Сөздерінің түбіне терең бойла

Сөздерінің түбіне терең бойла

Сөздерінің түбіне  терең бойла
ашық дереккөзі
1400
Тақырыпты сөз етуден бұрын, алдымен, әдебиет тарихында әрқилы аталып жүрген философиялық лирика, пәлсапалық лирика деген аталымдарға ой жүгіртіп қарайық. Осында қосарланып аталып келе жатқан философикалық лирика, пәлсапалық лирика мән-мағынасына қарай екі аталым да қажеттіліктен туған терминдік сөздер деп ұғынғанымыз жөн. Өйткені философиялық лирика дүниетаным негізін материлистік дүниетанымға құруы себепті, мұны затшылдық таным тұрғысынан айтқанда «…жан деген жеке зат жоқ, жан деген дененің бір бөлігі деген сөз» болып шығады (М.Жұмабаев. Педагогика, Алматы, 1997, 44 бет.) Лирикалық ой толғаныстың арқауы затшылдық әлеммен астасып жатуы да заңдылық. Бұл құбылыс, әсіресе, Еуропа мен Ресейде материалистік дүниетанымның желі оңынан тұрып, ақын жазушылар мен өнер иелері өз туындыларында дүниенің көрінген сырын танып білуге жете мән беріп суреттеуге бағыт алды. Өз кейіпкерлерін осы ұстаным тұрғысынан сомдағанда оның қимыл әрекеті мен сырға батып іштей ой толғаныстырында затшылдық таным ашық белгі беріп жатуына байланысты поэзияда философиялық лирика аталымы басым түсіп жатуы себепті оны философиялық лирика деп атаймыз. Кеңестік билік заманындағы ай­тулы ақындардың поэзиясында фи­ло­софиялық лириканың идеялық маз­мұны мен тақырыптық негізі заман шындығына сай жырланғанда таза марксистік материалистік дүние таным талабынан ауытқымай жырлануы себепті, әдеби талдауларда поэзия жанрындағы бұл көрінісі философиялық лирика деп атау дәстүрге айналды. Ойшыл ақын Абайдың жетінші қара сөзінде «Дүниенің көрінген Һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе… ол жан адам жаны болмай хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан» деген ой толғанысында аса терең ғылыми таным жатыр. Абай салмақ сала, мән бере айтып отырған «дүниенің көрінген сыры» деген, шын мәнінде, бізді қоршаған әлемнің бар болмысын ғылыми таным тұрғысынан түгелдеп не денелеп танып білмесек, жанымыз хайуанның жаны болады екен. Мұнда Абай дүниенің көрінген сыры деп отырғаны бүкіл әлем болмысының көзге көрініп тұрған материалдық болмысының сырын ғылыми тұрғыдан танып білу арқылы меңгеруді қажет деп біледі. Абай осымен бірге күллі әлемнің көрінбеген сырын да танып білу мәселесіне ерекше мән бере қараған. Дүниенің көрінбеген сыры деп әлемнің рухани тылсым құбылысын, оның түп иесі жаратушы иені де танып білуге қазақ әдебиеті тарихында жантану іліміне айрықша мән бере қарайтыны себепті де «адам жанын ірі жаратқан» деген танымында көптеген күрделі рухани мәселелердің қабаттары жатыр. Абай дүниенің көрінген һәм көрін­беген сырын толық танып білуде ғылымға ерекше мән бере қарайды. Абайдың пікірінше, адам өз қолымен ғылым жасай алмайды. Өйткені ғылым атаулының барлық түрін жаратушы түп ие тарапынан әзелден-ақ жаралып қойылған. Мәселе осы құбылысты яғни түп ие жасап қойған ғылым түрлерін ғалым атаулы зерттеп танып білу арқылы оның сырын ашып, заңдылығын танып, ғылым саласына қосады. Осыны ғылым дейміз. Мысалы, бүкіл әлемдік тартылыс заңы нешеме мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келе жатқан объективті құбылыс болатын-ды. Қашан осы құбылыстың құпия сырын Исаак Ньютон кездейсоқ алманың жерге құлап түсуінен тартылыс заңының сырын ұғынып, бүкіл әлемдік тартылыс заңын ашып, жаңа ғылым саласын қалыптастырды. Немесе ғалым Менделеев ашқан химиялық элементтер заңдылығы да табиғатта нешеме ғасырлар бойы жасап келе жатқан құбылыс. Қашан осы құбылыстың өзіндік объективті жасау заңдылығының сырын Менделеев ашқан соң химия ғылымының жаңа саласы қалыптасты. Бұл әлемнің көрінген сырын еуропа ғалымдары жан-жақты тереңдей танып ашқан соң, олар бүгінде материалдық игілікті өндірудің ұшар биігіне шығып, барлық тұрмыстық қажеттіліктердің түрімен қамтамасыз етіп келеді. Бірақ олар дүниенің көрінген сырын түгелдей танып білу жағына шешуші мән берді де, дүниенің көрінбеген сырын танып білуді қажет деп танымады. Француз ғалымын мысалға алу… Дүниенің көрінбеген сырын танып білуден бас тартқан еуропалықтар бүгінде соның зардабын тартып рухани дағдарысқа ұшырауда, мінез құлқы жағынан азғындап, құлдырауда. Ал, бүгінде қазақ әдебиеті тарихында Абайдан бастап бүкіл әлем болмысының көрінбеген сырын яғни рухани тылсымын түгелдеп танып білуге ұмтылу арқылы жантану іліміне ынталануын пәлсапалық лирикаға жатқызамыз. Мысалы Абайдың: Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі, «Мені» мен «менікінің» мағынасы екі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел баста, «Менікі» өлсе өлсін оған бекі, – деген өлең жолдарындағы «мені» мен «менікінің» айырмасын сөз етіп, терең ой толғаныстарына түсетін танымдары нағыз пәлсапалық лириканың классикалық түріне жатады. Абайдағы пәлсапалық лириканың дәстүрлік даму жолын жалғастырып көріктей түскен Абайдың ақындық дәстүрін дамытушы бас шәкірті Шәкәрім мен Мағжан Жұмабаев, т.б. ақындар шығармаларындағы пәлсапалық ой толғаныстардың табиғи рухани болмысынан анық сезініп отырамыз. Аса дарынды сыршыл ақын М.Жұмабаевтың «Пайғамбар», «Күншығыс» деп аталатын өлеңі мен «Педагогика» оқулығында сөз болатын «мейірім, қарын, иман, жан» туралы күрделі терминдік ұғымдарда пәлсапалық лириканың тақырыбы мен мән мағынасының қабаттасып жататыны бар. Мысалы Мағжан: Еуропаны қараңғылық қаптаған, Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған. Білген емес иман деген не нәрсе, Қарын деген сөзді ғана жаттаған, деген өлең жолындағы «иман» мен «қарын» сөзін қатар салыстыра қарауында зор мағына жатыр. Мұндағы «қарын» сөзінің затшылдық материалистік танымның мәні еуропалық елдердің дүниетанымдық ұстанымы екендігін, бұл ұғым жеке бастың пайдасына жан сала ұмтылатын дарашылдық яғни индивидуализмнің нақ өзі болып шығады. Бұл танымдағылардың бас­ты мақсаты баю, байлыққа бату, дүниеқоңыз тойымсыз нәпсі құлына айналу. Еуропалық елдердің өмірлік идеалын, яғни мұрат мақсатын Мағжан: Түн баласы түнерген күн жамылған, Аллаға емес, Әзәзілге табынған. Інжілді өртеп, табанға сап Құранды, Әділдікті күткен ессіз қарыннан, деп суреттей көрсетуінде терең дүниетанымдық ой байламдары жатыр. Еуропалық және социалистік жүйедегі елдер түгелдей атеистік, материалистік танымды табанды түрде ұстануы себепті түп иені терістеп, Інжілді өртеп, Құранды табанға салып, әділдікті ессіз қарыннан күтуі – олардың Абай айтатын дүниенің көрінбеген сырын танып білуді терістеуінде