«ЗАМАН-АЙЛАТҚАН» ЗАРДАПТАР
«ЗАМАН-АЙЛАТҚАН» ЗАРДАПТАР
Экологиялық сана мен экологиялық тәрбие, дәстүрлі экологиялық таным мифтік болмыстық түйсіктерден нәр алатын, ұлттық құндылықтармен тікелей тамырласып жатқан, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыратын күретамырлы арна болып табылады. Әсіресе, тіршілік көзінің иесін «жер-су» деп таныған, өмір сүруінің өзі табиғатпен арадағы тепетеңдікті сақтауға тікелей қатысты екенін мифтік сана мен дәстүрлі тәрбие арқылы түйсінген көшпелілер өркениеті бүкіләлемдік жаратылыстың қасиетін түйсікпен іздеген, санамен елестеткен, рухпен сезінген көркем ойлау жүйесіне, яғни, ғаламдық тұтастыққа негізделген әсіреәфсаналық экологиялық санаға ие болды. Сондықтан да оларды қорғау – ұрпаққа аманат, тіріге – парыз, өліге – құрмет ретінде танылды, олар туралы аңыздар мен әфсаналар, жыр мен мақал, мәтелдер шығарып, табиғатты аялауға баулитын рухани тәрбие құралы етті.
Мысалы, Қазақстан ғана емес, Кеңес одағында Дегелең полигонындағы атом сынағын тоқтату туралы алғашқы аса ірі қоғамдық экологиялық халықтық қозғалыстың тұңғыш бас қосуы өткен Қарауылтөбеге өлімнің бейнесін білдіретін қу ағашты орнатып, он мыңнан астам адам оған ақтық байлады. Бұл көне түркі мифіндегі мәңгілік жасыл өмірдің символы – Мықан ағашының – Бәйтеректің апатты жағдайға ұшырағанының, яғни, табиғи тіршілікке өлім қаупі төнгенінің нысанасы, дабыл қағу атойы еді. Экологиялық мифтік санасы өше қоймаған көшпелілер қауымының бүгінгі ұрпақтарына бұл кез келген көрнекі құрал мен плакаттардан көрі анағұрлым зор әсер етті.
Сондай-ақ, «Қорқыта ата» туралы аңыздағы «Жерде қара тауларың құламасын, Көлеңкелі ағашың кесілмесін» – деген тақырыппен ядоролық сынақтан жарылып құлаған жартастар мен шөгіп кеткен төбелер, жер асты жарықтарына сіңіп кеткен өзен-көлдерге қаратыла мақалалар берілді. Ал көне түркі жазба ескерткішіндегі «Тәңірінің, Жердің киесіне ұшырап жау болды» – деген жолдар арқылы ядролық сынақты өз жерінде, өз елінің ортасында сынап, Абай мен Құрманғазы туған қасиетті жердің киесіне ұшыраған, өз халқына өзі соғыс жариялаған Кеңес өкіметін айыптаған астарлы мағына мен емеурін танытты.
Бұған атом бомбасы жарылғандағы зілзаланы елестететін мұқым бір қаланың өлі шаһарға айналғаны туралы («Қатып қалған қала»), аспан жарылып, күн нұры төгіліп, дүлей (смерчь) соққаннан кейін адамдардың көзі соқыр болып, шашы жидіп түсіп, аяқ-қолдары топтанып туған ұрпақтың бір қолы, бір аяғы жоқ, көзі маңдайының ортасына біткен, зертең (емсіз) дертке шалдыққан жандар туралы «Уақытсыз тажал», «Дүлей» ертегілеріндегі оқиғалардың астары өмірлік шындықпен салыстырыла баяндалғанда, атом бомбасын сынайтын сынақ полигонының апатты зардабы мен адам өміріндегі трагедиясы экологиялық сананы шіміркендіріп, көтеріліп отырған мәселенің қаншалықты қасірет әкелгенін және әкелетінін нақты көз алдыңа елестетеді.
