Таз кепешіміз басымыздан түсті ме

Таз кепешіміз басымыздан түсті ме

Таз кепешіміз басымыздан түсті ме
ашық дереккөзі
339

Жетпіс жыл дәуірлеген заманында біз нанын жеп, суын ішкен Кеңес Одағы әлемдік өркениет өрісінде бірден-бір жеке-дара науқаншыл мемлекет болды, асқақтатып, екпіндетіп айтатын ұраншыл да болды. Көзімізді тырнап ашқан бала кезімізден бастап біз де көппен бірдей құймақұлақтанып өстік. Ә дегеннен большевиктік, одан беріде коммунистік насихат қалыптастырған қоғамда кеудесінде жаны барлардың бәрі қарбалас науқандардан жетпіс жыл бойына көз аша алмады. Қала-дала бірдей «даңғыраларын» қағып, әнін салып, дабылдатып, жалаулатып жататын. Бүкіл ел болып табынған үкімет пен партия, обалы кәне, Одақтың жетпіс жылын жаңылыспастан толассыз науқандатты ғой.

І. Баяғыда…

Сөйтіп не керек, біз ұлан байтағы­мыз­бен туасы ұраншыл да науқаншыл елге айналғанбыз. Қызық болғанда, қоғамдық санаға уыты апиыннан да күш­ті советтік саяси-мәдени науқандарды өріс­тетуден де қазақтар алдымызға қара сал­маған екенбіз. Бұл ыңғайдан да алға шығандап, елден озып кетіппіз. Және бір «қызығы» биліктің тұғырына жаңа генсектер көтерілген сайын сол саяси-мәдени науқандар да құбылумен болыпты.

Әуелі саяси шараларынан бір мысал. Ол заманның сайлау науқаны коммунистік жүйенің тегеурінді тәртібіне сай стандартпен өтетін. Жоғарыдағылардың ұйғарымымен бір кандидатты ұлттар палатасына, бір кандидатты одақ палатасына, тағы бір-екі кандидатты республикамыздың Жоғарғы Кеңесіне сайлайтын едік. Тәртіп солай? Бұра тарту – басқа таңдау болмайды. Және мұндай сайлауды биліктегі жақсылар мен жайсаңдар «дүние жүзіндегі ең әділетті демократиялық сайлау» деп өздерінше әуелетіп, жалаулатып, насихаттап мәз болып жататын. Ал сондағысы Одақ немесе ұлттар палатасына сайлануға тиісті кандидаттың бірі сонау Кремльдегі мықтылардың немесе одақтық дәрежедегі министрлердің бірі, ал екінші кандидатымыз міндетті түрде облыстық партия комитетінің бірінші сек­ретары болатын. Білетініміз: мәскеулік мықтының өмірбаяны, аты-жөні, лауазымы. Онда да газеттен оқып. Бары – сол. Түстеп көрмесек те, жерімізге табаны тимеген сондай кісілерге тыртаңдап талай дауыс бергенбіз.

Ал бәрінен де таң қаларлығы, ол кезде де, бергі кезде де советтік сайлауда дауыс берудің қорытынды нәтижесі – 98-де бірдеңе проценттен немесе 99 проценттен кем болмайтын.

Енді мәдени шараларынан бір мысал. Иә, ол кезде де газет-журналдарға жазылу науқаны тап бүгінгідей жылына екі рет жүргізілетін. Кейде патриоттығымыз ұстап кетіп толайым бір жылға жазылатынбыз. Бұл науқан да жатқан бір міндет. Алыс-алыс ауылдарда айқай-шусыз өтпейді. Себебі, жергілікті партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдарына жоғарыдан пәленбай данаға жазылу жөнінде тапсырыс түседі. Содан сүргін басталады. Өйткені жасырып жабары жоқ, бірі ойда, бірі қырда жүрген жұмысшы, шаруа, механизатор, құрылысшылар басылымдарға өздігінен жазылуға құлықсыз. Олардың дені қандай да бір газетті оқығысы келіп жантайса, шамалыдасын ұйқысы келеді, сосын алаңсыз ұйықтап кетеді. Ондайлардың талайын көргенбіз. 

