АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ТУРАЛЫ АЙТСАҚ...

АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ТУРАЛЫ АЙТСАҚ...

АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ТУРАЛЫ АЙТСАҚ...
ашық дереккөзі
675
Бүгінде плагиаттыққа кім бармай жатыр десеңші. Осыдан біраз уақыт бұрын белгілі, танымал композиторлар да «әнімді ұрлады» деп бір-бірін сотқа да сүйреді емес пе?! Ол ол ма, білдей бір министрлік пен жоғары оқу орнын басқарып отырған басшылардың да ғылыми еңбегін шетелдік ғалымдардың дүниесімен толтырғанын естіп, жаға ұстадық. Ал журналистер, әншілер, ақындардың авторлық құқықты сақтамай жүргені жалпақ жұртқа мәлім. Иә, плагиаттық қанымызға сіңіп барады. Соған байланысты сотқа жүгініп жатқандар да аз емес. Қарапайым мысал ретінде айтсақ, бүгінде қаптап кеткен сайттардың өзі мақалаларды бір-бірінен көшіріп басудан арланбайды. Тіпті, сілтемесіз сөзбе-сөз беретінін қайтерсіз. Біреу ол шараға уақытын бөліп, жазып келсе, басқасы «дайын асқа тік қасық» бола қалады. Қалайша қарның ашпайды? Соңғы кезде плагиаттық үлкен дертке айналып бара жатқаны кім-кімді де ойлантуы керек сияқты. Демек, авторлық құқық саласындағы сауатымыз кемшін екендігі рас. Соның салдарынан түрлі заңсыздықтар орын алуда. Алайда заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны анық. Басқасын былай қойғанда, көше бойын жағалап, саудасын қыздырып отырған заңсыз диск саудалаушылар ше? Бір таңқаларлығы, олар дәл қазір кинотеатрларда көрсетіліп, пайда табуға ниеттенген фильмдерді де сатады. Бұл өнімнің дені заңсыз көшіріліп басылған. Оны таратушылардың тайраңдап кеткені соншалықты, тіпті заңда бұған арнайы бап бар екендігіне пысқырмайды да. Тауардың бағасы да тым арзан. Бар болғаны – 200 теңге. Ал ескіріп қалғандарының өзін 100 теңгеге бере қояды. Бұл авторлық құқықты аяққа тапмау емес пе?! Тараз қаласында жеке кәсіпкер тұзаққа түскен болатын. Ол қазақстандық иегер компаниялардың рұқсатынсыз олардың авторлық құқықтарын заңсыз пайдаланған. Облыс орталығындағы Қазыбек би көшесінде орналасқан үйлердің біріндегі өзінің жасырын цехында жүздеген дана контрафактілік DVD дискілеріне шетелдік фильмдер көшіріп жазған. Тексеру барысында аталған цехтан сатуға дайындалған қолдан жасалған DVD дискілер, жазатын аудио-видео аппаратуралар және дайын дискілерді қаптайтын қорапшалар табылған. Қолға түскен кәсіпкер қазір осы тауардың өтімді екендігін алға тартыпты. Заңнан хабары бола тұра, осы кәсіпті нәсіп етуге мүжбүр болған. Мұндай фактілер ақпарат құрал­дарында да белең алған. Мәселен, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры құқық бұзушылыққа байланысты арнайы мониторинг жүргізген екен. Соның ішінде былтырғы жылы тіркелген оқиғаларды тізбектей келе, тілші қауымының бір-бірінің мақаласына сілтеме бермей, түпнұсқадан көшіргендігі туралы деректер көп. Тіпті, бір кезде «Балана» интернет сайты ақпаратын «ұрлаған» журналды сотқа бергені жұрттың есінде. Бұл жайында біздің авторлық құқық туралы заңдарда арнайы баптар қарастырылған ба? Егер қарастырылмаса, авторлық құқық бұзушылықтарды қалай шешуге болады? Көптеген мемлекеттерде авторлық құқықты бұзғаны үшін азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген, бірақ оған қарамастан авторлардың мүліктік емес құқықтарын қорғауда әлі де механизмдер жеткіліксіз, атап айтқанда авторлардың құқықтарын заңсыз пайдалану сияқты құқықбұзушылықтар. Ал Қазақстанда интернеттегі авторлық құқықты реттейтін тетіктер қарастырылмаған көрінеді. Интернет-қарақшылық дегеніміз авторлық құқықпен қорғалатын, жеке және коммерциялық қолдануға арналған тыйым салынған материалдарды көшіру мен тарату. Мысалы, Еуропада интернет-ресурстарына толықтай көшкен дыбыс жазумен айналысатын ірі компаниялар бар. Міне, пайдаланушыларға фильм­дер мен әуендерді табуға, алуға және авторлық құқықбұзушылыққа осылар жиі ерік беретін сыңайлы. Еліміз 1991 жылы тәуел­сіздік алған кезден бастап-ақ автор­лық құқыққа ерекше мән бере бастады. Себебі, авторлық құқық қорғалмаған мем­лекет дүниежүзілік қара тізімде тұрады екен. Авторлық құқықтың қоғам, мемлекет өмірінде араласпайтын жері жоқ. Тіпті, халықаралық келісімшарттар жасалғанда да алдымен авторлық құқықтың қорғалған не қорғалмағанына баса назар аударылады. Осыны қаперге алған сол кездегі зияткерлік меншік жөніндегі агенттіктің төрағасы Марал Ысқақбай авторлық құқықтың әлемдік тәжірибелерін пайдаланып, 1996 жылы заңнамалық құжатын жасаған еді. «Заң» газетіне сұхбат берген Қазақстан авторлары қоғамының бас директоры Байғали Есенәлиев те авторлық құқыққа байланысты терең әңгіме қозғапты. Ол: «…Бізден кетіп қазір «Абырой» қоғамымен шарт жасас­қан авторлардың туындыларын пай­даланушы мекемелердің Қазақ­стан авторлары қоғамымен жұмыс істеген бір жылдағы ақшасы мен «Абырой­дың» жинап аударған ақшасын салыс­тырсақ, алдыңғысы 300 миллион да, «Абыройдікі» 88 миллион теңге болып шығады. Сонда қалған 200 миллионның үстіндегі ақша қайда деген сұрақ туады. Екі ортада автор зиян шегіп отыр ғой. Мұның сыры қоғамдардың бәсекелестікте жеңіп шығу үшін түрлі әрекетке барып, авторлардың туындыларын пайдаланушыға дем­пингілік, яғни, азайтып көрсету шар­тын ұсынуында жатыр», – дейді. «Автор шығар­масы дүниеге келген сәттен бас­тап авторлық құқыққа ие. Сондықтан, сұрыптау деген секілді нәрселерге біз араласа алмаймыз. Алайда, мәтіні тым нашар, ұйқасы, сөлі, нәрі жоқ әндер келген жағдайда, мен авторға ескерте отырып өз тарапымнан оны түзетуге тырысамын немесе ол авторды белгілі ақындарға, композиторларға кеңес алуға жіберемін. …Өзімнің әндерім де авторлар қоғамына тіркелген, құқығы қорғалады. Әрине, менің әндерім өзгелердікінен ерекше қорғалады деген түсінік жоқ. Бұйырған сыйақысын алып отырамын». Бұл әншілерге қатысты жағдай. Бір айта кетерлігі, соңғы кезде қазақ әншілерінің көрші жатқан қырғыз, өзбек әндерін ұрлап, қыруар табысқа кенеліп жүргендігі туралы жиі айтылуда. Соның бірі – әнші Ақылбек Жеменей орындап жүрген қырғыз­дың «Қызыл өрік» әнінің авторы да Қазақстан авторлары қоғамынан ақша алады екен. Сол секілді, басқа да қазақ әншілерінің орындауындағы өзге ел композиторларының әнінің бізде жиналған сыйақысы ортадағы келісім­шарт арқылы өздеріне аударылатын көрінеді. Қысқасы, кез келген маман иесі авторлық құқықты сақтауға бей-жай қарайды. Бұл арнайы заңмен қорғалса да, оны мойындамайтындар көп. Сөйте тұра, бір-бірін сотқа беріп, елдің алдында абыройларын айрандай төгуден қымсынбайды. Бұл біздің құқықтық, мораль­дық сауатымыздың төмен екендігін аңғартпай ма? Сіз қалай ойлайсыз?

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары