Сарғайған беттер сөйлесе: «Түркістан» осылай туды
Сарғайған беттер сөйлесе: «Түркістан» осылай туды
Өздеріңізге мәлім, осыдан екі жыл бұрын, 1992 жылдың қаңтарында түрік-қазақтың қайта жаңғырған достығының дәнекеріндей болып еларалық еркін газет «Заман-Қазақстан» шаңырақ көтерген еді. Ойлы, зиялы қауымға арналған бұл үнқағаз аз уақыт ішінде өзінің өзекті тақырыбы, соны да соқталы ойы бар, бедерлі бет-бейнесі, айқын бағыт-бағдары бар, оқырман жүрегіне жол тартқан абыройлы-беделді басылымға айналды.
Ежелден-ақ тарихы мен тағдыры тамырласып жатқан, тілі мен діні, әдет-ғұрпы бір түрік халықтарының достық ынтымағы «Заман-Қазақстанның» әманда назарында тұрған маңызды тақырыбы болды. Дербес даму жолына кешеуілдеп барып түскен осынау туыс халықтардың тәуелсіздік туы астындағы жаңа өмір-тіршілігі олардың Түркиямен арадағы жанданып қанат жая бастаған жаңа қарым-қатынасы, алыс-беріс, сауда-саттық, мәдениет өрісінде жасасқан алғашқы қадамдары газеттің күнделікті жұмысына нәр-құнар беріп отыратын қайнар іспеттес еді.
Қош, сонымен биылғы жаңа жылдан бастап «Заман-Қазақстан» газетінің орнына, міне, «Түркістан» атты жаңа газет шығып отыр. Ол – «Заман-Қазақстанның» жақсы да жарқын іс-дәстүрін бұдан былай да жалғастыра беретін заңды мұрагері. Бірақ сапа-қасиеті, мағына-мазмұны, іс-әркетінің көлемі жағынан өзгеше. Бұлай дейтініміз, «Заман-Қазақстан» айына екі рет шығатын еларалық газет болса, «Түркістан» айына төрт рет шығатын халықаралық апталық.
Енді қазір әрбір оқырман ойына бұл қандай қажеттілік пен мақсаттан туды? – деген сауалдың келе қоятыны өзінен-өзі белгілі. Егер Егеменді Еліміздің соңғы қиын жылдағы күрес пен тартысқа толы өмір-тіршілігін бір сәт ақылға салып, безбендеп көрсек, көп нәрсенің мән-мағынасын аңғарып, көкірек-көңіліміз ашыла түседі, көп нәрсеге түсініп, көп сұрауға жауапты да табамыз.
Туған республикамыздың экономикалық реформаның қатал қыспағына түскен тар заманда кең көлемді жүзеге асырып жатқан саяси-әлеуметтік батыл шаралары, қоғамның ішкі рухани бірлігі мен ынтымағын нығайта түсу жолындағы ізгі істері салқын ақыл, сабырлы сана таразысына салынып, жаңаша ойлап, түсінуді керек етті. Сол себепті де «Заман-Қазақстан» газеті ұжымы жинақтаған азды-көпті тәжірибені сақтай отырып, оның жұмысын жаңа белеске көтеру, көлемді өріске шығару қажеттігі туды. «Түркістан» газеті міне, осындай жай-жағдаят нәтижесінде жарыққа шықты.
