1112
Қатерлі ісікке қарсы күрес мәселесі
Қатерлі ісікке қарсы күрес мәселесі
Бұрын-соңды аты көп естіле бермейтін қатерлі ісік ауруының түрлері бүгінде алқымнан алып тұр. Жыл сайын дерттің бұл түріне шалдыққандардың да саны артуда. Сорақысы сол, ертеректе көбіне жасы қартаң тартқан адамдарда ғана кездесетін ауру жастарға да ауыз салған. Мамандардың соңғы кезде қатерлі ісіктің жасарып кеткендігін айтып дабыл қағуы сондықтан.
Расында да, бұрындары «қатерлі ісікпен ауырады екен» дегенді құлағымыз шала бермейтін. Ал қазір үштің бірі осы дерттен көз жұмуда. Оған не себеп? Халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігінен бе, әлде экологияның нашарлап кетуінен бе? Әлде бұрын мұндай деректер ашық жарияланбайтын ба еді?
Медицина тілінде «онкология» гректің «қатерлі ісік» және «ілім» деген сөзін білдіреді. Ал «канцер» (рак немесе обыр) терминін қолданысқа алғаш рет атақты ғалым Гиппократ енгізген. Ол обыр клеткаларының теңіз шаяны сияқты адам денесіне жайыла тарайтынын анықтаған. Обыр клеткасы адамның басынан бақайшағына дейін кездесе береді. Тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лимфа тамырлары арқылы ағзаның мүшелеріне тарайды немесе балалайды. Сөйтіп бұл дерт жылына 20 миллион адамның өмірін жалмайтын көрінеді. Яғни, әрбір жетінші адам осы обыр дертінен көз жұмады деген сөз.
Дүниежүзінде жыл сайын 10 млн. адамның осы дертке шалдығатыны анықталса, олардың 8 миллионы бақилық болады екен. Ал елімізде 30 мыңға жуық науқастың қатерлі ісікке шалдыққаны анықталған. Қазір әлемде қатерлі ісікті емдейтін түрлі дәрі-дәрмектер қолданысқа енуде. Бірақ олардың ешқайсысы обырды 100 пайыз емдей алмайтын көрінеді. Қатерлі ісікті кешенді түрде, атап айтқанда, хирургиялық тәсіл, сәулені қолдану мен химиялық терапия, сондай-ақ иммунотерапия арқылы емдеу керек. Қатерлі ісіктің қаншалықты қауіпті екенін осыдан-ақ аңғара беріңіз.
Қазір әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісіктері, одан кейін ерлер мен әйелдерде өкпе, сосын асқазан, ал, төртінші орында тоқ ішектің қатерлі ісігі тұр. Негізі әр адам жылына бір рет денсаулығын тексеруден өткізіп тұрғаны жөн. Өйткені ауру алғашында біліне қоймайды. Ісік әбден өсіп, айналасындағы ағзаларды қысып, ауырта бастағанда ғана сезіледі. Егер ауру ерте, І-ІІ сатысында анықталса, 80 пайыз айығып кетуге мүмкіндік бар. Жасы 30-дан асқан әрбір адам тік ішегін, 40-тан асқан ер адамдар жылына бір рет қуық асты және қалқанша безін, өңешін, асқазанын, 35-тен асқан әйелдер 5 жылда бір рет жатыр мойнының ісігін, 50-ден асқан әйел-аналар екі жылда бір рет сүт безін міндетті түрде тексертіп тұруы керек. Ауруды ерте анықтап, сапалы ем жүргізсе, тез сауығып кетеді.
Қатерлі ісік неден пайда болады? Жалпы ДДҰ сарапшыларының бағалауы бойынша, 30 пайыз жағдайда қатерлі ісіктің пайда болу қаупін дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын ұстану және шылым шегуден бас тарту есебінен алдын алуға болады. Өкпе қатерлі ісігінің 35 пайызы темекі шегуден пайда болады екен. Темекі түтінінің құрамында өте қауіпты зат – бензопирен бар. Күніне 20-30 талын шеккен адамда ол көбейіп, өкпені зақымдайды. Содан ісік туындайды. Бензопирен қуық қатерлі ісігін де тудырады екен. Ал өңеш қатерлі ісігі (оны халқымыз қылтамақ деп атаған) тағамды – шайды, кофені, майлы сорпаны өте ыстық күйінде ішкеннен, қақталған, қуырылған, тұзды, ащы және қатты тамақтарға әуестіктен, тамақты әбден шайнамай жұтудан, күйдірген майды бірнеше рет қолданудан пайда болатын көрінеді. Сүт безіндегі қатерлі ісік әйелдің жыныс мүшесінің созылмалы аурулары, тұқымқуалаушылық, жиі күйзелу мен гормондар деңгейінің бұзылуынан басталады. Міне, қай жағдайға қарасаңыз да қауіпті ісіктің туындауына өзіміз себепші болады екенбіз.
Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова «Онкологиялық аурулардың жыл сайын 30 мыңнан астам себебі пайда болады» деп мәлімдеген-ді. Оның айтуынша, онкологиялық аурулардың ерте сатысында тек 47,2 пайызы ғана анықталады. Министр ханым ұлттық онкотіркеуде 144 мың науқас тіркелгенін және әлем бойынша онкологиялық аурулар 5 пайызға өсіп тұратынын да айтты. Осылайша, елімізде бұл індеттің өршіп тұрғанын бас дәрігердің өзі мойындады. Ал мамандар аурудың дәл осы түрінің кең тарауын халықтың әл ауқатының төмендеп, жиі күйзеліске түсетінімен түсіндіреді. Яғни сарапшылар сөзіне сүйене еліміздегі онкологиялық аурулардың күрт өршуін халықтың әлеуметтік жағдайының тым нашар екенінің көрсеткіші ретінде бағалауға болады.
Министрдің айтуынша, Қазақстандағы онкологиялық аурулардың өршіп тұрғанына бірнеше нақты себеп бар. «Ең алдымен онкологиялық ауруларды емдейтін білікті мамандардың аздығы, материалдық-техникалық базаның жетіспеушілігі, онкологиялық және амбулаториялық-емханалық ұйымдардың аздығы, заманауи диагностикалық және емдік құрылғылармен жеткілікті жабдықталмағаны, ерте диагностиканың және онкосақтықтың халықта да, дәрігерлерде де заманауи технологиясының жетіспеушілігі науқастарды емделу үшін шет елге баруға мәжбүрлейді. Ол ол ма, сауықтыру көмектері мүлде жоқ», – дейді ол.
Араға он үш жыл салып Алматыда 29-30 cәуірде халықаралық мамандардың қатысуымен өтетін онкологтар мен радиологтардың V съезінде қатерлі ісіктің алдын алуға байланысты біраз мәселе көтерілмек. Бұл жөнінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуаныш Нұрғазиев: «Елбасы Жолдауында онкология саласына ерекше көңіл бөлген болатын. Соның нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі бес жылға арналған бағдарлама жасады. Үкімет оны бекітіп, 211 млрд. теңге бөлді. Бағдарламаның жұмыс жасағанына да екі жыл болды. Өткізілгелі отырған съезде бекітілген бағдарлама жұмысының нәтижесі айтылады және шетелдік мамандардың тәжірибесімен бөлісеміз, алмасамыз, жаңалықтарын еліміздің денсаулық сақтау саласына енгіземіз деп ойлаймын. Мұндай басқосу дәрігер мамандарымыздың білімін, тәжірибесін көтеру үшін аса қажет. Білімді, тәжірибесі мол маман науқастарға сапалы қызмет көрсететіні анық», – дейді.
Демек, Қазақстан онкологтары мен радиологтарының V съезіне жүктелген міндет көп. Оған елімізден және шетелден 500-дей жетекші маман қатысып, онкологияның мүмкіндіктері мен даму мәселелерін талқылап, тығырықтан шығар жолды бірлесіп іздемек. Аталған съезде ТМД елдері ассоциациясының президенті Михаил Давыдов, Қатерлі ісікпен күрес халықаралық одағының президенті Франко Кавалли және АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль елдерінен білікті ғалымдар келеді деп жоспарланып отыр.