ОҢАЙ ОЛЖА ТАПҚАН КӘСІПКЕРЛЕР

ОҢАЙ ОЛЖА ТАПҚАН КӘСІПКЕРЛЕР

ОҢАЙ ОЛЖА ТАПҚАН КӘСІПКЕРЛЕР
ашық дереккөзі
343

Таяуда
Елорданың қақ ортасындағы №3 мектеп-гимназияның оқушылары түскі астан
уланып, алды ауруханаға түсті. Әзірге неден уланғаны белгісіз, бірақ
тендерді ұтып алған кәсіпкер де, аспазшылар да «судан тазамыз» деуден
танар емес. Дайын өнімдерді мектепке басқа кәсіпкер жеткізетінін айтып
ақталуда. 

Мектеп тағамы дене мен ақыл-ойдың қалыпты
дамуын қамтамасыз етіп, иммунитетті нығайтуға, ауруларға қарсы тұратын
дәрумендерге бай болуы керек емес пе? «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды»
деседі. Бүлдіршіннің денсаулығын бүлдіргендер кінәні мойнына ала ма? 11
оқушының  улануына асханадан жеген ірімшік пен сүзбе себеп болған деген
уәж айтуда. Ал аспазшылар сүзбені өздері дайындамайтынын, тіпті,
директордың басқа кәсіпкерге асхананы алып бермекші болғанын да
жасырмады. «Балалардың улануы тендерді өзге кәсіпкерге беруді көздеген
мектеп директорының әрекетінен болуы мүмкін» деген болжам бар. «Жұмыс
істеген екі аптаның ішінде басшы маза бермей, тырнақ астынан кір іздеп
тексере берді. Асханаға «өз адамын» отырғызғысы келген директор түрлі
әрекетке барған», – деседі кейбіреулер. Ал Алматыдағы кейбір
директорлардан сұрастырып көргенімізде: «Қазіргі кезде мектеп асханалары
жалға беріледі. Олар тендерді ұтып алып, сол бойынша асханаларды жалға
алады. Ал біздің түскі ас бағасына, мәзіріне, дайындалуына қатысты
ешқандай құқымыз жоқ. Ешқандай бұйрық та шығара алмаймыз», – дегенді
айтты. Десе де №3 мектеп-гимназияны ыстық тамақпен қамтуды Исинғожинаның
«Пайда» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырған. Уланудың нақты себептері
анықталғанша, мектептің асханасы жабық болмақ. 

Бір ғана
бұл емес көптеген облыс­тарда да мектеп асханасынан уланған жайттарды
көптеп еститін болдық. Тендерге қатысатын кәсіпкерлер бала денсаулығын
тауарға айналдырғаны ма? Бүгінде мемлекеттік сатып алуда баға нормасы
алынып тасталды. Бірақ күні бүгінге дейін кім арзан баға ұсынса, сол
тендерді жеңіп алып, арзан тамақпен оқушыларды тамақтандыра беретін. Бұл
сапасыз ас республикадағы бастауыш сыныптың балаларын әбден әуреледі.
Себебі тегін тамақ бастауыш сыныптарға ғана беріледі. «Ауру астан»
екенін елемейтін асхана басшылары Алматы облысында да бірталай баланы
улаған еді. Өткен жылдың қыркүйек айында Қайназар аулының ауруханасына
улану белгісімен бірден 88 бала түскен. Оның тоғызы ауруханаға
жатқызылып, барлығының бірдей дене қызуы, бас ауруы мен құсуы тіркелген.
Дәрігерлер аурудың азық-түлік, су, ауа арқылы жұғатынын айтса, Алматы
облысы бойынша Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау
департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов тексеріс жүргізілу үстінде
екенін айтып, жылы жауып қойған. Ол аз десеңіз, 2012 жылы Көксу
ауданындағы балабақша тамағынан білдей бір топтың 30-ға жуық бүлдіршіні
уланған болатын.

Жалпы астан улану фактілері республика
бойынша жиі тіркеледі. Әсіресе мектептер мен балабақшалар асханасы
көрінгеннің қолына беріліп, тиімді қаржы ұсынған кәсіпкердің иелігінде
кетеді. Жуырда Қазақ тағамтану академиясы мектеп тағамы бағдарламасын
жетілдіру мәселелері жөнінде баспасөз мәслихатын өткізіп, балалар тағамы
төңірегіндегі келелі мәселелерді ортаға салды. 

 

Ыстық тағамның құны – 160 теңге 


Биыл 1 шілдеден бастап мектеп оқу­шылары тамақтануына берілетін мем­ле­кеттік сатып алудың баға нормалары қолданылмайды.

 Бұған
дейінгі жүйе бойынша кім арзан ақша ұсынса, тендерді сол жеңіп алатын.
Бір балаға берілетін түскі астың құны мемлекеттен 300 теңге деп
бекітілсе, кәсіпкерлер 160-200 теңгеге бағалап, тендерді ұтып алып
жүрген. Бұл дегеніңіз ыстық тағамның бағасы арзандаған сайын құндылығы
мен сапасы да төмендейді деген сөз. Сонымен қатар түскі тағам ұсынатын
компаниялардың өз пайдасы 160 теңгеден аспауы керек екен. Сонда кәсіпкер
қандай пайда көріп келді деген сауал туындайды. Оның сапасы мен дәмі,
маңызы мен көлемі ескерілмейтін болғаны ғой. 

Қазақ
тағамтану академиясы рес­пуб­ликадағы мектеп оқушыларының дұрыс және
салауатты тамақтану мәселесімен 40 жылдан астам уақыт айналысады.
Академияның мәлімдеуінше, мемлекеттік сатып алу жүйесінің мектеп тағамын
төмен бағамен бағалауы ғылыми ұсыныстарды орындауға мүмкіндік бермейді
екен. Яғни, академия құндылығы, құрамы мен пайдасы ескеріліп жасалған ас
мәзірін 150-200 теңгемен орындау мүмкін емес деген пікірде. Себебі
баланың дұрыс тамақтанып, сау ас ішуі үшін кемінде 300 теңге бөлінуі
тиіс. Осы орайда Қазақ тағамтану академиясының президенті, ҚР Ұлттық
ғылым академиясының ака­демигі Төрегелді Шарманов: «Мектеп оқушыларының
тамақтануы туралы сөз болғанда, алдымен, бағасына емес, сапасына көңіл
бөлу қажет. Елбасы Н.Назарбаев мектеп оқушылары денсаулығындағы мектеп
тағамының маңыздылығын бірнеше рет ерекше атап өткен. Осылайша бүгінде
мектеп тағамының сапасын арттыру жұмысы тендер механизмімен тежелмейтін
болған кезде және түрлі мекемелер мен министрліктер бұл мәселені тиімді
шешуге мүдделі болуында, біздің тағамтану академиясы өзінің жұмысын
бастауға дайын», – деді. 

Мемлекет есебінен берілетін ыстық
тағам еліміздің барлық өңірлеріне жете қоймапты. Республиканың ірі
орталықтарында ғана қадағаланатын сияқты. Астанада 1-4 сыныптағы 45122
оқушы 100 пайыз түскі аспен қамтамасыз етілген. Ал Алматыда 79 871
бастауыш сынып оқушыларының 94,8 пайызы ыстық тағаммен қамтылған. Бұл
жаман көрсеткіш емес, әрине. Бірақ басқа облыстар бұл мәселені ысырып
қойған сияқты. Мәселен, Қарағанды облысында 74 015 оқушы болса, соның
18,9 пайызына ғана мектепте тағам беріледі. Оңтүстік Қазақстан
облысындағы мектептерде барлығы 233 385 оқушы тәлім алса, соның 7,2
пайызы түскі аспен қамтылған. Сондай-ақ Тағамтану академиясы бұл
көрсеткіштердің қолдан жасалғанын, яғни кейбірінің әдейі әсірелеп
көрсетілгенін жасырмады. Оның себебі неде деген сауалымызға Төрегелді
Шарманов: «Сапалы тағамсыз білім сапасы жақсармайды. Алайда жергілікті
әкімшіліктер қолға алмай отыр. Сондықтан мектептерге тамақтану
комбинатын салған дұрыс шығар», – деп жауап қайырды. Сірә, республика
бойынша Үкіметтен бөлінген қаржы игерілмеген немесе жемқорлықпен
біреудің қалтасына түсіп кеткен сияқты. 

Тағамтану
академиясы бұдан былай мәзірдегі экзотикалық жеміс-жидектер мен
тетрапакеттегі шырындардың орнына қымыз бен шұбат енгізбекші. Иогуртты
айранмен, цитрус жемістерін сүт тағамымен алмастырмақшы. Ғалымдардың
айтуынша, бұл балалардың денсаулығына пайдалы және жергілікті
экологияның зардаптарына қарсы тұра алатын дәрумендерге бай. Алматы
қаласы білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы
Тахиржан Салижановтың айтуынша, Алматыда бастауыш сынып оқушыларының
тамақтануына жыл сайын 4 миллиард 635 миллион теңгеге жуық қаржы
бөлінеді. Ал Шарманов мырза АҚШ-та мектеп тағамын жетілдіру үшін 11
миллиард доллар жұмсалатынын және олардың ас мәзірінің өзіне ұнайтынын
да жасырмады. «Ендігі мәселе дамыған елдердің, АҚШ-тың үлгісін өңдеп,
қантын азайтып, жергілікті аспен толықтырып енгізуге болады», – деді
Төрегелді Шарманов. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары