864
ҚОС ЕТЕК, БҰРАҢ БЕЛ...
ҚОС ЕТЕК, БҰРАҢ БЕЛ...
Жылдың басқа мезгіліне қарағанда наурыз айында ғана жиі сөз болатын бір мәселе болса, ол – қазақтың ұлттық киімі. Ұлттық киім жайлы әңгіме бола бастаса, бізде тек танымал өнер адамдарына ғана тән қос етек, бүрмелі көйлектер көз алдымызға келеді де, неге күнделікті кигенге ұлттық нысандағы киім-кешектер жоқ деп, ауызды қу шөппен сүртумен келеміз. Шын мәнісінде, өнер адамдарының тапсырысымен ғана ұлттық киім тігіледі, тек сахнаға лайықты тапсырыспен орындалады, солар үшін ғана жұмыс істейді деген жаңсақ пікірмен таласуға болады екен. Оны Аида Кәуменова басқаратын сән үйіне кіріп келгенде анық білдік.
Талай ғасырлық тарихы бар Батыс Еуропада орналасқан Франция сұлулық пен сәулет өнерінің тұнып тұрған отанына айналғаны, әсіресе оның хош иісті сулары мен сән әлемін жайлаған киімдері ешқашан биіктен түскен емес. Сол сияқты жапон халқы өзіне ғана жарасатын, өз ұлтының ғана ажарын ашып тұратын кимоносымен тарихта қалмай ма?!
Қаламыздағы Төлебаев көшесінің бойында орналасқан (Бөгенбай батыр) сән үйінің табалдырығын аттаған сәттен көңілімізді керемет бір шуақ билеп, сөзбен жеткізе алмайтын қазақ халқының сән-салтанаты алдымыздан шыққандай әсерге бөлендік. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында талай ақпарат құралдары шулап жазған, қазақи болмысымызды бейнелейтін күнделікті тұтыныстағы ұлттық киім дауы тағы да көз алдымызға келді.
Ұлттық өнердің эксклюзивін жасап жатқан қазақтың әдемі қыздары да ибалы, өте сыпайы қарсы алды.
– Аида, өзің басқарып отырған сән үйінің киім үлгілері жайлы естігенім болмаса, бірінші рет көріп тұрмын. Өте бай, сәнді, ұлттық үлгідегі өнімдерің жайлы айтып берші?
– Рахмет! Қазақстандық басқа да сән үйлері тәрізді біз де біраз жылдардан бері осы салада жүрміз ғой.
– Шыны керек, талай сән үйлерімен байланысымыз бар. Дегенмен, мұнда күнделікті тұтынуға лайықты қазақи ою-өрнегі басым киімдер көп екен. Тапсырыспен тігілді ме, жоқ сатылатындар ма?
– Иә, дұрыс аңғардыңыз, біздің өнімдерді күнделікті тұтынуға әбден болады. Арасында тапсырыс та қабылдаймыз. Ал, мына тұрғандар сатылуға қойылғандар.
– Бізде өнер адамдары ғана осындай қымбат салондардан киінеді деген пікір қалыптасқан. Қарапайым халықтың қалтасы көтере ме, бағаларыңыз қандай деңгейде?
– Заман талабына сай әртүрлі деңгейде деуге болады. Мәселен, мына астарлы әдемі күздік сырт киімдер (пальтолар) 120 мың, ал күнделікті тұрмыста киетін және кешкі мерекелерге киетін жеңіл көйлектер 50 мыңнан жоғары. Ол енді әркімнің талғам-талабына сай, жарасымды көйлекке меніңше, бұл баға аса қымбат та емес сияқты. Өйткені, атам қазақ «адам көркі шүберек» екенін қадап айтқан ғой. Ал, бүгінгідей гүлденген, өркендеген қоғамда біздің қыз-келіншектеріміз қалай киінуді біледі. Талғамды. Киіну мәдениетінің бүгінгідей заманда өркендеп-өскені шығар, біздің өнімдеріміз еліміз түгілі, сырт шетелдерге де жетті. Әлемдік сұранысқа ие.
Жылына бір рет «Kazakhstan Fashion Week» әлемдік сән апталығына қатысамыз. 2010 жылы «Алтын Сапа» белгісі мен Президент сыйлығын алуымыз да осы ұжымның жетістігі болды. Өткен жылы Luxury Lifestyle Awards -2013 Халықаралық байқауының « Люкс кластың Отандық дизайны» номинациясының лауреаты атандық. Сондай-ақ «Пекин-2008» Олимпиадасының қатысушылары мен «ҚазМұнайГаз» компаниясы қызметкерлерінің киім үлгілерін тігіп, байланыс орнатқанбыз.
– Киімдерді қайдан сатып алуға болады?
– Астанадағы «Керуен» және «Сарыарқа» сауда үйлерінде, «Red Carpet» шағын бренд бутигінен, Алматыда «Алмалы» сауда үйі мен өзіміздің бас Сән үйінен сатып алуға, тапсырыстар беруге болады.
– Аида, кешір, өзіңнің қазақ тілінде таза сөйлеп отырғаныңа таң қалып отырмын?
– Бұрынғы Талдықорған облысының Сарқант ауданында туып өстім. Әкем партия қызметкері болғандықтан, қызметі жиі ауысатын. Көптеген қазақ балалары сияқты мен де ата-әжемнің тәрбиесінде болдым. Ал, анам кинотеатрда кинотехник болып қызмет атқарды.
Орта мектеппен қатар 6 сыныптан бастап өнер мектебінен дәріс алдым. Арманым – суретші болу. Театр институтының ( ол кезде солай аталды) көркемөнер факультетіне түсуді армандадым. Салған суреттерім де жаман емес. Бірақ әкем киім дизайнері, яғни конструктор-модельер болуымды қалады. Сөйтіп, онжылдықты бітірген соң Алматы Технология институтының тігін өнімдерін құрастыру-сәндеу факультетіне түстім. Шынымды айтсам, алғашқы жылдары техникалық оқу орны болған соң, көңілім толмай жүрді. Ал, үшінші курстан бастап мамандығымыз бойынша сабақтар көптеп қосылды да, қызығушылығым арта бастады. Санкт-Петербург қаласында өткен «Адмиралтейская игла» атты халықаралық бәйгеге қатысып, Алматыдағы «Шығыс маусымы» фестивалінен де жүлделі орындарға ие болдым. Сол кездегі университет ректоры Құралбек Құлажанов мырза осындай байқаулардан кейін қабілетімді байқады ма, жоқ менің ұлттық киім үлгілеріне деген идеяларым ұнады ма, университет қаржысынан әжептәуір қаражат бөлгізіп, жеке коллекцияларымды жасауға көмектесті.
2001 жылы Алматы Технология университеті мен Италия Сән мектебінің біріккен жобасын ұтып алдым да, жарты жылда қатысқан 12 сән жобалардың ішінен жалғыз өзім Италияның Урбино қаласындағы «Schola di Carlo Bo» сән мектебінде білім алуға мүмкіндік туды. Сонда жүріп итальян тілін қосымша оқыдым.
Ал ана тілін білмей, өз тіліңнің қадір-қасиетін білмей, оның қазақи болмыс-бітімін, әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін білмей, ұлттық нақыштағы киімдерінің сән үлгілерін жасау өте қиын болар еді. Халқымыздың ұлттық киімі десе, тек қос етек бүрмелі көйлектері мен қамзолдары, қала берсе шапаны мен құндыз бөркі ғана көз алдарына келетін өзге халықтар үшін біздің шығарып отырған өнімдеріміз онсыз да бай қазақ өнерін айшықтай түседі деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