АЙТЫП АЛЫП, КЕШІРІМ СҰРАЙДЫ...
АЙТЫП АЛЫП, КЕШІРІМ СҰРАЙДЫ...
Соңғы кезде Украинада саяси-экономикалық жағдай ушығып кетті. Украинаның оңтүстік-шығысындағы өзге қалаларда да мыңдаған адамды жинаған ресейшіл топтардың наразылығы жалғасып, олар да Ресей құрамына ену жайлы референдум өткізуді талап етуде. Жаңа қарқын алған Украинадағы ресейшіл сепаратистердің бүлігі Донецкіден кейін шығыстағы тағы бір облыс Харьковте жалғасын табуда. Өкініштісі сол, Ресей басылымдары әу бастан-ақ Украинаны жер бетінде мүлдем жоқ мемлекет секілді айтудан жалығар емес. Бұдан біздің кейбір ақпарат құралдары да қалыспайтынын байқатты.
Еске сала кетсек, бірқатар ресейлік БАҚ Хакас Республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы Владимир Штыгашевтің Ресейдің Шығыс Қазақстанға таласы бары туралы пікірі ретінде мына дәйексөзді келтірген болатын: «Қазақстанның аумағы кішкентай болатын, Есіл облысының (Омбы облысы) бір бөлігін беру туралы шешім қабылданды. Берілді де, Қарағанды құрылды. Бұл – 1936 жыл, жуырда ғана. Біз Қазақстанға барлығы бес облысты бердік, содан кейін Қазақ АКСР-і КСР деп қайта аталды. Бұл аймақтар айырбас бақыры сияқты берілді. ТМД шеңберінде шекараны демаркациялау жылдам жүргізілмеді, неге? Өйткені халықтардың елді қалпына келтіру ниеті туындауы мүмкін еді». Бірақ кейін Хакасия Республикасы Жоғарғы кеңесі аппарат жетекшісінің орынбасары, кеңестің Ақпараттық саясат және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінің бастығы Олег Николаев журналистердің Штыгашевтің пікірін дұрыс жеткізбегенін айтты. «Жоғарғы кеңес төрағасының сөзінде біреудің аумағына, атап айтқанда, Қазақстанның аумағына қатысты қандай да бір тарихи немесе басқа да құқық туралы айтылмағанын атап өткім келеді. Олар біздің көрші, біздің досымыз және әріптесіміз. Менің сөздерім ел арасында түсініксіздік туғызып, бауырлас халқымыздың көңіліне қаяу түсіргені мені қатты қынжылтады. Егер мен өзімнің сөздеріммен біреуді лажсыз ренжітсем, шын көңіліммен кешірім сұраймын», – деді ол.
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» рас. Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігін мойындамай, мемлекеттік тіл – қазақ тілін менсінбейтін арандатушылық пікірлердің жиі айтылып жүргенінде не сыр бар? Бір өкініштісі, отандық БАҚ іргеміздегі көрші мемлекеттің лауазымды өкілдері осындай мәлімдеме жасаса да, селт етер емес. Неге бейтарап күйде, үн-түнсіз қала береміз? Неліктен еліміздің ақпарат құралдары шектен шыққан пікірлердің астарына үңілмейді? Мемлекеттің басты байлығы – халқы, жері, іргесінің беріктігі, қауіпсіздігінің сақталуы емес пе?
Тоғжан Төлеген