Алып пен ҚАлып

Алып пен ҚАлып

Алып пен ҚАлып
ашық дереккөзі
473

Қамшының сабындай қысқа ғұмырда мәңгілік ештеңе жоғын мойындай тұра жер басып жүрген адамзат баласының уақыт атты тылсымның сырын ұғудан, ұғып қана қоймай, сол уақыт кеңістігін игеруден үмітін бір мезет те үзбегені қызық. Солардың ішінен уақыт шексіздігімен ашық шайқасқа түсіп жүргендері де табылып қалады. Олардың шама-шарқына баға беруге біз секілді бір қалыптан шыққан адам пенделерде шама жоқ, әрине, өйткені бір қалыптан шыққан соң қалыптасып қалған қасаң қағидалардан асып қайда барарсың. 

Қадым заманнан бері солай еді, кеше де, бүгін де солай. 

Тылсым уақыттың тұңғиығын таппаса да, тереңіне біршама бойлады-ау деп жүрген арғы-бергі алыптарды былай қойғанда, соңғы бірер жылда онсыз да қамкөңіл қазақ елін қамықтырып біраз асылдарымыз өтті өмірден. Өзгенікін түйедей, өзінікін түймедей көретін өз ағайынымыздың ығына бағар болсақ, «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс ағамыз да, «Мәңгілік Маркес» деп мойындалған Габриэль Гарсиа-Габа да уақыт атты тылсымның заңдылығы алдында бас иген секілді көрінер. Уақыт болмысына, тағдыр тегеурініне көркем сөз, көсем оймен ықпал етуден дәмелі санаулы қаламгер қауымның көшбасы еді-ау олар…

Габриэль Маркестің қазасын адамзат баласы жабыла аза тұтып жатқанда, неге екені белгісіз менің көңілімнен өзіміздің Әбең, Әбдіжәміл ағамыз кетпей қойғаны. Неге екені белгісіз Айтматов пен Маркес секілді уақыт феноменімен тайталаста әлемдік алыптар қатарынан әлдеқашан көрінген ағамыздың ішкі-сыртқы адами болмысы мен уақыт тегеурінімен тайталастағы таби­ғи қалпын тани алдық па деген ой мазалай бергені.

1

Менікі пенделік қой, әрине. Пенде болған соң әңгімемді осыдан отыз екі жыл бұрын болған оқиғадан сабақтағым келіп отыр.

«Жаңа фильмде» қызметте жүрген кезім. «Жалын» баспасының директоры Қалдарбек Найманбаев көкем шақыртып алды.

– Сенің ана қырсық ағаң жаңа роман жазып бітірген екен. «Редакторға жарымай-ақ қойдым, біздің жақтың дәстүрі мен тілін білетін адам тауып бер» деп қолқа салып отыр. Сен Арал жөнінде жазып жүрушы едің ғой, ағаңа қолұшын берсең қайтеді?.. – деді де, келісімімді күтпестен, қолыма жуан қолжазбаны ұстата берді.

Мен үшін Қалекеңнің айтқаны заң, оның үстіне Нұрпейісовке қолұшын бермек түгілі, ол кісінің қолының ұшынан ұстау мәртебе, ішім жылып қоя берді. Он шақты күннен соң Әбеңнің өзі телефон соғып тұр. «Роман қалай екен, бала?..» – дейді. «Оқуға қол тимей жатыр, аға…» – деп күмілжимін. «Онда ертеңнен қалдырмай өзіме әкеліп таста-а-а!…» – деді салқын дауыспен. Сөзінің аяғын сағыздай созған күйі, телефон тұтқасын тастай салды. Шалдың тентек мінезінен хабарым бар, түні бойы ұйықтамай қолжазбаны қарап шықтым да, таңертең редакторлық пікірімді машинкаға басып, кешке қарай ағаның Төлебаев көшесіндегі үйіне тарттым.

Ағамыз қонақ күтетін бөлмеде қадірлі (бүгінгі тілмен айтқанда, аса мәртебелі) қонақтармен отыр екен. Ажар жеңешем аяғының ұшынан басып, асүйге қарай бастады. Алдыма бір тостақ шұбат пен аузы ашылған бір бөтелке коньяк қойды. «Қайным, қайным» деп іші-бауырыма кіріп бара жатқан соң, өзімді де аса мәртебелі қонақтай сезінсем керек, жеңешемнің көңілін жықпай салқын шұбатқа араластырып бір-екі рюмканы тартып жіберіппін. Көп ұзамай қызара-бөрткен күйі ағамыздың «қабылдауында» отырдым.

– Ішетін қусың-ау?!. – деді Әбең бетіме күдіктене қарап қойып. – Қолжазбаны әкелдің бе?..

– Редакторлық қорытындысын да жазып әкелдім…

Көз алдымда асықпай-саспай редакторлық қорытындыны оқып шыққан Әбеңнің түсі құбылып-ақ кеткені.

– Романның идеясы… реакционный деймісің?.. Мынауың қызық екен, бала-а-а… Оның үстіне тіліне де тиісіпсің…

– Реакционный болғанда… Мына кітабыңызды оқыса, онсыз да жаны күйіп жүрген аралдық жерлестеріңіз ренжиді ғой…

– Ренжігені қалай?.. 

– Түбінде Орта Азияның шөлге айналатынын, сол экологиялық апат салдарынан адамдардың да рухани азып-тозатынын Еуропа ғалымдары бұрыннан жазып жүр… Ел арасында онсыз да ауру көп, қысыр сөзден шаршап жүрген ағайын ғой, аға…

– Рухани ауру деймісің?.. Ол жағын дәлелдеу керек, бала… Ал тіл мәселесіне келсек, мен классикпін, тілді әдетте классиктер жасайды, оның үстіне қызылордалық болсаң, біздің жақтың елі жұмсақ сөйлейтінін білмеуші ме едің?

– Әр ұлттың ресми қалыптасқан тілдік нормасы болады, аға… Өзімізді өзіміз сыйлайтын болсақ, тілдік норманы сақтауға міндеттіміз – деп, ақталған болып жатырмын. Әңгімеміз жараспауға айналды.

– Сол тілдік норма дегенді кім шығарған?.. – деді Әбекең қолжазбадағы асты сызылған сөздердің біріне шұқшиып.

– Ахаң, Ахмет Байтұрсынов шығарған деп жүр ғой, аға…

– Байтұрсынов?.. Қанша дәу болғанмен, сол Байтұрсыновың халықтан үлкен емес, бала… – Кенет қолжазбаның асты сызылған тұстарына шұқшиып отырған ағамыздың қабағы жылыды. – Дегенмен, Ахаң мына бір сөзді шылау деп атаған екен… Шылау… Шылау десе шылау… Мыйға сіңеді… Мен, басқа – басқа, теңіздің жағдайын білем ғой. Мына сөз де шылау секілді түкке қажеті жоқ, құйысқанға қыстырылып жүрген сөз екен-ау… Бәрібір дәлел керек, бала… Ендігі келгеніңде дәлеліңді ала кел… Әсіресе, ана «реакционный» деген сөзің… ауырлау емес пе?..

«Ауырлау» деген сөзге салмақ сала сөйледі. Өзі де орнынан ауырлау көтеріліп, тұтас қабырғаны алып жатқан мың сан кітаптың арасынан бір жапырақ открытканы, («жады неткен мықты еді?» деп ойлағаным есімде), алып шығып, алдыма қойды. Суретте – көк жүзінен құйылып түскен прожектор жарығының астында есеңгіреп тұрған мүйізді жануар… Айнала – ақ шағыл бұйра құм… «Әдетте боз даланың кеңістігінде үйір-үйірімен тіршілік кешетін киік баласы мына ыспа құмда жападан-жалғыз неге жүр?» деп ойлап қоямын.

 – Мағынасын түсіндің бе?.. – деді ағамыз бетіме көз тіктей қарап. – Біздің ауылдың ақбөкеніне ұқсайды емес пе?.. Нақтысын айтқанда, біздің ауылдың адамдарына ұқсайды… 

Қазіргідей компьютерлік монтаждаудың етек ала қоймаған кезі, «бас асау жабайы жануарды тас қараңғы түнде вертолет жарығына қалай айдап апарды екен?» деп ойлағаным есімде.

– Өзің тіл мен жағыңа сүйенген бала екенсің. Жазуларың болса әкеліп таста. Әуселеңді көрелі.., – деді ағамыз қоштасар сәтте. 

Үйге келген соң Әбеңнің «Қан мен тер» романының соңғы басылымын асықпай қарап, қолымдағы қолжазбамен салыстырып шықтым да, тапқан сөздерімнің шетіне: «Қан мен терді» қараңыз» деп белгі соқтым. Ертеңіне орталық кітапханаға барып, академик Бартольдтың бір кездері өзім астын сызып оқыған «Об орошений Туркестанского края» және «Об Аральском море» атты еңбектерін жаздырып алдым. «Дәлелдеуді қажет ететін» сөздердің жанына белгі қойып, үлкен кісінің «қабылдауына» мұқият дайындалдым. Алдында ғана «Жалын» журналында жарық көрген «Тыныштық» деп аталар хикаятымды да ұмытқам жоқ.

Кезекті «қабылдауда» академик Бартольдтың арқасында «Орталық Азияның болашақ азып-тозуы» мәселесінде ағамызбен тепе-тең түскен соң, тіл мәселесіне көштік.

– Сіз «қайтіп» деген сөзді «кәйтіп» деп, «қазір» деген сөзді «кәзір» деп жазасыз. Тілдік норма қайда қалады сонда?..

– Біздің қазақ өзін-өзі сыйлай білмейтін халық… Әйтпесе ана өзіміз секілді Распутин мен Астафьевтер қашаннан-ақ тілді жұмсартып пайдаланады. Орыс ағайындар үндемей-ақ жүр ғой… Ана Айтматов ағаларың бура мен інгенді ажырата алмаса да, үндемейсіңдер…

– Олар тілді баяндау кезінде емес, диалог сөздерді пайдаланған кезде жұмсартады, аға… Әдеби тілмен айтқанда – «тілдік нақтылау». Ал үшінші жақпен жазылатын баяндау кезінде белгіленген тілдік норманы қалайда сақтауымыз керек.

– Қайдағы норманы айтып кеттің өзің? Мен классик емеспін бе, ал классиктерге норма жүрмейді…

«Ауыр артиллерияны» іске қосатын кез келгенін сезіп, Әбекеңнің қолына «Қан мен тердің» соңғы басылымын ұстата бердім.

– Классик екеніңізге дау бар ма, аға?.. Тек, тілді жұмсартқыңыз келсе, әлемнің қырық тіліне аударылған «Қан мен терді» қайта редакциялау керек болады. Әбдіжәміл Нұрпейісов деген классик екі түрлі жазбайтын шығар… Мына жаңа романыңызда қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәмілді «Әбдіжәмил» деп жазыпсыз… Исі қазаққа белгілі Нұрпейісовті «Нұрпеисов» деп өзгертуге сізге кім право берді?.. – деп, тіке шабуылға көшейін.

– Сөзіңнің жаны бар, бала-а-а… Бірақ шындығында Әбдіжәміл емес, Әбдіжәмил… Әкеміз діншіл, ескіше сауатты кісі болған… Жеме-жемге келгенде, Әбді мен Жәмилдің арасына сызықша қойылып жазылуы тиіс… 

– «Қан мен тер» сіздің басты кітабыңыз емес пе? – деймін Әбеңнің бір сәт жұмсарғанын арқаланып. 

– Вопрос времени, бала-а… Өз жоспарым бойынша менің басты кітабым осы «Соңғы парыз» болады деп ойлаймын. 

– «Қан мен тер» қайда қалады сонда?..

– «Қан мен тер» «Соңғы парыздың кіріспесі болады, бала-а…

Айтарын айтса да қолжазбадағы белгіленген сөздерді «Қан мен термен» ерінбей-жалықпай салыстыра қарап шыққан ағамыз бір сәт үнсіз қалды. Артынша жеңешеме аппаратты алдырып, бірнеше жерге телефон шалды. Бірі – Шерияздан Елеукенов, бірі – Зейнолла Қабдолов екені есімде қалыпты.

– Ауылдың мына бір баласын кітабыма редактор етіп алып едім. Қолжазбаны шиедей етіп… «смотри «Қан мен термен» аузымды ұрып, шыдатар емес, – деп күледі, – Менің ана өз романымдағы Көткеншек Көшен секілді қырсық екенімді білесің ғой… дегенмен, осы жолы көткеншектеуге болмай қалды-ау деймін…

Сонымен мен болып, Шекең мен Зекең, Қалекең болып, ең бас­тысы, сол жылдары он шақты рет басылған «Қан мен тер» романы болып, ағамызды бір жолға тілдік нормаға көндірдік-ау ақыры. 

Кейіннен Әбекеңнің «Соңғы борыш-Последний долг» деген атпен жарты әлемге белгілі болған «ең бас­ты» шығармасы жарық көрді. Сол кітаптың сексенінші жылдардың басында жарық көрген «Сең» деп аталған бірінші басылымының соңында редактор ретінде менің де аты-жөнім тұрғанын ылғи да мақтанып айтып жүремін. Бір өкініштісі, сол өзім редакциялаған қолжазбаның түпнұсқасын ескерткішке беріп еді, қаңғыбас басым қай жерде қалдырғанымды білмеймін.

Айтпақшы, менің ағамызға берген хикаятымның да тағдыры қызық болды. «Сең» романы шыққан соң, кітаптың бір данасын қолтығыма қысып алып ағамыздың үйіне тартпаймын ба. Бұрынғыдай емес Әбекеңнің қабағы жылы. Кітапты арлы-берлі аударыстырып отырды да, бірінші бетіне: «Талантты інім Серікке! Түптің түбінде менен озатыныңа сенемін» деп жазды да берді. 

Өзімнің де тұзым жеңіл. Мақтаншақтау басым сол кітапты кітапханада жұмыс істейтін келіншегім арқылы Өзағаңа, Өзбекәлі Жәнібековке беріп жібермеймін бе. «Алдына қара салдырмайтын Әбекеңнің дәл осылай жазуы мүмкін емес» депті Өзағаң. Сол кітап қайтпады ақыры. Амал жоқ, «Қан мен тердің» кезекті басылымын қолтыққа қысып ағамыздың үйіне тағы бардым. Ағамыз тағы да қолтаңба берді. Бұл жолы: «Талантты інім Серікке!» деген сөзден арыға бармады. Өткенде жазған қолтаңбасын есіне салып едім, бетіме жымия қарап күлді де қойды.

Жиырма екі жасында «Курляндия» романын жазған ағамыз жасы отызға таяп қалған менің өзінен өлсем де оза алмайтынымды сол кезде-ақ білген болар…

Әр адам өзі шыққан биіктен, яғни өз тұрғысынан ойлайды ғой. Қазір көркем сөз, көсем ой әлемінің алыптары қатарынан көрінген ағамыздың шығармасын әдеби қалыпқа түсіргім келген әрекетімді ойлап, өзіме-өзім күлетін болдым. 

Осыдан отыз екі жыл бұрынғы ресми тілге қатысты, қазақи романтикаға қатысты естелікті қайта жаңғыртып отыруыма себеп те жоқ емес. Сол бір әңгіме кезінде өзімді (шартты түрде болса да) жеңдіге санаған болсам, уақыт өте сол жеңіске деген күдігім молайды.

Өйткені содан бері талай су ағыпты. Ағып қана қоймай, тұтас теңіздер мен өзендердің суы құрдымға кетіпті. Содан бері талай ұлттар мен ұлыстардың, алып империялардың жер бетінен біржола жоғалғанын, тұтас қоғамдық қатынастар мен қоғамдық құрылыстардың өзгеріске ұшырағанын көзімізбен көрдік. Содан бері жер бетінен талай тілдердің жойылып, талай мәтіннің өзгергенінің куәсі болдық. Үлкен өзгеріс алдында тұрған қазақ тілінің жағдайы да солай. Тіл мамандары кириллицаға көшер алдында қазақ тіліндегі үндестік заңы-сингормонизмді қайта бір қарап шықсақ деген пікірді жиі айта бас­тады.

Одан ары тілді жұмсарту мәселесінің де төбесі көрініп қалмас па екен?.. 

2

Әбеңнің табиғи қалпына қатысты тағы бір естелік ойға оралады. 

Тағы да бастық, бастық болғанда тікелей бастығым, «Жаңа фильмнің» редакторы Алтыншаш апам шақыртты. Тағы да Әбең шақырып жатыр. Құстай ұшып жеткенмін.

Алдымен майда әріптермен тізілдіріп орыс тілінде жазылған қолжазбаны асықпай оқып берді. «Правда» газетіне Арал теңізінің тағдыры жайлы жазған мақаласы екен. Менің мақалаға Сібір өзендерін бұру мен Түркменстандағы Қарақұм каналының тәжірибесін қосу жөніндегі ұсынысыма оншалық қызығушылық таныта қоймағанын қабағынан сездім. Өйткені Әбеңнің жазғаны формасы жағынан да, мазмұны жағынан да ешқандай ұсыныс, әйтпесе, ел басшысына айтар талап шағым, әйтпесе, жанашуы, тіптен бар ғой жанайқайы да емес, кәдімгі терезесі тең тұлғалардың арасындағы келісім-шартқа келіңкірейтін. Артынан ағамыз «Қан мен тер» романына жасап жатқан редакторлық өзгерістерін көрсетті. Мұнысы енді тіптен сорақы. Менің көргенім ешқандай да редакторлық түзету емес, қайта жазуға, тіптен бар ғой, романның жаңа нұсқасына ұқсайтын. «Аузы күйген үрлеп ішедінің» кері, тілімді тістеп алғанмын. Менің көңіл-күйімді сезген болар, әңгіме ауаны өзгерді.

– Машина жағына қалайсың? 

– Жоқпын…

– Мынауың қиын болды-ау, ә… Әдетте, Смағұл айдайтын еді, таба алмай отырғаным… Оқасы жоқ, өзім-ақ… Сен қасымда отырсаң болды… – деді маңдайын қасып. – Әй, Ажар, дайынсың ба?..

Қара «Волгаға» қонжиып, аула­дағы аркаға қарай беттедік.

– Біздің көршіміз Цеканың хатшысы екенін білесің ғой… Бір күні осы аркада қарама-қарсы жолығып қалғанымыз… Рульде Смағұл отырған. Шегіншектей бастады. «Алға» деймін. Түсінбейді. «Алға» дедім ақырып.

Аркадан жарым-жартылай өтіп қалған хатшымыз амалсыз кейін шегіншектегені. Смағұлымда өң-түс жоқ. «Әй, бала, – деймін ғой. – Сен мені дұрыстап оқымаған екенсің. Менің «Көткеншек Көшен» деген кейіпкерімді білесің бе?… Сол – менмін… Өмірі адам баласының айтқанына көнген адам емеспін. Қайдағы-жайдағы Цеканың хатшысының алдында көткеншектер жайым жоқ…»

Тау етегіндегі Әбеңнің саяжайын барып жертөледен бір жәшік алма алып, тауға қарай беттеп келеміз.

 – Қазіргі орыстың ең күшті жазушысы кім? – деп сұрады Әбең.

– Астафьев шығар… Бәлкім, Распутин…

– Қайдағы-жайдағыны айтпа… Жастардың ішіндегісін айтам… 

– Анатолий Ким шығар…

– Толя өзіміздің бала ғой… Орыстың ішіндегісін айтам…

– Петр Краснов шығар…

 – Иә, сол болса сол шығар… Қазір екеуіңді таныстырамын.

Жолшыбай дүкеннің алдына тоқтадық.

– Он шақты «Беломор», сосын бес-алты бөтелке шарап ал… – деді Әбең ақша ұсынып.

Тауға қарай өрлеп келеміз. 

 – Өзің секілді шарап пен папиросты жақсы көретін жігіт… Менің романымның аудармасын қайта қарап жатыр. Күнде барып тұруға уақыт жоқ… Анда-санда соғып, қосылып шарап ішіп, көңілін көтерсін деп әкеле жатырмын сені… Түсіндің бе?

 Түсінбейтін несі бар. Сол жылдары КСРО деп аталар алып империяны аузына қаратқан Петр Красновпен шарап ішпек түгілі көзбен көргенше асығып келе жатқанмын, аузым ашылып қалыпты.

– Красновты неге таңдадыңыз, аға? – деппін. – Юрий Казаков күшті емес пе?..

Әбең ойланып қалды.

– Казаков та өзіміз секілді жазушы, бала-а-а… Қазақ жазушылары секілді тілінің бояуы қанық. Бірақ өзіміз секілді романтикасы басым. Менің «Соңғы парызым» романтика мен реализмнің шекарасынан шығып кеткен шығарма. Байқауымша, мына Краснов болса жерде төрт аяғымен тұрған реалист көрінеді. Менің аспандап кеткен жерлерімді етегінен тартып қара жерге түсірсе дегенім ғой… 

«Жерге түсіргені қалай?» деп ойлағам. Өзім «Сең» романының қолжазбасын қарап отырып, негізінен қағаз бетіне мөлдіреп түскен табиғат суреттері мен романтикалық шалықтауларға тәнті болғанмын ғой. Кейіннен «Соңғы парыз» деп өзгертілген екі томдық дилогияның соңғы редакциясын оқып отырып жоғарыдағы сөздің мағынасына ой жеткізгендей болдым. Ешқандай қалыпты білмейтін, білгісі де келмейтін Әбең жанрлық шекараны қайтсін-ай. Оны айтасыз, өз шығармаларында ұлттық ойлау мен ұлттық баяндау шекарасынан сол кездің өзінде-ақ шығып кетсе де өзі білсін…

 «Жерге түсірсе дегенім ғой…» Көбіміз жоғары жаққа жалтақтап қойып, жер бетінде жыбырлап әрең жүргенде, өзін-өзі көк жүзінен жерге түсіргісі келген адамды көрген жеріңіз бар ма?..

 Осы жолдарды жазып отырып менің ойыма Әбенің ел басшысы болып келген Колбинге айтқан сөздері оралған. Жүректі деген қазақтар (қазақ қаламгерлері) ұлтымыздың бойында ұлтшылдық сезімнің бары мен жоғын дәлелдеп бас қатырып жатқанда, ағамыз қазақта да сарбаздар мен сардарлар барын айтып қасқайып тұрмап па еді. Сол жолы да ағамыздың сөзі ақталу мен сақтанудан гөрі құдіретті Мәскеу мен қамкөңіл қазақ елі арасындағы келісімшартқа ұқсағаны ойға түсіп отырғанын қарашы. Келісімшарт болғанда кәдімгі тең дәрежелі тұлғалар арасындағы келісімшарт еді онысы… 

3

Міне, содан бері де отыз екі жыл уақыт өте шығыпты. Сынаптай сырғыған уақыт өлшемімен қарасаң, он бір жасында «Курляндияны», он үш жасында «Қан мен терді» оқыған біз секілді баланың сол жылдары алпыс жасқа таяған, аты да, заты да дардай Әбеңді қария деп қастерлеп, ақсақал деп ардақтауы орынды, әрине. Сол ағамыз елу жасқа толғанда біз студент едік. Кездесу атаулыдан қалмайтын елгезек кезіміз, Бауыржан Момышұлы мен Тахауи Ахтанов көкелеріміздің мерейтойларына куә болып, көзі тірі жазушының қадір-қасиетіне қанығып қалған уақытымыз. Әбеңнің елу жылдық мерейтойын тойлаудан бас тартып, өзі туған Аралының алыс қуысындағы Ұялыда жазу жазып жатқанын ұстазымыз Абдулхамид Мархабаевтан естігенде таң-тамаша қалғанымыз бар. Ағамыз алпысқа, жетпіске, тіптен сексенге толғанда да солай болды.

Жетпіс пен жетпіс бестегі ағаларымызды былай қойғанда, алпыстағы өзіміз де мерейтойымызды бірнеше рет тойлап тастадық. Басқаларды қайдам, өз басым тоқсан жасымда Еуропа университетінің мінберінде қасқайып лекция оқып тұратынымды білсем…

«Соңғы парыз» менің басты кітабім, «Қан мен тер» оның кіріспесі іспеттес болады» дегенді айтқан кезде ағамыз қылшылдаған жігіт еді. Содан бергі отыз екі жыл ішінде әдеби ағымдардың неше атасы өмірге келіп, неше атасы өмірден кетті. Социалистік реализммен ауызданған ағайын ауыл тақырыбы мен қала тақырыбының ара жігін іздеп айқайға басып жүргенде ағым да сағым қумаған Әбең ғана екен-ау… Орнықты мінезі мен жүрген-тұрған ортасынан ойып алған орнына қарап жасаған тіршілігі ешкімді таң қалдырмайтын адамдар болады. Жиырма жастан аса бере «Курляндияны» жазған Әбең қырық жасында «Қан мен терді» жазғанда да, алпыстан аса «Соңғы парызды» жазғанда да таң қалмағанымыз анық. Өйткені «Қан мен терден» кейін осынау реализм мен романтикалық жанрдың ара жігін кіріктіріп жіберген ғаламат шығарма уақыт қажеттілігінен туындаған болса, сол шығарманы дүниеге әкелген Әбең де қазақ атты қамкөңіл халықтың қажеттілігі үшін туған перзент болғаны ғой. Қазақтың жазбаша шежіресінің он тоғызыншы ғасырдағы қажеттілігін өтеу үшін өмірге Әуезовті әкелген тәңір талқысы жиырмасыншы ғасырда да Әбең секілді тағы бір алыпты әкелмеуі әділеттілік ауылына жатпас еді-ау. Қашаннан «ерте туып, кеш қалып» жүретін қазақ баласы Әбдіжәміл феноменінің негізі өзін-өзі жеңуден, уақытты, тағдырды жеңуден басталып, бүгінде жолайрығында тұрған ұлт тұғырнамасына айнала кеткенін сезе ме екен?..

Ал біз қайдағы-жайдағы мерейтойды, атақ пен абыройды айтамыз. Өз ғұмырында әділеттілік аулынан бір адым ұзап шықпаған алыпқа арзанға алданып, мадаққа малданып, уақыт талабына қарсы шығудың қажеттілігі қанша!.. 

Сөзімізді Габриэль Гарсиа Маркестің қайтыс болғанынан бас­тап едік. Иә, солай. Адамзат баласы мойындаған Габаны жер беті түгел жоқтады. Жоқта, жоқтама, Габа енді жоқ! Сексен жеті жасында. Сексен жеті жасқа екінің бірі емес, мыңның бірі келмейді. Қанша жерден жүрегіміз езіліп тұрса да, мұсылман дәстүрімен шүкір дейміз, әрине!

Ұлының жазуына қарағанда, Габа өмірінің соңғы жылдары альц­геймер, яғни қарттық ауруымен ауы­рыпты. Сексен жеті түгілі, алпыстан асар-аспаста алжып жүрген қатарластарымызды көргенде бұған да шүкір демеске амал жоқ, әрине. Сексен жеті аз жас емес, оған тағдыр тауқыметін қоссаңыз, бәрі де оңай, бәрі де түсінікті секілді. 

Тек, Әбең!.. Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыртпалығын мойнымен көтерген Әбең бар! О, Алла, өз өмірінде соғыс атаулыны көрмеген сол Габа біздің Әбекеңнен аттай үш жас кіші екен!.. Күні кеше сол Еуропаға барып жаңа кітаптарының тұсаукесерін өткізіп, қазақ мәдениетінің өткені мен бүгіні жайлы лекция оқып қайтты. Мәселе үлкенді-кішілі сыйлықпен өлшенетін заманда кім жеңді, кім жеңілді! 

Әбеңнің немересі іспеттес біздер да бата беретін жасқа келіп қалдық. Бұрын қазақ: «Жамбылдың жасын берсін» деуші еді. Өкінішке қарай, Жәкең арамызда жоқ. «Лениннің басын берсін» деуші еді. Өкінішке қарай, қазаққа іші бұрып тұратын Владимир Ильич те жоқ. Ал Әбең бар!

Ендеше қамкөңіл қазақтың құнарлы топырағына өніп шыққан жаңа өскін жас ұрпаққа «Әбеңнің жасын, Әбеңнің басын берсін» деп жатсақ та артық емес-ау! Ендеше адам өмірінің небәрі «бір жарық сәуле» ғана екенін сезетін қазақтың басына Әбеңнің басындағы бейнетті, Әбеңнің басындағы зейнетті берсін деп тілейік.

Мәселе көп жасауда, тіптен көп көруде де еместігін көбіміз біліп қалдық. Ал атақ пен абыройдан да өзге құндылықтардың бар екенін Әбеннен үйренсек несі айып?..

Әбеңнің жасы дегенде жастары жетпістен асса да халқына баладай еркелейтін жазушы ағаларымыз ойға оралады. Әдебиеттен қадір кеткен мына заманда өндіріп жазып жүрген де солар. Өз басым оларды түсінемін, әрине. Олардың алдында асқар таудай болып Әбең жүр. Қарап жүрген жоқ, күн өткен сайын құйғыта шауып қара үзіп бара жатқандай. Өздерінің әкесі құралпы Әбеңнің жасына келгенше қайда-а?!. Маркес болу емес, Әбе болу мақсат оларға… Жетпіс жаста Әбе бола алмаса да, тоқсан жаста Әбе боламын ба деген үміт дүниесі жетелейді оларды. 

…Менің көз алдымнан осыдан отыз екі жыл бұрын Әбеңнің үйінен көрген бір жапырақ сурет кетер емес. Сол суретте көк жүзінен құйылып түскен прожектор жарығы көкжиекті кемерлеген бұйра құмның ішінде есеңгіреп қалған киікке түсіп тұр еді-ау… Өзіміз талғамы мен танымына шек келтірмейтін ағамыздың осынау қарапайым суретке сонша шұқшиғаны несі екен деп ойлаймын ғой…

Сіздің жер бетінде өткізген әр сағат, әр күндік тіршілік тынысыңыз мына алмағайып заманда жол айрығында тұрған қазақ атты қамкөңіл халықтың ұлттық құндылығына айналғанын біле жүріңіз, Әбе?!. Артыңызда Сізге қарап бой түзейтін, ой түзейтін ұрпақ барын біле жүріңіз, Әбе!.. 

Серік БАЙХОНОВ,

жазушы

Серіктес жаңалықтары