күн қызып кетпей тұрғанда аттанып кетейік»,– дейді екен. Содан бірі жалмажан жерошақ қазып, бірі қазанға ас салып, дереу кешкі асын ішіп алып жата-жата кетпей ме? Олар сол ұйықтағаннан ұйықтап қалып ертеңіне сәске түсте бір-ақ оянып, ояулары оянбағандарын оятып, түс ауғанда әзер дегенде жолға шығады екен. Содан бұл ойпат «Ұйқылы ой» атанып кеткен екен. Соның бәрі жер астындағы уранның кесірі екенін ғалымдар Кеңес заманында бір-ақ айтты. Ендеше, қол созым жерде уран өндіріліп, өңделіп жатқан Степногорскісі бар, басқа да әскери мақсаттар мекеніне жақын орналасқан «Калачи» ауылын ұйқы басуы сол уранның, басқа да радийлі элементтердің зардабынан емей немене деп едіңіз. Қазіргі медицина диагноз қоя алмайтын, медициналық атауы жоқ бір-ақ ауру бар. Ол –тіл өту, көз тию, яғни тілкөзден болған деп аталады. Ал «Калачи» ауылы көз тиетіндей сұлу да, көрікті де емес. Мұндағы ұйқышылдыққа душар болғандар да шетінен «Ай десе аузы, Күн десе көзі бар» кілең бір көріктілер емес. Ендеше, бұл сырқат адамдар не нәрсеге душар болып, неден ауырып жатқанын айтуға дәрігерлер мен ғалымдар әлденеден, әлдекімдерден қорқып отыр деуге толық негіз бар. Оны ашық айту немесе бас сауғалап жылмаң сөзбен жортақтату әр ғалымның, дәрігердің азаматтық, адамшылық деңгейі қандай екенін анық аңғартады.
Егер қазақтар, кейбір министрлердің тілімен айтқанда, «отстающий от цивилизаций», яғни өркениеттен артта қалған ұлт» болса, онда шынында да сондайлығының кесірінен осының бәріне үнсіз көніп отыр дей салар едік. Әттең, бүгінгі қазақ керісінше Мәскеуде, Лондонда, Бостонда, алты әлемнің айтулы шаһарларында дәріс алған және Сүлеймен патша (оны пайғамбар да дейді) сияқты аң мен құстың тілін түгел білмесе де, қазақшадан басқа тілдің бәрінде сайрап, қазақтан басқаның түгел көңілін тауып, 130-дан астам ұлтқа, кейде дүние жүзіне ақыл айтып отырған елміз деп мақтанады ғой. Сол қазақтар әбден оқып-оқып, миына былайғы ақыл-кеңес қонбайтын күйге ұшыраған адамды «оқу өтіп кеткен», «оқу көтеріп кеткен» дейді. Соның растығына соңғы 24 жылда, әсіресе көптілді қазақ ғалымдары мен саясаткерлерін көрген сайын көзіміз жете түсуде. Неге дейсіз ғой?
Олар ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның миллиондаған гектар жері Ресейдің сынақ майданы екенін де, Ресей алуан түрлі зымырандарын ұшырып, жеріміздің бір шетінен екінші шетіне құлатып жатқанын да, одан ауа да, су да, топырақ та, өсімдік те, жан-жануар да, адам да уланып жатқанын қаратабан қазақтан гөрі жақсы біледі. Олар Байқоңырдан әр «Протон» ұшқан сайын адам өміріне қаншалықты залал келіп жатқанын да, ел ішінде аты жоқ ауру-сырқау көбейіп кеткенін де жақсы біледі. Бірақ соның бәрі «екі жақты комиссия құрылып», сосын ешқандай зияны жоқ екені дәлелденді деумен тәмамдалады.
Олар құлаған зымырандардан, ғарыш кемесін, жер серіктерін ұшырудан келетін залалды есептеп, Ресейден төлемақы талап етудеміз деген сөз тіркесін өте тиімді пайдаланады. Ал қазақ баспасөзіндегі кейбір журналистер Ресей төлемақыны төлемей отыр деп өздерінше жаңалық ашып, жұртқа ой тастаған болады. Міне, жоғарыда айтқан «халықты санасыздандыру» дегеніміз осы төлемақы деген сөз арқылы да жүзеге асырылады. Өйткені адам баласының ең басты байлығы – денсаулық. Ал қайта-қайта зымыран құлап, қайта-қайта сынақтар жасалып, жаттығулар өткізіліп, адам баласына, қазақ ұлтының денсаулығы мен өміріне өлшеусіз зиян келтіріп жатқандар оған төлемақы сұрап, сосын ол төлемақыны ала алмадық деп ұртын томпайтып өкпелегенсу саналы басшылықтың, саналы ұлттың сөзі емес. Ресей қазақтардың бүйтіп аузын томпайтып өкпелегеніне, қазақтар айтқан реніштер мен болмашы талаптарға тіпті, жауап беріп те жарытпайды. Осының өзі-ақ Мәскеудің қазақты өзімен терезесі тең, Құдай алдында хұқы бір ұлт деп есептемейтінін көрсетіп отыр.
Жақында бір қазақ газетінен «Абылай аңсаған азаттық» деген мақаланы оқып қалдым. Ол мақаланы оқып отырған адам біз қазір сонау ата-бабаларымыз, оның бержағында Абылай аңсаған азаттық жағдайында қарһәлләзи күн кешіп, қысқасы жер бетіндегі Қазақстан деп аталатын жұмақта серуендеп, сайран салып жүр екенбіз деуі мүмкін. Бұл қалай? Желпілдетудің де, лепіртіп, құтырта сөйлеудің де, халықты түк сезбейтін ақымақ деп аузына келгенін жаза салудың да шет-шегі, өлшемі болуы керек емес пе дейміз іштей. Сонда бұл мақалаға сенсек баяғы ата-бабамыз ғасырлар бойы, олардан кейінгі Әбілхайыр, Абылай хандар, Сырым, Сартай, Көтібар, Есет, Қабанбай, Бөгенбайлар қазақ даласын Ресейдің бомбаларын жарып, зымырандарын ұшырып-қондырып, қаласа кез-келген жерге құлата салатын сынақ аймағына, аспанын Ресейдің әскери ұшақтары сайран салатын әуе айдынына айналдыруды, жеріміздің асты мен үстіндегі асыл қазына байлығымызды әлемдік талапайға салу арқылы ғана тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін болуын аңсаған от басы, ошақ қасындағы күйкі-шүйкі біреулер болғаны ғой? Жоқ! Ендеше, еліңді, қоғамыңды, қалай мақтасаң мақта, бірақ ата-бабамыз дәл осындай өмірді аңсаған деп ол бейбақтардың рухын теңселтпей, ауызға абай болудан асқан білгірлік жоқ.
Енді мына ақиқатқа қараңыз. Қазақстан халқы әлемдегі ең аз жасайтын халықтар қатарына жатады. Бүгінде біздегі адам өмірінің орташа жасы – 68,6 жыл, оның ішінде ерлердің үлесі 63,6-ақ жыл, әйелдердікі – 73 жыл. Біздің телеарналар мен баспасөзіміз бір жерде біреу 100-ге келіпті дегенді естісе жерден жеті қоян тапқандай шулатып жатады. Қазір Қазақстанда 100-ге келгендердің саны 25-ке жетер-жетпес қана. Ал АҚШ-та жүз жасағандар 60-70 мыңның, Германияда 9 мыңның о жақ, бұ жағында екен. Ұзақ өмір сүру жөнінен дүния жүзінде Жапония алда келеді. Жапондарда орташа өмір жасы 83 жылға жуық көрінеді. Өмір жасының ұзақтығы жөнінен Қазақстан 153-ші орында. Әлемде 200 мемлекет бар десек, біздің қай орында тұрғанымызды осыдан-ақ аңдай беріңіз.
Осының бәрі елімізде ауаның, судың, топырақтың түп-түгел уланып, бүлінуінің кесірінен емес деп не ең имансыз адам, не қазақты ең ақымақ ұлт деп есептейтін адам ғана айта алады. Ал қазақ даласының ауасы, суы, топырағы, өсімдіктер, жануарлар дүниесі неден улануда? Ол ең алдымен сонау Кеңес заманында қазақ елін Ресейдің атом, ядролық қаруын сынау алқабына айналдырудан, Байқоңыр ғарыш айлағын салудан, Ресейде фосфордың мол қоры бола тұра бүкіл фосфор зауыттарын, өзге де химиялық зауыттарды тек Қазақстанда салудан, уран өндіруден, жерге, суға мұнай өнімдері есепсіз төгілуінен болып отырғанын бұдан былай жасырған қазақ өз ұрпағын өзі өлтіруге келісім берген қазақ деуіміз керек.
Қазір Қазақстанның сан миллион гектардан астам аумағы Ресейдің әскери сынақтар өткізуіне беріліп қойған. Оны жалға берілген жерлер деп атап жүр. Бұл біздің білетініміз ғана. Ол аз болса, Қазақстанда Ресейдің 7 әскери сынақ полигоны және бар. Ресей осының бәріне қанша төлем төлеп отыр, әлде төлеп жарытпай отыр ма – ол жәй қазаққа айтыла бермейді. Бірақ қазақ даласындағы Ресейдің бүкіл сынақ полигоны да, біресе құлап, біресе жарылып, тіпті сынақ үшін белгілі бір қашықтыққа жеткен зымыранды абайсыз құлату, байқамай жару жұмыстары да залалсыз, еш зияны жоқ деп ұйғару ғылымдағы ғалымдықтан гөрі залымдыққа жақындау көрінеді де тұрады.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