Шилісайдағы аса ірі фосфор кені бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жарияланып, дала төсі орынды-орынсыз қазылып, айналаның қорыс-қопасы шығып, шаңды боранға ұласқан тұста діңінен қызыл шырын ағып, жылап тұратын Қандыағаш (ауылдың аты) туралы аңызды мақалаға кіріктіру арқылы экологиялық апаттың зардабын алдын-ала ескерткен мақала кезінде одақтық деңгейде назар аударғаны да экологиялық дәстүрлі сананың бүгінгі қоршаған ортаны қорғау ісіне әсер еткендігінің айғағы. Ал «Семей – Невада» қозғалысының әнұранына айналған «Заман-ай!..» әні де (Сөзі Ұ.Есдәулеттікі, музыкасы Т.Мұхамеджановтікі) сол ұлттық қасіреттің зарлы сарынына айналды.
Міне, осынау бір ертегілік сыпаттағы ықылым заманның зұлматты елесі қазақ даласын бүгін де кезіп жүрген сияқты. Жуырда журналистік зерттеу тақырыбымызға байланысты Өскемен қалалық орыс тілінде шығатын «Мой город» газетінің тігіндісін парақтап отырғанымызда хроника ретінде берілген, кешегі кеңестік кездегі адамзатқа қарсы мемлекеттік қылмыс пен бүгінгі күннің өзінде аса қауіпті категорияға жататын экологиялық қылмыстың бетін ашқан жантүршігерлік шағын хабарды оқыдым. Егер қылмыстық хроника болмаса, мұндай сұмдықтың біздің өмірімізден орын алуы мүмкін деп ойлаудың өзі қиялдан тыс қисын еді.
Хроникада: 2011 жылы 23 шілде күні Үлбі металлургия заводының қосымша шаруашылық ғимаратының қалтарысындағы бұрышты қазып жүрген жұмысшылар 29 сәбидің денесін және оған қоса әйелі мен еркегі аралас көптеген адамдардың әр түрлі ағзалары толтырылған үш темір фляг табылып, ол туралы сақшыларға мәлімделгені баяндалған. Мұндай сұмдықтың талайсыз тарихы келесі санда жарияланған «Өткенді ойрандаған» («Разворошили прошлое») атты мақалада жан-жақты қамтылыпты. Хабар авторы хабармен шектеліп қалмай, оқыс та сұмдық оқиғаның жантүршігерлік себептерін ашыпты.
Сөйтсек, «істің тарихы былай екен». Ішкі істер департаменті сәбилердің мүрдесі мен бөлшек-бөлшек адам ағзаларын биологиялық сараптауға жіберіпті. Анықталғаны – бұл арада 1956 жылдан бастап ҮМЗ-нің №22 медициналық-санитарлық бөлімшесі (қазір №2 МСБ) болыпты. Әлгі «өндірістік маңызын жойған қалдықтар» (ресми тілде солай аталған) консервацияланып, темір флягкке нығыздалып, осы араға көміліпті. Атом электр станциясына «қуат отынын» дайындайтын, уран өңдейтін Үлбі металлургия заводы «төтенше және аса құпия» өнеркәсіп орыны болғандықтан да ондағы болған біткеннің барлығының сыртқа дымы шықпауы тиіс екен. «Биологиялық қалдық» екені анықталған соң сарапшылардың қорытындысына сүйеніп, ешқандай қылмыстық белгі байқалмағандықтан да ішкі істер қызметкерлері «істі» жауып, қалалық прокуратура бұл шешіммен келісіпті.
Сонда, 29 сәбидің мәйіті мен боршаланған ер-әйелдердің ағзаларының формалинмен консервацияланып, флягке нығыздала тығылғанын қылмыс деп таппай, бұл Майданек пен Бухенвальдтағы крематорийдің бейбіт күндегі кіші үлгісі екенін, ешқандай майдансыз өз халқына өзі соғыс жариялаған адамзатқа қарсы мемлекеттік қылмыс екенін біле тұра тергеушілер мен прокуратура өкілдерінің үнсіз жауып қойғаны қалай? ҮМЗ-дің басқарма мүшелері бұл араның 1998 жылдан кейін мүлдем жабылғаны, онда 1956 жылы бір рет қана «сүрлеп тастау» әдісі қолданғаны туралы мәлімет берумен шектелгені қалай? 29 сәбидің мәйітіне қоса еркек-әйелдің ағзалары неге зиратқа көмілмеген? «Өте қауіпті» үнсіздік.
Мемлкеттік қылмыс осы арадан үзіліп, енді «қоршаған орта мен адам денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне» қауіп төндіретін экологиялық зардап басталады. «Аса құпия» деп бұрыштама қойылған мемлекеттік қылмыстың астарында, яғни, «өндірістік маңызын жойған қалдықтарда» қандай кілтипан жатыр?
Журналистің көкейіне қонбаған осы сұрақтар оның мазасын алып, ақыры «өндірістік маңызын жойған қалдықтарға» тікелей қатысы бар, № 22 медициналық-санитарлық бөлімшенің бұрынғы бас дәрігері, жасы тоқсаннан асқан Анатолий Иванович Ерасовты іздеп табады. Бас дәрігердің әңгімесін оқып отырып, әлі де «ізін жасырып жатқан» қаншама «өндірістік маңызын жойған қалдықтар» бар екенін есіңе алғанда, бізді қандай экологиялық қасірет, иә, қасірет күтіп тұр деген үрейлі ойға қаласың.
Анатолий Иванович Ерасов «ядролық отын» өндіретін «beirra № 10» (Үлбі металлургия заводының құпия аты) құпия заводының №22 медициналық-санитарлық бөлімшесіне 1950 жылы дәрігер болып келіпті. «Аса құпия» өндірістің мемлекеттік құпиясын жарияламауға серт беріп, қол қойғандықтан да осы уақытқа дейін ешкімге тіс жармапты.
Анатолий Иванович Ерасовтың айтуынша, дәрігерлік бөлімше заводтың күйдіру цехымен қатар орналасыпты. Цехтағы жұмысшылар негізінен тантал, уран, берилл сияқты улы әрі радиациялық әсері жоғары шикізаттарды тікелей өңдеумен айналысқандықтан да радиациялық сәуленің мөлшерін өте көп алып, олардың денсаулығы күрт нашарлап кетеді екен. Йод, дәке мен мақтадан басқа ем-дом жасайтын құрал да жоқ екен. Сол алған «радиациялық сәулені» киімімен, аяқ киімімен үйіне «ертіп барады» екен. Сөйтіп өзін ғана емес, жанұясын да жарымжан етіпті. Ол кезде уран өндірісінде істейтін әйелдер де көп болыпты. Олар шетінен түсік тастайды екен. Ал жаңағы киіммен, ана сүтімен уланған сәбилердің шетінеу деңгейі де жоғары болыпты. Олардың өліміне себепші болған дерті жасырын күйде қалыпты.
Ақыры елуінші жылдардың аяғында №22 медициналық-санитарлық бөлімше ғимараты салынып, Анатолий Иванович Ерасовты Ленинградтағы биофизика институтының лабораториясына тәжірибе алмасуға жіберіпті. Радиацияның мөлшері, өлімнің себебі, сәулемен уланудың деңгейі, таралуын мәйітті боршалап зерттеу арқылы анықтайтын әдіс-тәсілді және арнайы құрал-жабдықты қолдану жолдарын үйренеді. Аса үлкен және ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Өзінің бүкіл дәрігерлік қызметінде радиациялық сәуле алған не уланған 2 000-ға жуық адамды тәжірибеден өткізіпті.
Радиациялық сәуле алған не улы металл денесіне, ағзасына сіңген адамдардың дертінің мөлшерін өлшейтін арнайы құрал арқылы жағдайды бақылап отырыпты. Өзгені былай қойғанда, тікелей заводпен байланысы жоқ дәрігердің өз үйінің қабырғасы, тағам ыдыстары, киімдері қауіпті деңгейде зардапталғанын айтады. Сонда тікелей өндірістегі жұмысшылардың қалі не күйде болғаны өзінен өзі түсінікті. Ол – ол ма, жұмысшыларға пешке жағуға Қытайдың Көктоғай уран кенішінен әкелінген уран салынған ағаш жәшіктерді отын ретінде үлестіреді екен. Ақыр соңында әрең тоқтатыпты.
