МИНСКІДЕ СӨЗ БОЛЫП...

МИНСКІДЕ СӨЗ БОЛЫП...

МИНСКІДЕ СӨЗ БОЛЫП...
ашық дереккөзі
243

Сәуірдің 29-ында Минск төрінде Еуразиялық Экономикалық одақ елдері басшыларының саммиті болып өтті. Саммитте Ресей, Белоруссия және Қазақстан басшылары Еуразиялық одақтың болашағын талқылады. Еуразиялық экономикалық одақтың 800 беттен тұратын құжаттарына мамырдың соңында қол қоюға келісіп тарасты тараптар.

Белоруссия және Қазақстан Ресеймен Еу­разиялық экономикалық одақ құруға әлі де дайын еместігін танытуда. Серіктес ел­дер басшыларының пікірінше, біртұтас ке­ден ережелерінің Мәскеу мүддесіне орай­лас­ты­рылғандары тым көп болған. Егер екі елдің талабы орындалатын болса, Ресей жыл сайын 33 миллиард доллардан айрылады екен. Ре­сейлік сарапшылар Ресейдің бұған төтеп бере алмайтындығын айтқан. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Оның бірі – Еуразиялық одақ­тың келісім-шартын қабылдау және Кеден ода­ғына жаңа мүшелер қабылдау. 

Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істеуі тиіс. Үш мемлекеттің ортақ нарығын құру туралы идея­ны 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінде лекция оқыған кезде Қазақстан пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Жаңа идеяның 20 жылдығына орай Нұрсұлтан Назар­баев Мәскеу мемлекеттік университетінде лек­ция оқыды. 

Ресей бұл келісім-шартқа қол қоюға дайын. Алайда Қазақстан мен Белоруссияның бұл келісім-шартқа байланысты өз талаптары бар. Беларусь басшысы Минскідегі Саммиттен бұрынғы ЕурАзЭҚ-тың жиындарында келіспеушілігін жиі қайталап жүрген. Лукашенконың пікірі бойынша, ЕЭО (Еуразиялық экономикалық одақ) Ресейдің қалағанындай емес, ешқандай кедергісіз жұмыс істеуі тиіс. «Кез келген кедергілерді алып тастайық. Егер, бүгін келісім-шартқа қол қойып, кедергілерді 10-15 жылдан кейін алып тастайтын болсақ, онда қол қояйық», – деген ол 22 сәуірдегі жыл сайынғы Беларусь халқына дәстүрлі жолдауында. 

Мәскеу мен Минск арасында Ресей мұнайын тасымалдау жөніндегі келісім-шарт бойынша, Белоруссия Ресей мұнайын кедендік баж салығынсыз импорттайды, алайда ол мұнайды шетелге экспорттау барысында түскен кедендік баж салығын Ресей қазынасына қайтарады. Лукашенко осы кедендік баж салығын өз елінде алып қалуды көздейді. Ресей Қаржы министрлігінің есебіне сүйенсек, Мәскеу Лукашенконың бұл талабына құлақ асатын болса, жыл сайын шамамен 30 миллиард доллардан көз жазып қалатын болады. Минск саммитінде Лукашенко өз көздегеніне қол жеткізе алмады. Путин Беларусь пайдасы үшін жыл сайынғы 33 миллиард доллардан бас тартпайтындығын мәлім етті. 

Минскідегі Саммиттен кейінгі журналистерге арналған брифингте Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко Кедендік одақ елдері басшыларының Ресей, Беларусь және Қазақстан мұнай және мұнай өнімдері және газ нарығын біріктіретіндігін және көзделген меже – 2025 жыл болғандығын жеткізді. Ресейлік ақпарат құралдары Ресейдің 33 миллиард долларды сақтап қалатындығын айтып, бір-бірінен сүйінші сұрасуда. 

Саммит барысында Белоруссия президенті Александр Лукашенко көп мәселелерге келіспейтіндігін танытты. Оның айтуынша, шешілмеген проблемаларды кейінге қалдыруға болмайды, керісінше оларды бұған дейінгі кезеңдерде шешіп алуы керек еді. Басты таласты мәселе – мұнай мен газдың бірыңғай нарығы. Өткен аптада Ресейдің Қаржы министрінің орынбасары Сергей Шаталов тарифтік және тарифтік емес шектеулердің бүгінгі жүйесі біршама теңгерімді, оны табан астынан өзгерту мүмкін емес деген болатын ақпарат құралдарындағы сұхбатында. 

Қазақстан керісінше Ресейге мұнай тасымалдайды. Бұл мұнай Ресейге кедендік баж салығынсыз тасымалданады. Ал Ресей ол мұнайды сыртқа тасымалдаудан түсетін экспорттық кедендік баж салығын өзінде қалдырады. Оның есесіне, Ресей Қазақстанға жолданатын мұнай өнімдерін баж салығынсыз жібереді. 

Мамырдың соңында қол қойылғалы отырған Еуразиялық экономикалық одақ – интеграцияның келесі қадамы. Сол себепті де, Беларусь пен Қазақстан өзге де шектеулердің болмағанын қалайды. 

Алайда Ресей 33 миллиард доллардан айрылып қалуды қаламайды: «бұл сценарий біз үшін аса зор тәуекелге бастайды, ондай жағдайда біз мұнайдан түсетін кірістен айрылып қаламыз. Ол дегеніміз жылына – 33 миллиард доллар ғой», – деген еді Шаталов. 

Лукашенко Минск саммитінде кейбір шектеулерді 2025 жылға дейін созу мәселесін қатаң сынға алды. «Кедендік одақ, ешқандай шектеулерсіз болуы тиіс. Әйткенде, интеграциялық процесс әшейін процесс үшін болып қана қалмақ. Онда Еуразиялық экономикалық одақ туралы бүгін емес, он жылдан кейін әңгіме қозғау керек болады», – дейді ол. 

Алайда Мәскеу мұнай және мұнай өнімдерінің, газдың бірыңғай нарығын қалыптастыру 2025 жылдан бұрын жүзеге аспайтындығын айтып бағуда. Христенко мұнай өнімдеріне салынатын кедендік баж салығын Ресей және Белоруссия билігі реттейтіндігін жеткізді. 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Қазақстан арасында, Қазақстан мен Белоруссия арасында – 3-4 таласты мәселенің барлығын мойындады: «Оларды бірнеше рет, әртүрлі деңгейде талқыға салдық. Соның ішінде, жақында ғана үш елдің Премьер-министрлері мен Еуразиялық экономикалық комиссия төрағасы Виктор Христенконың қатысуымен де осы мәселелерді көтердік. Сол себепті де, атты қораға тығудың қажеті жоқ. Барлық мәселелерді келісім-шартқа қол қойылғанша шешу керек», – деді. 

Бірақ, бұл Еуразиялық экономикалық одақ құруға кедергі бола алмайды. Алдағы мамырдың 29-ында Астана өтетін жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес саммитінде бұл одақтың құрылуы жайындағы келіссөзге қол қойылады десті олар. 


Нұрсұлтан Назарбаев: 

«Совет Одағы… Бұл мүмкін емес»


Сәуірдің 28-інде Мәскеуде, Ломоносов атын­дағы университетте дәріс оқыған ҚР Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Совет Одағын қайта оралтып, қалпына келтірудің мүмкін еместігіне тоқ­талды.

«Біздің қарым-қатынасымыздың тығыздығына қарап, әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ құруымызға байланысты сарапшылар мен сая­саткерлер «Совет Одағы қайтадан құрылып жатыр» деп әлемді үрейлендіре сөйлейді. Совет Одағы туралы мифтік реинкарнация біздің азаматтарымыздың да бойында бар. Бұндай түсінік шындықтан алыс һәм тамырсыз», – деді ҚР Президенті.

«Совет Одағының қайтып келмесінің үш себебі мынада, – деп сөзін жалғастырды Нұрсұлтан Әбішұлы. – Біріншіден, Совет Одағының келбетін бейнелейтін реинкарнацияға орай институттық база жоқ, бәрі түбегейлі түрде, біржола тарихқа айналды. Екіншіден, бұрынғы совет халқы қазір өзінің меншікті мемлекетінде, өзіне тән салт-дәстүрдің аясында өмір сүруде. Үшіншіден, қазіргі меншіктік жүйе, әлеуметтік құрылым мен экономикалық қалып советтік архаикадан алысқа кетіп үлгерді».

Президент, дәріс оқу барысында сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың жайына тоқталып, ойын ашық айтты.

«Сөздің ашығына жүгінейін, мен аталған эко­но­микалық одақ турасында жағымсыз пікірлерді көп естіп жүрмін. Бұл бір есептен Еуразиялық экономикалық одақ өзге де ірі экономикалық қауымдастықтарға күшті бәсекелес болады дегенді білдірсе керек. Және осы уақытқа дейін кең ауқымда қалыптасқан біржақты бәсекелестік енді біздің жаңа интеграциялық бірлігіміздің айналасына топтаса алатындығына айғақ», – деген Назарбаев, – Совет Одағы… Бұл мүмкін емес», – деді.


Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары