Сүйікті оқу орныма арнаймын

Сүйікті оқу орныма арнаймын

Сүйікті оқу орныма  арнаймын
ашық дереккөзі
284

Мектеп табалдырығын бітіретін шешуші сәтте алдымда үлкен таңдау тұрды. Бірге оқыған сыныптастарым да қай оқу орнына баратындығын ұзақ ойланды. Өзім мамандық таңдауға бала кезімнен мән бердім. Себебі, заңгерлер отбасында өскендіктен әу бастағы таңдауым осы болатын. Сөйттім де, сүйікті университетіме жол тарттым. 

Оқу орнындағы тамаша студенттік сәттер де зуылдап өте шықты. Қаншама білікті оқытушылардан дәріс алдым. Еліміздегі 80 жылдық тарихы бар, бірден-бір жетекші классикалық университет мәртебесіне ие, білім мен ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысына айналған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты ретінде өзімді бақытты санаймын. 

1934 жылдың 15 қаңтарында есігін айқара ашқан оқу орнына алғашқы студенттер қабылданып, білім ала бастады. Алғашқы жылдары аяқтан тік тұрып кетуге Мәскеу, Ленинград, Қазан, Украинаның жетекші оқу орындары көмек берген. Сол кезде білім ордасы ретінде қалыптасуына М. Әуезов, М.Ғабдуллин, Т.Тәжібаев, М.Т. Козловский, К.П. Персидский, т.б. белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің еңбегі зор. 

Соның ішінде өзім білім алған заң факультеті еліміздегі тұңғыш Алматы мемлекеттік заң институтының ізбасары ретінде 1938 жылы құрылды. Қазіргі кезде факультет заң және кеден ісі мамандықтары бойынша түрлі мамандар дайындаудың шебері. Ғылыми әлеуеті жоғары факультет кез келген ғылыми-тәжірибелік мәселені қиындықсыз шеше алады. Оған ҰҒА-ның бір академигі, 30 доктор мен профессор, 80 ғылым кандидаты мен доценттер ерекше атсалысуда. Көбі ағылшын тілін жетік меңгергенімен қоймай, АҚШ-тың, Еуропаның, Түркияның белді оқу орындарынан тәжірибе жинақтап келгендер. Бүгінде осы білікті мамандардан дәріс алған түлектер еліміздің құқық қорғау органдарында, прокуратура мен қаржы полициясы, әділет басқармаларында тынымсыз еңбек етіп жүр. 

Қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасын әр кезеңде түрлі басшылар басқарды. Қазіргі таңда бұл қызметті заң ғылымдарының докторы, профессор Рима Жансараева абыроймен атқарып келеді. Кафедраға сайдың тасындай іріктелген мамандардың Қылмыстық кодекс, «Прокуратура туралы» Заңды, т.б. заң-құқық саласындағы құжаттарды жасақтағанын көпшілік біле бермейді. Сондықтан біз тікелей заң авторларының көмегімен арнайы жасақталған сот залында оқу сот процесін өткізіп, өзімізді болашақ прокурор, сот және қорғаушы ретінде көрсетуге тырысамыз. Факультет базасы негізінде ашылған қылмысқа қарсы күрес мәселелерін үйрету жөнінде ғылыми-зерттеу орталығы ашылған болатын. Ондағы мақсат – білікті ғылыми-педагогикалық құрам мен заң факультетінің магистранттары мен студенттерін біріктіріп, қылмысқа қарсы күрестің тиімді жолдарын ұсыну, оны шешуді қарастыру. Бұл біз үшін үлкен мектеп. 

Ал «Сот қызметін ұйым­дас­тыру» пәні бойынша дәріс бере­тін оқытушы профессор Ләзиза Берсүгірова әрбір іске аса мұқият­тылықпен қарап, адами факторға жол бермеуге тырысу керек екенін айтудан жалықпайды. Сондай-ақ, ол жазбаша және ауызша қарым-қатынас жасаудың тиімділігін айта келе, әртүрлі тақырыпта ғылыми пікірталас өрбітіп, лайықты шешім шығаруға үйретеді. Себебі, заң саласы нақтылықты, дәйектілікті қажет ететіні белгілі. Сондықтан қолға алған істі жан-жақты сараптап, оның теориялық принциптерін анықтап, ғылыми тұрғыдан баға беру біздің міндетіміз. Бүгінгі магис­трант, ертеңгі білікті маман болуға дайын тұрған бізді өз ісінің кәсіби білгірі ретінде көргісі келетін ұстаздарымыздың сенімін ақтаймыз деген сенім бар. 

Әйгерім Тажиева, 

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, 

заң факультетінің 1-курс 

магистранты 

Серіктес жаңалықтары