№22 медициналық-санитарлық бөлімше бүкіл облысқа дәрігерлік қызмет көрсетіпті. ҮМЗ-дің жұмысшылары, Өскеменнің тұрғындары мен Курчатов қаласының қызметкерлері, Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендердің барлығы осында бақылаудан өткен көрінеді. Ең жиі кездесетін дерт – сүйек кеміктері, бауыр, зәр жолы, ішек, қарын екен. Операцияға түскен адамдардың кесілген мүшелері, сәбилер мен түсіктер, бүйрек, бауыр, ішек, қарын, сүйек кеміктері осы биофизикалық лабораторияға тапсырылады екен. Ал сәулеленуі аса жоғары «радиоактивті биологиялық қалдықтарды», соның ішінде жоғарыда айтылған «өндірістік маңызын жойған қалдықтар» да бар, СССР Денсаулық сақтау министрлігінің үшінші басқармасының, КГБ-ның және Үлбі металлургия заводының басшыларының бұйрығы бойынша, формалинмен консервациялап, металл флягқа салып, көміп тастайды екен. Ондай флягтардың саны мыңнан асатын көрінеді. Жоғарыда табылып отырған үш фляг соның шеті болса керек.
Осындай жантүршігерлік мәліметті бере келе тоқсаннан асқан дәрігер Анатолий Иванович Ерасов:
– Менің сол флягті тауып, ашқандарға жаным ашиды. Уран мен торидің толық ыдырауына мың жыл уақыт керек. Берилл де оңайшылықпен ыдырамайды. Сондықтан да оны мың жыл бойы көмулі күйінде қалдыру керек еді. Олар өз күшін әлі жойған жоқ. Адамға, қоршаған ортаға зардабы өте күшті. Әлгі адамдардың, қазғандар да, сараптама жасағандар да сөзсіз радиация алды. Жаңағы мәйіттерді арнайы пешке күйдіріп, талшықтардан зиянды металлды ажыратуға болады. Ондай пеш Ленинградта ғана бар. Ағзадан бөлінген металл қайтадан өндіріске жіберіледі. Консервациялау үшін завод директоры рұқсат береді. Ал жаңа туған сәбилердің не түсіктің мәйіті де консервацияланады. Ішінара ғана жерлеуге рұқсат беріледі. Бірақ неден өлгені құпия сақталады. Бұрын бұл ара қатаң түрде күзетілетін. Кеңес одағы құлаған соң бәрі де ашық қалыпты, – деп куәлік беріпті.
Осындай аса қауіпті «өндірістік маңызын жойған қалдықтардың» қалғаны қайда екен? Тірілген «өлі жандар» немесе өлмейтін «өлі ағзалар» әлі қаншама адамның өміріне қауіп төндірмек? Ол деректерді Ресей архивтерінен табуға болады. Ал Үлбі металлургия заводының архиві жиырма бес жылдан кейін жойылады. Оған да үш жыл өтіп кетіпті. Енді не істеу керек? Әлгі тергеушілер мен прокуратураның «зиянсыз, қылмыстық әрекет жоқ» деп шешім шығарған «өндірістік маңызын жойған қалдықтар» өздерін көмусіз қалдырғандардың зауалын тірілерден алып жүрмесін. Семей сынақ полигонының құрбандарының дені қандастарымыз екенін ескерсек, тиісті құзырлы орындар мұны ескерусіз қалдырмауы керек. Ал «мың жылға дейін зәрі қайтпайтын зәрлі радиоактивті» мыңға жуық фляг қаншама адамның өміріне қауіп төндіріп тұр десеңші.
Міне, бұл «кеңестік құпияның» біреуі ғана. Ал қаншама «флягтер» көмулі жатыр? Хроникалық хабардан басталған қаламгерлік зерттеудің өмірлік бір сабағы осындай. Мұнда мемлекеттік қылмыс та, экологиялық қылмыс та орын алған. Оны кім тексеріп, кім бағасын береді? Мақаланың басты құндылығы – келешектің қамын ойлағандығында.
