АТА САЛТЫМ – ҚАЗЫНАМ
АТА САЛТЫМ – ҚАЗЫНАМ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жыл басында еліміздің имам-молдалары мен дінтанушы-ғалымдары үшін 2014 жыл – «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады.
Хазреттің мешіт имамдарына жолдаған Үндеуінде дініміз бен дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аударылған. Соның бірі тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, дініміз бен ділімізді жаңғырту болатын. Таяуда Сыр өңіріндегі орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен қаламыздағы №264 мектеп-лицейінде «Асыл дінім – ардағым. Ата салтым – қазынам» атты мектепаралық жас ақындар сайысы өтті.
Жас ақындар жарысын өткізудегі басты мақсат дін мен дәстүріміздің бір-бірінен алыс емес екенін түсіндіріп, дініміз бен дәстүріміздің бір арнада тоғысқанын ұғындыру болатын.
Бұл сайысқа 40-тан аса оқушылар қатысып, жүректерінен жарып шыққан жырларын бәйгеге қосты. Жеткіншек ақындар бір-бірінен қалмай оза шапты. Оқушылардың әділ бағасын берген қазылардың құрамында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Талғат Омаров, Қызылорда облысы Дін істер агенттігінің басшысы Бақытжан Камалов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Әлмырза Ноғайбаев, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Ержан Байтілес сынды кісілер болды.
Қазыларымызға да жүректері жалынды ақындардың арасынан оза шапқандарды таңдау оңайға соқпаған. Жыр шумақтарымен көзге түсіп, мәнерлеп оқуы жүректерді баурап алған ақындар аз болған жоқ.
I орынға ие болған (Samsung Galaxy Tab 3 планшеті ) №11 қазақ орта мектебінің 8-сынып оқушысы Әлижанқызы Перизат, II орынға ие болған (Samsung Galaxy Star ұялы телефоны) №211 қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Совет Төрехан, III орынға ие болған Алмас Ұлжанның өнерге деген талабы әркімнің жүрегін жаулап алғаны сөзсіз.
Индира Байсалбекова