жатыр. Ол елдердің тұтастай рухани дағдарысқа ұрынуы осының белгісі екендігін әлем халқы сезініп ойлануда. Құранның 2-сүресінің 212-аятында да «…бұл дүниенің қызығы керемет ләззәтті көрінді де, олар (байлығына мастанып) дінге сенушілерді тәлкек етті» деп ескертуін біздің аға ұрпақ өз көзімен көріп, «құдайсыздар» ұйымына зорлықпен тартылып, көбі сол саясаттың рухани зардабынан құтыла алмай мәңгүрттеніп келді емес пе? Мағжан ақын аса терең мән бере жазған өлеңдегі: Табынатын құр денеге жануар, Болған емес жұмысы оның жанменен, – деген өлең жолындағы «жанменен» сөзінің мағынасын ақын аса терең, зор ұғым ретінде ұғынып, өзіндік дүниетанымының негізіне балап сөйлеген идеялық танымын көреміз. Абай айтқан «дүниенің көрінген сырына» яғни сонымен айналысатын заһири ғылымға ғана сүйену арқылы материалдық игілікке жетуді мақсат еткенде, рухани игілікке мән бермеген. Сондықтан ғылым имансыздық жолын қуалағандықтан, ғылымды адамзатты қыратын қару-жарақ жасап, әлемді жау­лап алу жолына бұрды. Суық ақылға ғана сүйенген затшылдық негіздегі малға дос дүниетаным алдымыздан шығады. Мағжан жан туралы олардың танымын «…жан деген жеке зат жоқ, жан деген дененің бір бөлігі деген сөз» деп дәл анықтап беріп отыр. Осы себепті батыс психологтары «жанды» адам тәніндегі психикалық құбылыс деп танудан келіп біздің психологтар да психология ғылымын «жантану» деп адасып жүр. Мағыжан ақынның: «Білген емес иман деген не нәрсе, Болған емеc жұмысы оның жанменен», деген өлең жолындағы тезистік мағынада қолданған «иман», «жанменен» деген сөздердің мағынасы өте тереңде жатыр. Материалистік, атеистік танымдағы батыс елдері мен Ресейдің «иман, жан» деген сөз мағынасын танып білуі, нануы мүмкін емес. Өйткені иман ұғымы түп иенің барлығына нанып, оны шешуші орынға қояды. Ал иманды білмеуі, түп иенің барлығына нанбауы оларды атеистік таным жолына түсірді. Кеңестік билік те осы танымды ұстануы себепті жоғары оқу орындарында арнайы пән ретінде «Атеизм негіздерін» міндетті түрде оқытылып емтихан тапсыратын. Екіншіден, ақынның «Болған емес жұмысы оның жанменен» деген өлең жолындағы «жанды» танып білуі де осы затшылдық негізге сүйенгендерін нұсқап отыр. Абай, Шәкәрім дүниетанымында «жанды» түп иеден келген құбылыс деп білуі себепті 27 қара сөзінде «Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың» деп жанның сырттан яғни түп иеден келгендігін меңзеп тұр. Ал, Шәкәрім болса: Хақиқатты білмек болсаң, Алдыменен жанды біл, – деп шарт қояды да, жанға өзінше жаңаша анықтама беретіні бар. Жаратылыс басы қозғалыс, Қозғауға керек қолғабыс. Жан де мейлі бір мән де, Сол қуатпен бол таныс, Дүниені сол жаратқан, – деп жанды түп иеге балама ұғым ретіндегі жан қуатына мән бере қарауы – соны таным. Абай жантану ілімінің негізін салса, осы соны танымды Шәкәрімнің ары қарай дамытып әкетуі ғажап құбылыс. Абайдың жантану ілімі ұлы ойшылдың дүниенің көрінбеген сырын түгендеп танып білуге ұмтылған ізденісінен Абайдың жантану ілімі дүниеге келді. Оның өзегі Абайдың «Көк тұман алдыдағы келер заман» (1897 ж.) деген пәлсапалық лирикасында айтылатын: Ақыл мен жан мен өзім, тән менікі, «Мені» мен «менікінің» мағынасы екі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, – деген