Cарғайған беттер сөйлесе: ДҰҒАЙ СӘЛЕМ!

Cарғайған беттер сөйлесе: ДҰҒАЙ СӘЛЕМ!

Cарғайған беттер сөйлесе: ДҰҒАЙ СӘЛЕМ!
ашық дереккөзі
321

Қадірменді, Қалтай Мұхамеджан!

Құрылтайшыларының қатарында Сіз де бар және өзіңіз басқаратын «Түркістан» атты жаңа газет шығады деп естідім. Қазақ елінің астанасы Алматыда «Түркістан» газетінің шығатынын есту мені қуантты да, толғандырды.

«Жас Түркістан» жорналында жарияланған бір мақаласында қазақ халқының ардагер ұлы марқұм Мұстафа Шоқай: «Түркістан деген түрік елі деген сөз», – деп түсіндірген-ді. Сол үшін де 1950 жылдың наурыз айының 20-сы күні Мюнхен қаласында құрылған «Ұлт-азаттық комитеті» «Түрк елі – Түркістан Ұлт-азаттық комитеті» деп аталған-ды. Бұл жайт Түрк елі комитетінің Мюнхен қаласында жарияланған айлық «Түрк ел» жорналының 1951 жылғы 1-санының 6-бетінде атап айтылған.

Аты әлемге әйгілі башқұрт тектес түрк ғалымы марқұм проф.др. Ахмет Зекі Велиди Тоған ( Велиди) 1927 жылы «Иени Түркістан» жорналының 5-6 санының 31 бетінде: «Түркістан – түрк сөзіне парсы тіліндегі «стан» жалғау қосылуы арқылы Түрк жұрты деген ұғымды береді»,– деп көрсеткен болатын.

Кезінде шетелдерде біздер «Түрк елі», «Биік Түрк елі» деген жорналдар шығарғанда, комитет құрғанда сол ұғымды басшылыққа алған едік.

Түркістан екі дүние есігі ғой,

Түркістан ер түрктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түрктің тәңірі берген несібі ғой, – деп толғанғанда қазақ халқының теңдессіз ақыны Мағжан Жұмабай да өте орынды сипаттаған.

Ал Түрктің кім екендігін «Қазақтың түп атасы батыр Түрк…» деуі арқылы Шәкәрім Құдайбердіұлы, «Арғы атам ер Түрк, біз қазақ еліміз…» деп Жүсіпбек Аймауытұлы анық аңғартады. 

Сіздер шығаратын және Сіз басқаратын «Түркістан» газетінің атына лайық болуын тілеймін. Істеріңізге сәт!

Мюнхен, Германия 

Туыстық сәлеммен, Хасен ӨРАЛТАЙ

1994 ж.

Серіктес жаңалықтары