БІЗДІҢ ҚЫЗДАР
БІЗДІҢ ҚЫЗДАР
Адамның әр белесі – мектеп. «Түркістан» газетіндегі қызмет еткен жылдарымды, ондағы өткен әрбір күнімді – есте қалар, ұмытылмас кезеңдерге балаймын. Жасырар несі бар, үйреткенімнен … үйренгенім көп, нағыз ұстахананың өзі дерсің.
Жиырма жыл! Иә, газеттің алғашқы нөмірі шыққаннан бері біршама уақыт та сырғи жөнелген екен. Бәлкім, тарих үшін аз мерзім шығар, алайда Ұлы дала тарихын түгендеп, ақ пен қараның аражігін ажыратып, ақиқаттың тамыршысы, түбі бір түркі әлемін түгендеп жүрген газет үшін бұл өткел ғасырға бергісіз дерсіз. Қазақ баспасөзінде өзіндік үрдісі мен үлгісін, өзгелерінен өңі бөлек қолтаңбасын қалыптастырған басылым жайында, мерейтойы хақында біраз дүние жазылып жатқан шығар. Журналистік ғұмырымның он жылын осы газеттен тәлім алған мен үшін бұл басылымның орны бөлек. Сондықтан, түзден бақылағаным жарамас деген ниетпен қолыма қалам алдым…
Өтірік жынды болам деп жүріп, шын жынды болып кеткен Жириновский күні кеше Ресей Мемлекеттік Думасының кезекті мәжілісі басталмай жатып, «Россия сегодняның» аяғы ауыр қызметкерін балағаттап жібергені естеріңізде болар. Еркек кіндіктілер есінеп тұрған кезде, әріптес құрбысына жәрдемге келе қойған «Интерфакс» агенттігінен Чучалова дейтін тілші Вольфтың баласының мысын қайтарып, «жерден алып, жерге салды». Нәтижесінде, Жириновский кешірім сұрады.
Мұның «Түркістанға» не қатысы бар дер бәлкім біреу. Қатысы мынада. Ақпарат айдынында журналист қыздарымыз қазір еркін жүзеді. Қай басылымды, электронды БАҚ-ты алып қарамаңыз, көш алдында – біздің аруларымыз. Бұл үрдіс Ресейге де жеткен, Батысыңда да, Шығысыңда да – сол. Бұл дәстүр… «Түркістан» газетінде де бар. Дидахмет, Көлбай, Жаңабектер ренжи қоймас, бірақ атанның белін қайыстырар жүкті бұрын Рымтайлар, Жұлдыздар, ал қазір Есенгүл, Гүлбиғаш, Гүлзина, Нәзия, Динара, Ақниет, Таңсұлу сынды кәнігі журналист қарындастарым қыңқ демей-ақ көтеріп жүр. Жириновский тұрмақ басқа бол, сол қыздарымыздың біреуіне тіл тигізіп көрсінші, екі аяғын бір етікке тығып, жеті атасын есіне түсірер.
Мінезді қыздар көп қазір. Әсіресе, журналистикада. Алайда, мінезді көрсететін жерінде көрсетеді. Мінездің жөні осы екен деп, алашапқын болмайды біздің қыздар. Биязы да сүп-сүйкімді. Әрқайсысы қасиетті шаңырақтың бір-бір бұрышын пана етіп, күнұзаққа компьютерде отырғаны.
«Түркістан» ақпараттық басылым емес. Өтті, кетті, сөйтті, бүйтті дейтін. Әр тақырыптың байыбына бару керек. Саралайды, талдайды, жілік-жілікке шағады. Және қыздарымыздың қай-қайсысы да белгілі бір тақырыпқа дағдыланып алған. Кейде көп жазады. Сондайда лауазымыңды пайдаланып, ал кеп қысқартқың келеді, жазған-сызғанын. Қайдан? Екпіндеп келесің де, ентігіп қаласың. Әрбір сөз, әр сөйлем бірімен-бірі қабысып, сабақтасып жататыны соншалық, мақаланың қай тұсын қысқартарыңды білмей, кейде қыздардың жазғанын екі қайтара оқып шығуға тура келеді.
Мақаланы бетке сыйғызу – оңай шаруа емес. Тіпті компьютердің дамыған заманы болсын. Материалды әспеттеп, әрлеп, «етек-жеңін түзеп, түймесін түгендеп» дегендей, жып-жинақы күйінде беттеуің керек. Қысқарту деген сондайда керек.
Бірде, басшымыз Шәмшидин Паттеев Жұлдыз Төлеуге ме екен, Жұлдыз Әбділдаға ма, тапсырма береді. Тіпті, өзегі мынау болсын деп, бағыт-бағдарын да айшықтайды. Тілші қызымыз мақаланы күмпитіп алып келеді. Мен бейбақ, қысқарт дегенде осылай қысқартады деп, өзегін жұлып алып тастамаймын ба? Қайдан білейін, Шәкеңнің тапсырмасы екенін? Бас редактор ал кеп ашулансын! Сөйтіп, Шәкеңнен бір «таяқ жегенім» бар. Содан кейін мақаланы қысқартпайтын болдым. Ең дұрыс жолын тауып алдым:
– Әй, айналайын, – деймін макетке бір сүзіліп қараймын да, – мынауыңды пәлен жолға түсіріп алып кел, әйтпесе өзегін алып тастаймын, – деп қорқытып, қулыққа көшетін болдым. Дегенмен, бұл бастықтың орынбасары, әрі жауапты хатшының жүгін көтеріп отырған адамды жауапкершіліктен арылта алмас. Қоғамдық пікірге қозғау салатын дүниеге немкетті қарауға болмайтынын осы «Түркістаннан» тағылым алғанымды еске алып жатқаным ғой. Бұл да осы газеттен алған сабақтарымның бір парасы ғана.
Мен енді шығармашылықпен айналысып жүрген әрбір қыздың кәсіби деңгейін салыстырмай-ақ қояйын, олардың бәрі – терезесі тең тілшілер. Тек саласы бөлек.
Рымтай экономиканың жілік майын ішкен, аз жазады, бірақ саз жазады, Есенгүл – әмбебап, әлеуметтік мәселелерге келгенде алдына жан салмайды, ұлт дегенде, тіл дегенде шыбын жаны шырылдайды да жүреді. Гүлбиғаштың табиғаты бөлек, оны кез-келген «майданға» еркін жұмсай беруге болады. Күлпарадай дін тақырыбын қозғайтын журналист кемде-кем. Жұлдыз Әбділда – саясат тақырыбында еркін көсілетін. Жұлдыз Төлеу – халықаралық қатынасты, қажет болса спорт тақырыбын да меңгерген. Гүлзина көп оқиды, сондықтан оған әдебиет пен мәдениетті жазу аса бір қиындық туғызбайды. Нәзия – ерекше, ішкі-сыртқы саясаттың көрігін қыздырады, сүйекті мақалаларында талдап, жіліктеп береді. Динараң да ерек. Көп жазатынның біреуі – осы. Білім мәселесін қозғаған кезде, Білім министрлігінде жұмыс жасап жүрген менің маңдайым жиі терлеп сала беретін. Ақниет бүгінде ақпарат пен экономикаға машықтанып-ақ алған.
Міне, «Түркістанның» қыздары! Қай-қайсысы да жеке-жеке мақалаға арқау болатындай-ақ тұлғалар. «Ол… және ол туралы» деп айдар тақ та, кез келгеніне мақалаңды арнай бер.
Қазір «Түркістанның» уақыт ырғағына сай, талғам таразысымен жарық көріп жүрген «Тайқазан», «Ырыс», «Қоныс», «Жаһан» секілді қосымшалары да, әрқайсысы өзіне тиесілі жүкті абыроймен арқалап келеді. Оның редакторлары кім? Тағы да Есенгүл, Гүлбиғаш, Нәзия, Гүлзина, Динара, Ақниет, Таңсұлу, Айнаш.
Қысқасы, «Түркістан» Қазақ баспасөзінде орны бөлек, айтары да, жазары да көп басылым болса, соны бүгінде сөйлетіп жүрген қазақ қыздары!
Мерейтой тағы да құтты болсын, «түркістандықтар»! Қаламдарыңыз мұқалмасын. Ал, қыздарымызға шығармашылық талант қана емес, бақытты болуын да тілеймін.
Ғалымжан МЕЛДЕШ,
журналист