Осы жаңа жыл қарсаңында бәріміздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігінің екі жылдығын атап өтті. Қуанышымызда шек жоқ. Ұлттық мерекеміздің осы бір бей-берекет беймаза шақта татулық пен ынтымақ жағдайында өткеніне риза болдық. Тұңғыш Президентіміздің Батыс, Шығыста, барша әлемде абыройлы, ақжүзді атанып, туған елін тыныштық пен орнықтылықтың тұрағы ретінде танытып келе жатқанына қуандық. Әйтеуір, бәрі де ұзағынан, сәтімен болғай? Әйтпесе, азаттықтың алғашқы адымдарының азабы бастан асып жатыр ғой. Отаршыл империя бұрын бізді тегін шикізат көзі етіп қойған еді. Енді соның залалы мен зардабын тартып-ақ жатырмыз. Машина жасайтын қазіргі заман индустриясы мен агроөнеркәсіп кешенін түгел қайта құру керек. Ал, заманның сиқы болса мынау! Қымбатшылық, жоқшылық, таршылық, қылмыс, ақшаның құнсыздануы, парақорлық… және осының бәрі күн санап асқынып барады. Ал, мемлекет орындары, үкімет осы сұмдық аясында мүлдем дәрменсіз көрінеді… Қарапайым халық өзін қорғансыз сезінеді…
Иә, еліміздің экономикалық және рухани жаңаруы, әсілі бәрімізден – еңбектеген баладан еңкейген кәрімізге дейін – күллі күш-жігерімізді, білім-қабілетімізді қажет етіп қана қоймай, сабырлы да салиқалы сана мен төзімділікті талап етіп отыр. Бұл уақыт талабы. Салу – қиын, бұзу – оңай. «Жүк аурын нар көтереді». Бағымыз да, сорымыз да бір құдайға аян – бүгінгі ауырлықтың дені байырғы халық бізге түседі. Көңіліміз бен өміріміздегі бір медеу жалғыз емеспіз, ықылас пен ынтымақ қадірін түсінетін көп үнді, көп тілді жұртымыз бар. Алдымыздан жік жүгірмесін әйтеуір. «Түркістанның» құштар көңіл, ынтызар жүрекпен жаңылмай жазар ең өзекті тақырыбы осы болмақ керек. Онда да жабуды жаба тоқымай, ащы шындықты ашып та ашық айту, анық айтуды рәсім етер-ақ!
Егеменді ел болғасын ішің мен тысыңның қам-қарекеті құс қанатындай қатар өрбиді. Ішкі үйлестікке сыртқы сыйластық сай келіп жатса – нұр үстіне нұр. Еліңнің де жеріңнің де көгеріп-көктер бастау-бұлағының бірі – сыртта. Онң үстіне біз Еуразия секілді нән қос құрлықтың тоғысар жерін ежелден еркін жайлап келе жатқан елміз. Нағыз қандыауздамыз. Оның үтіне Тәңірім бізді Ресей мен Қытай сияқты қос алыптың арасына салыпты. Шүкірлік, екі елмен де қарым-қатынасымыз қалпында, тату-тәттіміз. Әсіресе, Ресеймен, Ресей – біздің тағдыр-талайымыз, туысымыз. Ол құдайы көршіміз ғана емес, екі үйіміздің – бірі, егізіміздің – сыңары. Еліміздің де, Елбасының да осынау елдермен арадағы қатынасқа тат түсірмеуге ұмтылатыны бәрімізге түсінікті. Сол сияқты туыс түрік әлемі, араб-парсы дүниесі, жалпы ғаламның тыныс-тіршілігі жас Республиканың зейін-зердесіне тоқып алып, бір сәт назарынан шығармай, нәрлі-құнарлы қарым-қатынас жасап келе жатқан іс-әркеттерінің арқауы.
Көне Римнің зор ойшылы Сенека: «Татулықпен китимдей мемлекет те өседі, тартыспен ұлы мемлкет те өшеді», – депті кезінде. Өзіміздің де, өзгенің де осы бір аталы сөзді ұдайы санасында сақтағаны жөн болар еді.
Ардақты ағайын! Жанашыр оқырман! Ықылым замандардан бері барша түрік халықтарының қара шаңырағы болған Түркістан атын қастерлеп, айдарына шығарып, жаңа үнқағаз келді алдыңызға. Соған құтты болсын айтайық та, сәт сапар тілейік. Төрлет, «Түркістан»! Жұлдызың оңынан тусын!
Әбілмәжін ЖҰМАБАЕВ
1994 ж.