Адам экологиясы – тек қана зарары мен зардабы көп, адам ағзасына зиянды әсерден ғана тұрмайды, сонымен қатар күнделікті күйбең тіршіліктің күйзелісін де қамтиды. Тұрмыстық экология – таусылмайтын тақырып. Мысалы, Өрқайың (Верхнеберезовский) поселкасындағы су қоймасының насос стнциясында ауыз суды зарарсыздандыратын 38 баллон сұйық хлор сақтаулы тұр екен. Бірақ оның пайдаланбағанына жылдар өткен. Мұның табиғат пен адам өміріне қаншалықты қауіпті екенін, бір баллон сұйық хлор жайылып кеткен жағдайда 150 метр шеңберінде ештеңе қалмайды, жарылған бомбамен бірдей зиян келтіреді. Ал одан тараған улы газ бір шақырым мөлшеріндегі тіршілік атаулыны өлтіруге жарайды және ол удың зардабы бір тәулікке дейін күшін жоймайды. Ал жел көтерілсе не жер асты суы көзі болса, бұл апаттың көлемі болжаусыз мөлшерде еселене береді екен. Хлор – өкпені күйдіреді, тыныс жолын зақымдайды, көзді жасауратады, жөтел қысады, сөйтіп, тұншығып өледі. Ал ішке кетсе өкпе, бауырыңды мұз қып қатырып тастайды.
Ал керек болса! Мына иесіз қалған насос станциясында 38 баллон сұйық хлор құлағалы тұрған қойманың ішінде ашық-шашық жатыр. Бұдан сәл бұрын металл өткізуші ұрылар бір баллонды аламыз деп сеспей қатыпты. Кезінде аудандық мекемелердің есебіндегі бұл баллондарды «Қазақмыс» корпорациясы жауапкершілігіне алыпты. Облыстық санитарлық-эпидемиялық станцияның мамандары да бұдан бейхабар. Ал поселка тұрғындары у жұтып өмір сүріп жатыр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығына қарасты Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры С.Лукашенконың мәлімдеуінше, екі-үш жылдың көлемінде Өскемен қаласында «Кешенді дозиметрлік орталық» салынбақшы екен. Міне, бұл Дегелеңде атом сынағы басталып, байытылған уран Үлбі металлургия заводында өндіріле бастағаннан бергі алпыс жыл бойы күткен жаңалық. Осы уақытқа дейін зәру құрылым. Осы уақытқа дейін атом сынағы мен уран заводындағылар өзінің қандай қауіпті жерде жүргенін, қандай деңгейде радиация алғанын, қауіпті нүктенің нақты ошағын анықтай алмай дал болатын. Енді дозиметр арқылы алынған деректерге қарап науқастың дертін анықтап, ем белгілей алатын мүмкіндік тумақ.
Қазақстанда бұрын-соңды мұндай аса зәру медициналық-радиациялық құралдармен жабдықталған диагностикалық орталық болған емес. Республика халқының ағзаларындағы радиацияның мөлшерін, денелері мен шаштарындағы ауыр металлдардың құрамын, тыныс жүйесі мен сүйек кеміктеріндегі радиоактивті заттарды анықтаудың жолдарын қарастырған «Урбанизацияға ұшыраған аймақтардағы тұрғындардың денсаулығына экологиялық факторлардың әсері» атты ауқымды жобаның нәтижесінде салынатын Республикалық кешенді дозиметр орталығында қаралушылардың арасында Семей атом сынағы полигонында зардап шеккендер мен зарарлы кәсіпорындарда жұмыс істейтін емделушілерге ерекше басымдылық берілмек.
Бұл Орталықтың қызмет аясына Семей экологиясы ғылыми зерттеу орталығының, Қарағандыдағы «Экоэксперт» тәжірибе орталығының, Өскемен экологиялық медициналық орталығының, Еңбек тазалығы мен кәсіби аурулар орталығының мағлұматтары жинақталып, сараланып, зерттеліп, емдеу жұмыстары қолға алынбақ. Мұндай жұмыстар Жапонияда елу жылдан бері жүргізіліп келеді екен.
Түрлі басылымдардағы дерек көздеріне сүйене отырып, мынадай мағлұматтарға назар аударғымыз келеді. Қазақстан Республикасы ұлттық ядролық орталығының Радиациялық қауіпсіздік және экология институты мамандары қырық жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтардың зардаптарын қал-қадерінше зерттеп келеді. Семей полигонының әуеден түсірілген картасы бойынша онда альфа және бета-сәулелену зардаптарымен қоса топырақта стронций және плутоний сияқты қауіпті улы заттардың барлығы анықталған. Полигондағы радиация жағдайы әлі де толық анықталып болған жоқ. Аса қауіпті радионуклидпен ластанған жаңа ошақтар, авиациялық бомбаның қанаттары табылған. Дәл сол маңайда қырып-жою мақсатындағы радиоактивті заттардың да сыналғаны анықталып отыр. Авиабомбалар жердегі нысаналарға тасталған. Қазылған оқпандардың жабық екеніне қарамастан Дегелеңнің терең қойнындағы радиация жер асты суларымен араласып кеткені анықталды. Оның қайда кетіп жатқаны мәлімсіз. Жарылған бес жүзден аса ядролық зарядтардың жүз он алтысы әуеде сыналған. Қазақстанда бұдан басқа Азғыр, Капустин жар, Меридиан, Лира, Батолит сынақ алаңдары бар.
1963 жылы Семейде “Бруцеллезге қарсы диспансер” деген бүркеме атпен Мәскеуге мағлұмат беріп отыратын диспансер ашылды. Дәрігер ғалым Ж.Әлімхановтың мәліметі бойынша, полигонға 120 шақырымнан таяу тұратын елді мекенде әрбір он мың адамға шаққанда 140 адамның ақылы ауысып кеткен, ал 120-160 шақырымдық аймақта тұратын мұндай адамдардың саны 78,6-ға жеткен. Балалардың ақыл-есі кем болып тууы алпысыншы жылдардан басталған. Мысалы, 1981-88 жылдары Қайнар ауылында ғана – 22, мың жарым ғана тұрғыны бар “Социалистікте” – 12, Саржалда соңғы он жылда 60 адам асылып өлген. 2500 адам тұратын Қайнар ауылында 1988 жылы 25 сәби кемістікпен туған. Міне, бұл жоғарыда келтірілген қазақ ертегілеріндегі ықылым заманның құбыжықты құбылысының бүгінгі күнде нақты өмірлік шындық ретінде қайталануы емес пе?!.
Демек, баспасөз өз кезегінде аймақтық аспектілерді, экологиялық проблемаларды дер кезінде көтеріп, оны жою туралы жедел шешім қабылдауға ықпал етуі тиіс. Өйткені әр мақаланың тұрғындарға беретін мағлұматы – ауқымды, пәрмені – ықпалды. Оқырмандар болған оқиға жөнінде тек қана ақпарат алып қоймайды, сонымен қатар, оның бүгінгі, ертеңгі жағымды-жағымсыз әсері туралы да пікір түйе алады. Мысалы, Өскемен қаласы мен оның айналасын қоршаған табиғат ортасы мен тұрғындарға көктем мен мұз қатқанға дейінгі төнетін басты экологиялық мәселе – қопарылған тау жыныстарының құрамындағы улы заттардың қар мен жаңбыр суы, бұлақтың сағалары, жерасты су көздері арқылы үлкенді-кішілі өзендердің ағысымен ілесіп, қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін су қоймасына және Ертіс өзеніне құйылып кету қаупі. Тек осы аймаққа ғана тән бұл аспектіге қатысты туындап отырған ауқымды проблемалардың қатпар-қатпар тарихы мен себеп-салдары бар. Ол – табиғи қоршаған ортаның еркешеліктерімен, жер қойнауындағы кен байлықтарының құрамымен, мемлекеттік және халықаралық мекемелермен, мемлекеттік және жекелей өндіріспен, мемлекеттік тұлғалармен, жеке адамдармен тікелей байланысып жатқан күрделі жайлар. Бір күнде, бір жылда, он жылда емес, жетпіс жылдан бері қордаланған өндірістік шырғалаңның шешім табатын жолдары сан қилы.
Ауаға улы заттарды шығаратын титан-магний, қорғасын, мырыш, түрлі-түсті металлдар шығаратын заводтардың мұржалары мен салқындату құбырларынан цианид, күкірт қышқылы, кадмий, хлор, қорғасын, мырыш тозаңы, радиациялық заттардың тарайтыны анық. Олардың құрамын азайтуға, өндірістік технологияны жетілдіруге, ауа мен қоршаған ортаны ластамауға бағытталған шараларды күшейтуге қатысты жарияланымдар республикалық, облыстық, қалалық басылымдарда жиі жарияланады. Алайда, аймақтық басылымдардағы аса жантүршігерлік оқиғалар қалың қауымға жете бермейді.
Мәселен, апатты жағдай тудырған бір мәселеге арналған Ирина Попова мен Вера Кисленкованың дабыл ретінде жарияланған «Цианидпен уланған» (Мой город, 20116. №44) атты көлемді мақаласында ағын су қоймасындағы цианидтің нормадан 516 есе асып кеткені туралы хабарланған. «Цианид – аса уландырғыш зат ретінде бірінші дүниежүзілік соғыста, Гитлердің концлагерінде, Вьетнам соғысында тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды өлтіру үшін пайдаланылыпты, кейін ұзақ уақыт бойы АҚШ-тың өлім жазасы камерасында жазаға кесілген қылмыскерді өлтіру үшін қолданылыпты. Цианидті қолдану Еуропа одағы елдерінде тыйым салыныпты». Осы ақпараттың өзінен-ақ апаттың айналаға қандай қауіп төндіргенін білесіз әрі сол хабар арқылы қала тұрғындарына суды пайдаланғанда сақтану керектігін және апат аймағына жоламауды да ескертеді. Жедел жарияланған бұл басылымдағы ақпарат та, оған берілген мамандардың бағасы да, ресми орындардың түсініктері де үстірт. Нақты түбегейлі шешім айтылмайды. Бірақ оқиғаның себептері мен оның салдарынан қысқаша мағлұмат алуға болады.
Әр аймақтың, бұл арада, экологиялық алаңдатуы мол аймақтардың, ол алаңдатуды туғызып отырған себеп-салдары (аспектілері) әр түрлі өңірлердің өзіне тән «тақырыптық» (кәсіби мағынасында) ерекшеліктері де сан қилы болады. Өзге өңірлерге алыстағы елес сияқты көрінетін атом бомбасын сынау алаңы, оның зардаптары, атом реакторы, уран өңдеу, уран радиациясы деген ұғымдар жалпы шығысқазақстандықтар, оның ішінде өскемендіктер үшін күнделікті үйреншікті, өздері араласып отырған кәсіби ұғымдар. Олар үшін уранды өңдеу – кәдімгі мамандардың күнделікті кәсібі. Сондықтан да бұл саладағы әр жаңалыққа, күні ертең ұзақ уақыттар бойы салынатын өндіріске, оның технологиялық процесіне алаңдай қарап, білуге тырысуы – заңды талап. Олардың ең бірінші білгісі келетіні, осындай қауіп-қатерлі істің экологиялық жағдайы, қоршаған орта мен адамдарға зиянының мөлшері (зиянсыз өндіріс емес екенін біле тұра) қандай екені. Екінші, оның технологиялық сенімділігі. Содан кейін барып үшінші кезекте өндірістік сыпаты алдыға қойылады.
Мысалы, УМЗ (Үлбі металлургия заводы) заводы республика бойынша атом электр станцияларына уранның түйілген түймелерін (уранның қуат беретін таблеткасын) дайындайтын бірден бір кәсіпорын. Бұл «түйме» (таблетка) ядролық қуаттың негізгі «отыны» болып табылады. Қоршаған ортаға да, адамның денсаулығына да, қала тұрғындары мен мамандар үшін де аса қауіпті «отын». Оған дүние кәсіпкерлері көз тігіп отыр. Францияның индустрия, энергетика және цифрлы экономика министрі Эрик Бэсонның Астанаға келгенде берген: біздің байланысымыздың нығайып отырғандығына ядролық отын өндіру заводын салу жөніндегі келісіміміз мысал бола алады – деген шағын мәлімдемесі жарияланысымен бүкіл өскемендік тұрғындардың арасында үлкен алаңдаушылық туындайды.
Ядролық отынды шығаратын жалғыз кәсіпорын Өскеменде. Ендеше ол туралы тұрғындарға неге мәлімет бермейді? Оның технологиясы қандай деңгейде. Нақты не өндіреді. Қоршаған орта мен адамдарға зияны бар ма. Атом электр станцияларына арнап жылу шығаратын, яғни, қуат беретін «түйменің» технологиясы қандай? «Түймені» орайтын, яғни, залалсыздандыратын тотықпайтын болат «құрастырманың» сапасы қандай болмақ. Міне, соны құрастыруға тікелей жауапты заводтың қауіпсіздік шаралары қандай. Зауыттағы автоматтандырылған конвейер жүйесінің жағдайы, оның сапасы мен қауіпсіздігі қандай деңгейде?
Міне, қала тұрғындарын осы мәселе қатты алаңдатады. Сөйтсек, кезінде кеңестік ядролық реакторлардың 80 пайызын қамтамасыз ететін заводтың күшін бұрынғыдан да арттырып, әрі бағасы қымбат дайын күйіндегі «түймені» шығарудың озық технологиясымен қамтамасыз етілген жаңа кәсіпорын салынбақ екен. Атом электр станциясына арнап шығарылатын «түйменің» жай-жапсарын білген тұрғындар енді оның қоршаған орта мен адамның денсаулығына келтіретін зиянын және оның өтемінің қалай жүзеге асырылатынын білгісі келеді. Сөйтсе, жаңа өндіріс бұрынғы заводтың өнімдерін дайын күйінде сатуға мүмкіндік беретін қосымша цех сияқты екен. Заводтың жеке табысын молайтады, еңбекақыны өсіреді, тұрмыстық жағдайды жақсартады, экологиялық тұрғыдан таза, жұмыс орынын көбейтеді, қазір завод жобалану үстінде – деген заводтың бас инженерінің түсінігінен соң ғана «Құрастыратын уақыт» (тақырыптың астарлы мағынасы, қазақтың «Есепті уақыт» немесе «Ант мезгілі» деген ақырзамандық ұғымын береді) атты мақаланың («Время собирать…», авторы Юрий Миронов: бұл завод 2014 жылы іске қосылмақ – деген сөзбен ойын аяқтайды.
Егерде өзге деректерді былай қоя тұрып, осы шағын шолуда көрсетілген радиациялық зардаптарды, соның ішінде, 2011 жылы 23 шілде күні Үлбі металлургия заводының қосымша шаруашылық ғимаратының қалтарысынан табылған «өндірістік маңызын жойған қалдықтарды», яғни, 29 сәбидің мәйіті мен боршаланған ер-әйелдердің ағзаларын және № 22 медициналық-санитарлық бөлімшенің бұрынғы бас дәрігері Анатолий Иванович Ерасовтың қолынан өткен тәжірибеден 2 000-ға жуық адамның тағдырын еске алсақ, Өскеменде салынбақ «Кешенді дозиметрлік орталықтың» ұлттық және экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан алғандағы маңызының ерекше зор екендігін байқау қиын емес. «Кешенді дозиметрлік орталық» – Шығыс өңіріндегі радиоактивті аймақта тұратын тұрғындар үшін, шын мәнінде, сүйінші сұрарлықтай сүйінішті оқиға.
Назым ЖҰРТБАЙ,
әл Фараби атындағы ҚазҰУ-нің PHD докторанты