Сондықтан жергілікті партия ұйымы хатшысының науқан аяқталғанша жаны жай таппайды. Газетті бүркеніп, ұйқысын қандырып алатындардың атына пәленбай дана басылымды өзі біртіндеп сырттарынан жаздырып жібереді. Ақшасын кейін әлгілердің жалақысынан жағаласып отырып ұстаттырады. 

Сондай мәдени науқанның бірде мені қайран қалдырғаны бар. Студентпін. Жазғы каникульда Көкаралдағы ауылыма келсем, үй-үйдің бәрінде ұйғырдың «Коммунизм туғи» деген газеті. Ал біздің үйде толайым бір бумасы тұр. Әкем пенсиясын алуға барса, завпочта Қазыбаев Қиуаш ағамыз әжетке жаратарсыңдар деп беріп жіберіпті. Сұрастырып көрсем, ауданнан тапсырыс болыпты. Содан мындағы билер ауылда қанша отбасы болса, солардың бәрін әлгі «туғиды» жыл бойына алып тұратын қылған. Ақшасын төлеттірген.

Кейін білгеніміздей, Хрущёвтің қылаңдап тұрған, республикамызды ұйғыр Юсупов басқарған заман. Сол 1963-64 жылдары «ұйғыр автономиясы құрылатын көрінеді» деген сыбыс тараған. Шамалауымша Юсупов өзі билік төрінде отырған кезінде ұйғырлардың санын өсіріп көрсету арқылы қазақтың жерінен автономия құрып алудың амалын ойластырған болса керек. Егер волюнтарист Хрущëв билікте қылаңдап тұра бергенде, кім білген жағдайымыздың қалай боларын. 

Ал бергі жетпісінші жылдары респуб­ликада «кітап өтпейді емес, жетпейді» деген пікірлер әр жерде айтылып жүрді. Анығында жетпейді емес, ол кезде көркем шығармалардың таралымы жеткілікті болатын. Бірақ сол қырауар кітаптар алыс-алыс ауылдарға жеткізілмей бір жерлерде жатып қалатын. Сондай немкеттілікті түрлі басылымдар дабыл көтеріп жазып та жатты. Қанша дабыл көтергенімен, ол кезде біздің Сыр бойының елді мекендерінде арнайы кітап магазиндері болған жоқ. Ал облыс, аудан, қала орталықтарындағы кітап дүкендерінде кітаптың нешеме түрі сіресіп тұратын. Бірақ түскенін түскендей көтеріп кететін оқырман қайда? Қызметкерлер, түрлі саланың мамандары, қаламгерлер мен ғалым болғысы келіп жүргендер, мұғалімдер мен студенттер тек керегін іздейді. Ал қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын іздейтіндер некен-саяқ.

Бұрын кітапты, газет-журналдарды қойны-қонышына тығып жүріп малдың өрісінде, теңіздің төрінде, диқанның дала қосында, тіпті пойызда кетіп бара жатып та оқитын қазағыңыз бірте-бірте ұлттың рухани құндылықтарынан жеритін қылық шығара бастады. Себеп?! Себебі, тұрмыс түзеле бастағанда пенделердің бәсекелестігі асқынады екен. Қарны тоғайған қазағыңыз бәсекелесіп үй, бәсекелесіп мола сала бас­тады. бәсекелесіп қыз ұзатты, бәсекелесіп келін түсірді; бәсекелесіп киіну, бәсеке-лесіп жиһаз жинау машақатымен жең ұшынан жалғасу өрістеді. Төрт құбыласын түгелдеген мұндай қарбалас бәсекеде пенделердің рухани дүниеңізге бұрылуға ықтияры болмайды екен. Сөйтіп жоғары жақтағылардан бас­тап қиыр-шиырды жайлаған елді мекендерге дейін «вещизм» індеті жайлап алды. Кімді көрсең де ірі-ірі сауда базаларын адақтап, сабылып жүргендері. Іздейтіндері кіл дефицит дүниелер: тоңазытқыш пен шетелдік кілем керек еді; армян коньягі мен үнді шайы керек еді; гарнитур, машина, мотоцикл, запчасть… керек еді болып келеді. Ал пәлен деген ақын мен жазушының пәлен деген кітабы бар ма деп сұрайтындар ілуде біреу. 

Содан, ел ішін тұтастай сиқырлап алған сол «вещизм» кесапатынан қара табан халқыңыз уақыт өте келе қазақтың төл тілінде жазатын қаламгерлерін ұмыта бастады. Әдебиетке қандай таланттар келіп жатыр? Білейін демеді. Білетіндері көздеріне көрініп жүрген мына біз сияқты провинциал тілшілер ғана. Бұларға астанада тұратын қаламгерлерден мындағы біз жақын болдық. Ал советстанның жер-жердегі шіренген шенеуніктері орыс басылымдарының журналистеріне жалбақтап жатқандары, қазақ тілінде жазатындарды, сынала қалса, кекетіп-мұқатып, «газетчики» немесе «писаки» дейтін болды. Олар, жалғаны жоқ, қазақтың көркем әдебиетін жылы жауып қойды. Қара табан халықты айтпағанда, басқару майданында жүргендердің кейбіреулері газет пен көркем әдебиет жанрларын айыра да алмайтын. Оларға әңгіме де мақала, мақала да мақала. Мысалы, бір басылымда сіздің әңгімеңіз жарық көрсе: «Пәлен дегеннің түген деген мақаласы жарық көрген екен», – дейтін. Ақырында қазақ қаламгерлерінің кітаптары сөрелерде тұрып қалатын болды. Ал туасы орыс тілінде жазатындардың құдайы берді. Олардың шығармалары мол таралыммен шығып тұрды және өтіп-ақ кететін. Кітап саудасымен айналысатын мекеме жоспарын орыс тілінде жазатындар есебінен орындайтын.

Өйткені жаппай орыстану синдромы жан жүйемізді іштен кеміріп жатты. Лауазымды басшылар қазақ тілінде жазатын қарағайдай қаламгерлерімізге құлықты болмады. Олардың бірінен бірі қалыспай бәсекелесіп жинағандары негізінен атақты мемлекет қайраткерлері мен әскер қолбасшыларының қалың мемуарлары және ЖЗЛ сериясынан шыққан сирек кітаптар болатын. Ал қазақ қаламгерлерінің төл туындылары болса, өте сирек, болмаса ол да жоқ.

Біздегі обкомның ішінде де кітап магазині болды. Оған сирек кітаптар түсетін. Бәрі орыс тілінде. Жалпыламаға жоқ. Өздеріне де жетпей қалатын болар, кейде лауазымдылардың атқа жеңіл құбаша қосшылары Мәскеуге заказ беріп жататын. Ал кітап саудасымен айналысатын облыстық мекемедегілер жиналып қалған қазақ кітаптарын өткізе алмай сабылып жүргені. Авторларды іздейтін тек сол мекеме. Жоспарды орындау жолында жанығып, кітаптары жатып қалған авторларды оқырмандармен кездесу өткізуге шақырып тұрады. Ал лауазымдылар кездесуге мың жерден шақырсаңыз да бармайтын. Басшылары бармайтын болғасын былайғы бағыныштылары да құлықты болмайды. Ал рабайда бара қалатындары кездесудің аяғына дейін шыдамай кетіп қалатын. Өйтетіні, келген қаламгерлердің шығармаларын дендеп оқымағасын, мұндай «оқырмандар» үшін кездесуде айтылып жатқан әңгіменің қызығы болмайды. Ал кездесуге ықыласты баратындар тек жергілікті ақын-жазушылар, журналист аталып жүргендер, ғылым қаузағандар, мәдениет қызметкерлері, көптің санатында ербиіп көрінетін қияли ақынжандылар. Бірақ бұлармен зал толмайды. Толмайтыны әлбетте белгілі, сондықтан залды оқушы, студент сияқты көкөрімдерді жинап әкеліп толтыр-ған болады. Содан жатып қалған кітаптардың саудасы қызады. Ең соңғы данасы сатылмайынша кездесу басталмайды.

Асылы адам жазғанның ойлап таппайтыны жоқ шығар. Халыққа көркем туындыларды таратудың мұндай тәсілі алыс ауыл-аймақтарда өзгерек болды. Тұтынушылар тәуір киім, дүние-мүлік, жиһаз іздеп сауда нүктелеріне өзі үшін барып тұрады. Сондайда сатушы оларға қазақ ақын-жазушыларының жатып қалған кітаптарын қоса өткізіп жіберіп құтылатын. Әрі жоспарының орындалуына жақсы. Табаны тайпақ болып іздеп жүрген бұйымы бұйырғалы тұрғанда тұтынушы тартына ма, амалсыз алады. Ол кезде кітап арзан да еді ғой. Бірақ бір күндері әлгі кітаптар майлы тағам дастарқаны үстінде жыртылып жатады. Сондай «салтымызға» қарамай біз бүкіл одағымыз болып «читающий народ» атандық. Әлбетте бүкіл Одақ бойынша миллиондаған таралыммен толассыз басылып шығып жататын орыс тіліндегі кітаптар есебінен сияқты. 

Замандастарымызға аян, бізде үйіші­лік шағын кітапханалы болу жаппай үр­діс алған жоқ. Кітапхана бар болса, мектеп директорларының, партком хат­шы­ларының, түрлі сала мамандары мен ұжым басшыларының төрінде тұрар еді ғой. Алайда үйішілік шағын кітапхана осы аталған интеллигенттердің бәрінде бірдей болған жоқ. Мысал ма? Үйіміздің арасы жақын бір мектеп директорымен көптен шүйіркелес едік. Екеуміз бірде көшеде келе жатып, кітап магазиніне соға кеткім келді. Дегендей, күреп жазатын белгілі жазушымыздың тарихи романы түсе қалған екен. Соның бірін өзіме, бірін оған алайын дегенімде, ол: «Әй, қайтесің босқа шығынданып, маған қажеті жоқ»,– деді кіржиіп. Содан бір күні оның үйінде болғанымыз бар. Сіз сенбессіз, көрген көзде жазық жоқ, сол дырдай директордың үйінде (әйелі де мұғалім еді) қазақ ақын-жазушыла-рының бір де бір кітабын көре алмадық. Шағын шкафтың сөресінде тек өздерінің химиясы мен биологиясының ғана бірдеңелері. Ал қала-далада мұндай директорлар аз болған жоқ. Әлі де аз емес.

Құдай-ау, осыдан кейін үйлерінде кітап оқымайтын атасы мен әжесінен, әкесі мен шешесінен, ал білім ұясында әлгіндей директор мен мұғалімдерден тәлім-тәрбие алған балғын буынға кітап оқымайды деп қалай ренжиміз. Ренжіп көріңіз…

Ілгеріде, «заманның түзу кезінде» үйге келіп-кетіп жүретіндердің кейбірі кітап ұрлайтын, білдірмей. Енді бұл күнде соларды еске алып, сағынып отыратын болдым. Ешкім кітап ұрламайды.

Сонымен айтып-айтпай не керек, осындай дәурен күні кешегідей болып өтті де кетті…

2. Бүгінде …

Енді біз бодандықтан құтылдық, дербес мемлекеттер санатына қосылдық. Бір қомағай қоғамның нанын жеп, суын іше бастағанымызға да жиырма жылдан асты. (Дұрысы, сол бұрынғы нанымыз, сол бұ­рын­ғы суымыз ғой). Өмірімізде бірінен бірі өткен қилы-қилы оқиғалар да, өзгерістер де толассыз болып жатыр. Тұрмыс салты-мыз да, айтатын ұранымыз да өзгерді. Біз ен­ді: «Алға, Қазақстан!» деп ұрандататын болдық. (Әлбетте, шамамыз келіп жатса алға баса бергенге не жетсін). Баяғы коммунистік партияның қызыл тулы жауынгерлері «Нұр Отан» партиясына ауысып алды. Осындай өзгерістердің ең сорақысы: «жекешелендіру» деген желеумен ел ішін аласапыранға салатын кәдімгі соғыс сияқты тұтқиылдан бас­талып, әлегі ие бермей кеткен талан-тараж қара орман халықты әп-сәтте-ақ есеңгіретіп жіберді. Содан еңбегіне жалынған қара табан халық заманасы қайым болып, не жаздым күйге түсті. «Ораза, намаз тоқтықта» екен. Үйішілік кітапхана жасауға да, газет-журналға жазылуға да құлықсыз деп көпке көңіліміз толмай жүргенде, халқыңыз тоқсаныншы жылдары (ХХ ғасыр) бұрынғы күніне зар болып қалды.

Ғасырдың сол тоқсаныншы жылдарынан басталған «өтпелі кезең» ауыртпалығынан адалынан күн көріп келгендердің өкпесі өшті. Колхоз, совхоз, ауыл-аймақ, елді мекендер тым-тырақай болды. Малды-жанды, бау-бақшалы қоныстардың іргесі сөгілді. Күні кеше ғана ұлы Отанды табан ет, маңдай термен асыраған материалдық игілік өндірушілер қоржын-қолабаларын арқалап, қаладан қалаға қаңғалақтап, босып кетті. Оларға біркиер сулықтарын атып ұрып, майлықтарын киініп алған интеллигенттеріңіз де тобымен қосылып, мидай араласып кетті. Кім жұмысшы, кім механизатор, кім егінші-сушы, кім мал баққан қара шаруа, кім қызметкер… жабдан көз оларды ажыратудан қалды. Қап арқалағанның бәрі – бірдей кейіпте. Дипломды мамандар да, дипломсыздар да сапырылысқан саудагерге айналды. Күні кеше науқастарға кекірейіп қарайтын дәрігерлер де, мұғалімдер де, кешегі шікірейіп жүретін қызметкерлер де еріндері кезеріп базарда отыратын болды.

Еріккеннен емес. Ақша құнсызданды. Бұрында да жарытқаны шамалы айлық жалақы күнкөріске жетпей сансыратқасын тиынның татын жалайтындардың шылауына амалсыз қосылды. Сол уақытта, жер-жерде клуб, кітапхана, балабақша, поликлиника, дәрігерлік пункттер, ательелер, завод, фабрика, кітап магазиндері, салалық мекемелер мен филиалдар жаппай жабылып жатты. Бір қапталдан сол сала-саланың сандаған нысандары мұт арзанға сатылып та жатты. (Біз Қызылорда біріккен ауруханасының мың теңгеге, тіпті жалғыз түрмеміздің де жеке қолға мұт арзан сатылып кеткенін облысқа Мұxтар Құл-Мұхаммед әкім болып келгенге дейін білгеніміз жоқ). Жаппай қысқартулар талай отбасының ойранын шығарды. Жұмыссыздар қаптады. Талан-тараж топалаңына шыдамағандардың талайы «өтпелі кезең» қыр аспай-ақ жүнжіп кетті. Шаңырағы шайқалғандар, асылып өлгендер, кеше үйленіп, бүгін ажырасқандар; еріккен шетелдіктердің шылауында кеткен желектілер…

Ел күйзелгенде кесапат қозып шыға келеді екен. Қалада жезөкшелер ұясы аз уақытта-ақ пайда болыпты. Ауылдағылар да қарап қалмапты. Бұл масқаралықпен қалаға келіп айналысып кетіп жүреді екен. Қор болған, мазақ болған, намысы өлген бейбақтар. Ал осының бәрі саналыларға өте ауыр тиді. Қорланды, ызаланды, күйінді, намыстанды. Бірақ қыларға қайраны жоқ. Осындай жағдайда, отбасын әрең асырап жүргендер руханиятыңызды қайтеді. Бұрынғы бұрынғы ма, кітап оқу жайына қалды, газет-журналға алаңсыз жазылмайтын болды. Ел ішін рухани ашаршылық кенеулеп алды. Бүкіл Қазақстан байтағын кезген тобырлар Сыр бойында да өріп жүрді. Жұмыс таба алмай сандалғандар, қап арқалап қаңғығандар, базар-базарда мықшыңдап арбаға жегілгендер, көше қалтарыстарындағы қоқыстың ара-арасынан қаңғыбас ит, мысықпен жағаласып ішім-жем қалдықтарын теріп жүргендер…

Адам баласының азып, қажып тобырға айналып бишара болуы демде екен ғой. Сыр бойы бір он жылдай уақыт осындай кейіпте сұрқай тартып тұрды. Ежелгі Сыр елінің ауыл шаруашылығын әп-сәтте күйретіп жіберген сол «өтпелі кезеңнен» әлі ада-күде өте алмай жатқан жұртымыз бірте-бірте есін жиып, қоғамның беталысына жанкешті жанталаспен ілесейін деді. Маңдай теріне жалынған қара табан халық енді сол баяғысындай тыртақтап күнкөруде. Ал Қазақстанымыз өткен жиырма жылда ілгері самғап кетті білем, қарыштап дамыған елу елдің қатарына қосыламыз деген қиқуды құлағымыз шалып қалып жүр. Мұхиттың арғы жағына да, Еуропаға да ақыл айта бастадық. Бұл сірә алға басып келе жатқанымыздың нышаны шығар. Сыртқы қарыздан да алға шығандап кетіппіз. Құдай қолдап 123,8 миллиард долларға жеткен. Біз тәуелсіздік алғалы 110 мемлекетке осыншама қарызданып, Айды аспанға бір-ақ шығарыппыз. Демек, біз елу елдің санатына осылай қарызданып жететін болғанымыз ғой. Ал бұл миллиардтар бүгінгі бізден өтіп, үрім-бұтағымызға да құрық салатын қарыз болғалы тұр.

Міне, көрдіңіз бе, қазақстандық қоғам осылай өзгеріп жатыр. Бәрі-бәрі. Бізде өзгеріссіз тек бір-ақ мәселе қалып тұр: халқымыздың рухани болмыс бітімі сол баяғы қалпы. Өткен жиырма жылдың кейінгі он жылында халқыңыз тұрмыс күйін түзеудің, түзеп алғандары байудың әлек-шәлегімен рухани қазына жайын тағы ұмытты. Байығандардың сәулетті сарайларының іші шетелдік жиһазға толы, бірақ кітаптан кедей. Бәрінен де сорақысы, біздің ертеңгі үмітіміз – бүгінгі кейбір жастарымыз кітап оқуға қызықпайды. Себебі, оларды о бастан кітап оқуға дағдыландырып тәрбиелемеген. Ал кезінде кітап жинаған некен-саяқ ардагерлердің немерелері (бәрі емес әрине) сол рухани мұраны керек қылмай сырттағы жазғы сарайларына шығарып тастап жатыр. Шамасы, олардың ойынша сол кітаптар анау шетелдік жиһаздарының сәніне нұқсан келтіретін болса керек.

Кітап оқымау, бұл бір кесел болды. Рухани деградация дендеп барады. Тапқандары күнкөрісіне жетпейтіндерге сын жоқ, ал жағдайы жақсы отбасылар кітап оқуға, оның ішінде әсіресе қазақ ақын-жазушыларының туындыларына ықылассыз. Неліктен?! Неге бейғам, неге самарқау?! Әлде біз кітаптың кепиетіне ұшырадық па? Ол да мүмкін. Мүмкін деуіме себеп: халқыңыз қаламгерлерімізден де, олардың кітаптарынан да көз жазып қалды. Әдеби ортада кімдер бар, кімдер дүниеден өтті, кімдер қосылып жатыр – мүлде хабарсыз. Тележурналистер кейде қалың дүрмекті көшеде тосып алып, атақты адамдардан кімдерді білетінін сұрап жатады. Әлгілердің: егделер де, орта жастағылар да, кейінгілер де М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан сынды марғасқалардың кім болғанын білмейтінін телеарнадан көрдіңіздер, есіттіңіздер.

Әне, солай, бізде кімнің кім екенін және ұлтының әдебиетін, философиясын, тарихын білмейтіндердің кезекті буыны қалыптасып болды. Бұл неліктен? Бұл – кітап оқып жүрмегендіктен. С.М.Киров кезінде: «Кітап оқымаған кісінің миы кеуіп кетеді» деген екен. Ми кеппейді. Кітап оқымасаң дүниеден бос қаласың дегені ғой. 

Кітап дейміз-ау. Баяғыда жыл құрғат­пай жүз мыңдап жарық көріп жататын кітаптардың таралымы бүгінде бір не екі мыңнан аспайтын болды. Мұндай таралым кітап оқығыштардың өздеріне де жетпейді. Бүгінгі Қазақстан кітапты қаламақысыз да шығаратын болды. Кітапты қадірлейтіндер керегін сол баяғысынша Ресей басылымдарынан іздейді. Айтарыңыз не, біздің елде кітаптың бағы қайтып тұр. Таралымы аз әрі сол азды қазағыңыз оқиын демейді. Жұртымыздың көбінің көңілі кітапта емес, дүние-мүлікте. Жарлы байға, байығандар Құдай болуға кірісіп кеткен.

Кітап дейміз-ау, осы жұртыңыздың газет-журнал басылымдарына жазылу шыр­ғалаңы да сол бұрынғы қалпында. Ын­талылар аз. Үйлеріне газет-журнал жаз­дырып алмайтын отбасылар өте көп. Мысалы: Қызылордада мен білетін бес қабатты бір үй 14 подъезден тұрады. Әр подъезде 10 пәтерден. Бір подъезде бір не екі пәтер ғана газет алады. Өмірдің өзінен алынған осы мысалдан-ақ рухани жағдайымыздың қалай қалыптасып алғанын бағамдай беріңіз. 

Бізде мектеп оқушылары мен студент­тер де басылымдарға өздігінен жазылуға баяғы біз сияқты құштар емес. Ата-аналардың (әсіресе жас ата-аналар) не ойлайтынын қайдам, балаларын газет-журнал оқуға оқушы кезінен дағдыландырайын демейді. Жаппай жазылатындар сол баяғы құттайынан газет-журналдарды жібермей оқып қартайғандар. Мемлекеттік қызмет-шілер мен мұғалімдердің басында ерік жоқ. Оларға пәленбай түрлі басылымдарға жазылу орайында салық салу сол баяғы қалпында. Ішкі саясаттың нұсқауымен көңілі қалайтын басылымға қоса көңілі қаламайтын басылымды да «тізеден басып отырып» жаздыру «салтқа» айналды. Бір отбасының кейде бір басылымның екі данасын алып тұратыны да болады. Себебі, сол үйдің екі адамы бірінен бірі бөлек ұжымнан жалақы алады. Басылымға өз еркімен жазылса, бұлай болмас еді ғой.

Бізде Қазақстан тұрғындарын үш тілді халыққа айналдыру майданы жүріп жатыр. Ал шын мәнінде қазақтың ұлы-қызы бөлініп-бөлініп, басқа да тілдерде оқып жатыр. Оқысын, бірақ осы ыңғайда көңілді қобалжытып секем алдыратын кері ағыс қылаңытады. Бөтен тілде тәрбиеленген ұрпақ соңыра сол тілдің жырын жырлап, сүт тіліндегі кітаптар мен газет-журналдарға зауқы соқпаса қайттік. Молдаларды білмедім, ал базарда арбаға жегілгендер мен саудагерлерден, жұмыссыздар мен кедейлерден, нашақорлар мен маскүнемдерден менің кітабымды оқиды екен, басылымдарға да жазылады екен деп үміттенбей-ақ қойыңыз. Ал бұлар Қазақстан байтағында ығып жүр. Енді осындай қалпымызда ұлт руханиятының ертеңіне ой жіберіп көріңіздер.

Ақын-жазушы-журналист Қази Данабаев бір шығармасында: «Жиырма үшінші ғасырда өзімдей біреуді көремін, тұрпаты бір де, басқа бір тілде жазып, оқитын отты өлеңін» деген екен. Алла сақтағай. Я, сақтағай дейміз-ау, ал бүгінгі ұрпағымызды қазіргідей американдық тұрмыс салтына бейімдей берер болса, ұрпақ өзгермей қайтеді. Бізде жат идеологияның дегені болып тұр. Кітап бетін ашпайтын, ұлтының руханиятына мән бермейтін самарқау, бейғам қалпымызбен келешекте тек «қазақ» деген атына ғана мәз дүбәра ұлтқа айналмасақ болғаны.

Баяғы кітап саудасын ұйымдас­ты­ратын мемлекеттік мекеме қайда? «Кітапқұмарлар қоғамы» қайда? Жоқ. Оты өшкен, адыра қалған. Көзін дүние тескендерге ондай мекеме мен ондай қоғамның қажеті енді бола да қоймас… Ал мәңгілік елге айналамыз деген Отанымызға ондай мекеме де, кітапқұ-марлар қоғамы да, сөз жоқ, керек, керек…

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ

 Қызылорда қаласы

Серіктес жаңалықтары