Кімді жарылқап отырмыз?

Кімді жарылқап отырмыз?

Кімді жарылқап отырмыз?
ашық дереккөзі
215

Коммуналдық төлемдердің қымбаттауы бірінші рет емес. Қала халқының бас ауруы да осы. Девальвацияның да қалта қағатын сылтауы осы. Монополистердің ойыншығына айналған төлемдер қайтадан қымбаттауда. Бірақ коммуналдық желілердің сапасы бәз баяғы қалпында. Өзгеріс жоқ, даму жоқ, жетілдіру жұмыстары сылтау ғана. 

«Нұр Отан» ХДП Қоғам­дық саясат институты әлеуметта­нушыларының зерттеуіне сүйен­сек, еліміздің тұрғындары ком­муналдық қызметтерге айлық жалақ­ысының шамамен 30-40 пайызын жұмсайды. Бұл статистикалық мәлімет қазақстандықтардың айлық табысының төмен, ал коммуналдық қызмет ақысының жоғары екенін білдірсе керек. Қазақстанда орташа айлық табыс – 108 857 теңге. Ал күнкөрістің ең төменгі деңгейі – 17 966 теңге. Ең төменгі зейнетақы – 19 966, ал төменгі жалақы – 18 860 теңге. Сонда орташа айлық табыстың 30-40 пайызы – 20-30 мың теңге болады. Ендеше, ең төменгі күнкөрістен коммуналдық қызметтің екі еседей қымбат екенін дәледеудің қажеті бар ма? Сонда коммуналдық қызмет ақысын, жөргекпұл мен жәрдемақыны есептеушілер басқа планетадан келген бе? Әлеуметтік теңдік деген мәселені кім есептейді? Жұмыссыз аналарға 1 жыл көлемінде ай сайын берілетін жәрдемақы – 10 196 теңге. Сонда қандай бағамен есептейді бұл соманы?! Осы мәселелерге кім жа­уап береді? Мәселен, дамыған елдерде коммуналдық қызметтің бағасы мен қызмет көрсету деңгейі бізбен салыстыруға келмейді. Германия халқы шамамен айлық табысының 9 пайызын ғана коммуналдық төлемдерге жұмсайды екен. Әлбетте, бұл елдегі өмір сүру көрсеткіші мен табыс көзінің жоғары екендігін, әрі қызметтің сапалы және қымбат еместігін айта кеткен жөн. Ең бастысы еліміздегі монополистердің аранын ашып, халықты өз білгенінше талауын қалай доғаруға болады? Девальвацияны сылтауратқан алыптар судың, газдың, жылудың отандық өнім екенін жақсы біледі емес пе?!

«Түйе сұрасаң, бие береді»


«Нұр Отан» Қоғамдық саясат институтының жүргізген «Ең көкейкесті әлеуметтік мәселелер рейтингісі» сауалнамасына қатысушылардың басым бөлігі коммуналдық қызмет мәселесін бірінші көкейкесті мәселе деп атапты. Сауалнама бойынша аймақтар арасында тарифтің қымбаттауы Батыс Қазақстан облысының тұрғындарын қатты алаңдатады – 81 пайыз, ал екінші орында Алматы қаласы – 76 пайыз,  Қостанай облысында бұл көрсеткіш – 74 пайызды құраған. Коммуналдық қызмет мәселелерінің халықты алаңдатқаны бір бүгін емес. 2003 жылы мынадай мәлімдеме жасалған. «Электр энергиясының әр киловаты бес пайызға өссе, салқын су мен кәріздік жүйе қызметінің бағасы 9 пайызға қымбаттаған. Жалпы, коммуналдық төлемдер жөнінен Қостанайда қиын жағдай қалыптасты», – деп жазылды баспасөз беттерінде. ҚР Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2005 және 2011 жылдар аралығында электр қуатының төлемақысы 118 пайызға өскен. Бірақ инфляция деңгейін есептесек, ол кездегі баға бүгінгіден анағұрлым арзан. Себебі қазіргі таңда коммуналдық тарифтер инфляция деңгейі, нарық және тұтынушы қалтасымен санаспайды. Монополистер түрлі сылтау тауып, бағаны қымбаттатып алады. Бұл сылтаулардың түп-төркінін экономист Тоқтар Есіркепов тарқатып берген еді. «Энергетикалық компаниялар «түйе сұрасаң, бие береді» деген принципті ұстанады. Ал біздің билік мұндай компанияларды ренжітіп алғысы келмейді. Сөйтіп, мәселе әдеттегідей тұтынушының есебінен шешіле береді. Ал ТМРА (Табиғи монополияларды реттеу агенттігі) тарифтің не себепті көтерілгеніне талдау жасамайды. Негізі энергетикалық нысандардың жаңалануы мен күш-қуатының артуына жұмсалып жатқанына көз жеткізу керек қой», – дейді ол. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жұмысына қатысты сын көп-ақ. Мәселен, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева коммуналдық қызмет тарифтерін реттеуде ТМРА-ға қол ұшын созу керек дейді. «Әрбір мекеме техникалық, инвестициялық мәселелерін өзінше шешеді. Сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындар түрлі меншік нысандарына иелік ететіндігін естен шығармаған жөн. Яғни оларда бірегей саясат жоқ. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бұл мәселелерді жалғыз өзі шеше алмайды. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бірыңғай коммуналдық кәсіпорын құру тиімді деп ойлаймын». Саны бар, сапасы сын көтермейтін ұйымдар мен агенттіктер коммуналдық қызмет бағасын реттей алатыны күмәнді. Оның үстіне соңғы екі жылдың көлемінде ыстық су, суық су және электр энергиясын есептегіштер тұтынушының өз есебінен қойылады. Оның бағасы – 4 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейін және бұл жаңартулар мәжбүрлі түрде жүргізіледі. 

