«...ҚАЙТА КӨКТЕМ КЕЛГЕНШЕ»

«...ҚАЙТА КӨКТЕМ КЕЛГЕНШЕ»

«...ҚАЙТА КӨКТЕМ КЕЛГЕНШЕ»
ашық дереккөзі
231

Көктем. Театр. Махаббат… «Астана Опера» жаңа премьераның тұсауын кесер маусымды дөп таңдапты: жер қарайып, Есілдің бетіндегі мұз ери бастаған шақта, Елорданың бас сахнасында махаббаттағы адалдықты жырлаған, сүйіспеншілік жайлы сыр шерткен опера қойылды. 

«Богема» алғаш рет 1896 жылы ақпан айының 1 жұлдызында Туриндегі «Реджо» театрында қойылған. Шығарма желісіне француз жазушысы Анри Мюрженің «Богема өмірінен көріністер» романы алынған екен. Атақты композитор Джакомо Пуччинидің жанды тербер музыкасы енді қазақ көрермендеріне ұсынылып отыр. 

«Богеманың» музыкасын композитор сегіз айда жазып бітірген, ал оның либреттосы екі жылда ғана дайын болады. Либреттоның авторлары Джузеппе Джакоза мен Луиджи Иллика. 

Төрт бөлімді операның музыкалық жетекшісі әрі дирижері Абзал Мұхитдинов. Қоюшы режиссер Ресей халық әртісі Юрий Александров. 

Опера бастан-аяқ итальян тілінде орындалғанымен, сахнаның жоғарғы жағындағы экраннан қазақша және орысша сөзбе-сөз аудармасы беріліп отырды. 

Операны тамашалауға келген көрермен 1250 орындық залды да, лоджалар мен бельэтажды да лық толтырған. 

Басты кейіпкердің бірі – ақын Рудольфтің ролінде Медет Шотабаев, ал суретші Марсельдің ролінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев ойнады.

Екінші құрамда М.Шотабаевты ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, ал Т.Мұсабаевты ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин ауыстырады екен. Тенор М.Шотабаев пен баритон С.Байғожин биыл күзде «Богеманы» итальяндық театрда ойнайтын болды. Олар былтыр өткен халықаралық байқауда үздік шыққан, енді биыл күзге салым келісім-шарт бойынша Арена ди Верона сахнасында өнер көрсетуге аттанады. Бұл оқиға қазақ опера әншілерінің кәсіби дайындығы әлемдік деңгейге сай екендігін көрсетсе керек.

Мимиді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова ойнады. «Біржан-Сара» операсында ақын Сараның бейнесін сомдаған Ниязованың даусы Мимидің мұңлы лирикаға толы партиясын орындауға арнап жаратылған ба дейсің. Ал ойнақы да жеңілтек Мюзеттаны Салтанат Ахметова ашық та сыңғыр даусымен шебер орындап шықты. 

Музыкант Шонарды Евгений Чайников, философ Колленді Артур Каипкулов ойнады. 

Бұдан басқа операда Талғат Ғалеев, Бейімбет Таңарықов, Болат Есімханов, Нұрлыбек Қосбармақов және театрдың оркестрі, балеті, хоры, мимансы және балалар хоры, жалпы саны жүз қаралы адам атсалысқан. 

Оқиға 1830 жылдары Париждің Латын кварталында өрбиді. Талантты, еңбекқор жас жігіттер тұрмыстың тауқыметіне бойұсына қоймаған, асау кейіпте. Олар түскі асқа кепкен балық пен қатқан нан ғана жейтініне қарамастан, өзара әзілдесіп, бірін-бірі көңілдендіріп, рухани демеп жүреді. Операда мұңлы лирикалық саз бен көңілді де ойнақы әуен алма-кезек ойналуы көрерменнің сергек отыруына себеп. Жастық, шығармашылық, асқақ сезім, махаббат, достық, адалдық, тапқырлық, үміт – бәрі бір шығарманың мазмұнында.

Пуччинидің өзі жастық шағында жоқшылық пен таршылықты көп көрген екен. Сондықтан да А.Мюрженің романында сипатталған көріністер оған ыстық көрінсе керек. 

Мими гүлдерді жақсы көретінін айтып, «бірақ мен тоқитын гүлдердің иісі жоқ» деп мұңаяды. Нәзік те сыршыл Мими осылайша жас ақын Рудольфтың жүрегін жаулайды. Бірақ екі жастың адал махаббатына тұсау болатын екі кедергі бар: бірі – Рудольфтың кедейшілігі, екіншісі – Мимидің күн сайын дендеген ауруы. 

Ал Мюзетта «богемалық» өмірден баз кешіп, ауқатты Альциндормен қол ұстасып кеткен. Тәкаппар, оның үстіне жасы егде тартқан Альциндор Мюзеттаны үлде мен бүлдеге ораса да, оның жүрегін жаулай алмайды. Мюзетта Марсельмен бірге өткізген мұңсыз да шығармашылық ізденіске толы богемалық өмірді іштей аңсайды. Ақыры Альциндордан Марсельге кетіп тынады.

Шығарманың шиеленісті тұсы – үшінші пердеде Рудольф пен Мими, Марсель мен Мюзеттаның біржола айрылысуы. Бірақ алғашқы екеуінікі амалсыз жасалған шарасыз қадам болса, екінші жұптікі – тұрмыс жайлы түсініктері келіспеген пендешіліктің тартысы. Операның авторлары екі жұптың сүйіспеншілікке адалдығын қарама-қарсы қойып, көзбен емес, көңілде салыс­тырып отырған секілді. «Қош бол, қайта көктем келгенше!..» деп әндетеді Мими. Көктем – өмір жібі, үміт шоғы.

Төртінші пердеде Мимиге дәрі-дәрмек сатып алып, дәрігер шақыру үшін Мюзетта құлағындағы сырғасын, ал Коллен жалғыз пальтосын сатады. Достыққа адалдықтың мәрттікпен қатар өрбитінін авторлар осылайша бейнелейді. Бірақ Мимидің жарық дүниеде татар дәмі таусылған еді…

«Қайта көктем келгенше!..». Өмір жібі үзілгенімен, үміт шоғы сөнген жоқ. Өйткені сүйіспеншілік пен адалдық жайлы тағы бір өлмес шығарма келді өмірге.

Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары