Қазақстан халқының байлығы – бірліК
Қазақстан халқының байлығы – бірліК
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Президент, ҚХА басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІ сессиясы болып өтті. Оған еліміздің әр өңірінен 406 делегат пен Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, алыс-жақын елдерден келген шетелдік меймандар қатысты.
Алқалы жиынның шымылдығын ашқан Елбасы: «Ұлы Жамбыл ақынның «Жігерлі болса ер болар, Бірлікті болса ел болар» деген сөзі бар. Бүгінгі сессияның өзегі – бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті біздің осындай бірлікті ел болмысымыздың кепілі. Мәдениет – тіршіліктің тірегі, ортақ игіліктерді ұлықтап, ұлтты ұлы істерге ұйыстырудың бірегей тетігі. Бейбітшілік, руханият пен келісім: бәрінің тамыры – мәдениетте. ХХІ ғасырдың ең басты заңы – татулық! Келісім – экономика мен саясаттың, қауіпсіздіктің, өмірдің заңы. Біз келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз. Келісім мәдениеті Мәңгілік болуы керек», – деп бастады өз сөзін.
– 20 жылдай бұрын Ассамблеяны құра отырып, біз әлемдегі барлық белгілі модельдерден де озық кеттік. Біз халықты ортақ патриоттық тұғырнамада топтастырудың жалғыз дұрыс тетігін таба алдық. Оның мені әркімге түсінікті және ол – жұмыс, отбасындағы әл-ауқат, балалар үшін білім беру, баспана, қауіпсіздік пен демалыс секілді қарапайым адами сұраныстарды қамтамасыз етуге көмектеседі.
Сондай-ақ Елбасы ҚХА-ның бүгінгі атқарып отырған жұмысына өз бағасын беруді де ұмытпады. «Біздің қоғамда ешкімнің де ешқандай этникалық артықшылығы жоқ. Заң алдында бәрі тең. Барша қазақстандық – жалғыз туған жеріміздің перзенттері. Біздің барлығымыз – Қазақстан халқының әр басқа әрі тең балалары. Біздің барлығымыздың қамқорлығымыз бар, бұл – барша Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің барлығымыздың мақсатымыз бір, бұл – ортақ Отанымыздың гүлденуі. Бұл – біздің ортақ жетістігіміз, ортақ мақтанышымыз!» дегенді қадап айтты.
Иә, бүгінде басты құндылық – бірлік. Қазақстан халқының негізгі байлығы осы. Қазақ «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді. Елімізде тұрып жатқан ұлт пен ұлыс өкілдерінің тілек-ниетінің бір мақсатқа бағытталғаны ауадай қажет. Ал Ассамблеяның көтеретін жүгі де орасан. Бұл туралы Елбасының өзі: «Ассамблея әрдайым уақыттан қалмай, қатар адымдап келеді. Тәуелсіздік тарихының барлық тағдырлы кезеңдерінде оның қолдауы шешуші мәнге ие болды. Бірлік пен бірауыздылық, біртұтастық – қоғамның басты құндылықтары. Осының арқасында біз экономиканы көтердік, азаматтардың әл-ауқатын нығайттық», – деді.
Біріншіден, бұл – ұлтына, тіліне, дініне және әлеуметтік шығу тегіне қарамастан, барлық қазақстандықтардың теңдігі. Екіншіден, экономикамыздың дамуы, халықтың әл-ауқаты үшін ортақ жауапкершілік. Үшіншіден, Қазақстанда мемлекеттік тілдің рөлі, орыс тілінің ресми мәртебесі және барлық этностардың тілдерінің тең дамуы туралы мәселе шешілген.
Төртіншіден, «мемлекеттің зайырлылығы Қазақстандағы барлық діндердің ұлы рухани мұрасын құрметтеуге, әркімнің таңдау еркіндігіне негізделеді. Ислам діні әу баста Жаратушыдан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айырылуға бүгінгі буынның ешбір хақы жоқ. Сондықтан қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерін, барлық және әрбір қазақты ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын. Біз ұрпағымызды жат ықпалдардан қорғауға, адасқандарды ақылға шақырып, оларды оқыс қадамдардан сақтандыруға тиіспіз», – деді Елбасы.
Ассамблея – бұл барлық азаматтардың мүдделерін бүкілхалықтық ұсынудың инновациялық моделі және жас демократиямыздың табысты құралы. Ол бүкіл еліміз бойынша 820 этномәдени бірлестіктердің қызметін біріктіреді. Бұл – 70 мың белсенділер. Бұл жұмысқа барлығы 3 миллионнан астам адам қатысады. Осы тұста Елбасы Ассамблеяға «халықтық егемендіктің топтастырушы саясиүстілік органы» деген баға берді.
Елбасы Н.Назарбаев өз көршілерімен араздаспайтынын нықтай түсті. «Тағы да бір рет қадап айтқым келеді. Орталық Азия елдері, Ресей мен Қытай – біздің көршілеріміз. Көршіңді таңдай алмайсың, сондықтан біз ең жақын дос болдық және бола береміз». Әлбетте, бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының да үлес қосуы қажет. «Ассамблеяның халықаралық байланыстары мол. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі, 2017 жылғы Алматыдағы Универсиада секілді халықаралық шараны әзірлеуге қатысу бойынша Ассамблеяда өзінің төл, нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс. Бұл іс-шараларда біз мәдениетімізді, толеранттылығымызды, халқымыздың көпэтностылығын, бейбітшілік пен келісім жағдайындағы өзіміздің жетістіктерімізді әлемге паш етуіміз керек. Бар мүмкіндіктерімізді және көпұлтты мәдениетіміздің көркемдігін бар бояуымен әлемге көрсетіп қалуымыз қажет. Ассамблея осыған дайындықты бастасын!», – деп екпін түсіре кетті.
Алдағы жылы ҚХА-ның құрылғанына және референдумда Конституциямыздың қабылданғанына 20 жыл толады. Бұл екі бірдей оқиға еліміздің шежіресімен ортақтасып жатыр. Сондықтан да 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды.