Жадымда сол жақсы аға

Жадымда сол жақсы аға

Жадымда  сол жақсы аға
ашық дереккөзі
214

Адам өмірінің әр кезеңінде өзінің ішкі сұранысына сай білім мен ақпараттың, қуат пен ұлылықтың, руханият пен мәдениеттің қайнар көздері болады. 90-шы жылдары мен үшін осындай ерекше тұлға – Қалаға, Қалтай Мұхамеджан еді. Ағыбай батырдың 190 жылдық асында бағыма орай осы қасиетті жанмен танысудың сәті түсіп, он жылға жуық онымен жақын сырласудың бақыты бұйырған. Адами тұрғыда бұл – аға мен інінің, өркениетті тұрғыда – ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасындай еді. Қалағаңмен рухани-мәдени, адами қарым-қатынастар – өмірімдегі ерекше оқиға әрі тың құбылыс, сәттілік пен олжа болғаны анық. 

Қалағаң туралы айтқанда ең алдымен оның драматургиясы, сатирасы, өткір сөзі, уытты қалжыңы ойға оралады. Бұл жайында әдебиетшілер, сыншылар, өнертанушылар өз естеліктерінде, көзі тірісінде жазушының мерейтойлары мен шығармашылық кештерінде талай баяндаған. Дегенмен, Қалағаңның туындылары – табиғилығы мен тереңдігі қоса үндескен, көркемдігімен тәнті етіп қана қоймай, халықтық сипатын жоғалтпаған, қазақ әдебиетіндегі өшпес орнын ойып алған, шоқтығы биік шығармалар екендігі оқырман ретінде маған аян. 

Жалпы өз кемшілігін түрлі формада жасқанбай айта білетін адамның да, қоғамның да келешегі бар. Қазақтың: «Ауруын жасырған өледі» деген даналығы тән аурына ғана емес, әлеуметтік дерттерге де қатысты айтылғаны анық. Абай күйзелген, дағдарысқа ұшыраған қазақ халқының көкжиегін кеңейтуге ұмтылып, кертартпа құбылыстарды, тозығы жеткен дәстүрлерді, патша үкіметінің қолбалаларына айналған атқа мінерлерді өз халқын сүйгендіктен ашық мінеді. Қалағаң болса, осы бағыттағы шығармаларын өзіне тән ерекше арнада – әзіл-қалжың, ащы сатира арқылы жеткізе білді. Қоғамның кемшін тұстарын әшкере еткен Абайдан бастап, Қалағаңа дейінгі шығармашылық иелері – халықтың рухани-мәдени емшісі қызметін атқарады. 

Бір ғаламаты – Қалағаң өз бойындағы ерекшеліктерге де әзілмен қарап, өзін-өзі түйреп өтуден еш қысылмайтын. Бұл – оның жоғары мәдениеті мен ішкі еркіндігін көрсетсе керек. Өз халқын шексіз сүю мен оның рухани болмысын терең түсінудің арқасында Қалағаң кез-келген ортада өзін емін-еркін, табиғи ұстап, сол ортаны жарқыратып жіберетін. Терең түйсік пен жан-жақты білім қосарлана келіп, кейде ол қарапайым тілмен, әзілмен, әңгіменің тамырын тереңдетіп, мазмұнын биіктете түсетін.  

Ал жеке қарым-қатынастарда Қалағаңның үш асыл қасиетін айрықша айтар едім. Әлі де болса, зиялы қауым өкілдерінде жиі кездесе бермейтін бір қасиеті – әлемдік өркениеттер тарихтарын қатар зерделеп, өркениет өзектері – діндердің тарихы мен мазмұнын жетік білетін. Ол қазақ, түркі, парсы, ислам тарихы мен әдебиетін кеңінен талдап қана қоймай, басқа өркениеттер – христиан, иудаизм, буддизм және басқа діндердің де ежелгі тарихын, аңыздары мен қасиетті мәтіндерін терең түсінетін. Осы арқылы ол төл мәдениетіміз бен өркениетіміздің әлемдік ортадағы орнын айшықтай білді. Бұл – әсіресе қазіргі жас әдебиетшілер үшін үлгі ететін қасиет. Оның телегей теңіз білімі мен кең көзқарасы оның өте бай кітапханасынан да байқалатын. Ол сирек кездесетін, ең соңғы шыққан кітаптарды шетелдерден арнайы алдыратын. Кейде мен де қолқа салып, сол кітапханадан кітаптар алып оқып тұрдым.  

Биік мәдениетінің арқасында Қалағаң алдыңғы толқын ағаларына да, кейінгі толқын інілеріне де, тіпті балаларынан кіші жеткіншектерге де өзіне лайық құрметпен, ізеттілікпен қарап, кейде әзілі жарасып, әңгімелесіп отыратындығы оның тағы бір қырын ашса керек. Алғашқы кездескеннен-ақ «жолбарысым» дегендей әркімге теңеу тауып, бауырына тартып, баурап алатын. 

Терең білімі мен ішкі мәдениетінің ұштасуы арқасында ол малшы және диханмен де, әкім және министрмен де бірдей сыйласып, кісілік келбетіне сызат түсірмейтін. Адамның лауазымынан гөрі тұлғалық, мәдени, рухани қасиеттеріне көбірек көңіл бөліп, қадір тұтатындығы – Қалағаңның үшінші қасиеті. 

Кейде әр түрлі әлемдік, аймақтық, елдің өз ішіндегі мәселелерді талдап, сараптауда, одан түйін түйгенде жүгінетін, сүйенетін адамдар іздегенде алдымен әкеммен бірге Қалағаң ойға оралады. Қалағаң – керемет күрделі құбылыстарды бірауыз сөзбен дәл сипаттап, суреттей алатын ғажап, терең ақыл мен кемеңгерлік иесі еді. Қалағаң жайлы ішкі тебіреністер, сағынышты ойлардың өзі мұңмен қатар рухани нәр, күш-қуат береді.

«Түркістан» газетінің әр санын қолға алғанда Қалағаңның жылы келбеті еске түседі. Газет редакциясы орналасқан Бөгенбай көшесіндегі ғимаратта төрде әдемі, жымиған қалпында әркез құшағын жайып қарсы алатын. Ал Қалағаң десе, «Түркістан» басылымы оның бір қырындай ойға оралады. Қалағаңның аты мен затына сай газеттің өз оқырмандарының ықыласы мен қазақтың сүйіспеншілігіне бөлене беруіне тілектеспін.

       

Әлихан Байменов

Серіктес жаңалықтары