Нұрсұлтан Назарбаев: Барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білуі – бізді біріктіреді, баршамызды тең етеді
Нұрсұлтан Назарбаев: Барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білуі – бізді біріктіреді, баршамызды тең етеді
ҚХА мүшелері, Парламент
депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар, діни конфессиялар, дипломатиялық
миссия басшылары, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және
шетелден келген қонақтар қатысқан ассамблея барысында Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстан
халқы Ассамблеясы барша халықты Конституцияға дауыс беруге шақырған тұңғыш
институт болатын. Мен мұны еш ұмытпаймын, осыған дән ризамын. Сондықтан да
келесі 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялаймын», –
деді Н. Назарбаев.
«Біз де ашық елдердің біріміз,
біз де қақпақ астында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бізді барша елдермен мыңдаған
экономикалық, саяси және жай ғана адамдық байланыстар біріктіреді. Барлық
әлемде тек ашық елдер даму жолынан тайған жоқ. Шаруашылықпен айналысқан жабық
елдер тұғырынан тайды. Сондықтан біз дұрыс жолды таңдадық. Біз әлемнің жаһандық
және аймақтық деңгейдегі жаңа қатерлеріне бетпе-бет шығуға тиіспіз», – деп атап
өтті Президент.
«Жаһанда болып жатқан
кейінгі оқиғалар алдымыздағы жүз жылдықтың қаншалықты қиын болатындығын
көрсетіп отыр. Украинадан келген ақпараттар бізге ауыр тиюде. Ол біздің
ТМД-дағы басты әріптестеріміздің бірі. Бізді онжылдықтарға созылған
экономикалық байланыстар ғана емес, ортақ тарих байланыстырып отыр. Қазақстан
бір ғасыр бұрын күштеп жер аударылған және Ұлы Отан соғысы жылдарында
көшірілген жүз мыңдаған украиндықтардың екінші үйіне айналды. Олар қазақ
жерінде өндірістерді ашуға және тыңайған жерлерді игеруге атсалысты. Тың және
тыңайған жерлерді игеруге биыл 60 жыл толады. Бүгінде қазақстандықтардың 300
мыңнан астамы украиндықтар болып табылады. Украин жері – соғыс жылдарында
фашизмге қарсы күресте қазақ жауынгерлерінің табаны тиіп, қаза болған қасиетті
жер. Мыңдаған қазақ жастары Украинада білім алған. Солардың бірі мен екенін
сіздер білесіздер. Ол жерде мен металлургия ісін меңгердім. Біз,
қазақстандықтар украин қауымының бірлігі мен тұрақтылығының қайта орнауына
тілектестік білдіреміз. Украина ішкі мәселелерін ешкімнің сырттан араласуынсыз
бейбіт жолмен өздері шешулері қажет деп есептейміз», – деді Н. Назарбаев.
Тіл мәселесі де назардан тыс
қалмады. «Биыл біздің тілдер туралы заңымыздың қабылданғанына 25 жыл толып
отыр. Барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білуі – бізді біріктіреді,
баршамызды тең етеді. Өзінің ана тілін, сонымен қоса мемлекеттік тілді
меңгерген жастар келешекте жақындық пен теңдіктің тетігіне айналады. Болашақта,
басқа елдердегі секілді Үкіметтің, мемлекеттің басшылығына ұлтына, тіліне
қарамастан тағайындалатын болады, алайда олардың барлығы мемлекеттік тілді
білуге тиіс», – деді Н. Назарбаев.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея Төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындау туралы Өкімге қол қойып, ҚР Парламенті Сенатының
депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі Бюро мүшесі Анатолий Башмаков пен
«Суоми» карел-фин ұлттық мәдени орталығының төрағасы Александр Смирнов тағайындалды.