1203
Сарғайған беттер сөйлесе: Ләйлі-Мәжнүн жайында
Сарғайған беттер сөйлесе: Ләйлі-Мәжнүн жайында
Махаббат, ғашықтық жайында сөз болса алдымен ауызға алынатын аяулы есімдер: Ләйлі мен Мәжнүн, Сейфүлмәлік пен Бәдигүл-Жамал, Қозы-Көрпеш пен Баянсұлу, Қыз-Жібек пен Төлеген. Тіпті «Қыз-Жібек пен Төлеген» хиссасының өзінде де «Ғашықтардың пірі едің, Ләйлі-Мәжнүн сәруар-ау!» деп ғашықтардың пірі ретінде айрықша аталатыны жадымызда жаттаулы. Сонда сол Ләйлі мен Мәжнүн кім? Қай елде, қай заманда болғандар? – деген сауалдар ойымызға оралғаны нақты жауабы беймәлім күйі қала беретіні де анық. Ия, шынында да Ләйлі кім? Мәжнүн кім? Шығыс поэзиясының жарық жұлдыздары атанған Низамидің, Әбдірахман Жәмидің, Науайының, Фзулидің «Ләйлі мен Мәжнүн» атты хиссалары бар екенін білеміз. Фзули жырлаған Ләйлі мен Мәжнүнді кешегі ардагер ақынымыз Шәкәрім рухани қазынамызға қосылған қымбат бір мұра етіп кеткен. Ақын өзіне тән сарбаз-сыпайылықпен:
Ондай ғып еш бәйітті жаза алмаған,
Нақысын шын келтіріп қаза алмаған,
Кітабын Фзулидің іздеп тауып,
Кез болды былтырғы жыл азар маған.
Мен оның келтіре алман мыңнан бірін,
Айтуға тіл жетпейді тәтті жырын.
Мәжнүннің атын білер, жайын білмес,
Қазаққа ұқтырайын біраз сырын,
– деп бастайды да Фзули нұсқасын негізге ала отырып, еркінірек жырлауды жөн көрген, сөйтіп төл тума деңгейіне жеткізген. Орыс, қазақ әдебиетшілерінің зерттеулерінде осы күнге дейін «Физули» делініп жазылып жүргендей дағдыны қойып, дұрысына, яғни Фзули деуге дереу көшкеніміз жөн болар, Шәкәрім ағамыз да Фзули деп жазыпты ғой. Ал ол кісінің дерексіз, дәйексіз жазбағаны ақиқат.
Ләйлі мен Мәжнүн туралы, хиссалардың қайсысында болса да бұлардың екеуі де Арабия жерін мекендеген бәдәуилер тайпасанынан шыққанын шындыққа саярлықтай етіп, әңгімелейді, ақиқатпен шектесердей аңыздармен ұластырады. Екеуі де бәдәуилердің Әмір аталатын әулетінен екені айтылады. Бір жерде бір күнде туған. Қызға Ләйлі, ұлға Қайыс есімі қойылған. Туғанына қырық күн толған күннен бастап бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын болған. Екеуі бірге өскен, бірге оқыған. Өсе келе екеуінің арасында махаббат оты алаулап шын ғашықтық күй кешеді. Әттең, екі жақтың әке-шешелері келіспеуінен бір-біріне қосыла алмайды.
Ғашықтықтың зарпынан Қайыс жүдеп-жадап, бір түрлі есалаңдана берер науқасқа шалдығады. Содан да Мәжнүн атанады. Бұл есалаң, жын-перінің шалығы ұрған адам деген мағынаны білдіретін есім екен. Ел-жұрттан безіп, айдалаға қаңғып кетеді, аң-құстар арасында жүреді, күні-түні зар еңіреп, Ләйлі туралы өлең шығарып ән салады…
Сол заманда, яғни жетінші ғасырда бәдәуилер арасында «Мәжнүн» атанған Қайыс ибн әл-Муллаууах деген үлкен ақын болған, оның да ғашық қызының аты Ләйлі екен. Мәжнүн атанған осы ақынның Ләйліға арналған ғашықтық жырларының бізге дейін жеткендерінің өзі әжептеуір бір жинақ көлемінде. Екеуінің бір-біріне ғашықтығы, сондай күшті болғанына ақынның өмір-баянына байланысты айтылатын нақты бір көріністер де куә. Мәселен оныншы ғасырда өмір сүрген белгілі филолог-ғалым Абул-Фарадж әл Исфаһани «Жырлар кітабы» деген атпен құрастырған араб поэзиясының антологиясында мынандай бір-екі дерек келтірілген. Бірде ақынның қасындағылар: Ләйліға құштарлықтан туған қандай әсерлер есіңде қалды? – деген сұраққа де қалды ? – деген жауап тосыпты. Сонда ақын: бір күні кешқұрым біздің үйге меймандар келіп қалды да әкем мені көрші тұратын Ләйліның үйінен май әкелуге жұмсады, – дейді. Ләйліның әкесі бұған май құйып беруді қызына тапсырады. Ләйлі мұның қолындағы құмыраға май құя бастайды. Екеуі әңгімелесіп отырады. Сөзден-сөз туып әңгіме қызығына түскен екеуі құйып отырған майдың ыдыс ернеуінен асып төгілгенін сезбей отыра беріпті. Тағы бір күн Мәжнүн көршісінен от тұтатуға керекті шоқ сұрай келіпті. Ләйлі оған шоқты шүберекке орап береді. Екеуі тағы да әңгімелесіп отырып қалады да шоқ ораған шүберек бықсып жана бастайды. Арадағы әңгімені бұзғысы келмеген Мәжнүн үстіндегі шекпенінің шалғайынан жыртып алады да шоқты соған орайды. Сөйте-сөйте шекпен түгел жанып біткенін де аңғармапты. (Осы екі әңгіменің алғашқысы жайында белгілі қазақ ғалымы Әбсаттар Дербсалиевтің 1982 жылы шыққан «Араб әдебиеті» деген зерттеуінде де айтылады).
Ләйлі мен Мәжнүн жайында ақиқаты мен аңызы аралас келетін оқиғалар, ғашықтық ғажайыптары талай замандар бойында бүкіл Шығыс халықтары арасында айрықша бағалы. Екеуінің ыстық махаббаты, өксікке толы өмірі туралы талай тамаша туындылар дүниеге келген. Мұсылман әлемінде Ләйлі есімді қыздар жиі кездеседі. Қос мұңлық Ләйлі мен Қайыстың (Мәжнүннің) махаббаты шын ғашықтықтың шынайы мөлдір сезімінің үлгісіне айналған.
Әбіраш ЖӘМІШҰЛЫ
1994 ж.