өлең жолдарында жатыр. Абайдың түп иені танып білуге ерекше ізденіске түскен әрекеті оның «Лай суға май бітпес қой өткенге» (1895 ж.) деген пәлсапалық лирикасында көрініс берген. Осы өлеңінде ойшыл ақын: Өзгені ақыл ойға қондырады, Біле алмай бір тәңірін болдырады… Ақылдың жетпегені арман емес, Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, – деп түп иені танып білуге ұмтылады. Бірақ түп иені тануға адам (мақұлық) ақылы жете алмасын білсе де: Сонда да оны ойламай қоя алмаймын, – деп өзінің бұл жолдағы іштей рухани ізденісін тежей алмайтынынан хабар береді. Бұл ақынның дүниенің көрінбейтін сырына терең бойлап түгелдеп білуге бет алғанын анық көрсетіп тұр. Абай түп иеден келген жанның болмысын да танып білуге ұмтылу арқылы іздену жолындағы іс әрекеті оны жантану іліміне алып келді. Жантану іліміндегі жанды танып білу дәстүрін ақынның бас шәкірті Шәкәрім мен Мағжан ары қарай жалғастырып әкетті. Міне, Мағжанның еуропалық­тар­дың «болған емес жұмысы оның жанменен» деп сынауы – Абай негізін қа­лаған жантану ілімінің тұрғысынан, сол дәстүрді дамытушылардың бірі екенін айғақтап тұр. Бұдан шығатын қо­рытынды, қазақ әдебиетіндегі пәл­са­палық лириканың пайда болу негізі Абайдың дүниенің көрінбеген құпия сырын ашып, танып білуге ұмтылған ой танымында жатқан дәстүрлік жалғастықтың даму жолын Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан туындылары арқылы да танып білмекпіз. Мысалы, Мағжан «Педагогика» деп аталатын оқулығында «…дене жанға, жан денеге байлаулы, біреуінің біреуінсіз күні қараң»(1992, 44-бет) деп жазған пікірінің түп төркіні Абайдың Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, – деген өлең жолдарында жатқаны көрініп тұр. Немесе Мағжан жан көріністерін осы оқулығында ақыл көріністері, көңіл көріністері, қайрат көріністері деп үшке ажырата талдаса, оның да түп төркіні Абайдың 17 қара сөзі мен «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деген өлең жолдарында жатқан ой толғаныстарында жатқаны талас тудырмаса керек. Бұлардың бәрі де ой желісі жағынан Абай дүниетанымымен іштей астасып жатқан рухани құбылыстар Абай дәстүрін үдере дамытушылар кімдер екенін айғақтаумен бірге келешек зерттеушілерін де күтіп жатқан күрделі мәселелер екені аңғарылып тұр. Бүгінде дүниетанымда түбірлі теңдесі жоқ ұлы өзгерістерді кванттық физиканың өкілдері жасап отыр. Бұлар күллі материя атаулының атомдардан, ал ол атомдар энергетикалық өрістен тұратынын ғылыми негізге сүйеніп мәлімдеп отыр. Оларша, күллі материалдық әлем қозғалыс үстіндегі энергетикалық тылсым өрістен туындап жатады екен. Нобель сыйлығының лауреаты, неміс ғалымы Макс Планк кванттық физикада ашылған жаңа заңдылықтарға сүйене отырып: «Ғаламды Жоғары Сана билейді. Күллі Әлем Оның көзге ілікпес қуатымен өзара байланысып тұр», – деп ой қорытындысын ұсынып отыр. Міне, осы жаңа танымға сүйене отырып Абай айтатын «дүниенің көрінбеген сырын» танып білуге адамзат баласын бағыттайтын заман туды. Абай негізін қалаған «жантану» ілімін осы жаңа дүниетаным арқылы танып білу арқылы ғана Абай, Шәкәрім, Мағжан дүниетанымының бар болмысын аша алмақпыз!

Мекемтас Мырзахметұлы, 

филология ғылымдарының

 докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары