879
СӘБИТ МҰҚАНОВТЫҢ БАТАСЫН АЛҒАН
СӘБИТ МҰҚАНОВТЫҢ БАТАСЫН АЛҒАН
Фатима Қосымбетқызымен таныстығым 1978 жылдың қараша айында басталды. Ол кезде Қармақшыдағы ағайындармен аралас-құраласым аз еді. Ежелгі танысымның қарашаңырағын іздеп жүріп, бір үлкен үйге келіп кірдім. Шай үстіне келіппін. Адамдары таныс емес, босағада кібіртіктеп тұрып қалдым-ау деймін. Үй егесі: «Жоғары төрлет, інім, біздің дастарқанға адасып келгендейсің», – деп күлімсірей тіл қатты. Мен де сыр бермей, төрге оздым.
Самаурынның түбінде әдеміше келген, сымбатты әйел шай құйып отыр екен. Ол кісі де: «Қысылма, інім, ағаңның отбасына келіп қалдың», – деп әңгіменің өрбуіне жол ашқан-ды. Сөйтсем, Қармақшының Кірекесов Ерділдасы мен Қосымбетова Фатимасы атанған кісілердің кең дастарқанынан бір-ақ шығыппын.
ХХ ғасырдың 70-жылдарында-ақ Ерділда ағамен кездескен екенмін, бірақ ол тұста кеңінен көсіліп әңгімелеспеген едім. Ал Фатима жеңгеймен жиі дастарқандас болу 2003 жылдан басталып, оның балалары Сәуле, Бағдаттармен күні бүгінге дейін жалғасуда. Өйткені олардың кісіге деген көзқарасы, қонақжайлылығы, қарапайымдылығы өздеріне тартып тұрады.
Жеңгей ағайды қадірлейді, ағай жеңгейге тірек болды. Сыйласа білді. Жанындағы дос-жарандар, іні-қарындастар осы сыйластықтан үлгі алды.
Фатима Қосымбетқызы алғашқы жоғары білімді ұстаз (1942-49 ж.), мектеп басшысы да болды. Алғашқы ұстаздық жолын Шиелі ауданында бастаса, кейіннен Қармақшы ауданының орталығында ұстаздық жолын жалғады. Оның алдынан 40 жыл ішінде мыңдаған шәкірт ұядан ұшты. Олардың қатарында есімі республикаға белгілі академик Камал Ормантаев, Түркіменстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты Айтмағамбет Ойнарбаев т.б. шәкірттерін атауға болады. Ол ұстаздық жолында абыройлы еңбек етті. Аудандық, облыстық білім басқармаларының грамоталарымен марапатталып, ҚР Білім саласының үздігі белгісімен наградталды. Бір таңданарлығы, ол институттың соңғы курсында оқып жүргенде, оқушыларға сабақ беру кезінде академик-жазушы Сәбит Мұқанов сабағына қатысып, жас қыздың болашағынан үлкен үміт күтіп, ақ батасын берген-ді.
Жауапкершілігі мол мұғалімдік қызметімен қатар үйіндегі қария-ананы (Үбігүл) күту, отағасының қас-қабағына қарау, үзілмейтін қонақтарының көңілін табу, мектептегі сабағына, бәріне үлгеретін. Қонақ келмеген күні көңілсіз күн деп санайтын. Оны өзі былайша жазады: «…Мен мұғалім болып жұмыс істеп, зейнетке шыққанша бір күн жұмыстан қалған жоқпын. «Қонақ келсе, бар болса етіңді бересің, жоқ болса, бетіңді бересің» деген. Ерекеңді ұялтпауға тырысып, күліп жүріп, қонақ күтетінмін, олар разы болып жататын».
Кірекесовтер әулетінің қара шаңырағында кімдер аялдап, кімдер түстеніп кетпеді десеңізші. Көпшіліктің ақ батасын алған адамның марқаятыны белгілі. Сол себепті осы бір қасиетті қара шаңырақта бүгінге дейін имандылық нұры ұялап тұрады.
Сәлима Жұмабекова, Социалистік Еңбек Ері:
«…Фатима ердің қосын жегіп, отбасының береке-бірлігін ойлап, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған нағыз ана. Ерекеңнің атын елге танытқан ана!»
Жамал Қаракөзова, дербес зейнеткер, ҚР білім беру саласының үздігі:
«…Еліне «Ақпатан», Бибі Фатима атанған Фатима Қосымбетова текті жердің қызы болатын. Сыртқа сыр ашпайтын, сырбаз, сабырлы, саспайтын әйел еді».
Айзахан Бижанова, Нартай бригадасының әншісі:
«Фатима Қосымбетова жайлы замандас аналардың пікірлері жоғарыдағыдай болса, өз пайымдауымда жеңгеміздің асқан бауырмалдығы, қамқорлығы, сыйластығы ерекше еді. Өз бойындағы жақсы қасиеттерді ұл-қыздарына сіңіре білген ана. Фатекеңнің мінезі жібектей, парасат-пайымы мол жан болды. Ақылды алға қойып, ашуды кейінге ысырып, бәрін сабырмен шешіп отыратын.
Жеңгеміз кейіннен өмірден өтті. Қасиетті Қармақшыда, ата-бабалар қорымына жерленді. Ұл-қыздары жақсылап шығарып салды, барлық мұсылмандық жоралғасын жасады десе болғандай. Мен Ерекең мен Фатиманы еске алу шараларына әрдайым қатысып жүремін. Сонда байқағаным, қармақшылықтар Ерділда ағай мен Фатима ананың жақсы қасиеттерін жоғары бағалайды екен. Ол кісілерге жатқан жерлерің жаннатта болсын деп айтып жүремін».
Үстіміздегі жылы Фатима Қосымбетованың өмірден өткеніне де он жыл болып қалыпты. Өмір өз дегенін істейді. Бірі өмірден өтіп жатса, екіншілері өмір есігін енді ашып жатады. Кезінде «Бибі Фатима» атанған Фатима Қосымбетованы еске алу ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастықтың бір үлгісі дер едім.
Тынышбек Дайрабай,
зерттеуші, этнограф