Монополистердің ойына келгенін істеп, халықтың қалтасына қол салуын қоймағанының бір дәлелі мынау. 1994-95 жылдары «Алматыэнергосбыт» жекешелендірілген тұста компания құны 750 миллион доллар деп бағаланды. Ал іс жүзінде 5 миллион доллар ғана төленіпті. Сондай-ақ екіжақты келісімшарт бойынша «бес жылдың ішінде 550 миллион доллардай инвестиция салып, құрал-жабдықты жаңартамыз» деген уәде болған. Уәде қайда? Үкімет келісімшарттың мәтінін біледі, ұсыныстары мен одан қазынаға түсетін пайданы да кезінде есептеген шығар. Бірақ қазір бақылаусыз қалған. Мысалы, компанияның құны – 100 миллион доллар болса, халық ақша салғаннан кейін құны – 200-300 миллион долларға көтеріледі, себебі құрал-жабдығы, техника мен нысандары жаңарды. Сонда оның иесі өздері болып қалады. Ақша халықтан алынды ғой, неге халық акционер болмасқа? деген ұсыныс тасталған. Халықтың есебінен байыған алыптар халықты жарылқай қоймас. Былтыр коммуналдық қызмет мекемелеріне 284 тексерiс жүргiзiлген. Заң бұзғандарына 3,1 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды.  Сондай-ақ, отырыс барысында тұрғын үйлерді жөндеуге қыруар қаражат бөлінетіндігі былтыр Үкіметте бірнеше рет айтылды. Алайда, су және кәріз құбырларының сиқы сорақы. Ал халықтан жинаған қаражаттан өзге, бюджеттен бөлінетін қыруар қаржыны есепке алсақ, бетімен кеткен монополистерді тексеретін жеке мекеме қажет пе дейсің?!


Адам өмірін қиған ыстық су құбыры 


Коммуналдық желілер мен жылу трассаларының тозығы жетіп, кез келген уақытта істен шығуы мүмкін. Бұл Қазақстанның барлық қалаларының инфрақұрылымының әлсіз тұсы. Барлық қалаларға тән ебедейсіз кө­рініс. Құбырлар, электр желілері мен канализацияны жыл сайын жөндейді, жыл сайын тірнектеп бірнәрсе тын­дырғандай болады. Жаңа төселген асфальтті аударып тастап, астындағы құбырларды қайта жөндеген болып, кейбір жолды қайта жасай салуына жұрттың еті өлген. Кейбір жерлер тіпті атқылайтын жанартау сияқты төмпешіктеніп жер бетіне көтерілсе, кей жерлер ойылып түсіп жатады. Десек те жылыту маусымының басталуымен түйінін таппайтын түйткілдер, жөнделуі ешбір мекеменің құзырына кірмейтін мәселелер шыға келеді. Ал биылғы жылы жылу маусымының басында емес, соңында адам өліміне апарған ыстық су бұрқағына куә болдық. Әдетте жылу мәселесінің қыстың көзі қырауда өршитіні белгілі. 2 ақпанда Сейфуллин мен Райымбек даңғылының қиылысында ыстық су құбыры жарылып, жолаушы автобусы ыстық судан пайда болған шұңқырға түсіп кеткен. Көпшілігі күйіктен аман, бірақ 60 жасар жолаушы Жұман Есімбеков ауыр жараланып, дәрігерлердің өмірін сақтауға жанталасқанына қарамастан атқылаған ыстық судан ажал құшты. Құбыр жарылған жерде пайда болған бассейннен қос азаматтың бірін сол маңайдағы полиция қызметкері құтқарып қалған, ал жасамыс кісіге қол ұшын созу тым кеш болса керек. Бұл жалғыз мысал емес. Тіпті жылына үш-төрт жарылыстың орын алуы қалыпқа айналғандай. Былтыр Алматыда ыстық су құбырының жарылуынан 4 адам зардап шегіп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. «Алматы жылу холдингі» МҚК зардап шеккендердің бәріне өтемақы төлеуге уәде еткен еді. Алайда кейбір ақпарат көздері  «Алматы жылу холдингі» мойнына алған өтемақыларын бес пайызын ғана төлегенін жариялады. Ал солардың кесірінен көз жұмған отағасының от басына төленген 50 мың теңгенің де бүгінде ешқандай жыртыққа жамау болмайтыны мәлім. Дегенмен тарифтің қымбаттауына монополистер су жолдарын, құбырларды ауыстырамыз деген желеумен жол беріп отырады. Іс жүзінде ешқандай жерасты құбырлары жаңартылмаған болып шығады. Оны жер астынан қазып алып немесе жөндеу жұмыстары барысында тексеретін ешкім жоқ. Оларды жамап жасқаумен қызмет көрсетуді дамытып, жетілдіре алмайтынымызды тәжірибе көрсеткен. Шұрық тесік шұлықты қанша жамаса да, ескінің аты ескі, құбырды жамап жыртығымызды бекіте алмайтынымыз шүбәсіз. 90 жылдардан бері жөндеу жұмыстарын сылтауратқан қызмет көрсетуші компаниялар жыл сайын бағаны асыра қымбаттатуды әлі доғарған жоқ.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары